Абай жарықтық өзінің "Жазды күн шілде болғанда" деп басталатын әйгілі өлеңін жазғанға шейін (1886 жыл) өзін-өзі ақын санамай, шығармаларының бәрін үзеңгілес інісі, ара-тұра ащы-тұщы ағалық мысқылмен іліп-қағып әзілдей беретін Көкбай Жанатайұлының атынан таратып отырған екен. Ол турасында сол Көкбай ақынның: "Өзі жазған сөзіне ең алғашқы рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім сол. Маған: "Сен соғымыңа бір ту бие ал, ал мен енді өлеңімді өзім алайын деді", — деп есіне алатыны бар. Мұны біз сол баяғы Абайдың: "Сорлы Көкбай қор болды-ау осыншадан құр қалып", — деп қалжың айтатын Көкбай ақынның өз естелігінен алып отырмыз.
Абай кім, біз кімбіз? Бір жарым ғасыр бойына қара сөзден дес бермей, өлең сөзде алдына жан салмай келе жатқан дүлдүлдігін айтпағанның өзінде, телегей-теңіз ұлылығымен, ақыл-ой, асқақ шабыт, сыңғырлаған өңкей келісім, бүгінгі тілмен айтқанда, көркемдік шеберлік атаулының бәрін түк қалдырмай тұла бойына түгел сіңіріп алып, бізге сол ұлы дария ернеуінен өзі қалаған мөлшерде ғана там-тұмдап таттырып келе жатқан шет-шегі жоқ ғұламалығымен де дара тұрған Абайдың өзі сөйткенде еріксіз барып "басқамызға не жорық", — деп ұялсақ керек еді.
Бірақ ұялсақ өлеңші боламыз ба! "Түйе мінген қазақтың төрт ауыз өлең айтпайтыны жоқ", — деп танауды бір тартып қойып, жоқты-барды тізбелеп, он құрап, жүз жамап, әр жерден үзіп-жұла сөз үрлап, ой жымқырып, қалтырап дірілдеген бірер шумақ "өлең" жазып алады да, соны не ақысын төлеп, не ара ағайынға жалына-жалбарына жүріп газет-журнал бетінде жариялай сала: "Мен де ақынмын!", — деп жаңа ғана жұмыртқа тапқан тауықтай қыт-қыттап шыға келетіндерді қайтерсіз! Сенің "бетті басып, қатты сасқаныңды" көрсе, одан әрмен қыбы қана құшырланып, өз атын өзі шақырып қана қоймай, айналасындағы әбүйірсіз ағайын, жалпақшешей жарамсақ жарапазаншылары қошеметтей қол созып, қолтығына су бүркіп, шырылдай, шұрқырай шуылдасып: "Ойпыр-ой, сөзім-ақ қой, шіркін, қайда жүргенсіз осыған шейін, сіздің қасыңызда Жамбылдың өзі жіп есе алмай қалуы мүмкін екен-ау!" десіп даурығып бір бергенде, әлгі шіркіннің айдарынан жел есіп, "солай екен-ау өзі!" дегендей, айналасына мүсіркей қарап, тайқы маңдайын тыжыртып бітер еді. Олар енді көп болып бас қосатын торқалы той, топырақты өлім үстінде ұялып-қызармай "Ақынбыз ғой, қара сөзге жоқ едім, ойымды өлеңмен білдірейін",— деп маңғаздана мардымсып, біржола бәлденіп бітеді. Өзінше ол да қара сөзден гөрі ұлы Абайдың өзі сөз патшасына балап кие тұтқан қасиетті өлеңді тымақпен ғана ұрып алмақшы. Әйтеуір доңғалағы қиралаңдап, майсыз арбадай шиқылдаған қайыстай қатқыл сөздерді төрт жолға тізіп, ырғақ, буын ұйқас атаулыны белінен баса көктей өтіп, ащы ішектей созылған күлдібадам "дүниесін", "боталы түйедей" бұлдап бітеді.
Осындайда еске түседі, ел аузына енді іліге бастаған жас композитор Бақытжан Байқадамовтың сол кезде атағы жер жарып тұрған Иса Байзақовты ресторанға шақырғаны жөнінде қаламгерлер арасында жүрген бір аңыз бар. Жас жігіттің дастарқан мәзіріне сүйсініп, бірер жүз грамды тастап алған Исекең інісінің атын ұмытып қалып: "Қарағым, сен осы кіммін деп едің! Аты-жөніңді тағы бір айтшы!" — дейді ғой. Өрім жас қысыла-қымтырыла: "Аға, әлгінде ғана Бақытжан Байқадамов деген композитор ініңізбін" — деген жоқпын ба", — деп жауап береді. Сонда Исекең: "Ондай композитор естісем құлағым керең болсын!" — деген екен, бүгінгіше өп-өтірік көлгірсіп жатпастан.
Қазір Байқадамовтар бар болса бар шығар, бірақ бетің бар, жүзің бар демей, керек жерінде кесіп айтар Байзақовтар жетпей жатыр-ау. Соған бір мысал. Өткен жылдардың бірінде осындай бір 60 жасқа дейін біз де "атын естісек құлағымыз керең болғыр" әлдебір танылмай келген "танымал" ақынның екі сағатқа созылған шығармашылық кешін теледидардан көріп, тамашалағанымыз бар еді. Ойбай, несін айтасың, білмесек біз секілді марғаулар, танымаса өлең сөзінің табиғатын түсіне білмес дүмбілез, поэзия дегенді құран сөзіндей қабылдайтын санаулы оқырман, сыншы-сарапшылар ғана танымай келіпті. Әйтпесе бүгінгі таңдағы ең "ойшыл" да, "сом алтын сынығы" да, "ағын судың тұнығы" да сол екен. Жазып-сызған "сазды", "назды" дүниелері жұрт қолынан түспейді екен! Белгілісі бар, белгісізі бар, әуесқойы да, кәсібиі де бар, ортақолдысы, ортанқолдайы бар — қазақта бар композитор біткен соның сөзіне таласа жүріп ән шығарып, небір сахна саңлағына айналған әншілеріміз сол әнді сұрап жүріп, жылап жүріп орындайды екен. Әдебиет пен өнердің нелер бір "мен болдым-ақ" деп жүрген ығайлары мен сығайлары әлгі "ақынның" екі аяғын жерге тигізбей, оның өз "өмірінен" цитата-дәйек келтіре отырып, "әнін" аспандағы аққумен жарыстыра әй да келіп, мақтап бір берсін. "Апыр-ай, осы кезге дейін ай қарап жүргенбіз бе, қалай ғана көрмей-білмей келгенбіз? — Кемеліміз де, кемеңгеріміз де мұнда жүр екен ғой!" — деп таңырқай таңдай қақтым мен. Уай, тәңірім-ай, десеңші!..
Кейінірек сол кеште сөз сөйлеген, кісілік атаулы қасиеттен маһрұм бола қоймаған бірер азаматпен; "Мұның қалай?" деген тұрғыда тілдесіп көргенім бар. Ұялмағандары: "Онда сенің нең бар!" — дегендей кекесінмен үнсіз қала берді де, кейбір бетінің қызылы барлары: "Әй, Сәкен-ай, неге дерің бар ма, қоярда-қоймай жік-жапар болып шақырды, араға ағасын да, жағасын да салды. Бары болса — аузымызға тосты, сөйте отырып, "бір ауыз сөз айтыңыз", — деп қолқалайды, қалай ғана бас тартасың. Өзің болсаң қайтер едің?" — деген болды. Өзін де, мені де жұбатқандағысы. "Сөйтер едім" деп, мен де ештеңе айта алмадым. Біреуді мақтай қалсақ, қол-аяғын жерге тигізбей атын аспанға шығарып, пайғамбардан асыра, жамандай қалсақ жерге тыға, жақсылығының бәрін жаба тоқып, жасыра бастайтын болғанымыз қашан. Мақтаудың да мөлшері, даттаудың да өлшемі барын ойдан шығарып аламыз. Періден періште жасау да, періштені пері етіп шығару да оңай.
Қазір ұйқасқанның бәрі емес, тіпті ұйқастырмай-ақ тасқа басып шығарған сөздің бәрін өлең санайтын болып бара жатырмыз. Оған төрелік айтып, тосқауыл болар ағайын және көрінбейді. Осыдан көп бұрын, сол сексенінші жылдардың орта тұсы-ау деймін. "Өлеңді кім қорғайды?" деген мақала жазып, "Қазақ әдебиеті" газетінің айқара бетінде жариялағаным бар еді. Сол тұстағы өлеңнің қашаннан мүшкіл хал-ахуалы, ақындарымыздың (шынайы ақындарды айтамын) кітап шығарудағы азап аралас жан айғайын сөз еткен болатынмын. Бірқатар белгілі азаматтар қолдап, үн қосқан да еді. Сөйтсем, оным астамшылық екен. Бүгінгі таңда сол кезгі жағдайымыздың өзіне жылап көрісетіндей халдеміз. Өлең шіркіннің арасын "бөтен сөзбен былғамауға" шақырып, қаншама айтып та, жазып та жүрміз. Құлағына қыстырып, "шынында да осылай екен-ау" деп жатқан ешкім жоқ. Оған бола қысылып, кері бұрылып жатқан графоман-халтурщик те, олардың бұрқыраған "шөп-шаламын" жарыққа шығаруға тиым салып жатқан баспасөз, баспа орындары және жоқ. Қайта сол халтурщик-дәлдүрішің бүгіндері көпшілік жиналған ордалы да олжалы жерде мадақ мен марапатқа ие болып, талант иелерінің алдына түсіп, ақысын жеп те жүр. Әртүрлі мереке, мерейтойлар құрметіне өткізіліп жататын мүшәйраларға әлдебір жұлымыр жекжатының жең ұшынан жалғасқан ымы мен жымы арқылы қатысып, сол демеушісінің арқасында жыр бәйгесіне ие болып бір дүрілдесе, олардың қалың-қалың кітабын шығарып, аузы дуалы дерлік ақсақал-қарасақал әдебиетшілерге алғысөз жаздырып, газеттер бетінде мақтатып жатқан баспагерлерге де ешкім тиым сала алмай келеді. "Керуен кері бұрылса — ақсақ түйе алға түседінің" бір мысалы да сол, соны көре тұра не істерге амал таппай, дымымыз құри беретіні де сондықтан.
Қазір екінің бірі "ақын". Ақын болғанда да, жәй емес, "аса көрнекті" "белгілі ақын". Облыстарда шығып жататын көп-көп кітаптың аннотациясы мен сол кітапқа жазылған жергілікті газеттегі әр алуан пікірлер мен рецензиялар осылай деп атойлап жатады. Отбасы, ошақ қасына, өзінің бала-шағасына белгілі болса белгілі шығар. Ал әдеби ортада ешкім біліп жарытпаған сол шіркіндердің әлгі марапат-мадақтан кейін: "Міне, мені көрдің бе, вот, солай!" — деп тыраштана, тырсия түскенін көріп "қайнайды қаның, ашиды жаның" демеске тағы амалың жоқ. Поэзия деген анық та қанық бояудан, әсем де көсем сөздерден, ажарлы да базарлы, асыл да ғасыл ойдан түзілетінінен де бейхабар бейшараларды "ақын" деп әспеттеп, аспанға шығара мақтаудан арыла қоярмыз деп үміттенудің өзі бекер әурешілік. Біз сынағанымызбен дәркемі біразымызбен деңгейлес саналатын, әбден болып, толып алған, "ендігісі күл болмаса бұл болсын" дейтін өзге әріптестеріміз олардың аяғын жерге тигізбей мақтап әлек. Содан барып өзің сыйқым, сөзің қиқым бірдеңеге айналасың. "Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы" дейтін Абай қағидасы да айдалада қала береді.
Біз, әрине, Абай емеспіз, сөйте тұрсақ та, әлі күнге дейін ешкіммен ақын едім деп танысып көрген емеспін. Біреу мені солай деп таныстыра бастаса өлердей қысылып бітетінім бар. Ақын болу үшін, ақын атын иемдену үшін бір ғана өлең жазу аздық ететін сияқтанады да тұрады маған. Аты-жөні, лауазымының соңына "ақын" деген қосымша жалғамаса көңілі көншімейтіндерге қарап таңырқап, таңданумен-ақ келемін.
Бірақ, күпірлік болса да айтайын, егер мен өлеңді кие тұта құрметтемесем, қасиет-қадіріне табынып, құдіретке баламасам бар ғой, әлгіндей-әлгіндей "танымал" ақынның таңдамалысы сияқты өлеңнің күніне жүзін жазар едім. Тіпті жазып әуреленіп жатпай-ақ, диктовка жасар едім!
Өлеңге де, өнерге де әркімнің-ақ таласы бар, оған дау да талас та жоқ, Жаз, жаза бер, көп жаз. Газет, журналға д жарияла, кітап етіп те шығар, бірақ ақынмын деп кеуде кермей қоя тұршы, айналайын. Тым құрыса киесі ұрады-ау деп қорықсаңшы!
Әдебиетті ардың ісі дейтін едік. "Ар алдында мен өзімді әрдайым дар алдында тұрғандай-ақ сезінем" — деп те жазғаным бар еді менің бір кезде. Амал не, бүгін әдебиет ардың емес, малы бардың, дарынның емес, қалтасы қалыңның ісіне айналып барады. Өйткені біз өмір сүріп отырған бүгінгідей қоғамда қаламгер жағдайы мүлдем өзгерген. Ақын, жазушы атаулыға бұрынғыдай талант, дарын иесі, айрықша жаратылған дара тұлға деп қарау, кемел де кемеңгер парасат пайғамбары, ақыл мен ойдың падишасы ("властитель ум") деп қарау жоқ. Сол әлгінде айтқан кеудемсоқ көп халтурщик-дәлдүріш, күніге қырық кітап жазатын графоман қатарында күнін көріп жүрген көп құлпенденің бірі деген ұғым қалыптасып барады. Қайтейік, оған көп ретте басшымыз бар, бастаушымыз бар, осы біздің өзіміз де кінәліміз. Көре тұра көрмеген, біле тұра білмеген боламыз. Сен ақын емессің, бар болғаны өлеңшісің деп айтуға аузымыз бармайды. Көңіл жықпас көлгірміз, біріміздің жаман атты болғымыз келмейді. Оқта-текте ақты ақ, қараны қара деп, әр нәрсені өз орнына қойып, әлдебіреуіміз билік айта қалсақ, сырттай ғана сүйсініп, әліптің артын бағып, бейтарап қала беретініміз және бар. Таяқтың бір басы өзіміздің маңдайымызға келіп сарт етіп тигенде болмаса, "сен тимесең мен тимен, бадырақ көз" дегеннен әріге асып, әрекет жасамаймыз. Содан да ғой, "әлгі айтқан етікшілер мен ұялмастар" жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап өріп шыға беретіні.
Ақын деген аруақты сөздің астарына үңіліп, байыбына барудан бұл күнде халық болып қалып бара жатқандаймыз. Елдігің мен ерлігің, кемелдігің мен кендігің, желігің мен сенімің түгел сыйып тұратын осы ұғымның аяқ асты болып бара жатқаны, Абайды да ақын деп, Мағжан, Қасым, Жұмекен, Мұқағали, бүгінгі Тұманбай, Қадыр, Фаризаларды да ақын деп, біз жоғарыда тілге тиек еткен, өлеңнің аяғы әр жерден бір тиіп, бірақ қалың-қалың кітап шығарғыштарды да "ақын" дейтініміз жанға батады-ақ. Ойлансақ — осы жайлы ойланайық та, ағайын. Әдебиет бақшасын арамшөптерден қалай еткенде арылтып, қалай еткенде тазарта аламыз, көп болып осы төңіректе де пікірлесіп алудың артығы болмас еді-ау деп ойлаймын.
"Қазақ әдбиеті", қазан, 2005 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі