Жаз өтті. Мен Федоровкаға келген соң, оқу басталды Сағиладан анда-санда хат келіп тұрды. Мен де үзбей хат жазып тұрдым. Екеуміздің арамызда бұл хаттарды таситындар: Дүйсен Дүйсенбектер еді.
Бір күні мектептен шығын, пәтер үйіме келсем, Нұржақып отыр екен. Екі беті нарттай қызыл, көздері ойнақшыған тапалтақ жігіт. Мен сәлемдесіп, отырғаннан кейін Нұржақып маған:
— Мең Нұржақып Нұрсейіт ұлы, сізге, Спандияр Көбейұғлына, жолыққалы келіп отырмын. Сізге айтатын бір сыр бар, — деді. Сөздерінде әлдеқандай бір кекесін шенеу сияқты леп сезілді.
— Айтыңыз, — дедім мен.
— Айтсам, — деді ол, — сіз білесіз бе, білмейсіз бе, мен Сағиланы айттырып қойған едім. Сол туралы сөйлескелі келіп отырмын. Турасын айтуым керек Сағиланы мен саған бере алмаймын және сен оны ала алмайсың. Сондықтан өз еркіңізбен Сағиладан безіңіз, былайша айтқанда, оған «мен сені алмаймын» деп хат жазыңыз. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш болады. Әңгіме даусыз-жанжалсыз бітеді. - Мұны тек екеуміз ғана білейік. Оқыған адамсыз ғой, түсінуіңіз керек. Өйткені ол қыз бәрібір сізге жоқ. Сіз ол қызды аламын дейтін болсаңыз — мені өлтіріп, сүйегімнен аттап барып қана аласыз, түсінікті ме?
— Мен түк түсінбеймін өзіңіз не айтып отырсыз? — дедім.
— Неге түсінбейсіз, мен сізге қазақша айтып отырған жоқпын ба?
— Түсініксіз, мырза, — дедім сабыр тұтып. — Біреудің қалыңдығын әңгіме етуіңіз, оны саудаға салуыңыз және қорқытуыңыз ете түсініксіз. Мен мұндай күш көрсеткен сөздерге түсінбеймін және түсінгім де келмейді, бұл бір. Екіншіден мен әйелді екі аяқты айуан деп қарайтын оны малға теңейтін топас, надан емеспін. Мен Сағиланы көрмей-ақ айттыра салған қазақ емес. Оны өзім көріп, ұнатып, қыз да мені ұнатқан соң ғана айттырған қазақпын. Одан бас тарт деуіңізді озбырлық басынғандық, қорлағандық деп білемін. Бірақ, мырза, есіңізде болсын. Мен сіз ойнайтын адам емес және сізден қорықпаймын. Менің сізге ең соңғы айтар сөзім: мүмкін болса, үйді босатыңыз.
— Солай ма? — деді ол. — Солай ма?! «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегендей, саған әлде жал біте бастады ма? Бірақ байқа, бауырым! Көзіңді ашып қара! Мен де сен ойнайтын кісі емес. Өзің мені әлі танып жетпегенсің ғой деймін. Мен кім екенімді саған таныта алатын адаммын. «Әлін білмеген — әлек» дегендей, аяғың аспаннан келіп жүрмесің достым! — деп кетпей тұрып алды.
— Еркіңіз, бірақ қазір үйді босатыңыз, кетіңіз, — дедім
— Мен кетемін бірақ үлкен ыза, көк арқалап кетемін. Осыны ойла! — деп ақырында ол орнынан тұрды.
— Көрермін дедім.
— Көресің, көргенде көп кешікпей-ақ көретін боласың, — деді де шығып кетті.
Не деген басыну, не деген надандық, зорлық деп қатты ыза болып мен қалдым.
Арада екі аптадай уақыт өтті. Мен мектепте едім, біреу есік қақты. Есікті аша бергенімде бір жігіт бүктелген жапырақ қағаз ұсынды. Хаттың бетін ашып жібергенде-ақ Сәдудің қолын тани кеттім. Жүрегім лүпілдеп аузыма тығылып, тұла бойым тітіркеніп қоя берді. Хатты ішімнен оқып шықтым. Үш-төрт ауыз-ақ сөз жазылыпты: «Тез жет, Сағила қатты ауру, хал үстінде жатыр» депті.
— Қашаннан бері науқас? — деп сұрадым жігіттен.
— Екі-үш күн-ақ болды.
— Ат әкелдің бе?
— Әкелдім.
Балаларды таратып жібердім де, мектеп бастығына бәрін жайды айтып, бес-алты күнге рұқсат алдым. Аттың айыл-тартпасын қаттырақ тартып алып, жігіт екеуміз желе жортып жөнелдік.
— Алдыңғы күні, — деді жігіт, — көрші ауылда бір ойын болып, Сағила мен Сәду екеуі сонда барған-ды. Сағила сол ойыннан ауырып қайтты.
— Ойында Нұржақып болып па?
— Болыпты.
— Сағила ол ауылда тамақ жеп пе?
— Жоқ. Сағила бір тостаған қымыз ішкені болмаса, басқа нәр татпапты. Содан түн ортасы шамасында: «Аға, ауылға қайталық, мен ауырып отырмын», — депті Сәдуге. Сәду үйге алып қайтты. Сол түнде қатты науқастанып шықты, — деді жігіт.
Баймағамбет ауылына ат сабылтып қалай жеткенімізді білмеймін. Жігіт маған Сағила отауда, деді. Мең атымды байламастан түсе сала тура отау үйге кірдім. Қарт пен кемпір бізді керіп шығып кетсе керек. Сағила өңі сұп-сұр боп, жеңгесінің төсегінде сұлық түсіп жатыр екен. Қасында Сәду мен келіншегі ғана отыр еді. Сәлемдесуге шамам келген жоқ, Сағиланың қасына жетіп бардым.
— Қалайсың, сәулем? — дедім.
Дауысымды танып, көзін ашты.
— Неге кешіктің? Мінген атың нашар ма еді? — деді
Сағила даусы әрең, шығып.
— Маңайда дәрігер жоқ. Елу шақырымдай жердегі Боровойға қос атпен кісі жіберген едің Фельдшер Қостанайға кеткен екен — деді Сәду.
— Жеңіл арба табылса, дереу ұштың ат жеккізіп Қостанайға дәрігерге жіберу керек — дедім.
Сәду дереу көрші ауылдан арба алдырды. Аттарды жеккізіп, Қостанайға кісі жібергелі жатыр едік Сәдудің әйелі үйден жылап жүгіріп шығып:
— Жүріңіздер, Еркежан қысылып жатыр, — деді, Сәду екеуміз үйге жүгіріп кірсек қарт-кемпір жылап отыр. Сағила тынысы тарылып қиналып жатыр екен. Тамырын байқайын деп қолын ұстап едім, мұп-мұздай екен. Шошып кеттім.
— Не істеу керек? Не істеу керек? Қалай кешіктім. Қалқам-ай!...
Сағила қайтып тілге келмеді. Арманды жас, екі көзі жаутаңдап, бәрімізді бір шолып өтті де, жүре берді... Қарт ата-ана мен аға-жеңгенің, көрші-қолаң, ағайындардың алдында, кіршіксіз, кінәсіз жас жаң сүйген жаным «өз алдымда белгісіз дерттен қайтыс болды.
Үйдің ішіндегі адамдар шу ете қалды. Менің де көзімнен жас шығып кетті. Шыдай алмай сыртқа шықтым. Күн батқан екен. Көкжиек күңгірттеніп түнеріп, даланы түн басып келе жатыр еді.
Үйдегі жылаған дауыстар құлағыма осынау меңіреу даладағы халықтың шері арылмаған көп зары сияқты естілді. «Мәдениет берер мектебі жоқ, ауру-сырқауын емдер дәрігері жоқ, мылқау табиғаттың қатал шеңгеліндегі қайран елі» деген ой келгенде, көкірегіме өксік сыймай еңіреп жылап жібердім. Бірақ лаж қайсы? Мен бойымды әрең билеп, өксігімді бастым да, үйге қайта кіріп, Сәдуді қолтықтап сыртқа алып шықтым.
Өкініші көп, сыры жұмбақ уақытсыз болған қайғылы қаза, надандыққа қарсы, ескі ауылдағы тоғышар билеп-төстеушілерге қарсы зор өшпенділік із қалдырған елім болды. Сағиланың қастық ойлаған бір адамның жауыздығынан қаза тапқаны айқын еді. Оның қайғылы өліміне Нұржақып кінәлі деп күдіктендім.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі