Өлең, жыр, ақындар

Күміс тойға тілек

Келеді жыр сыйлағым, гүл сыйлағым,
Жанымның жайып салып тылсымдарын.
Махаббат боп маздаған мына ғалам,
Бақытты жанұяның білсін барын.
 
Кеткен бе ширек ғасыр жылжып өтіп,
Қуантты қызғалдақтай ұл-қыз өсіп.
Ағамыз алақанда аялауда,
Ақ гүлдей асыл жарын үлбіретіп.
 
Қабағынан түсініп ер көңілін,
Жабырқатқан кезі жоқ жансерігін.
Жеңгеміз жиырма бес жыл болды бәйек,
Ағаның көтерумен еркелегін.
 
Ассақ та тіршілктің сан асуын,
Таусылмас арманы адам баласының.
Күмбірлі күміс тойлар айғақтайды,
Жүрек пен жүректердің жарасымын.
 
Жылжыған бұл уақытта дауа бар ма,
Жетелеп бара жатыр заман алға.
Ақ босаға есігін имене ашқан,
Күміс той жас дәуренді салады ойға.
 
Алда әлі думандатар сайран көп күн,
Күлімдеп күміс тойға жайнап жеттің.
Күміс той – алтын тойға есік ашып,
Күндерің шалқып-тасып тоймен өтсін.

*****  *****  *****  *****  ******  ******

Күміс тойға аман-есен жету үшін ер төзімді темір, зайып мінезі алтын болу шарт екен. Бұл екеуінің бойына да осы екі мінез ұялаған. Дәл осындай қарқынмен, тамаша қасиеттеріңді сарқып алмай, алтын тойларыңа жетулеріңе тілектеспіз!

*****  *****  *****  *****  ******  ******

Құтты болсын күміс той –
Той дегенің ырыс қой.
Алтын жамбы берсем де
Екеуіңе дұрыс қой.
 
Күміс тойдың аяғы
Алтын тойға жалғассын,
Жарқырасын жандарың
Жүзіндей ақ алмастың.
 
Таси берсін дәулетің,
Жарасып сән-сәулетің.
Сыйлы болып бастарың,
Жүзге жетсін жастарың.

*****  *****  *****  *****  ******  ******

Жиырма бес жыл құт боп келген шаңырақ,
Бақ жұлдызың тұрсын көкте жамырап,
Алтын тойың болсын тағы осындай,
Бір Құдайым тілегіңді қабыл ап.
Мерейлерің өсе берсін бұдан да,
Жақсылықтың күте берсін күні алда.
Алтайдай сылаңдаса жан жарың,
Өзің ұқса шабыттанған қыранға.
Көре бергей ұрпағыңның қызығын,
Ғұмыр жолдың берсін Алла ұзынын,
Бақ-дәулетің дариядай тасқындап,
Берекесі болсын дәм мен тұзыңның.
Қуанышпен өтсін барлық тойларың,
Орындалсын мақсаттарың, ойларың,
Жүзге жетіп ажырамай жұптарың,
Бал өмірдің қызығына тоймағын.

*****  *****  *****  *****  ******  ******

Күміс тойың күмістей жарқылдасын,
Дәулетіңнің бұлағы сарқылмасын,
Арғымағы арманның алқынбасын.
Қабыл болып тілегің, жақсы атыңмен
Алыс-алыс жерлерге даңқың барсын.
Аман болсын ұрпағың, бала-шағаң,
Ажырама күлкіден, тамашадан.
Үйір-үйір есепсіз жылқы бітіп,
Күмпілдесін күнімен қара сабаң.
Ешқашанда оңбасын дұшпандарың,
Екеуіңнің жанына жара салған.
Алтын тойың тағы да бола берсін,
Бастарыңа бақ құсы қона берсін.
Тоқсан асып екеуің жүзге жетіп,
Көңілдерің осылай тола берсін!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз