Екі кештің арасында
Итең келді ырсылдап, —
деп басталатын Оспанхан Әубәкіровтың әйгілі бір сықағы болушы еді, сол айтқандай, алты алашқа аты мәлім демесек те, көзі ашық қазаққа белгілі ақындарымыздың бірі (атын айтпаймын) аяқ асты кештете қарыз сұрай келгені. Қызы бойжеткен екен, енді құтты орнына қонсам дейтін көрінеді. Бүгін-ертең қазақемнің ырым-сырымын алға тосып құдалары келмекші. Соған дастарқан жаяйын десе қаптың түбі қағылған, қалта түбі тесілген. Өйткені түсіп жатқан тиын-тебен жоқ, жалақы көрмегелі де көп айдың жүзі болыпты. Қатты ұялып, қысыла-қымтырыла тұрып, таусыла сөйлеп, амалсыздан мәжбүр болған пұшайман халін айтты. Намысы бар да, табысы жоқ. Соған қысылады. Бүгінгі көзі тірі жүрген қазақ ақындарының тұрақты тізімінде алғашқы ондықтан демей-ақ қояйық, жиырмасының ішіне сөзсіз енетін дарыны даусыз қаламгер. Ақындық алымы, дүние танымы, қаламының қарымы бұл бағамызға ешбір дау туғызбасына баспен жауап бере аламыз. Атын айтсам: "Рас-ау?" — деп бәріңіздің де бас шұлғуыңыз кәміл.
Былтыр ғана қалың елі кітабы жарық көрген. Онысы со қалпы ат көпір болып үйіліп ауыз үйінде жатыр. Көк тиын қаламақы алмағаны өзгеге болмағанымен, өзіне аян. Басқаларға ұқсап өз кітабын өзі өткізе қоярлық икемі тағы жоқ, алабөтен пысықтығы да шамалы. Ендігісі... міне... әйелі ерге, ері жерге қарап, басар тау, барар жері қалмай дағдарған, қарыз сұрар халге душар болған ұсқыны мынау. Көптенгі танысым еді, сыйласым, сырласым еді, "бір берсе — осы беріп қалар" деген сыңаймен "қысыла-қымтырыла қыз болған" түрі көрінеді. Менен бір демеу болар жәрдем күте жаутаңдап көзіме қарай береді.
Жарылқап тастамасам да, жұрағат-жекжаттан қолдан келер көмегімді аяп көрмеген басым, бұл жолы амалсыз мен де көзіммен жер шұқуға мәжбүр болдым. Жоқ, ойбай, бір бұл емес, ұмытып барады екем, осының аз-ақ алдында қазақтың маңдайына біте салған тағы бір талантты жазушысы (оның да атын айтпаймын), бұрын хатшы да, басшы болған әйгілі азамат та мені әдейілеп іздеп келіп, аз күнге бес-алты мың теңге бере тұруымды сұраған еді. Мен қолма-қол тауып бере алмай қысыла күмілжігенде: "Баспаның кассасынан алып бере тұрсаңшы, бірер күнде қайтарып орнына салам ғой!" — деген ол.
Ол да осыдан он-он бес жыл бұрынғы дағды бойынша әлі күнге баспалардың кассасында ұдайы үзілмей ақша жатады деп ойлайтын болса керек. Қазіргі баспалардың битін сығып, қанын жалап отырғанын, содан да ондағы ағайындардың аузы мен қу шөппен сүрте беретінін қайдан білсін.
Осынау бір-екі оқиға мені ашындыра түсіп, әжептәуір ой салды.
Апыр-ау, біз кім болып, қайда бара жатырмыз өзі? Еліміз бар деп емірене, жеріміз бар деп тебірене жүріп шығарма жазған боламыз. Халық қамын жеген болып кеңірдек жыртысып та жатамыз. Сөйте жүріп қазақ зиялыларының аз жыл ішінде бауырын көтере алмас көтерем халге душар болған үлкен бір шоғыры барын кермеген, білмеген сыңай танытамыз. "Солай болып барамыз-ау!" — деп айтуға өзгеден ғана емес, өзімізден өзіміз, бірімізден біріміз ұялатын тәріздіміз. Бұл да ауруын жасырудың зиянды бір түрі.
Осыдан біраз бұрын, қасымызда ақын Темірхан Медетбек бар, бір әңгіме үстінде әйгілі Әкім (лауазымы емес, есімі) Тарази таяудағы бірер күнде "Қазақ әдебиеті" газетінде өзінің жерді сату-сатпау жөніндегі мақаласы жарық көретінін айтқан еді. Сонда мен онымен әзілдесе беретін әдетіме бағып: "Уай, свежий күйеу, жазған соң "Жазушылықтан қайыршылыққа дейін" деген мақала жазбайсың ба, жер мәселесі турасында ала шапқын болып жүргендер аз емес көрінеді, солар оны бізсіз де бір жағына шығарып қалар" — деп едім. Әкім тұрып: "Мен қайыршымын дегенге бәрібір ешкім сене қоймайды", — деген сыңайда уәж айтқан болатын.
Бұл жерде әңгіме Әкім екеуміздің өз басымыз жайлы ғана болса, оның жарасы жеңіл еді ғой, тегі әңгіме төркіні мүлде басқада болып тұр-ау. Кешегі келмеске кеткен кеңес заманын қаншама жер-жебіріне жете жамандағанымызбен де жазушы аталатын тұтас қана бір қауып жұрттың жағдайы анау айтқандай аянышты емес еді-ау деп те ойлай беремін еріксіз.
Пышақ жүзіндей бірер ғана кітап шығарып, Жазушылар одағына мүшелікке өтіп үлгерген жазушыларымыз жаз бойына, кейде екі-үш айға (мемлекет қызметіне жегілмегендерін айтамын, ол кезде ондай да мүмкіндік бар еді) Қап тауының Қара теңізге қараған жағы дейсің бе, Қырымның оңтүстік жағалауы ма, тіпті Балқан асып, Балтық басып өздеріне төл шығармашылық үйлерге ат басын тіреп, аяқты көсіліп тастап жазуға отыратын еді. Тіпті бір өзі ғана емес, соңынан шұбырта ертіп бала-шағасын да ала жүретін. Теңізге де түсетін, тебіреніп өлең, тереңдеп роман да жазатын. Мәскеу түбіндегі Переделкино, Малсевка, Фин шығанағы жақтағы Комаровадағы жазушылардың Шығармашылық ғимараттары өз үйіміз, өлең төсегімізге айналып, айлап жатып, асықпай бой жазып, ой қазып қайтпаушы ма едік. Және оның әрі-бергі жолы бар, жамбас ақы, ауқаты бар — бәрін қосқанда да отбасының бюджетіне бүгінгідей аса көп зиян шектіре де қоймайтын.
Оның бәрінен қағылғалы қаншама заман өтті. Олар түгілі осыдан жиырма жылдай бұрын әупіріммен жүріп маңдайымызға бұйырған өзіміздің Алматы түбіндегі әл-Фараби атындағы Шығармашылық үйімізге де бас сұға алмай, алыстан жаутаңдай қарап қалғанымыздың өзіне де аттай желіп он шақты жып ете шыққан жоқ па.
Өзіміздікі қолды болып әлдекімнің үлесінде кетті, тапқаны тамағына жетпейтін жазушылар енді қиыр шеттегі Шығармашылық үйлер жайлы бас қатырып ойламайтын да болған.
Әлгі қайыршылық, жазушы қайыршылығы, жайлы айтқанда мен ең алдымен осыларды меңзегем. Әйтпесе, әзірге қалам ұстар қауым ішінде таза аштан өліп, кештен қалып жатқаны шамалы ғана болуы керек, оның бетін құдайым тіпті әрі қылсын!
Соған да шүкір дей тұра, жазушыларымыздың шетінен шекесі қызып жүр деп жөне айта алмаймын. Онда бұл мақала жазылмаған да болар еді.
Өйткені, мен ес біліп, етек жапқалы демей-ақ қояйын, ат жалын тартып мінген дәуірден бері жазушылардың негізгі дені газеттер мен журналдар редакцияларында, радио мен теледидар төңірегінде, көркем әдебиет баспаларында қызмет істейтін. Олардың бәрінің де біреуден ілгері, біреуден кем кесікті жалақылары болатын. Оның үстіне жариялана қалған, оқылған, көрсетілген әрбір үлкен-кіші дүниелері үшін табан ақы, маңдай терінің адал ақысы — қаламақысын алатын еді. Ол соншалық мардымсыз да емес, ай сайын екі рет жырғап-ақ қалып жатпаушы ма едік.
Ал бірер жыл қызметтен шеттеп, кітабы шықпай, тиын-тебеннен тарығып бара жатқандары болса, баспалар беретін жоспардағы қолжазбаға ішкі (жабық) пікір жазып та мал тауып тұруға мүмкіндік бар еді. Қалың бір қолжазбаға сапалы етіп толыққанды пікір жазып бергенің үшін де қалтаң әжептәуір қампайып шыға келуші еді. Сол ақшаның өзіне де келесі бір кітабың шыққанша ілдалдалап өзек жалғай тұруға болушы еді.
Қазір соның бірі жоқ. Газеттер мен журналдар, радио мен теледидар өлер-өлместің алдында шалажансар күй кешіп, "шықпа, жаным, шықпалап" әзер отыр. Жарияланған, тасқа басылып шыққан еңбектеріңнің ешбіріне қаламақы төленбейтін болған. Қалтылдап, қалтырап отырған әлжуаз басылымдардан ақы дәметудің өзі әбестік сияқтанады бұл күнде. Баспалар жайлы жоғарыда айттым.
Жазушының жалғыз еңбегі бар, ол — жазу. Ермегі емес, еңбегі. Күнкөрісінің көзі де сол еңбегі болуы керек қой ендеше. Есте жоқ ескі заманда жасаған шығыс шайыры Әбілқасым Фирдоуси де, күнбатыс елінен шыққан Вильям Шекспир де жазғандары үшін ақы дәметіп, көлеміне қарай төлемін талап етіп отырған. Алысқа бармай-ақ өзіміз күні кеше қолтығында жүрген, үлгі тұтып өнеге етіп ұстайтын орыстың ұлы жазушыларының негізгі дені өз шығармаларын ақша үшін де жазған. Данышпан ақын Александр Пушкиннің өзі: "Өзім үшін жазамын да, ақша үшін бастырып шығарамын" — деген сөзді жиі қайталаған.
Тіпті мыңды айдаған бай дерліктей дәрежедегі граф Лев Толстойдың өзі қаламақысын даулап Некрасовтармен араздасуға дейін барған. Федор Достоевский, Антон Чехов, Максим Горькийлердің жөніне келсек, өз алдына бөлек үлкен әңгіме. Олар жазылғаны ғана емес, болашақ жазылатын шығармалары үшін де мың-мыңдап қаламақысын алдын-ала алып қойып, бас алмай отырып жұмыс істеуге де мәжбүр болған. Мұның өзі кейде ұлы шығармалардың тууына да себепкер болғаны ақиқат.
Рас, біздің бетке ұстар әулиеміз Абай ғана: "Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан, нең кетеді жақсы өлең, сөз айтқаннан", — деп өсиет тастаған. Бірақ бізде Абайға дейін дамыған жазба әдебиет те болмаған, әдебиетті ой еңбегі деп әлі танып та көрмеген едік қой. Оның үстіне елдің бәрі Абай емес те, бәрі жайылымда жылқысы жусап жатқан аға сұлтанның баласы емес қой. "Еңбек етсең — емерсің" — деген социализмнің ғана принципі емес, адамзат атаулыға ортақ нұсқа.
Қазір не көп — баспа көп, соған орай жазғыш (жазушы емес) көп. Кітап жазбайтын кісіні бүгін Қазақстаннан шам алып іздесең де таппайсың. Күні кеше екі сөздің басын құрап жаза алмайтын "шала сауатты" хатшыларың да, хатшының атшылары да, делегаттар да, депутаттар да алтынмен аптап, күміспен күптеп кітап шығарғыш болып алған. "Ақысын берсең — боқысын шығарамыз" — деп жұтынып отырған, пұлын берсе, қалғаны құл болса да жұмысы жоқ баспаларға бәрібір. Өз "шығармаларын" өткізуге келгенде әлгі "жазғыштар" және алдына жан салмайды-ақ. Әкімдер арқылы, билігі барлар арқылы сатқызып, жоқ ақшаны жерден шұқыса да тапқызып алып жатқан да солар. Солардан кейін Шекспир мен Толстой болып кетсең де сенің кітабыңды ешкім өткізбейді, керек те етпейді. Қыларыңды қылып ал!
Сол "жазғыштар" балдыр-батпақ дүмбілез дүниелерінің басын құрап (той-думандағы тостар, шақыру қағаздар, құттықтаулар, т.б.) ақысын беріп жүріп тасқа бастырып алады да, атағы бар, аузы дуалы дейтін әйгілі ақын, жүлделі жазушының бір-екеуіне "сыйға" тартатыны бар. Олар да: "Әй, аяз әліңді біл!.." — деп бетін қайтарып тастаудың орнына: "Ой, көке, бұдан бұрын қайда жүргенсіз? Мынауыңыз керемет қой, біз тіпті сіздің қасыңызда жіп есуге де жарамайды екенбіз ғой!" — деп өп-өтірік көлгірсіп, көпшік қоя көтермелейтінін қайтерсің! Әлгі "жазғыштың" танауы тіптен шелектей болып, бұдан әрі былайғыны менсінбей, "бұрын мемлекет ісінде жүріп қол тимеді ғой, әйтпегенде!.." деп алақанына түкіріп алып тағы да "жазуға" отыратынын қайтерсің!
Мен өзім "Жазушы" аталатын көркем әдебиет баспасында жиырма жылдан астам қызмет істедім, Баспа директорынан бастап кіші редакторына шейінгі екі жүзге жуық қызметкердің жартысынан астамы жазушылар болушы еді. Кейін "Жазушыдан" бөлініп "Жалын", "Балауса", "Өнер", "Ана тілі" баспалары шықты. Олардың қызметінде де үлкен-кіші жазушылар жүрді. Бүгін солардан не қалды? Саны бар да, сапа жоқ. Баспа деген аты болмаса — қазіргілердің екі-үшеуін қосқанда сонау жылдарғы "Жазушы" баспасының бір редакциясының құрамына жете алмайды.
Ол кездегі өр кітаптың көркемдік сапасы қандай еді! Өйткені әрбір қолжазба редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор, олардан қалса Баспакомның бас редакциясы арқылы толып жатқан сүзгіден өтетін. Әрине, күріш арасында күрмек те су ішеді дегендей, халтуршиктер мен графомандар ол кезде де бар еді. Біз сияқты пақырыңыз да баспада отырып сол халтурщиктермен күресемін деумен талай шашты ағартқан!
Ал бүгін қалай? Қазір күріш жоқ та, күрмек көп. Күрмектің бүгін тіпті де күрішке су ішкізер түрі және көрінбейді.
Биліктен кетсе де осы күнгі игіліктен аластала қоймаған бұрынғы әкім, қазіргі билік басындағы "мықтылардың" бірінің нағашысы, бірінің қайын атасы, ағасы, жиені дейсің бе, әйтеуір, бірінен бірі қалыспай кітап шығарып-ақ жатыр. Оларға қолында әжептәуір билігі бар, қалтасында пұлы бар сарт-саудагер сұғанақ, бұрынғы сотың мен қазіргі прокурорың қосылады да, шынайы жазушыға, шылқылдаған көркем шығармаға тосқауылды қойып-ақ бағады.
