Қалибай Фариза
Тақырып: Абай мен Нағашыбек шығармасындағы дос жүрегі көрінісі
Аймақтану, 1 курс
Достық ұғымы қазақ халқы үшін киелі ұғымдардың қатарына жатқызылады. Ол адамдардың бір-біріне деген шүбәсіз сенімі және шынайылығы, бір мақсат пен ортақ көзқарас ұстануы. Достық- жауапкершілік пен рухани жақындықтың нышаны. Достық - қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі. Қазақ халық ауыз әдебиетінде достық жайлы мақал-мәтелдер сан-алуан: «дос ажарың, дұшпан базарың», «үйінде асы жоқтың, түзінде досы жоқ», «есепті дос айырылмас» және т.б. Сонымен бірге, Мұхтар Шахановтың «Достық өлкесінің заңы» өлеңі, А.Байтұрсынұлының «Достыма хат» өлеңімен қатар, әлем әдебиетіндегі Д.Роулингтің «Гарри Поттер», У.Голдингтің «Шыбындар мырзасы» кітабы. Бұл шығармалардың барлығының ортақ тақырыбы біреу ғана. Ол - достық.
Достық деген ұлы сезім болғаны сонша, атақты философ А.Шопенгауэр өзінің еңбектерінің бірінде нағыз достықты шынайы қарым-қатынаспен байланыстырады. Яғни, достық адалдық пен шынайылықты талап ететін сезім. Әрқашан досыңыздың ғана емес, қасыңыздағы жүрген адамның да қуанышына қуана білу керек. Тек сонда ғана, бақыт пен береке келеді. Демек, достың азды-көптігі маңызды емес, тек шынайылығы, досқа деген сенімі болса, болғаны. Алайда, мектеп жылдарындағы мен студенттік шақтағы достың айырмашылығы жер мен көктей. Яғни, әр кездегі достың орны әр бөлек.
XXI ғасырдағы екінің бірін толғандырып отырған мәселе «XXI ғасырдың ағымында шынайы достықтың бет бейнесін көруге болады ма?» . Осы кезде жеке тұлғалардың пікірі екіге бөлінеді. Бірі бұл өмірде шынайы достықты бар деп санаса, екінші бірі нағыз досты кездестіру мүмкін емес деп ойлайды. Осы туралы А. Байтұрсынұлының өлеңі де бар. Ол өлеңінде достық пен жолдастыққа төзіп жүрген ешкім жоқ екенін, тек өз материалдық жағдайын ойлайтын пенде жайында айтады. Қазіргі таңда осындай адамдардың ақша табу мақсатында абыройы мен арын сатып, дос-жарандарына жаны ашымайтындығын анық көрсетеді..
Ақынның бұл өлеңі арқылы адамдардың пиғыл-ниеті арам, достықты ақша үшін лезде сатып кете алатыны, қиын жағдайда жолдастыққа төзе алмайтынын жеткізеді. Әрине, бұл екінші бір адамның көңіліне қатты әсер етеді. Ол адамда өкпе-реніш сезімі туындап, қабағы қатыңқы күйді басынан өткереді. Осылай екі ортаның арасы келіспеушілік, дау-дамайға ұласып не достықтың үзілуімен аяқталады. Осындай мәселені өз шығармасында қозғаған жазушы - Нағашыбек Қапалбекұлы.
Нағашыбек Қапалбекұлы - ақын-жазушы, тарихшы, Қазақ журналистикасының ірі қайраткері. 1950 жылы 16 наурызда Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қызыләскер ауылында туған. Соғыс ардагері. Қаламын өмір серігіндей еткен жазушы бүгінгі таңда қырықтан астам кітаптың авторы атанып, танымы мол тағылымдық еңбектер жазды. Бұл дүниелер қаламгердің тіл байлығы, дүниетанымы кеңдігі мен шеберлігімен ерекшеленеді. Тағы бір айта кету керек дүние, Нағашыбек Қапалбекұлының еңбектерінің тақырыбы мен мазмұны да айрықша. Ол журналистика өнерін өте тиянақты қолданған десек артық етпейді. Сондықтан да әр оқырман Нағашыбек шығармаларын оқығанда көз алдына көркем суреттер мен бейнелер елестейтіні де содан. Осыған байланысты жазушының «Еңлікгүл», «Қызыл елік», «Жерошақтың түтіні», «Ақ шымылдық», «Махаббатсыз өмір жоқ» деген секілді танымал повестері мен әңгімелер жинағы шықты. Солардың біреуі- «Дос жүрегі» шығармасы. Ол 1985 жылы жарық көрген.
Әңгіме бір ауылда бірге ойнап-өскен Таңат, Ермек, Қайыркен деген үш достың оқиғасы жайында баяндалады. Шығарма желісі бойынша ауруханада жатқан Қайыркен, досы Таңаттың бір рет болсын хал-жағдайын сұраспай кетуіне ренішін білдіреді. Бұған «Мен құттайынан білетін Таңат болса мына айқайласаң даусың жетер тұстағы ауруханада жатқан маған құрығанда бір соғуы тиіс еді-ау...», - деп айтқан сөзі дәлел болады. Ал Таңат мектеп бітірісімен қалаға институтқа түскен. Жазған хаттары күнде келмесе де, жиі келіп тұратын.
Қайыркеннің ауруханада сары жамбас болып жатқанына бір айдан асып кеткеніне қарамастан, Таңатты келіп қалады-ау деген қиялмен ойы сан-сарсаңға кетті. Алайда, Таңаттың ойы институтты бітіру мен отбасы қамын асырауда болды. Осы кезде Қайыркен өзінің бұрынғы естеліктеріне шолу жасап, Таңатқа қалай жан ұшыра көмектескендігін еске алады. Әр сенбі, жексенбі сайын қаладан сары автобуспен келетін Таңатты Қайыркен мен Ермек тағатсыздана күтетін.
Бір күні Таңат ауылға келіп, Қайыркен екеуі әңгімелесіп отырғанда Таңат: «Қайыркен, мен оқуды тастайтын болдым», - деп үн қатады. Мұндайды үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін Қайыркен «О, неге?» ,-деп таңдана сұрайды. «Қалада әлгі Болғанбаев деген нағашым бар емес пе?...Шешем барып пәтер табылғанша деп соның үйіне Сәбира екеумізді орналастырған... Ақыры сенесің бе, екі шабаданымды есігінен лақтырып, масқаралап қуып шықты. «Кәне, пәтер ақыны төлеңдер, қаңғырған қайыршы» дей ме.», - деп үн қатты. Осыны естіген досы қамығып қалады. Бірақ, Қайыркенге құрылыс учаскесінің прорабы Иван Иванович Бейрут екі жүз сомды кассир арқылы санап беріп, көмек қолын созады. Ол екі жүз сомды алып, Таңаттың қолына ұстатады. Ол болса «Бұл ақшаңды жазда сысоға (ССО- құрылысшы студенттер отряды деген) барып келген соң қайырамын.»,-деп айтады.
Арада алты жыл көлемінде уақыт өтіп, Қайыркен отау құрды. Осы алты айдың ішінде Таңат қарызын қайтармақ түгілі, бір келіп кетпеді. Тек почта арқылы алты жыл бұрын алған сол баяғы екі жүз сомын той күні қайтарады. Бұл жағдайда досты өз пайдасына асыру мәселесі қарастырылады. Қазіргі таңда мұндай жағдай өте жиі кездесетіні де рас. Адамдардың пейілі жаман болып, нағыз достық деген арманға айналып бара жатыр. Сондықтан да екінің бірі шынайы, қиын кезде артыңнан пышақ сұқпайтын досты табу мүмкін емс деп ойлайтындығы да сондықтан.
Достық пен дұшпаннан көңілі қалып, алдап-арбауды өз еңбектерінде жыр еткен- Абай Құнанбайұлы. Ақын ғұмырының соңына дейін артынан айтулы әдеби мұрасын қалдырды. Соның бірі «Көңілім қалды, достан да , дұшпаннан да» өлеңі. Бұл өлеңінде ақын өз дәуірінің, өз ортасының көрінісіне көңілі толмай, қатты сынға алып, өткір ойларын тізбелеген. Онда ел ішінде белең алған ұрлық-қарлықты, сұрамсақтықты, бірін-бірі мансап үшін аяқтан шалатын пендешілікті қатты сынайды. Сонымен қатар, ақын өз достары мен дұшпандарынан көңілі қалғандығын ашынып жеткізеді. Өмірінде алыс жақын қазақтың бәрін көріп, бүгінгі таңда пайда үшін жүргендерін айтады. Бұл жерде Нағашыбек шығармасы арасындағы ұқсастығын байқауға болады.
Ақын осындай жағымсыз жағдайларға жиіркеніп, халықтың болашақ жағдайынан алаңдайды. Негізінен, халықтың достығы мен бірлігі осындай қиын кезеңдерден көрініс табады. Ел-жұрт ауырпатшылық кезеңдерді жұмылып бірге көтерсе, қиындықтың атаулы болмайды да.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін, қиын кездерді әр ұлт бір мемлекет болып болып, достық қарым-қатынаста мемлекеттің ары қарай дамуына, өсіп-жетілуіне айрықша үлес қосу үшін 1995 «Қазақстан халқы Ассамблеясы» құрылды. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер құрып, жалпыұлттық қауіпсіздікті қамтамыз етуді мақсатына айналдырды. Тереңіне үңіліп қарағанда, мұндай істі атқару бір ғана адамның қолынан келмейді. Ол үшін жалпы ұлт, мемлекет, халық болып достықта іс-әрекет жасау қажет. Ал халықтың арасына іріткі салатындардың пиғыл-ниеті дұрыс емес. Олар мемлекет тарапына қатысты теріс қылықтар жасайды (ереуілдер жасап, қақтығыстар ұйымдастырады).
Қорытындылай келе, «біріңді қазақ, бірің дос, көрмеген істің бәрі бос»,- деп Абай атамыз айтып кеткендей, халқымыздың бірлік пен достықта болуы өте маңызды. Қиын кезде бір-бірімізге демеу болып, қол ұшын созу қажет. Сонда ғана татулық пен береке пайда болады. Ал, екі жақтың араз болуынан еш нәрсе де алға баспайтынын естен шығармау керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі