Соңғы уақытта қоғамдағы азаматтардың алаяқтарға алданып, қомақты қаражатынан айырылып қалып жатқан жағдайлары жиі кездеседі. Оңай олжаға кенеліп, материалдық жағдайын жақсартуға асыққандар аяғында сан соғып қалып жатады. Осындай келеңсіз жағдайларға қандай тосқауыл қоя аламыз?
Соңғы жылдың мәліметтеріне көз жүгіртсек алаяқтық қызмет түрлері жиілеп кеткендігін байқауға болады. Күнделікті өмірде ұялы телефонымызға әртүрлі хабарламалар мен нөмерлерден қоңырау шалып жатады. Қарапайым халықтың кейбір бөлігі бұл әдістердің алаяқтардың іс-әрекеті екенін бірден аңғарса, кейбіруі тұзаққа түсіп, шығынға батып жатады. Жыл сайын алаяқтық әрекеттерден жеке тұлғалар, мемлекеттік ұйымдар шамадан тыс көп қаржы жоғалтады.
Көп жағдайда алаяқтар адамның жеке нөмеріне смс хаттар жіберіп, белгілі бір ұтыс ойынынан сыйлық ұтып алғанын, ол сыйлыққа қол жеткізу үшін активациялық код айту керек екенін немесе қаражат аудару керек екені жайлы хабарлайды. Ойында ешқандай күмәні жоқ, сыйлық ұтып алғанына қуанған адамдар алаяқтардың алдауына тез түседі.
Алаяқтықтың бұндай түрлері бұрыннан келе жатқаны жасырын емес. Бірақ қазір алаяқтар трансұлттық топтар құрып, жағдайды мүлдем ушықтыруда. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде алаяқтардың арбауына түсіп, бар жиған қаражатынан айырылып, сан соғып қалып жатқандар өкінішке орай артуда. Мемлекет тарапынан күдікті хабарламаларға жауап бермеуге, назар аудармауға кеңес берілсе де, әзірге оң нәтиже беріп жатқан жоқ.
Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті қаншама адамның жиған-терген ақшасынан айырылып қалғанын оқып, көріп жатамыз. Оңай олжа көздегендер өздерін әлеуметтік, зейнетақы және коммуналдық мекемелер өкілдері ретінде таныстырып, арзан бағада азық түлік және басқа да қажетті заттар алуға ұсыныс жасап, азаматтардың сеніміне кіріп, арбауына түсіруде. Көп жағдайда, алаяқтар қарт кісілерді, қаржылық көмекке мұқтаж азаматтарды таңдап, оларға баспана алуға көмектесемін, аз пайыздық мөлшермен несие алып беремін деген желеумен алдайды.
Сондай-ақ қазір ғаламтор желісіндегі алаяқтық қылмыстар да өсіп отыр. Алаяқтар әлеуметтік желілерде тұрмыстық заттарды сату-жеткізу парақшаларын ашып, алдын ала ақшасын тиісті есеп-шотқа аудартып алады, тапсырыс берушінің жеке мәліметтері арқылы сырттай онлайн несие рәсімдейтіндер де бар.
«WhatsApp» желісінде пайыздық мөлшермен үстемақыны көбейту секілді смс хабарламаларға алданып, көрсетілген есеп-шоттарға ақша аударатындар бар. Бұл алаяқтың алпыс айласының бірі.
Мысалы, KAZ Minerals, Қазақмыс, ҚазМұнайГаз компанияларының бірегей инвестициялық жобалары, ол жобалар туралы ақпаратты алаяқтар танымал әлеуметтік желілерге таратады. Алаяқтар пайдаланушыларға «бастапқы инвестициясы 53 мың теңге, 4 аптағы кірісі 890 мың теңгеге дейін» деп уәде беріп, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың командасына қосылуға шақырады. Платформаға кіру үшін фишинг сайтта сауалнамадан өту қажет, онда өз деректеріңізді: аты-жөніңізді, электрондық мекенжайыңызды және телефон нөміріңізді қалдыру қажет. Әлеуметтік инженерлерге адамның ұзақ уақыт ойланғаны қажет емес, сондықтан олар өз жазбаларында платформаға тіркелу жақында аяқталатынын хабарлайды.
Алаяқтардың жиі қолданатын тағы бір «сүйікті» амалы – өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыру. Олар өз құрбандарына қоңырау шалып, шотына шабуыл жасалғанын хабарлайды. Сол себептен, тексеру жүргізген кейіп танытып, азаматтардың жеке дерегін, олардың шотында сақталған қаржының сомасын біліп алады. Осылайша сенімге кіріп, телефонға келетін құпия кодты жіберуді сұрайды.
Бейқамдыққа бой алдырып, аңғалдыққа ұрынған адамдарды интернеттегі алаяқтар иіріміне тартып барады. Арам ойлылардың арбауына түскен аңғал жандар ақшасынан айырылып, қарызға белшесінен батса да бұдан сабақ алар емес. Олардың арасында алаяқтарға бірнеше рет алданатыны бар. Ал адамдардың сенгіштігін сәтті пайдаланатын алаяқтар алдын ала құрылған жоспарын іске асыру үшін өзге қалалар мен елдерді таңдайтыны белгілі.
Диана Аманғалиева Төлегенқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Ескен Елубаев
- Дмитрий Иванович Писарев
- Мишель де Монтень
- Платон
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі