Өлең, жыр, ақындар

Кімдер кетіп, кімдер қалды!

Елуінде орден алған,
Есіктен кіре төрге барған
"Жазушы" дейтін баспа бар еді,
Беті мен беделінен
алыс ағайын жасқанар еді —
Қызметінде жүргендер кеше
Ығай мен сығай, азуын айға
білеген қасқалар еді...
Бастықтары ауыса бастады,
Екі жылда біреуі келіп
кетеуін кетіріп,
кеміріп жеп тауыса бастады.
Бірте-бірте беделі кетті,
Береке-бірлік, бедері кетті.
Қайта құрамыз десіп, құритын болды,
Біреулер үретін, біреулер ұлитын болды.
Біреулер саса бастады,
Біреулер бас сауғалап қаша бастады.
Біреулері бұға берді,
Енді бірі жер астынан жік шыққандай,
Жоқ жерден кісі болып,
Жұлқынып шыға келді.
Анасы кетті, мынасы кетті,
Аласы кетті, құласы кетті.
Алдымен алаштың алты арысы кетті,
Қор жинап алған қалталысы кетті.
Беттілері мен тектілері кетті,
Ебін тауып екі асаған ептілері кетті.
Аяулы деген ардақтылары кетті,
Санаулы ғана салмақтылары кетті.
Нәбиден кетті, Нәби кетті,
Қайрат пен Сағи кетті.
Ләтиева Сара кетті,
Біраз дауды өзімен бірге ала кетті.
Егеубаев Асқар кетті,
Артынан бір топ жастар кетті.
Төлен кетті, Төлек кетті,
Сағынов олардан бөлек кетті.
Төшенов Жұмабай кетті,
Егоров ешкімге ұнамай кетті.
Ұлықбек құламай кетті,
Мұхамедия тепкіге шыдамай кетті.
Исраил одаққа кетті,
Рафаэль "Жұлдызға" қонаққа кетті.
Есебі түгел Есенбай кетті,
Иранбек өсе алмай кетті.
Қалтырап Қарсыбай кетті,
Құлахметов қансырап артын аршымай кетті.
Мағзом өсіп кетті,
Мақсұт басқа ауылға көшіп кетті.
Қаншайым, Алмалардың кетуі — декрет болды,
Қазыхандікі — "секрет" болды.
Ермұрат өрлеп кетті,
Заманбек біраз терлеп кетті.
Райхан жайына кетті,
Дариға "байына" кетті.
Күләнда апамыз қимай кетті,
Шәрбану болса — сыймай кетті.
Зәмзә әрең кетті,
Шынашақтай болған Тамара дейтін пәлең кетті.
Бақыткерейге "бақша" беріп құтылдық,
Жайлаубайға ақша беріп құтылдық.
Берік Шаханов бір ісін бастап кетті,
Дүйсенбек артына інісін тастап кетті.
Бақыт ҚазМУ-дің маңдайынан шертіп кетті,
Қанипашты да ертіп кетті.
Исраил Сапарбай кетті,
Қылтанақ жұтып қақалмай кетті,
Қалдарбекке не дегенін өзі біледі,
Басқаларға "әй, кәпір" аталмай кетті.
Арамыз бірте-бірте сирей бастады,
Бұрынғы бедел күйрей бастады.
Бұл күнде ешкімге ақы берсең өтпейтіндер қалды,
Тепкілесең кетпейтіндер қалды.
Көлемі де, төлемі де азайды,
Қазақтың өлеңі де азайды.
Ақындар кетіп, қатындар қалды,
Бастықтарға жақындар қалды.
Есебін тапқандар қалды,
Жағынып, жаққандар қалды.
Айтқаны азарлар,
Баққаны базарлар қалды.
Ағима қалды,
Нағима қалды.
Әдия қалды,
Әлия қалды.
Ептеген проза қалды,
Екі Роза қалды.
Тыраштар қалды, кіл аштар қалды,
Үндемейтін Махпуза,
Кісіні күндемейтін Жұмаштар қалды.
Екі Клара, екі Рая қалды,
Соны көріп,
Қабира да мұңая қалды.
Шабақтар қалды, шортандар қалды,
Жазира, Шолпандар қалды.
Тортай мен Ғұсмандар қалды,
Құйрығын мықтап қысқандар қалды.
Жыбырлақ қалды, сыбырлақ қалды,
Нұрахметтің өзі де қыбырлап қалды.
Арасанбай мен Әбді қалды,
Баяғы көнбіс дағды қалды.
Екі-үш ұйғырымен Тұрғандар қалды,
тағы біраз құдай ұрғандар қалды.
Шумскийді бір-ақ қылғып асап алған,
Шібилерімен Шмидт Саша қалған.
Әлі де іріктеледі, сұрыпталады,
Сапа дегенің бірте-бірте құрып барады.
Жіктеледі, жұпталады,
Профкомында құпталады.
Ым-жымы жарасқандар қалды,
Сүйек тастаса — таласқандар қалды.
Әккісі, айласы барлар қалды,
Біреу болмаса біреуге пайдасы барлар қалды.
Қуды қу тапты,
Шұқанақты су тапты.
Бір қатын күйлеп жүр,
Бір қатын билеп жүр.
Әсиясы,
Танясы бар,
Любасы бар,
Балясы бар,
Ғазизасы, Анары бар,
тағы-тағы алып-салары бар.
Ырындысы бар, жырындысы бар,
Шөлмектесі, шылымдысы бар.
Қоңызы бар, қорс етер доңызы бар —
Қарымсақованың командасы қалды.
Абысыны мен амалдысы қалды.
Солардың ойын дәл басатындар қалды,
Жең ұшынан жалғасатындар қалды.
Сәрсенбайлар, Сарайлар қалды,
Сүйекке таласқан сволочтар мен
қатын-қалаш, малайлар қалды.
Ер қаңсып тұғыр болды,
Ел осылардан-ақ ығыр болды.
Аздаған үміт пен дәме қалды,
Алалау деген албастыдай пәле қалды.
Біреуге біреу қосақталды,
Біраз бөлме босап қалды.
Езуін жимас езбелер қаптады,
Тегі белгісіз кезбелер қаптады.
Аты-жөні жоқ авторлар қаптап келеді,
"кітап шығармақпыз", — деп саған қарай тап-тап береді.
Арпылдап үргіштер шықты,
Жезөкше, жүргіштер шықты.
Ендігі билік соларға көшпесін делік,
Отымыз біржола өшпесін делік, әумин!

Бұл өлеңде аты-жөндері аталған адамдардың біразы ел-жұрттың бәрі білетін белгілі жазушылар, ақындар. Ал қалған бірқатары да осы баспада істегендер, қазір көзі жоқтары да бар. Оларды жұрт танып жатса құба-құп, танымаса тағы оқасы жоқ. "Мұнысы қайсысы еді?" деп сұрау салмасын да жақсы білемін.

Қалдарбек 1991 жылы Қазақстан республикасы Халық депутаттығына сайланды. Жазушылар одағы бойынша Қалаубек Тұрсынқұлов, Сәкен Жүнісовтер кандидат болып тіркеліп еді, Қалдарбектің аты озып шыға келді. Біраз адам оған қызмет көрсетіп-ақ бақты. Бұл кезде Жазушылар одағының бағы қайта бастаған кезі еді, соған тұспа-тұс келіп, Қалдарбек баспа директоры бола қалды. Бірден-бір көркем әдебиет шығаратын баспа, жазушы біткеннің онсыз күні жоқ. Баспада қатар жүрген Әнес, Оразбектердің оның депутаттыққа еткізу жолында қаншалық жанкештілікпен өліп-талып қызмет жасағандарын көріп отырдым. Бірер рет емеурін танытқаны болмаса, маған қолқа сала қойған жоқ. Ал Әнестер күні-түні жүгірді-ау деп ойлаймын.

Осы тұста және сол жылғы күзде өткен жазушылар съезі қарсаңында Қалдарбек кабинетіне қарай саусылдады-ау дейсің жігіттер. Кілең бір кеудесін кісіге бастырмаймыз деп жүрген "мен болдым!" — дардың өздері қолды-аяққа тұрмай қалай шапқылағандарын байқамай қалған да шығар. Еруілге — қарулы, еңбектері де ескеріліп жатты. Оразбек Сәрсенбаев баспа директорының бірінші орынбасары деген лауазым иеленді. Ондай қызмет жоқ еді. Қалдарбек кірісті де, жоғарымен келісе жүріп, оны да жасатты. Өйткені Әнес Сараевты бас редактор етіп жоғарылату қажет еді. Сөйтіп арба да сынбады, ат та өлген жоқ. Білек сыбана қызмет көрсеткен екі "досын" да риза етіп шыға келді. Қалдарбектің де есебі түгел — елден озып төрге өтті.

Жалпы, Қалдарбек жайлы біржақты тоқтамға келе қою қиын. Кез келген адам туралы кез келген тағы бір адамнан "Осы қандай азамат?" — деп пікір сұрашы, "жақсы", не "жаман" дер еді ғой. Ал Қалдарбек туралы бірде бір адам кесіп-пішіп кесікті бағасын бере алмайды. Оны шын жақсы көретіндер де, жек көретіндер де жоқ. Өзі де біреуге кектенер, алайда жанын үзіп беруге даяр досы жоқ-ау деп ойлаймын. Ондай дос кімде бар дейсің, бірақ та!..

Әрине, мен мұның бәрін шет жағалап, сипай қамшылап өзіне де айттым. Онда да ел басқарысып жүрген азамат қой, бірде болмаса бірде не пайдасы, не зияны тиіп қалар ма деген пенделіктен де аса алмай, жұқалап айтқам. Мен Қалдарбек жайында қателесуім де мүмкін, өйткені өз қолымыз көп билікке жете қоймаған соң ба, кім білсін, сырт көз сыншы келеді дегендей, көбіне-көп күнгейінен гөрі көлеңкелі жағы іліккен шығар назарға.

Әйтпесе, әлгінде де бір айттым, бұл өзі қолынан келіп тұрғанда лақ еткізіп жақсылық та жасай алатын жігіт.

Әлдекімдерше екі шоқып, бір қарамай-ақ, танау астынан естілер-естілмес міңгірлемей-ақ анық айтып отырып жасайды жасайтынын. Рас, ол қатарлас бізден гөрі атқа ертерек мінді де, қызмет жағынан жөнді жолымыз бола қоймаған бізге сәл жоғарыдан қарап дағдыланған. Сол әдетімен ертеде "Жалын" баспасында директор болып тұрған кезде бір есіктен кіріп-шыға жүре менен жолыққан сайын: "Хал қалай?" деп сұраушы еді. "Орташа" — дейтінмін мен. Оған менің халімді білу шарт емес, әйтеуір жолыға қалған сәттегі амандасудың жоралғысы болуы керек. Сондықтан менің "орташама" онша мән бермей күліп өте шығатын. Ал тіпті асығыс емес бір сәтте кезіккен кезде қасыма сәл-пәл аялдап: "Сенің халің неге соншалық орташа болады осы?" — деп қазбалай сұрайтыны болатын. "Оның себебі "жақсы" десең жұрт сені күндей бастайды, "жаман" десең "өзіне де сәл керек" деп жүндей бастайды, ал "орташа" десең: "е, өзімізден асып артылып келе қойған жоқ екен ғой" деп көп кідірмей жөндеріне кетеді", — дейтінмін.

Қарқылдап күліп сонда ол да кететін жөніне.

Бірде Қалдарбектің кабинетіне кірсем, баспаның сол кездегі бас редакторы Бексұлтан Нұржеке баласы бар, екеуі кезекті жылдың тақырыптық жоспарын жасап жатқан үстінен түстім.

Менің де бір кітабымды кіргізіп беріңдерші, осындай төрт көздерің түгел отырғанда, — дедім мен.

Кітабыңды жоспарға кіргізсек, бұдан кейін "халім орташа" дегенді қоясың ба? — деп сұрады Қалдарбек. Әрине, онысы мысықтың тышқанмен ойнағаны сияқты еді.

Әрине, кітабым шықса, халім де жақсарады ғой, — деймін мен.

Көлемі қанша? — деп Қалдарбек қаламын алып, жазуға оңтайланды.

Екеуің де күндік жерге көлеңкелерің түсетін ірі жігітсіңдер, жеке-жеке барсам әрқайсың бір бес баспа табақтан берер едіңдер той, екеуің қатар отырғанда он баспа табақтан кем сұрағаным ұят болар, — деп жатырмын мен де көпшікті қалыңдай түсіп.

Қалдарбек безілдеп қоя берігі еді, Бексұлтан тұрып:

Бәрібір өлеңі жоқ, жуық маңда әкелмейді қолжазбасын, жазып біткенше кім бар, кім жоқ, он баспа табақ деп жаза салайық та, — деді.

Қашан әкеліп өткізесің? — деді Қалдарбек.

Курортқа жүрейін деп жатыр едім, алдын-ала шарт жасасып, қаламақысының 25 процентін бергізсең қайтеді? — дедім енді еркіндеу қимылдап.

Онда уәде былай болсын, — деді Қалдарбек, — қолжазбаңды өткізген күні сұраған сомаңды берейік. Қалай дейсің? — деп Бексұлтанға қарады.

Бексұлтан әлгі сөзін қайталап:

Бір жол өлеңі жоғын білемін ғой, ондай көлемде өткізгенше қай заман, — дегенді тағы айтты.

Қойшы әйтеуір, сол кітабым әлгі мен айтқан көлемде жоспарға тұрақтап бекіді де, ұятқа қалмау үшін амалсыз күні-түні отырып өлең жазуға тура келді. "Бел-белес" дейтін жыр кітабым ойда жоқта осылай туды да, 1985 жылы жарық көрді. Қалтама қомақты ақшаның түсуін де, ақын ретіндегі атаққұмарлық, даңққұмарлық сезімімнің ояна бастауын да өзім әрдайым осы кітаппен байланыстырып жүремін.

Бұл — Қалдарбектің маған жасаған таза жақсылығының бірі еді.

Бетпе-бет келгенде Қалдарбек ешқашан сенімен теке-тіреске бармай, тайқып шыға келетіні бар. Кейде бір ызадан жарылардай болып, жағадан ала кетуге таяп қалып баратының бар алдына. Ол соны күндік жерден сезе қояды да, алды-артыңды түгел орап, мәймөңкелей келе өзіңді жұбатып, риза қылып жібереді. Ыржия күліп кетіп бара жатып, былай шыға ойлайсың: "Оу, осы не үшін келіп едім бұған, не бітті өзі, не тындырдым?" — деп, Сонда барып түк өндірмей қайтқаның есіңе түседі, бірақ енді Қалдарбекке емес, өзіңе-өзің ренжисің. Өзіңді өзің жейсің. Әлгі әңгімеден, жайма-шуақ әзілден кейін кіжініп, қайта бармайсың ғой алдына.

Баспада әртүрлі бас қосулар, өндірістік жиындар болып тұрады. Бәріне бірдей қатыса бермейсің. Себепті-себепсіз жұмыста болмай қалатын да жайттар кездесіп тұрады. Сондайда менің сыртымнан айбат та, ғайбат та айтылып жатады екен. Оны сол жиыннан шыға бере кейбір әйелдер, кейде жігіттердің бірі шып-шырғасыз өзіме жеткізіп келеді. "Сізді, ойбай құртатын болды! Айтпаған сөзі жоқ директордың. "Істегісі келмесе, кетпей ме екен орынды босатып", — дейді. Осы сарындас сөздер көбейе түсті. Бұл Қалдарбектің өз сөзі емес, желдің қай жақтан соғып жатқанын да ішім сезеді.

Бірде өзіне "Сен осы жұрт сөзін, онда да жыбырлақтар мен сыбырлақтар сөзін неге тыңдай бересің?", — деп сұрадым.

Ол әжептәуір қызарақтап: "Мен ешкімнің де сөзін тыңдамаймын!" — деп азар да безер болды. "Әй, тыңдайсың ғой, күніне жүз құбылатының да содан", — деп мен болмадым.

Әрі қарай әңгімеміз жараспады.

Енді бір күндері менің бір бөлмені жеке иемденіп жалғыз отыратынымды да көпсінгендей ыңғай танытты. "Қасыңа отырсын", — деп біресе Тұрғанды, біресе Тортайды ертіп келіп тықпалайды. Екеуі де кезек-кезек: "Ойбай, өз орнымыз бар ғой, не бар бізге бұл кісінің қасында!" — десіп безілдейді.

Келе-келе баспаға "бас редактордың орынбасары керек емес сияқты" деген желеу ойлап тапты. Сол кезде маған Оразбек арқылы сөз салып, "егер екі томдық таңдамалы шығармаларына шарт жасап берсек, қаламақысының тиісті мөлшерін алып, жөнін таппас па екен?"— деген сарындағы әңгімені жеткізді. Әйтеуір қалай бұрылсам да бір түртпек.

Ақыры осы тоқтамға келістім де, бас-аяғы бір күн ішінде баспадан біржола кетіп тындым. Кабинетте көп жылдардан бері жиналып қалған кітаптарым, қағаздарым қалып еді, орныма бөгде біреулер отырыпты та, ақыры бәрі қолды болып, кейін таптырмай кетті.

1991 жылғы желтоқсанның соңғы күндері еді, Тортай Сәдуақасов телефон соғып: "Ата, баспаның басшылары сізге келіп кетсін деп жатыр. Шәй-пәй ішіп, шығарып саламыз" — дейді деп болмады. Роза мені көре тұра жылыстап сырттап кетті. Сылтаусыз. Жиналғандар алдында Оразбек қана бірдемелер айқан болды. "Бекер-ақ келдім-ау осында!" — деп отырып, оның сөзін шала тыңдадым.

Жаңа жылдан кейінгі күндердің бірінде Тұманбай Молдағалиев телефон соқты: "Сен "Балдырғанға" кел, бұйрық шығарып қойдым. Сабырхан Асанов осында, үшеуіміз бірге жүреміз", — деді.

Сабырханға телефон соқсам: "Рас, бұйрық бар, үйде жатып қайтесің, келсеңші!" — дегені.

Сөйтіп кеткен баспа еді бұл.

Арада екі-үш жыл өткенде барып бір күні Қалдарбек шақырды. "Мен сонда саған жеке бір кабинетті неге қимағандығымды өзім де білмеймін, көңіліңе жоқ жерден желік бітетін кездер де болады. Өкпе-сөкпені қойып, қатап жүрейікші, сол үшін шақырып едім", — деді.

Мен өзім біреуден көңілім қалған кезде "қалған көңіл — шыққан жан" деп бірден атқұйрығын кесісетін едім. Қалдарбекке келгенде, неге екенін білмеймін, әйтеуір соны жасай алмадым. Қайдағы бір ащылы-тәттілі ымыраға көніп қала беретін болдым.

Ол мені бір жолы Түркияға ертіп барған. Он шақты адам едік, көбі өзімен бірге Қазақ қауымдастығында істейтін жігіттер, сырттан тек Қажымұқан Масимов дейтін мен бұрыннан білетін досы бар. Он күн түрік жерін еркін араладық. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп, маған бәрі қызық еді. Қалдарбек мұнда өз үйіндегідей алшаңдай басады екен. Ертең қайтамыз деген күні мені бір адамдарға қосып, қонақ үйге жеткізіп салуды тапсырды да: "Мен ертең ерте барам саған, тырп етпей отыра тұр, бірер сағат дүкен аралап, аэропортқа тартармыз", — деп, өзі қалып қойды.

Ертесінде ал кеп күтейін оны. Сәске болды, түс болды, күн екіндіге ойысты. Сол кезде "ал, кеттік ұшаққа" деп қасында бір топ түрік, қазағы бар Қалдарбек жетті дегбірді алып: "Ау, сенің кешегі уәдең қайда?" деймін мен ашуланып. Оның ойына түк кіріп шығар емес. Сен ренжіп қалды-ау, өзім сияқты бұл да әжептәуір кісі-ау деген қаперінде жоқ.

Аэропорт басында, алдын ала жазған бес-алты шумақ өлеңімді оқып бердім. Ұшақ үстінде ол тағы алды-артымды орап, кінәсін жуып-шайғандай пиғыл танытты да, мен тағы жайылып сала бердім. Әлгі өлең жазған қағазымды Қажымұқан қалтасына салып алып, бермей қойды. Есімде:

Ішетін жігіт едім ас таңдатып,
Ұшқаны осы ма әлде бастан бақыт.
Қалдарбек, мені тастап қайда кеттің,
Жатырмын Стамбулда аштан қатып?!
Әкеліп салып мені үй қасына,
Жоқ болды қимасы да, сыйласы да.
Ержанның "Смирновын" ішпеуші едім,
Қор болдым Түркияның "бирасына".
Бұл күнде қарын да сау, қалта да сау,
Қалдарбек, досың ем ғой тарпаң, асау.
Дәл осы қара қазан қалың өкпем,
Тай сойып берем десең, тарқамас-ау! —

деген шумақтар ғана қалыпты. Мұндағы аты аталған Ержан деген жас жігіттің бізбен сапарлас болған азаматтардың бірі де "бира" деп түрікте "сыраны" айтады екен. Немістен ауысқан сөз болуы керек, сірә.

"Жазушы" баспасынан бәрібір біржола қол үзе қойған жоқпын. 1993 жылдың күзінде екі том болып таңдамалы шығармаларым жарық көрді. Бұл кезде ақша ауысып кеткен, ал мен шарт жасасқан кездегі жағдай мүлдем басқа еді. Баспаға директор болып Дулат Исабеков келген болатын. Шартымды қайта жасап беру жөніндегі ойымды ептеп айғып едім, түсінісе кетуің қиындау жігіт екен, жерге қарап отырып, танау астынан әлдене деп күбірлеген соң, "Әй, қойшы, аштан өліп, көштен қалмаспын" дедім де, қайта тіленіп алдына бара қоймадым. Өзі біліп мезірет жасамаған соң сырын алмаған азаматтың көзіне сұраншақ та, сұғанақ та болып көрінгім келмеді.

1996 жылдың қаңтарында Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің орынбасары Әлібек Асқаров шақырды.

Сізді министр Алтынбек Сәрсенбаев тосып отыр, — деді Әлібек. — "Жазушы" баспасына бас редактор етіп жібермек. "Ойланайын, пәлен-түген" дегенді қайтесіз, өзіңіз бұрын істеген жеріңіз, келісіңіз.

Министр мырза да тура сол сөзді айтты. Тек қана: "Бес-алты ай істеп көріңіз, көңіліңіз толмаса, тұп-тура өзіме келіңіз, одан арғысын тағы көрерміз", — дегенді қосты.

Мен келісетінімді айттым.

Ендеше, қазір Әлекең өзі апарып баспа ұжымымен таныстырады, — деді министр.

"Жазушының" жаңа директоры ақын Есенғали Раушановты біраздан бері білемін. Мен аға, ол іні болып жүрген, сыйлас, сырлас жастың бірі еді. Әлібек мені ертіп кабинетіне кіргенде, бұрыннан құлақтанып отырса керек, қасында Әнес бар екен, оны шығарып салды да, бірден ытырыла:

Қош келіпсіз. Бірақ маған (иә, баспаға деген жоқ, "маған" деді) баяғы Әукебаев, Мағауин сияқты қолжазба ғана қарап отыратын бас редактордың керегі жоқ. Қазіргі нарық заңына, осы заманға орай қызмет істейтін кісі керек, — деп, және бұл сөзін әртүрлі мән-мәнермен екі-үш рет қайталап жіберді. Әлібек үндемеген соң мен сәл ызаланып:

Әу, қарағым, алдымен істейікте сол қызметті, қалғанын көре жатпаймыз ба? — деп едім:

Жоқ, айтқаным айтқан. Заман талабына ере алмаса, ондай бас редактормен істесе алмайтынымды ашық айтамын, — деп түйіле шүйліге берді ол.

Істесе алмасақ — жөнімізге кетерміз. Бұл баспадан кім кетпей жатыр деп едің. Кезі келгенде мен де кеткен болатынмын. Әлі де кетуім мүмкін бір күндері, — дедім сәл-пәл қалжың, сәл-пәл шындық араластыра.

Есенғалиымның ентігі ептеп басылайын деді.

Қай кабинетке отырғыңыз келеді? — деп сұрады ол біршама сабасына түскеннен кейін.

Төрт жыл бұрын Қалдарбек қимаған, өзімнің терім сіңген шағын бір кабинетім бар еді, сонда отыратын болайын, — дедім.

Есенғали Серік Асылбековты шақырып алды.

Секе, сіздер басқа бөлмеге көшіп, ана кабинетті Сәкен ағаға босатып беріңіздер, — деді.

Өзім де біліп едім солай боларын, — деді Серік.

Сөйтіп, "айналып-айналып Қособаға қайтып келдім" дегендей, біраз айналып жүріп біз де "Жазушы" баспасының есігін қайыра келіп ашқан болатынбыз...

1996 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз