Күйкі тірліктің күйбеңіне жіпсіз шырматылып, қыбырлаған топтың қатарын ғана көбейтетін бедерсіз пенделердің арасында маңайына сәуле шашып, шуақ төгіп тұратын қадау-қадау Азаматтар болады. Өмірдің көлеңкелі жағын күнгейге қарай өршелене сүйреп, тірліктің тауқымет-бейнетінен зейнет пен рахат тудыруға тырысатын сол Азаматтарға ә деп көргеннен тәнті боп, тағы да кездессем, шүйіркелессем деп құштарлануың ақиқат.
Мен үшін дәл сондай азамат — Қасымбек Медиев. өйткені мен Қасымбек ағаның қатардағы қызметкерден қоғам һәм мемлекеттік қайраткерге дейін көтерілген ғұмыр жолының куәсімін. Өзі ұнатқан кейіпкеріне немесе өзі жан тартқан тұрғылас, тағдырлас замандасына жазушының ылғи да сын көзімен қарап, оның өсу, есею, шыңдалу кезеңдерін үнемі қадағалап отыруы табиғи әрі кәсіби машығы. Осы орайда мен орда бұзар отызының ішінде Қ.Медиев жаңадан құрылған Жезқазған облысының жас Ақадыр ауданының аяғынан тік тұрып кетуіне ерекше еңбек сіңірді десем, іскер, тынымсыз, ізденгіш Азаматтың шынайы бейнесін бере алмас та едім. Қазақтың шетсіз, шексіз даласының қиыр пұшпағында жатқан, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тірлігі кешеуілдеп қалған Жезді ауданын қамал бұзар қырқында бірінші басшы боп жүріп, өгіздей өрге сүйреп шығарып, аудан жұртшылығының ықлас-алғысына бөленген десем, мен оның алғырлығы мен ұйымдастырғыш қабілетін жеткізе алмас та едім. Егер де мен елуге толар-толмастан Сарыарқаны кең көсіле жайлаған бұрынғы Жезқазған облысының негізгі басшыларының бірі болған Қаскең борандатқан қыста, аптаптатқан жазда үнемі диқан мен малшылардың ортасынан табылып, облыстың ауыл шаруашылығының дамуына айрықша ықпал етті десем, оның қайтпас табандылығы мен қажырлы жігер күшін толық айқындап бере алмас та едім.
Осының бәрі Қ. Медиевтің өзгелер алдында өзінің жауапкершілігін барынша сезінуінен, қай іске, қай әрекетке болса да бел шеше килігіп, білек сыбана кірісетін құлшынуынан туындайтын кәнігі іскерлігі деп пайымдаймын.
Қасымбек ағаның ісіне сүйсіне қызығатын ерекше бір қасиеті — оның адамды, еңбек адамын мейлінше түсінуге тырысуы, мейлінше сыйлауы, оған мейлінше қамқорлық жасауы. Қаскеңнің өнер адамына деген айрықша құрметі мен өзгеше ықыласына талай рет куә болдым. Арқаның ақиық ақындары — Шортанбайдың, Шашубайдың, Маясардың, Тайжанның, Болманның, күйшілері — Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас, Қыздарбектің облыс, республика көлемінде мерейлі той, еске алу кештерін өткізуде сіңірген еңбегі де зор. Өнер адамының Қаскең үшін үлкені не кішісі болмайды. Табиғат болмыс әлде құдірет болмыс ерекшелеп дарын сыйлаған ақын мен жазушыны қастерлеп төбеге көтеретіні, әнші мен күйшіні аялап алақанында ұстайтыны сондай, кей-кейде биік лауазымды жасы үлкен ағаның тым елпілдеп кететініне кәдімгідей ыңғайсызданып қаласың. Бірақ ол әсемдікке ынтық әсершіл жүректің кеңдігінің белгісі, дархан даласының қонақжай бауырмалдығы қан тамырын бүлкілдеткен тазалығы, шынайылығы һәм дүниенің төрт құбыласынан адал дос, тілектес жолдас табуға асығып тұратын ақ көңіл адалдығы. Қаскеңнің ақын досы көп. Қаскенді дос санамайтын, аға, бауыр тұтпайтын Алматыда өзім білетіннен ақын-жазушы және жоқ. Мүмкін ол оның мейлінше кішіпейілдігінен де шығар. Мүмкін ол оның мейлінше сезімталдығынан да шығар. Дала тұрмысындағы қазақы кеудеде екшелген адамзаттық мәдениетті исіне игеруінен де шығар.
Шет ауданының әкімі боп жүрген кезінде бірде Қаскең маған жетіп келді.
— Әу, Софыжан, жүр! Сен екеуміз қазір бір үлкен шаруа тындырамыз... Жо-жоқ! Мойнымызға жауапкершілік жүктейміз! — деп ерте жөнелді. Ылғи асығыс, апыл-құпыл жүретін мінезін білем. Келдік. Сөйтсе, Қасең өз инициативасымен Шортанбай ақынның ескерткішіне заказ берген екен. Енді сол дайын ескерткішті өзі де сынап көріп, маған да сынатып, көңілге қонса, ауданға алып кетпек.
Әрине ұнаттық. Әрине Қаскеңе, Қаскеңнің ниетіне ырза болдық. Әр аудан әкімі өз білігімен белгілі өнер қайраткерлеріне дәл осындай құрмет танытып жатса, оны неге құптамасқа, оған неге ырза болмасқа.
Өзіне де, өзгеге де тыным бермей, өмір сүруді жасампаздық деп түсінетін, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған үлкен шаңырақ иесі — Қасымбек аға бүгінде алпыс жасқа толып отыр. Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы депутаты, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" Қасымбек Медиев әлі де ат үстінде. "Алаш" акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі ретінде өзінің өмірлік бай тәжірибесін ел игілігі үшін қызмет етуге жұмсайтынына кәміл сенеміз. Киелі жерінің атын әуелетіп аспанға шығаратын осындай ұлдары, Ерлері бар Елдің құдіреті әманда арта түседі ғой. Ылайым мейірлі Ерлері бар Елдің мерейі үстем бола бергей. Елімен бірге Қаскендей азаматтары ұзақ жасай бергей.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі