Көпе-көрнеу көлгірсімей турасын айтар болсақ, бұдан бұрын Қуанышбай Құрманғалиевті ақын ретінде аса жетік біле бермейтін едік. "Арман аралы" дейтін тәп-тәуір қоңы бар кітап, сол кітапқа жазған Қадыр Мырзалиевтің алғысөзі еріксіз елең еткізгендей болғанын да бүгіп қала алмаймыз.
Қайтем елден сыр бүгіп,
Үйім толы ырыс-құт,
Бөбектерім жүр күліп,
Сенің арқаң, Тыныштық! —
дейтін алғашқы біp қарапайым жолдардың өзі де осы кітапты оқуға кеткен уақыттың зая болмасын мезгегендей еді. Сол бір сезім кітапты оқып біткенде де сейілмегенін жасырмасақ та болады. "Арнан аралы" жайлы азды-көпті пікір айтуға итермелеген де сол сезім.
Қадыр Мырзалиевтің алғысөздігі пікірін қайталап жату қолайсыз да, қайталамау — тағы мүмкін емес. Өйткені, Қуанышбай шын мәнінде барынша қарапайым жазатын, әpбіp үлкенді-кішілі факторды ойының өзін асқақ шалқып, өресінен артық қарғып жатпай-ақ, үй иесін жылы пейілмеи нәрлі дәмді күйінде жеткізе білетінін Қадыр — тамыршыдай дәл басып аңғарған. Мұның өзі ақынның өзіне ғана тән әсерлі мәнер, творчестволық әдістің оң жамбасына келер ығытын тапсам деген ниетіне куә болғандай. Әрине, әлі де болса жарқырай ашылған өз беті, творчестволық даралығы жетіспей жатуы мүмкін, бірақ суреткерлік өзгеше жол іздері көп кісілік хор ішінен құлаққа анық жетер өз дауысын жоғалтпасам деген талабын құптамай тағы болмас еді.
Қуанышбай өлеңдерін оқи бастағаннан-ақ ең алдымен байқалатыны — баяндау мәнеріндегі ерекше бip жылылық, өзара отбасында әңгімелесіп отырғандай әсер ететін таза интимдік ырғақ. Өзінің жақсы бip жақын сырласына ішкі ойын бүгенесіз баяндап, алаңсыз ақтарылып отырғандай әсер етеді. Мұндай әңгімеде көркемдік селкеулер болуы мүмкін, өйткенмен ауыздан шыққан әр сөз, әр пікірінің жалғансыз шын екеніне мейлінше ағынан жарылып, ақтарыльп отырғанына иланбай қалмайсыз. Жас болсын, жасымақ болсын, ақынның асыл мұраға әр жырының әсерінде жатады. Оқырман алғашқы жолдарын оқи бастасымен-ақ: "Ә, белгілі болар!" — деп, қайта жаба салмаса — ол өлеңнің қызығы болғаны, қыздырар қызуы болғаны:
Аймалап сап-сары алтын күн білегі,
Жайнатып тау қойнауын күлдіреді.
Алатау ерке сәуле-ақмаралын,
Дариға-ай,
Маған қашан ілдіреді!..
("Алатау")
Өз басым Алатауға да, Қаратауға да арналған мұндай өлеңдердің жеті атасын оқығам. Әрқайсысындағы айтылмақ ой әртүрлі бола тұрса да, сол өлеңдердің көбінде тау тұлғасына құрғақ қызығудан, әрі кетсе оны алып батырға теңеуден асып кете бермеуші едік, Қуанышбай таптаурын болған көке жолдың өзінен бұлт етер бұрылыс тауып, өлеңді өз сәнімен, жақсы бір жаңа мәнімен аяқтайды екен. Байқасақ, бұл тау тұрпатына табиғат сұлулығына жалаң сұқтану емес, ақ қарлы, жасыл желекті тау тұлғасына қызыға «араудан батып туған жігіт арманы, арманы ғана емес, алғашқы махаббатқа шөліркеуден туған аңсары болып шықты. Қуанышбай тапқан қарапайам ұғым осылайша бәрімізге ортақ ыстық сезімге ұласап барып тынады.
Өлеңдерінің тақырабына, ой өзегіне орай, кітап екі бөлімге негізделіпті. Ақын жырлар тақырыптарда да осы екі бөлiм төңірегіне топтастырамыз. Бұл екі бөлімде бәрімізге ортақ тақырып болып келе жатқан туған ел, өскен жер, адамгершілік, достық, махаббат жырланады. Өресі жетсін, жетпесін тақырып ауқымын кеңейтемін деп, ошақ басынан космос кеңістігіне дейін аралықты түгел шарлап келе жатқан "жазғыштарымыз" да бap ғой, ендеше өзіне ет жақын ой, жүрсе сезімін ғана екшілеген Қуанышбайды құптауымыз керек: мәселе нені жырлауды емес, қалай жырлауда!
Кәдуілгі тұрмыстық қарапайым, белгілі мәнерлермен-ақ оқушы көңілін бaypan алуға болатынын Қуанышбай мына төмендегі жолдарда әдемі дәлелдейді:
Сенсің менің тіршілігім, тынысым,
Маңдайдағы бақ-дәулетім, ырысым,
Өзгелерде жұмысым не, әйтеуір,
Мен үшін сен ардақтысың, ұлысың!
(«Қазақстан»)
Немесе:
Өзіңде арманымның көктерегі,
Тамырын терең жайып көктеп еді.
Сұраса біpey егер,
Туған балаң:
"Жақыным сенен өзге жоқ" — дер еді.
("Туған жерге")
Осы сөздердің өзек жарып шықанына, өтірік емесіне иланбай болмайды. Күнделікті айталып жататын белгілі сөздердің поэтикалық сезіммен астасуынан барып туатын осы сарындас үн, осынау ырғақ қарапайым ойдың өзінен көкейге қонымды түйін тудырған осы өлеңдердің бекер жазыла салмағанына мейлінше дәлел бола алған. Табиғилықтан туған мұндай өлең жолдары ешкімді де енжар қалдырмасы белгілі. "Ноғайкөлде" аталатын өлеңдегі:
Атқан жоқ алтын таң әлі,
Кетсе де батып ай мана,
Еседі қырдың самалы,
Шөп басын тербеп жай ғана.
Бастарыы суға иіп тұр
Жағалай өскен тал, қайың,
Көл сүттей қалған ұйып бір,
Ал ауа таңғы балдайын, —
деген шумақтар арқылы автор тәтті бір мұң аралас әдемі образ жасайды, үйгеншікті тіршіліктің өзінен үйірі бөлек ой түзеді. Осы теңдес:
— Досым-ау, ақыл айтам
Алакөлге
Үйіңде жарың болса,
бара көрме,
— деп басталатын "Балықты қызда" оқыңыз. Көргені мен көңілге түйгенінен, табиғи таза көрініс бар. "Көруге болдым ынтық қыр қыздарын, аққудай еткен айдын келді мекен" деп келген жігіт "мойылдай мөлдір кезді балықшы қызға" ұшырасады да, ақыры, "қайыққа міндім барып, қыз алдында біреулер демесін деп сағысынды" дейді де, лирикалық кейіпкер сыры бөлек, құпиясы көп көл үстінде қара толқынға қақпақыл болып кете береді. Қыз алдында дәрменсіздік көрсетуді намыс тұтатын қыр қазағының ежелгі мінезіне бағып, тәуекел дей тұрса да:
Толқындар алысады жағаласып,
Бүркітше қанаттарын сабаласып,
Қорықтым, көз алдына елестеді
Тұрғандай бейне аузын ажал ашып.
Толқындар бipі үстіне бipі шығып,
Кезекпен біpi құлап, бірі жығып.
Жатқанда, жел қайықта мен отырмын
Осыдан кетсем-ау деп тірі шығып,
— деп мейлінше дәл, мейлінше шыншыл сурет жасайда. Әзілге негізделген өлеңде тұтас бip драма жатқанын аңғару қиын болмайды.
Бұл жерде Қуанышбайдың табиғатты жырлаудағы өзіндік дара бағыт ұстанғанын айтпауға болмайды. Жоғарыда бip құлаққағыс еткеніміздей ол туған жерін алыстан аңсап, шалғайдан қарап шабыт шақыратын қаламгерлер сортынан емес. Ол табиғат суретінің өзін ішкі сезімімен ұштастыра жымдастырып, не қуанышын, не мұңын ақтару үшін қажетті бip декорация үшін пайдаланатын сияқтанады. Бұл ретте ол жаратылыс құпиясына бойлай сүңгіп, табиғат стихиясымен біте қайнасып, араласып та кетпейді. Әдейі алынған бip шарттылық төңірегінде ғана әдемі сырлар төгеді. Айнала тірліктен өзінің осы сөзіне, осы сәткі көңіл күйіне орайлас үндестік іздейді, әрі ңздегенін таңдап таба біледі де.
Құйғытып еркін шауып, еркін желіп,
Жайлаудың рахаттанам көркін көріп.
Табиғатпен астасып кетем сәтке
Саржайлау —
Жан жайлауы секілденіп.
(Саржайлау")
Немесе:
Соқса деп тілеуші едім борандарың,
Тұлыпқа бораныңда оранбадым,
Аппақ қыс,
Арманым-ай,
Дәл өзіңдей
Мен ақын дәл өзіңдей бола алмадым!
(«Қыста»)
Сүйемін таудың, достар, асқарын мен,
Сүйемін оның найза тастарын мен.
Көрсетер әдебі мен кісілігін,
Адамның сүйемін мен кішілігін...
Осы жолдарды оқығанда табиғат Қуанышбайға тамашалау үшін емес, не тау мен даланың дара қасиетіне арнайы жырлап беру үшін емес, өз көңіл-күйінің, көргеннен түйген әсерінің айшықты фоны үшін қажет болғанын көрер едік. Ақынның бұл бағытта тапқан тәсілі де құптауға тұрарлық.
Енді мен «Арман аралының» екінші бөліміне, Қуанышбай Құрманғалиев шоқтығын биіктете түсер жырларына тоқталайын. Меніңше кітаптың ажарын ашып, әрін кіргізе түсіп тұрған да осы екінші бөлімге топталған жырлар дер едім. Мұнда да жер өзегін суырардай адуын патетика жоқ, мамыражай элегиялық әуенмен ыңылдай отырып-ақ ақын айтарын анық жеткізеді, айшықты образ жасай алады:
Бақыттан басым айналып,
Ала бір қашқан асаудай
Барасың, сезім, қайда алып...
(«Бақыттан басым айналып»)
Бәлки, қазақ поэзиясында махаббат қылып мұнан да епті мұнан да нәзік шерте алар жырлар баршылық та шығар. Бірақ мұнда басынан бақытты шақ кешкен, кезінде сүйіп те, күйіп те көрген кейіпкердің бозбала кезгі біp елесі, "Жыл өтті талай арада, жолығам деген жоқ ойда" дегізерлік қайта оралымы қызық дәурені не өз кінжінен, не өзгенің қылығынан айырылып қала берген асыл сезім бар. Бұдан соң:
Саған ғашық болған күннен
Ақын болып кетіп едім, — деген ақын сөзіне сенбеске, иланбасқа шараң жоқ.
Махаббат жырлары — Қуанышбайдың өзіне аса бip ұнайтын лирикалық әуені болса керек. Бұл тақырыптағы жырларында ащы рахат та, азапқа салар тәтті мұң, аңсау мен арман, өкініш пен өксіктен гөрі, таңғы шықтай таза алғашқы махаббатқа табыну басым. Енді-енді ғашық болған жігіттің үлбіреген үміті, жан ләззаты мен жүрек лүпілі бар.
Жігіт деген көп, тегі,
Бәрі сені айналып.
Қызармай-ақ беттері
Сөйлеседі жай барып.
Қысыламын, қиналып,
Сөз айта алмай, еркем-ау,
Жүргенім бұл ұялып
Шын сүйеді екем-ау, — дейді ол.
"Мойындау" дейтін өлеңінде. Біразымыз базарлаған жерден тағы да қысылып-қымтырылмай орынды олжа тауып оралыпты. Қарапайым сөздерден, қарапайым ойдың өзінен құлаққа жағымды, жүрекке жұғымды шумақтар туғызған.
Заты біз Қуанышбай творчествосы туралы сөз қозғағанда «қарапайым» сөзін көбірек жұмсап кеттік білем. Бір кезде үлкен жазушының бірі айтқан екен, әр ақын алғашқы кезде қарапайым да жаман жазады, одан кейін күрделі, бірақ жаман жазады, ал қарапайым да жақсы жаза бастағанда шынайы ақын болып қалыптасады, деп. Ендеше Қуанышбай қарапайымдылығы осы үшінші кезеңнің жемісі деп, жақсы мағынасында қайталап айтып отырмын.
Ару қыз, көркем ажарың,
Ақ ниет, адал, таза арың.
Өткізсем бірге арман жоқ,
Жастықтың дулы базарын.
Немесе: «Тілек» аталатын өлеңнің соңғы шумағында:
Түбінде ақ қайыңның отырайық,
Көңілді қуанышқа толтырайық.
Келс, сәулем, түні бойы сырласумен
Жаздың бір қысқа таңын атырайық, — дейтін шумағы бұл пікірімізге жақсы да дәлелді иллюстрация болуға қанатының сыңары осы тұрғыдағы жырларында деп білемін. Жарап жатқан жоқ па? Ақынды алысқа самғатар Қуанышбай Құрманғалиевтің поэтикалық сөздік қоры әлі де болса айта қоярлықтай бай емес, бірақ сол шектеулі қордың өзімен-ақ ол жүректен кіріп бойды алар", — әуен-ырғағы бүтін бірқатар жақсы өлеңдер жазыпты. Бұл оның бұдан да өнімді болашағын мегзегендей.
Егер Қуанышбай Құрманғалиев әдебиетке бүгін келген жасөспірім дарынның бірі болса, "көңіл жүре түзелер" деп оның мүдіре басқан, мүкіс кеткен тұстарына тоқталып та жатпас едік. Бірақ "Арман аралына" алғысөз жазған үлкен ақынның Қадыр Мырзалиев: "Ақын Қуанышбай Құрманғалиевтің алғашқы өлеңдері" осыдан жиырма шақты жыл бұрын оқығанмын. Жинақтағы жырлардың көпшілігі сол жылдары жарияланған екен... Бұл ақын өлеңдерінің уақыт сынынан сүрінбей өткендігіне дәйекті дәлел деп білемін», — деп отырса, ақынның өзі:
Өткізіп көп ғұмырды дырдуымен,
Санаспай уақыттың сырғуымен,
Кеткенін із тастамай енді білдім,
Он алты жасымда мен жыр қуып ем.
..................
Мен тұрмын Мақсат-таудың етегінде,
Білмеймін бигіне жетемін бе, —
Ауылын Арман-жырдың келем іздеп,
Бір үміт, бір өкініш жетегімде, —
(«Бір өкініш, бір үміт»)
деп отырса өз атына айтылар бірді-екілі орынды ескертпеге белі қайыса қоймас деп ұйғардық.
Ең алдымен Қуанышбай өзінше дара, жекеменшік стилі тұрғысынан айқындалып болмаған, өзіндік өрнек әлі де болса аздау соғып жатыр. Оған қоса тіл байлығында да, теңеу, бейнелеу тәсілдерінде де ысылған шебердің сипаты қылаң бepe қоймайды. Терең сезіммен сүйсіне шерткен саздарының өзінде де басқаларда бap сырын, таныс әуен ара-тұра ұшырасып қалып жатады. Әрі жібермей арылуды қажет ететін бip кемшілік осында. Жоғарыда көп өлеңдерінен сүйсіне цитата келтіріп отырған ақынымыз үшін:
Жеттім елге Жетікөлді жағалап,
Желе жортып, ауыл үйді аралап,
Мені көріп, ойпап жүрген бaлaлap
Шықты алдымнан алақайлап, ағалап.
("ауылға оралғанда")
Шығарсаң атаң атын — қазақ атын,
Сүйсініп елің айтса: — Азаматым!
Ақталса осы үміт, бауырларым,
Мен-дағы болар едім ғажап ақын —
("Бауырларым")
деген жолдар өлшем бола алар ма. Басқасын былай қойғанда, осы жолдарда дөп баспаған жаңсақсықтар қаншама. Жиырма жыл өлең жазып келе жатқан талғампаз ақында бұл қылық жараспаса керек.
Ендігі бірер сөзді творчестволық диапазон тұрғысынан бастайық. Қуанышбайда осы диапазон кемістеу ме деп қалам. Бұл, тіпті де, тақырып тарлығы деген сөз емес "Тақырып тарлығы" дегенді өзім көп түсіне бермеймін. Осы кітапта бар тақырыптардың өзінен-ақ алуан нәрсені айтып тастауға болар еді. Әзірге ақын өмірден алған әсерін ғана жырлайды да, сол өмірдің ішіне ыстығы мен суығына, жылуы мен шуағына көп мән бере қоймайды. Мұндай жерде ақын қарапайымдылығының қарабайырлыққа апарып соқпай қоймайды, содан сақтандырып жатқанымыз. Әлі де болса әлдебір жасқаншақтық бap сияқты, сол құлашты еркін сілтеуге бөгет бола берді. Содан арылу қажет. Әйтпеген күнде, кезінде Михаил Светков айтқандай, жергілікті дәрежедегі ақын ғана болып қалу қаупі бар. Сезімге сараңдық жасамау керек.
Мұның бәрі ақынның өз ықтиярындағы, өз қолынан келетін нәрселер. Қуанышбай жырларында кемістіктен гөрі жетістік басым. Мазмұны жағынан да, көркемдік қуаты жағынан да көрнекілер қатарынан орын алатын өлеңдері барын айттық та, дәлелдедік те, ендеше Қуанышбайдан әлеуметтік үлкен арнаға ұласар өнімді еңбектер көруге де әбден қақымыз бар. Жаңа сапаны сол болашақ жырларынан табатын болайық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі