Күндерде бір күн Сүлеймен патша:
– Алтын, күміспен көмкерілген ақ ордаларда отыра-отыра жалықтым. Енді маған әдемі қырналған ақ сүйектен, кемігі жоқ қақ сүйектен, ылғи ғана бас сүйектен, сарғаймаған жас сүйектен сарай салынсын, – деп бұйырады. – Сарайдың бірінші қабаты әйелдердің, екінші қабаты еркектердің, үшінші қабаты құстардың бас сүйегінен қалансын!
Адамдар мен құстардың әрбір алты ағайындысының үшеуінің басы, бес ағайындысының екеуінің басы, үш ағайындылардың біреуінің басы алынатын болыпты.
Хан жарлығы екі бола ма! Сонымен қаһарлы ханның қайырымсыз жарлығы орындала бастайды.
Күндерде бір күн кезек үш ағайынды үкілерге келіп, патша жарлығы бойынша ең кенже інісі Байғыздың сүйегін апарып берер уақыт жетеді. Бірақ қайсар да батыр Үкі хан жарлығын орындаудан бас тартады. Ол жапалақ інісін жардың жарығына, Байғыз інісін тастың қуысына тығып тастап, отыра беріпті.
Көкжендет дейтін бір қанды балақ құс бар екен. Құстарды қыру міндеті соған жүктеліпті. Ол хан сарайындағы кәрі Самұрықтың ең сенімді қолқанаты екен.
Үш ағайындының біреуін алу үшін Көкжендет бір күні Үкіге жетеді. Келе екілене дауыстайды:
– Балақ жүнің балпиып,
Жалғыз өзің жалпиып,
Батырымсып талтиып,
Құлағыңды қалқитып,
Екі ұртыңды салпитып,
Неге отырсың шалқиып?!
Үкі үн қатпайды. Көкжендет сестене әкіреңдейді.
– Хан жарлығын неге орындамайсың? Байғыздың басы қайда, тап! – дейді.
Үкі қос құлағын тікірейтіп алады да кет дегендей, жуан шеңгелмен сермеп қалады. Жармаса кетсе, жазым боларын сезген жендет құс:
– Қап, бәлем, патшаға айтпасам ба! – деп, кете барады. Сол бетімен келе жатса, ағасының айтқанын орындамай, тығылып жатқан жерінен шығып, Жапалақ жалп-жалп етіп, жар басында ойнап жүр екен.
Көкжендет көре салып, Жапалақтың қасына жетіп келеді де:
– Байғызды тауып бер, сонда патшаның тойына бақыршы болып, тамаққа тоясың, – деп алдайды.
Үкі де жендет құстың артынан қуа шыққан екен, оның Жапалаққа айтып тұрған сөзін естиді. «Айтпа» деп ымдайды. Бірақ әрі қорқақ, әрі опасыз Жапалақ тастың қуысына тығылып жатқан інісі Байғызды жау қолына ұстап береді.
Міне, сол күннен бастап, Жапалақ Үкі маңына жоламай кетіпті. Опасыздық жасап, өз бауырын бір уыс жемге сатқаны үшін бүкіл құс атаулы жерініпті. «Жапалақ көрсең, атып ал, жаманнан бойыңды сатып ал» деген сөз содан қалған екен.
Үкі қасиетті құс саналып, оның балақ жүнін қыз-бозбала бөркіне тағатын болыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Ако
Рахмет оте керемет издегеним шыктыы
Дәмір
қызық ертегі супер!