Баспалар да бұл күнде аяулы да санаулы ғана әдебиет саңлақтарының кітабынан гөрі әлгіндей "жазғыштардың" балдыр-батпағын шығаруға көбірек бейімделіп алған. Өйткені олардың "шығармалары" жергілікті әкімдер мен солардың соғатындар арқылы тез өтеді де, баспаға тиын-тебен болып жататынын әлгінде айттық. Жуырда сондай щедеврлердің" бірін мектеп мұғалімдеріне әр данасын 30 доллардан зорлап "өткізіп" жатқанын естіп, біз де жағамызды ұстағамыз. "Алмаймын" деген мұғалім болса — қолма-қол жұмыстан қуылады екен, естімеген елде көп деген осы, амал не!
Ендеше жазушы болып ізденіп, өңдеп, әрлеп, жетілдірем деп терлеп қажеті қанша? Күллі-бадам дүниеңді жаз да, балаң ба, немерең бе, бірінің қолы билікке жеткенше күте тұр. Бір күнде "классик" болып шыға келмесең — екі қолыңды бері әкел! Қошемет-құрмет, қолпаш пен мадақ өз алдына әңгіме.
Ал кітап шығарып, қаны толық қаламақы алса — бұл тек қана әйгілі саяткерлер алатын шығар. Біз, қазақ жазушылары, бүгін тек солардың сырттай күндеушілеріне ғана айналып бара жатқан сияқтанамыз.
Өйткені, өтірік-расын қайдан білейін, Әкежан Қажыгелдинге тағылып жатқан көп-көп айыптың бірі ретінде газеті ер оның нарық кезіндегі Қазақстанның хал-ахуалы жайындағы кітабына деп алған қаламақысынан тиісті табыс салығын төлемей қойғанын жазып-ақ жатыр. Ол салықтың мөлшері 3 миллион теңге екен. Қайталап айтамын, бұл тек қана табысына шаққандағы салықтың сомасы. Соған қарап оның алған қаламақысы қандай болғанын іштей шамалай беріңіз! Біздің түрінен ақыл, тілінен нақыл төгіліп тұрған атақты ақын, жезтаңдай жазушыларымыздың өздері де мұндай мөлшердегі қаламақыны түсінде де көрмейтін болғалы қашан.
"Қазақ әдебиеті" газетінен Мейірхан Ақдәулетұлының "Шенеуніктер көтерілісі" деп аталатын мақаласын оқыдым. Қайдан алған дерек екенін, анық-қанығын өзі біледі, сонда Мейірхан біздің елде тек қана жеке бас күзетіне айына 1 миллион теңге мемлекет қаржысын жұмсап отырған 123 шенеунік барып айтыпты. Ал керек болса! Бұдан өткен сорақылық бола ма. Ол шіркіндердің өмірі соншалық қымбат болса халық қазіргідей мүшкіл халге жете қоюы екіталай еді ғой!..
Сол айына шығатын 123 миллион теңгеге (жылына шақсақ ол миллиардтан да асып кетеді) Қазақстанның барша баспалары мен газет-журналдарын қаржыдан тарықтырмай ұстап отыруға әбден болар еді. Болғанда, тіпті, қалам ұстар жұрттың құдайы жарылқап, жырғап қалар еді!
Жоғарыдағы бір сөзімде қаламақы дегеннің өзі де ұлы шығармалардың тууына ықпал етіп, себепкер болады деп қалып едім. Соған орай тағы бір оқиға еріксіз еске түседі.
Демалыс күні шаш алдыртуға барып едім. Шаштараз — егделеу тартып қалған орыс әйелі екен. Мойныма орауышын орап, әтір-суын ыңғайлап, о жақ, бұ жағыма шыға жүріп түгел тексере қарап алды да: "Интеллигент адамға ұқсайды екенсіз, қандай кәсіппен шұғылданасыз? Жазушы емессіз бе?" — деп сұрап қалғаны. "Жоқ, ә" — дей салуға да болар еді, сөзшең әйелді сөйлете түскім келіп: "Иә", — дегенім. Ешқашан өзімді өзім біреуге жазушымын деп таныстырмаушы едім, мына кәртең әйел дәл үстінен түскесін, әрі рең-басы таза сүйкімді ұрғашыға өтірік айта алмай, құптай бас изеп едім.
— Оны қайдан білдіңіз? — деп сұрадым тек қана.
— Білдім, — деді әйел. — Менің де мамандығым филолог Едәуір жыл мектепте тіл мен әдебиеттен сабақ бердім. Кейін көсіп өзгертуге тура келді. Күн көрудің қамы ғой бәрі де.
Шашымды қия жүріп сабырмен ақырын сөйлеген әйел біршама әңгіме айтып тастады. Сол көп әңгіменің бір жерінде:
— Көңіліңізге келмесін, енді бір отыз жылдан соң Қазақстанда ақын да, жазушы да, ғалым да, суретші, сазгер де болмайды. Шығармашылықпен айналысу былай тұрсын, қалам ұстап, кітап оқитын да адам табыла қоюы екіталай, — деп бітірген еді әңгімесін.
Ішім мүздап жүре берген. От басып алғандай орнымнан оқыс қозғалып, "денің дұрыс па өзіңнің?" — дегендей әлгі әйелдің бетіне бажырая қарағам. Жоқ, шімірікпей сөйлеп, шындықты айтып тұр екен. Жүзінде кекесін жоқ, күлмей, қайта қинала сөйлеп тұр.
— Үрейіңіз ұшып кетті ғой, тіпті. Міне, шашыңызды да алып болдым. Қалғанын үйіңізге барып, оңашада өзіңіз ойлана жатарсыз, — деді ол менің үсті-басымды қағып-сілкіп тазартып жатып.
Кейін, әбден сабама түсіп барып ойланып көрсем, сол әйелдің сөзінің астарында көп мән жатқанға ұқсады. Бұрын ақындар мен жазушылар, жалпы өнер адамын ақ тер, көк тер бола еңбек етуге ынталандырып, құлшындырып туратын екі нәрсе бар еді. Бірі — даңқ та, екіншісі — ақша. Яғни, екі жеп биге шыққандай болушы еді. Жанға тоят, көңілге медеу, өмірге демеу болар сол екі нәрсе еді. Қазір соның бірі де жоқ. Неге десең осы күні қаламынан бал сорғалаған ең мықты деген жазушыларыңның жарыққа шыққан кітабының өзі бір мың данадан аспайды. Ол әрі кетсе өз ауылы не ауданына ғана тарайды. Яғни, ешкім сені оқымайды деген сөз. Ешкім оқымаған соң атағың да алысқа тарамайды. Газет пен журналды да жаздырып оқып жатқан жұрттың өзі де саусақпен санарлықтай ғана.
"Сөз бостандығы жоқ елдің өз бостандығы жоқ" дегенді бір кезде Фейхтвангер де айтқан. Жазушысын көрінгенге телміртіп, көрінгеннің қолына қаратып қойған елдің ертеңінен үміт күтудің өзі ерсілік сияқтанады маған. Байлығымызға қызықпағанымен де, талант, дарынымызды ескеріп, қаламымыздан қаймықса да құрметтеген болып жүретін сыйлас, сырластардың езі бүгін бізден сырт айнала бастаған.
Екі күннің бірінде демей-ақ қояйын, оным өтірік те болар, екі айдың ішінде бір рет маған соғып, айлық алар күнге дейін деп қысылып қарыз алатын және бір досым бар еді. Өзі ептеп жазып-сызып жүретін. "Шіркін-ай, сен сияқты жаза алатын күн болар ма екен бізге?" — деуші еді бір кезде күндердің күнінде ол өзі үлкен лауазым иесі болып шыға келді де менің екі жылда табатын жалақымды бір айда алатын дәрежеге ие болды. Ол ол ма, бір өзі ғана емес, бала-шаға, құдағи, жекжаты түгелдей Алматының ортасынан ақ сарайдай үй сатып алып, ең жаңа маркалы машина мініп жүр. Бұл оның бағы ма, соры ма, білмеймін, қайсысы болғанда да ол енді бұрынғыдай "жазушы болсам" демейтін болды. Менің өзіме де қараса енді тек шекесінен қарайтын болып алған. Қызғанып та отырған жоқпын, әлеуметтік әділетсіздік дегенің, апыр-ай, осы төңіректе екен ғой жүдеп туған ой ғана, еді бұл.
Сөз реті келіп қалған соң еске алып жатқаным, ендігісін, оқырман, өзің ойлан.
Джон Апдайктің жазуы бойынша Америкада бір өзі бір фабриканың табысын беретін жазушылар бар екен. Кеңес кезінде бізде де солай болған. Әр кітап ондаған, жүздеген мың данамен тарайтын еді онда. Өзіміздің ең алғашқы қылаң елі кітабымыз он мың мың данамен шыққанын білемін.
Бүгінгі 600 жазушының ең құрығанда екі жүзінің жілігі татитын шығар деп ойлаймын. Тым болмаса соларға қол ұшын беріп, алаңсыз әдебиетпен айналысуына жағдай туғызуға мемлекеттің мүмкіндігі болмай отырған жоқ. Тек...
Біз өмір сүріп отырған түс "өтпелі кезең" аталады. Президентіміз де, басқалар да солай атап, солай жазып жүр. Тоғыз жыл бойына өтіп болмайтын бұл неткен "өтпелі кезең" деп ойлай беремін мен. Бүгінгі басымызға төнген ауырлық жайлы айта бастасақ аузы дуалы дейтін азаматтарымыздың өзі де әлгі "өтпелі кезең" дегенді көлденең тартып, "дүниежүзіндегі елдердің бәрі де мұндайды бастан өткерген көрінеді " деген уәж айта бастайды. Бұл баяғы Абайдың "көп айтса көнді, жұрт айтса болдысының" кері. Әйтпесе, бас көтере отырып, алды-артымызды қымтай жинап келіп, өлмес жерімізді ойласақ болар еді ғой. Тіпті бұл күнде тоз-тоз болып кеткен ергежейлі баспалардың басын біріктіріп, тым құрыса жылына 100 даналы кітап шығара алар қауқары бар қуатты бір орталық етіп қайта құруға болмас па еді. Кітап шығаратын баспа, баспахана, кітап саудасы да әзірше бір ғана қолда ғой, соның жұмысын да жазушылар кәсібіне қарай икемдеп, бүтіндей қайта құру ойластырылса болмас па?
Күні кеше дала толы ақтылы қой, үйір-үйір жылқымыз бар еді. Жайқалып егін тұратын. "Жекеменшіктенеміз" деген желеумен бардың бәрінен бір-ақ күнде айырылып, байлықты қылғып жұтып, құртып тынып едік. Енді бүгін байбалам салып, бармақ тістенгенімізбен, өткеннің орнын өкініш толтыра алар емес. Сол шалқыған байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Күні ертең қарын тояр күн қайта туа қалса (ләйім солай болғай): "Ау, бұл қайда кеткен? " — деп, енді рухани қазынамыздың да орнын сыйлап қалайық деп тұрмыз. Судың да сұрауы бар, тарих — өткеніңді түгендеп келер ұрпақ еншісін талап етер күн туғанда барып, тағы да дал ұрып, қандай кешірілмес күнә жасап алғанымызды есеңгірей отырып аңғарармыз. Бірақ... кеш болар!..
1999 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі