Осы таяуда ғана "Жазушы" баспасынан тасқа басылып шыққан "Партизан Қасым Қайсенов" дейтін кітаптағы осы аттас очеркіңде Сәкен Иманасов алғаш рет менімен танысқаны жайлы: "Қасым Қайсеновтің сырына көптен анық бол сам да танысып-білісудің сәті алғаш рет 1970 жылдың жазында түсті. Талдықорғанда тұратын біздің үйге бір күні кештете Қасекең бастап Әділбек Абайділданов, орыс ақыны Сергей Киселевтар кіріп келді. Ол кезде көркем әдебиетті насихаттау бюросы деген болатын. Сол бюроның атынан жазушылар топ-топқа бөлініп, оқтын-оқтын ел аралап тұрушы еді. Бюро директоры қазіргі үлкен жазушымыз Сайын Мұратбеков Қасекең бастаған әлгі топқа мені де іліктіріп, құжат, қаражатын қоса беріп жіберіпті. Қасекең басшылығымен жарты ай бойы Ақсу, Талдықорған аудандарының шаруашылықтарын аралаған едік..."
Сол очеркінде Сәкен менің атыма бұрыннан қанық, екенін, кітаптарымды оқығанын, бірақ жүзбе-жүз танысу сәті енді түскенін айтады. Мен де жас ақын Сәкен Иманасовтың атын замандастары айтуынан естіп жүретінмін. Сол Әділбек, Сайындар аса бір талантты ақын деп әлгі сапар алдында тағы қадағалай айтқан.
Ел ішін аралап, көпшілікпен кездесу кездерінде сөзің дәлелді болмаса, өзіңді елей қоймайды жұрт. Әділбек, Сергейлердің екпіндеп оқыған мәнеріне Сәкеннің жігерлі зор дауысы қосылып, сөзінің салмағы басым түсіп, тыңдаушыларға аса ұнап қалатынын әр кездесуде байқап жүрдім.
Сол сапардан кейін мен аға, Сәкен іні болып, күні бүгінге дейін аралас-құралас келе жатырмыз. Бәрін деп айта алмаспын, әйтеуір жазғандарын оқып отырам, ол турасындағы жұрт пікіріне де құлақ түре жүрем. Бөрі де Сәкеннің ақындығын азаматтығынан айырмай, таза көңілмен көтере мақтап жүреді.
Бірақ ол алға түсе қояйыншы деп, өлермендікпен ұмтылмайды. Мінезінде де жөпшендіні менсіне қоймайтын ерлік бар. Содан барып көбіне үлесінен қағылып жүретінін байқаймын.
Іні болғасын маған ылғи бала көрінеді ғой, таяуда ғана оның да алпысқа келіп қалғанын біліп, телефон соқтым — "Ау, Сәкен, сен де алпысқа келіп қалдың ба? Апыр-ай, ә, енді біраздан соң бізді қуып та жететін түрің бар ғой жас жағынан, мен сені бала екен деп жүрсем!" — деп қалжың айттым.
Екеуіміз де күлісіп, мәз болып қалдық.
Не деуге болады. Ағасы әрдайым інісінің тәуір болғанын, абыройлы болғанын тілейді ғой. Тынысыма балайтын Сәкен ініме де мен соны тілеймін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі