"Өмірбаяныма қосымша деректерді өлеңдерімнен табасыз..." Осы ойды Сергей Есениннен бастап, ақындар әулетінің әр буын өкілдері жиі қайталайды. Асылы, өлеңдері өзгеше өмірбаянға айналатынын сезіну де ақынның бақыты шығар.
Сонау алпысыншы жылдардың бас кезінде қазақ әдебиетінің айдынына желкендерін жел кернеген көп кемелер шыққанын, олар қатар түзеп, жарыса, алыс жағалауға қарай асыққанын бейнелі түрде елестетеміз. Әсіресе, ақындардың ақ кемелері көзге айрықша шалынады... Жыр — желкені үнемі оқырмандарының назарында жүретін қаламгердің бірі — Сәкен Иманасов.
Сәкеңнің өзінен сыр суыртпақтап, өлеңге құштарлығы алғашында қалай оянғанын сұрадым. "Түсімде Абай атам аян берді" десе де сенер едім. Бірақ олай деген жоқ. Мектепте 5-класта оқып жүргенде өзінің парталас досы, шешен баласы Сұлтанбек Шәмілхановтың бір күні "Қазақстан пионері" газетінен "С. Сарғасқаев" деген кісі қол қойған хат алғанын еске алды. "Ұлы көсемге" арнаған өлеңіне пікір білдірсе керек. Бір парақ қағаздағы қызылды-жасыл жазуларға қызықты ма, әйтеуір, Сұлтанбек сияқты астанадан хат алуды армандапты. "Ұлы көсемге" арнап өлең жазыпты. Оны "Қазақстан пионеріне" жолдапты Сансызбай Сарғасқаев ағасынан жауап алыпты. Әрине, өлең газет бетіне шықпаса да хат алғанының өзі неге тұрады. Өлеңге құштарлығын оятқан бір себеп осы шығар, бәлкім, бұл емес те шығар, әйтеуір, өзі тұстас қолына қалам ұстағандардың қай-қайсысының да басынан еткен хәлді кешкен. Ақыры 8-класта оқып жүргенде "Кім болам?" дейтін түңғыш өлеңі баяғы пионерлер газетінде басылыпты.
"Жас дәурен" дейтін жинақта бір топ өлеңдері жарық көреді, көп ұзамай, 1966 жылы "Туған ауыл" атты түңғыш кітабы оқырмандар қолына тиеді. Сөйтіп, өлең дейтін сиқырдың соңына түскен жылдар керуені тізбектеледі. Қазір ақын Сәкен Иманасов — оннан астам жыр жинақтарының авторы. Өлеңді өнер деп түсінетін, құрметтейтін, әспеттейтін зиялы қауым С. Иманасов жырларына да ерекше ілтипатпен қарауда. Әсіресе, соңғы жылдардағы тегеурінді қарымы тұщынтады.
"Өз басым ақ пен қараны ажырата білетін әріптес дос-жарларым пікіріне орай ғана "шынында ақын болармын"дегенге осы соңғы жылдары ден қойып, көңілімді тіктеп, енді-енді ойыса бастадым. Өйткені ақындық дегеннің өзі кітап санымен де, жұрт дақпыртымен де өлшенбейтін, қанға сіңген, жан-дүние діріліне байланысты аса қасиетті ұғым екенін әріден болса да аңғарушы едім де, жолдастарым әлдекімдерге ақын деп таныстырғанда, не дерге білмей күмілжіп, өзімді ұрлық жасағандай ыңғайсыз сезініп, жанарыммен жер шұқып қалатынмын " ("Қазақ әдебиеті", 31.03.89). Бұл Сәкеңнің "Өлеңді кім қорғайды?" деген мақаласынан алынған үзінді Қызық пікір емес пе? "Мен — ақынмын!" деп телпегін аспанға атып, лепіріп жүретін кейбір замандастарымыз ойлансын деп те жазған шығар. Дегенмен, өзінің қарапайым табиғатынан, "өзінде бармен көзге ұрып", "өзгеден артық көрінсем" демейтін дегдар қасиетпен де хабар береді. Бұдан бірнеше жыл бұрын Жазушылар одағының жыл қорытындысы мәжілісінде баяндама жасап, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып айтар әділдігімен, батылдығымен бір көзге түскені бар. "Өлеңді кім қорғайды?" деп жаны шырқырап жар салуының мәні тереңде жатыр. "Сөз патшасы" — өлеңге, ұлттың ар-иманы — ақынға деген салғырт көзқарас, енжарлық дендеген кезеңде жұртшылықты оянуға үндейді. "Ардақ тұтар ақындарыңды ұмытсаңдар, кім болғандарың?!" деп ашынады. Өзі ақын болған соң ғана емес, қазақтың қасиетті қара өлеңінің тағдыры алаңдатқандықтан! Әйтпесе, елуге келгенше өнері үшін сый дәметіп, сыбаға сұрамапты...
Ағыл да тегіл ақтарыла, үдете, дауылдата жазғанды ұнататын Сәкен Иманасовтың қолтаңбасын тану оңай. Тек соңғы "Бел-белес" ()1985 , "Адырна"(1988), "Жебе" (1991) жыр жинақтары бір-бірімен үндесе, бірін-бірі толықтыра дүниеге келгенін байқаймыз. Мейлі Алакөлді, ауылды жырласын, мейлі ағайын, туыс, бауырмен сырлассын мейлі тіршіліктің тоқсан тарау толғауын шертсін, тек қана бүкпесіз көңілмен, өмірге адамдарға ғашық жүрекпен сыр ағытады. Оқырман да ақынның адалдығын ұнатады. Өлеңдегі жасандылыққа, сезімің саудаға салуға бармайтынына сенеді. Ал ақын үшін бұдан асқан абырой бар ма? Өлеңінде иненің жасуындай жалған сезім жасырынған болса қырағы көз қалт жібермес еді. Ондайда жыр-шумақтарды "үлде мен бүлдеге" орап берсең де құнсыз. Жыр анасы — Ақиқат дейтініміз сондықтан. "...Сәкеннің адал, шыншыл, елім деген, тілім мен қаным, қазақ деген халықтың ертеңгі, алпыс жыл кейінгі ұрпағы қандай болар деген мұратты арманға толы азаматтық бейнесі оның поэзиясындағы мінезден қашалған, — дейді белгілі ақын Фариза Оңғарсынова, — Мінез дегенді, әдетте, "тентек, телі, ұрда-жық" деген сүйкімсіз мағынада түсінетініміз бар. Ал мен күнделікті өмірдің илеуіне көне бермейтін, әр құбылыс, әр кезең жайлы өз пікірі, өз түйіні бар, біреу айтты деп аттана шаппайтын ақын ретінде мінезді ақын дегенді айтып отырмын" ("Қазақ әдебиеті", 12.07.85).
Кейде ойлайсың, ақынды ақын ғана шын түсіне алатын шығар деп. Өйткені өлеңдегі мінез туралы, ол мінездің тек сол ақынға тән қасиет екендігі туралы былайғы жұртқа айтып жеткізу қиын. "Мен — желмін" деген Мағжанды кім қалай ұғады, өз еркінде. Сол сияқты турасын айтамын деп туғанына жақпай қалатыңдар, ең алдымен ақжүрек ақындар. Сәкен Иманасовтың көптеген өлеңдері ашынудай, ширығудан шамырқанудан туады. Жүйкеге тым жайлы тимейтін, ақынмен бірге алабұртып, адалдықтың, әділдіктің ауылын іздетіп, шарқ ұрғызатын, беймаза күй кештіретін қуаты бар.
"Сенсең, әлі күнге дейін үйімде жеке жазу үстелім жоқ..." — дейді Сәкең. Содан соң менің көзімдегі: "Неге? Қалай?" — деген сауалды оқып алады да, күліп өзінің жоспармен жұмыс істемейтінін, әсіресе жаз, қыс айларында қолына қалам алмайтынын, көктемде және күзде өнімді еңбек ететіннің, Қырымға демалуға барып, бір шумақ өлең жазбай кайтқан кездері де болғанын да жасырған жоқ... "Бел-белес" жинағының көлемі — 10 баспа табақ. Баспа жоспарына енгеннен кейін, көлемі толмай тұрғандықтан өзін-өзі қамшылап күні-түні өлең жазғанын, бас-аяғы бір-екі айда қыруар жұмыс тындырғанын еске алады. "Бәлкім, басқаларға үлгі-өнеге етіп айтуға келмес, бірақ жұмыс істеу тәсілім кейде осындай" — дейді ол.
"Бір өлеңді бүгін бастап, жалғасын ертең, бүрсігүні жазатындарға таңым бар, — дейді тағы. — Мен бастаған өлеңімді бір деммен аяғына дейін жазып шығамын. Егер орта тұсына келгенде көңіл бөлетін жағдайлар болса (Мәселен, "шайың суып қалды", "телефонға шақырады", т.б.) бітті, ол өлең жазылмайды. Бір жазылмай қалған өлеңіме қайта қарағым да келмейді. Мұны не деуге болады?"
Мұны, бәлкім, әсерленбесе, сезімін қозғамаса жаза алмайтындығы, "зордан молда еместігі" деп түсіну керек шығар.
Жалпы, қазіргідей, бұрынғы наным-сенім күйреп, дүние астаң-кестең болып жатқан кездегі көңіл-күйін, өлеңге деген ықылас-пейілін сұрағанымда Сәкең біраз үнсіз қалды. Содан соң мынадай бір аңызды тілге тиек етті. Баяғыда бір хан уәзірлеріне тапсырма беріпті: "Қол астымдағы елдегі ақынмын дейтіндерді түгел ақ сарайға жинап, алтынмен аптап, күміспен күптеп не ішем, не кием дегізбей, барлық жағдайды жасаңдар", — депті 30 — 40 ақын жиналса керек. Хан жарлығы орындалыпты. Бір жыл өткен соң қараса, әлгі ақындардың тең жартысы өлең жазуды қойып кетіпті. Өлең жазуды ұмытқандарды босатыпты да қалған он бес шақты ақынды зынданға салғызыпты. Тағы да бір жыл өткен соң тексертсе, әлгілердің ішінде біреуі ғана бұрышта бүкшиіп, бүрісіп, өлең жазып отыр екен. Сонда хан: "Міне, мынау — нағыз ақын. Барлық жағдай осыған жасалсын!" — депті. Қилы замандарды бастан кешкен қазақ, халқының тарихында осындай оқиға болды ма, болмады ма мәселе онда емес. Мәселе — нағыз ақын бас пайдасы үшін, күнкөрісі үшін, жылы-жұмсақ үшін жаратылмаған. Тіршілік күйбеңдерінен биік тұрады, тағдыр тауқыметтеріне мойымайды, сынбайды. Өйткені оның езі — Тәңірі тектес Тағдыр иесі дегенге саяды!
Осы, есейген сайып, адамдардың Абайға деген көзқарасын білгің келіп тұрады. Өйткені Абайды оқымайтын адам мейлі ол ақын болсын-болмасын — жарымжан жан. Рухани мүгедек жаратылыс...
Сәкең Абай туралы ұзақ толғанған. Оның бәрін қағазға түсіре алмағандығымды сезіп отырмын. Қызының кішкене кезінде: "Менің көкем жұп-жұқа кітапты оқып тауыса алмайды" деп таң қалатынын, ол кітап Абай өлеңдері екендігін аңғартып бір қойды. "Бір қызығы, басқа бірде-бір ақын қажет кезінде дәл Абай сияқты қайғыңа да, қуанышыңа да" ортақтаса алмайды. Аласапыран, алай-дүлей көңіл-күй пернелерін дөп басатын әр уақытта тек қана Абай!" — деді ол.
Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде өлеңнен қол үзіп кеткен тұстары да болыпты. Сонда белгілі журналист, облыстық газеттің редакторы Ұзақ Бағаев қойын кінежкесіне жазып алған мұның өлеңін оқып беріп, газетке жариялауға жаңа жырларын сұрапты. "Ұялғанымнан қайтадан өлең жаздым" — деп еске алады. Сондай-ақ Жұмекен Нәжімеденов, Құдаш Мұқашев, Қастек Баянбаев, т.б. әріптестерінің қолдау көмегін көргенін ұмытпайды.
Бір сауалым ақындық пен әкімдікке қалай қарайтындығы жөнінде еді. Алдымен ақындық пен азаматтықтың егіз ұғым екендігіне тоқталды. Жұбан Молдағалиевті, Олжас Сүлейменовті, Мұхтар Шахановты шын мәніндегі ақын-азаматтар деп бағалауға тиіспіз деді. "Ақын — әкім болса, тек қана жақсылық жасауы мүмкін, басқаша болмайды. Түн ұйқысын бөліп, ізгілік пен адамгершілік, адалдық туралы толғанған ақынның ертеңінде тіршілік толқынына еріп, біреулерге қиянат, кесір келтіруі, жамандық жасауы ақылыма сыймайды. Жалпы, өлеңі мен өмір сүру тәсілі бір-біріне кереғар ақындарды түсінбеймін де қабылдамаймын" дегеніне іштей қосыласыз. "Әрине, әкім болу, ел басқару тек қана санаулы азаматтардың еншісіне жазылып қоймаса деймін. Олар оны бабасынан мұраға қалғандай сезініп, баласына табыстап кетуді көздейтінін қайтерсің. Маған осы ұнамайды" — дегенін де құптайсыз...
Байқап отырсыздар ғой, бұл мақалада ақынның ой пікір, көзқарас, пайымдауларына біршама тоқталған сияқтымыз. Енді елге танымал, жыр жанашырларын елеңдетіп жүретін ақынның өлеңдері туралы, оның өзіндік ерекшеліктері жөнінде бір ауыз сөз. С. Иманасов, өзі айтқандай, бір деммен, бір тыныспен, бір әуенмен ондаған, тіпті, жүздеген шумақтарды төгіп-төгіп тастайды. Жеке-жеке өлеңдері бір-бірімен үндесіп, ұласып, тұтасып жалғасады. Негізінен әдеби тілдегі "ой ағысы" дейтін арнадан көбірек табылады. Адал жүректің алғаусыз ақтарған сырлары қымбат. Содан да шығар, кейде өз басының өкініші мен күйінішін көбірек тәптіштеп кеткендей көрінуі де мүмкін. Бірақ терең үйіле қарағанға, ол бір адамның ғана мұңы емес. Не туралы толғанса да әсіреқызыл бояусыз, бүгежектемей, өткірдің жүзінен өткізетіндіктен, шындыққа суарылған жырлары салмақты, ойға кенен. Бұрынырақта ақын Сара өмірінен "Айтыс" дастанын жазған. Кейінгі жыр кітаптары түгелдей дерлік өлеңдер. Облыстық, республикалық газеттерде журналистік қызметтер де атқарған. Мәскеуде Жоғары партия мектебінде оқыған. Бірақ еліне ақын болып танылды. Азаматтығы да ақындығынан бөліп-жаруға келместей біртұтас.
"Бел-белес" жыр кітабы туралы "Жұлдыз" журналына (1986, N 6) пікір жазғанмын. Одан бері жеті жыл өтсе де сондағы қазық етіп қаққан ойларыма тағы да ораламын. Оңда автордың ішкі ұйқастарға айрықша ден қоятынына тоқталған .едім "Мәселен, "Мауқын басып алсыншы деп азырақ, қауқылдасып қарсы алдыңдар сендерде!", т. б.).
Өлеңдеріндегі қуатты ішкі ұйқастар — ақын Сәкен Иманасовтың тапқан олжасы, өзіндік ерекшелігі. Мұны оның шығармашылығына қатысты айтылар ойлардың негізгісі десе артық, болмас. (Мысалы: "Елім дейтін еңіреп есіл ерім, етігіңмен лай су кешіл едің. Дәрменім аз, дәмем көп, не қылайын, қолдан келген жәрдемім осы менің!", "Жебе", 1991). Мұндай жыр шумақтарын жинақтарынан жиі ұшырасамыз.
Ал ақынның махаббат лирикасы мың кернеулі сезім толқындары екенін де еске сала кетеміз Мына, санаға салмақ түсіріп, жүйкені жаныған қым-қуыт тіршіліктің құтқарар тұтқасы да махаббат болар, бәлкім.
Ақынға қуат беріп, арда мінез, адал жүрекпен халқына арнап жыр жазғызатын құдірет те сол шығар...
"Халық кеңесі" газеті, 6 сәуір 1993 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі