Өлең, жыр, ақындар

Құрбандыққа шалынатын мал түрлері және ерекшеліктері

1. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Басқа жануарлардан құрбандық шалуға болмайды.

2. Ұрғашы мал да, еркек мал да құрбандыққа жарайды. Қойдың еркегін және түсінің ағы қарасынан көп болғанын, ал ешкінің ұрғашысын сою сауапты болады. Бағалары бірдей болса, қой сою сиыр союдан да сауаптырақ.

3. Жүні қырқылған қойды құрбандыққа шалу және құрбандық үшін сатып алу мәкрух болады.

4. Қой-ешкі бір, сиыр екі, түйе бес жастан асқан болуы керек. Алты айдан асқан қозы ірі болса, құрбандыққа шалуға болады.

5. Бір көзі соқыр, ақсақ болып жүре алмайтын, тістерінің жартысы жоқ, құлағының немесе құйрығының басым бөлігі жоқ, бір аяғы шолақ немесе өлейін деп тұрған ауру малды құрбандыққа союға болмайды.

6. Киік секілді етін жеуге болатын жабайы жануарларды құрбандыққа шалуға болмайды. Жабайы өгіз (буйвол), жабайы түйе (лама) және жабайы қойды да құрбандыққа шалуға болмайды. Шағылысқан (будан) болса, мәселен жабайы қошқар мен үй қойы шағылысса, туған төлі құрбандыққа жарайды. Ал, керісінше жағдайда, яғни теке киікпен шағылысса, туылған төлі құрбандыққа жарамайды, өйткені үкім бойынша анасына қаралады. Анасы үй жануары болса, құрбандыққа болады.

7. Аталық бездері (жұмыртқалары) кішкентай, аналығы буаз, жүндері түлеп кеткен малды құрбандыққа шалу мәкрух болады.

8. Мұрны немесе тілі кесілген немесе көп мөлшері жоқ болған малды құрбандыққа шалуға болмайды.

9. Қой-ешкіде бір, сиырда екі емшегі кесілген болса, құрбандыққа жарамайды, бірақ баласын емізе алатын болса жарайды.

10. Екі құлағы кесілген, біреуі түбінен кесілген, құйрығы кесілген, бір немесе екі құлағы жоқ болған мал құрбандыққа жарамайды.

11. Бір мүшесі сүйегінің бірінші буынына дейін, мысалыға аяғы тізесіне дейін сынған (жұлынған) малды құрбандыққа шалуға болмайды.

12. Құрбандыққа шалынатын өгізге міну немесе оған соқа қосып жер жырту мәкрух болады.

Құрбандық малдағы кемшіліктер

Құрбандық шалуға кедергі болмайтын кемшіліктердің бірнешеуі мыналар:

1. Мүйізі сынық немесе мүйізі жоқ малды құрбандыққа шалуға болады.

2. Құлағының басым бөлігі кесіліп салбырап тұрса, мәкрух болуымен қатар, рұқсат болады. Жартысынан аз бөлігі кесілген болса, құрбандыққа шалуға болады. Құлағы енінен немесе бойынан жырық болса, құрбандыққа жарайды. Құлақтың жыртық болуы тәнзиһән мәкрух болады. Мұрынның үкімі де құлақ секілді. Қотыры бар, піштірілген малды да құрбандыққа шалу рұқсат. Піштірілген мал піштірілмеген малдан жақсы, өйткені ондай қошқарлар семіз және еттері дәмді болады. Пайғамбарымыз піштірілген қошқарды құрбандыққа шалған.

3. Құлағы, құйрығы кішкентай болып туған мал құрбандыққа жарайды. Құйрығы кесілмеген болса, меринос қойды да құрбандыққа шалуға болады.

4. Ұрғашы малмен шағылыса алмайтын, жыныстық мүшесі кесілген мал құрбандыққа жарайды. Гермафродит (екі жынысты) малмен құрбандық шалмау керек.

5. Өзі шөп жей алатындай жынды болған, отардан бөлінбейтін малды құрбандыққа шалуға болады. Отардан бөлініп, өзі шөп жей алмайтындай дәрежеде жынды малды құрбандыққа шалуға болмайды.

6. Бір көзінде көруіне кедергі болмайтын пердесі бар малды құрбандыққа шалу рұқсат.

7. Құрбандық малды соятын жерге алып келе жатқанда тебініп, жұлқынып, бір аяғы сынып кейін сойылса рұқсат болады.

8. Тістерінің басым бөлігі бар болса мәкрух болуымен қатар рұқсат болады.

9. Қотыры бар малды құрбандық шалу рұқсат.

10. Меринос қойлардың кішкентайында құйрықтарын кесіп тастайды. Кесілмесе мериносты да құрбандыққа шалуға болады.

Мал сойғанда мәкрух болатын нәрселер

1. Құрбандық малды соятын жерге сүйретіп апару, себепсіз жәбірлеу.

2. Пышақты малды жатқызғаннан кейін қайрау және біреуін екіншісінің көз алдында сою мәкрух болады.

3. Денесі суи бастамай тұрып, яғни тыпыршуы тоқтамай тұрып басын кесіп алу мәкрух болады.

4. Мал толығымен өліп, тыпыршуы тоқтамай тұрып жұлынын кесіп басын алып тастау және терісін сыпыра бастау мәкрух болады.

5. Қамыс, тас секілді өткір заттармен сою, өтпес пышақпен союға тырысу мәкрух болады.

6. Туатын кезі жақын қалған малды сою мәкрух болады.

7. Ұрланған, тартып алынған пышақпен сою да мәкрух болады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз