Біздің елде (Талдықорған өңірін айтамын) Уәлихан Нұрқасымов дейтін кісі болып еді. Журналист. Газет-журналдарға мақала, фельетондар жазып, соңына көбіне “У.Шыңғысұлы” деп қол қоятын. Біз де о кісіні сыртынан әмісе солай атайтынбыз, қатарлас жүрген үлкен-кіші замандас, қаламдастары да оны осы лақап аты арқылы жақсы білетін. Отан соғысына қатысып, аман қайтқаны бар, бойшаң келген, денесін ұдайы тіп-тік ұстап жүретін, бір көрмеге келбетті азамат еді.
Алғаш рет мен Уәкеңнің аты-жөнін радио арқылы естідім. Бірде “Мал иесі” деп аталатын радиоспектакль тыңдап жатып, кейіпкерінің бірінің аты Мыңтеңге екен, соған елең ете түсіп едім, өзіне қарсы сөйлеген абысындарының бірі оған: “Атың Мыңтеңге болғанымен, өзіңнің бір теңгелік құның жоқ екен ғой!” — деген сөзін естіп, әңгіменің аяғын күткенмін. “Сіздердің тыңдағандарыңыз Уәлихан Нұрқасымовтың “Мал иесі” аталатын радиопьесасы” деп хабарлады диктор. Ұзына бойғы сұлбасы болмаса, пьесаның оқиғасын ұмытып қалыппын, ал Мыңтеңге деген кейіпкері бар авторының есімі есте қалып қойыпты.
... 1959 жылдың соңын ала “Лениншіл жас” газетіне қызметке шақырылдым да, Алматыда оқып жүрген Тұрсынзада Есімжанов арқылы (екеуі де бір ауданнан екен) сол кісінің өзімен де танысқан едім. Арамыздағы мүшел жас айырмашылығына қарамай, тез тіл табысып, ағалы-інілідей аралас-құралас болып кеткенбіз. Астыңғы ернін жымқырып алып (насыбай ататын еді), оқта-текте шырт түкіріп қоятын да, Уәкең әңгіменің тиегін ағытатын еді келіп. Кісіні күлдірмесе отыра алмайтын. Біз де ол кісінің жасы үлкендігін сыйлап, айтқанын екі етпей жүрдік-ау деймін...
Бір жылдан кейін мен әлдене себеппен ауылыма қайттым да, Уәкеңнен көз жазып қала бергенмін. Бірақ ұзынқұлақ жатқан ба, сырттай естіп жүрдім, баяғы бізді үйіне ертіп апарып таныстырған, Алматы ресторандарының бірінде даяшы болып істейтін кербез де көрікті Тұрсын жеңгемізбен дәм-тұзы жараспай ажырасып кетіпті. Өзі Қарағанды ма, Қостанай маңы ма, әлдебір аудандық газетте істеп жүр, дейтін білетін жігіттер.
Ауылға қайтып оралып, аудандық газет редакциясында қызмет істеп жүрген күндердің бірінде, ақшам мен екінтінің арасында біздің үйге қаңғалақтап Уәлихан ағамыздың өзі кіріп келгені ғой. Қасында қызыл шырайлы, әдеміше келіншек бар. “Алып қашып келемін”, — деп күбір етті Уәкең.
Қазақ қай мейманына кет деп кеудесінен итерер еді. Төрімізге шығарып, күтіп алдық. Ықылас-пейілімізді аяған жоқпыз. Ол кезде әке-шешемнің көзі тірі кезі, бойдақ жігітпен, сол кісілердің қолында едім.
Уәлихан ағам сияқты менің әкем де соғысқа қатысқан адам. Ол да нағыз насыбайшының өзі. Бір-біріне насыбай шақшаларын ұсынып, оп-оңай тіл табысып, шүйіркелесіп кете берді. Уәкең сөздің майын тамызады. Қай-қайдағы қысыр әңгіменің тиегін ағытып, әзіл-әжуа дегенді судай сапырды. Әкем болса-болмасын, Уәкең ауыз ашса болды, ішек-сілесі қата күліп: “Өй, Сәкен, мынау ағаң бір қызық адам екен ғой!” — деп мәз болады.
Уәкең біздің үйде үш-төрт күн жатты. Алғашқы келген күні-ақ таныстырған — қасындағы қараторының әдемісі дерліктей сұлу келіншегін меңзеп: “Баяғыдан құмартып жүрген ғашығым еді, байынан ажыратып, алып қашып келемін!” — деген.
Кейін онымен де бірде қосылып, бірде ажырасып жүргенде:
Ханшайым дейтін қатын бар,
Көрсеңдер оны — атыңдар!
— дейтіні де сол әйел болатын.
Едәуір жылдардан соң Талдықорған облысы қайта құрылып, өз алдына дербес шаңырақ көтерді де, біз Уәкеңмен сондағы облыстық “Октябрь туы” аталатын газет редакциясында қайтадан табысқанбыз.
Уәкең әлі де сол баяғыдай екен. Отырған жері әңгіме, жүрген жері күлкі. Ішуді де, со құрғырдың соңына түсуді де жек көрмейтінге ұқсайды. Бірақ газет жұмысына шөгел, қай жерде жүріп жазып тастайтынын білмейсің, күн сайын әзіл-оспағы аралас фельетоны бұрқырап шығып та жатады. Кез келген ұжымға судай сіңіп, тастай батып жүре беретін Уәкең жергілікті газеттер үшін шын мәніндегі таптырмайтын кадр еді. Амал не, арақ дейтін құрғырың да өкшелеп қалмай қойғаны ғой!
Сол кінәсін де өзі жақсы біледі, содан да қызметке орналасарда арызды екі түрлі етіп жазады екен. Бірінде қызметке алу жөнінде, екіншісінде айы-күнін көрсетпей, қызметтен өз еркімен босатуды сұранатын көрінеді. “Мұныңыз не?” — деген редакторға: “Кей-кейде ішіп кетіп, жұмысқа салақсығандай кезім болса, сөзіңізді шығын етіп, ескертіп жатпай-ақ “өз еркімен кетті” деп жұмыстан шығара салыңыз!” — дейтін көрінеді.
Уәлихан айтты дейтін бір шумақ, жарым шумақ әзіл-оспақ өлеңдер, әжуа-мысқыл аралас бірқақпайлар көп-ақ еді. Әдейілеп жинап-теріп жүрмегесін біразын ұмытыңқырап та қалыппын. Менің өзіме де бір күні үйге ертелетіп келіп, қасымда ауылдан келген кісілер бар еді, солардың көзінше: “Саған шығарған өлеңімді тыңдашы, — дей тұрып:
Сұрасаң руымды Қаракерей,
Бұл күнде ауыл бай да, қала кедей.
“Ассалаумағалейкүм!” — деп жетіп кепсің,
ауылдан бір-екі қой ала келмей, —
осыны келімді-кетімді ағайындарыңа айта жүрерсің, маған қаламақысын жақсылап төлесең болды”, — деп те бір күлдіргені бар еді.
Ым-бап-бап, ымбап-бап,
Сыра кетті-ау қымбаттап,
Бұрынғыдай таң атпай
Жүре алмайсың бұлғақтап, — дейтіні де;
Орыс әйелге үйленіп:
Құтылсам деп борыштан,
Қатын алдым орыстан, — деп те;
өзі айықпас дертке тап болғанда үйреншікті әзіл күлкісінен жазбай:
Жасырмаймыз — ракпыз,
жасымаймыз бірақ біз! — дейтін де осы Уәкең болатын.
Ол кезде қалада істейтін интеллигенция өкілдерін еркіне қоймай науқаншылық кезінде колхоздар мен совхоздардың жұмысына апарып салатын әдет болушы еді. Сондай бір зорлықпен қала іргесіндегі колхозға “көмекке” барған редакция қызметкерлері “ақмағамбеттен” біраз сілтеңкіреп жіберіп, олары жұрт көзіне түседі де, арты айғай-шу, абыройсыз әңгімеге айналады. Редакциядағы партия ұйымының хатшысы да нағыз шаш ал десе, бас алатын әсіре белсендінің бірі болса керек, елді біраз дүрліктіре шу шығарып, ақыры бұлардың ісі қалалық партия комитетінің бюро мәжілісінде қаралатын болыпты. “Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан”, алдымен сөзге ілігетін, әрине, Уәкең. Оның үстіне түкірігі жерге түспей дүрілдеп тұрған социализмнің тұсы.
Қалалық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Федотов па, Федоров па, жөн білетін орыс азаматы екен, бюро үст інде сол Уәлиханнан:
— Арақты көптен ішесіз бе? — деп сұрапты.
Уәкең сөзден тосылған ба:
— Қазақ деген халық, тегі, ертеректе арақ ішпеген ғой, өлкемізге орыс ағайындар қоныстанғалы оны да үйреніп алды. Біздің ауылда да бұрын орыс жоқ еді, арақ та ішпейтінбіз. Тың көтереміз деп орыстар келгелі, соларға қосылып мен де ішетін болғанмын, — дейді ғой мізбақпай.
Орыс хатшы көзімен шер шұқып күле беріпті де, бюро мәжілісін таратып жіберіпті.
— Уәкең, сөйтіп те бәрімізді төніп келген бір пәледен құтқарып жіберіп еді, — дейтін сол әңгіменің ішінде болған кісілер.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі