Жас батыр Жәнібектің жау алдындағы қайраты аңыз болып, ел ішіне тез жайылды да, Абылай хан оны жете сынамақ болады. Сол ойдың орайы бораны күркіреп, жаңбыры сіркіреген алай-дүлей бір түнге тура келеді.
Жорыққа аттанған Абылайдың қалың қолы нөсерлі қою қараңғы түнді жамыла иендегі ағаш бейіттен бірер шақырым өтіп барып түседі. Күз аспаны сағымша құбылып, бір ашылып, бір тұтылып, нөсер бірде құйып, бірде толастайды. Қолын тоқтатып, шатырын тіккен Абылай Жәнібекті шақыртып алып:
— Мына жігіттер суға малшынып, жолсоқты боп шалдыққан секілді, — дейді. «Хан шынымен-ақ қайрандап қалғаны ма?» деп ойлаған ақеділ, аңғал батыр:
— Хан майданда өлсек шаһит дер еді, қарап жатып өлгеннің не жөні бар? Бірақ түн қараңғы, отын табар жер де қинайды бізді, — дейді шын қайрандап.
— Ендеше отын іздеп таба алмассың, бағанағы жолдағы ағаш күмбезді қопарып алып кел! — дейді Абылай.
Екі жолдасына бір түйені жетелете жөнелген Жәнібек аялдамай бейіт басына жетіп келіп, күмбезді бұза бастайды. Осы кезде көртопырақ арасынан ағараңдап, ақыра айғайлаған аруақтар көрінеді.
— Мола да болса баспанамыз еді, кім бізді жалаңаштап жатқан?! — деп даурығады олар.
Түнгі иен далада бұл қаһарлы дауыс күмбезге жаңғырып, аспан-көкті тітіреткендей болады. Жәнібектің екі жолдасы көк аспан жарылып түскендей ес-ақылынан айырылып, жығылып-сүрініп, ат-көлігін тастай-тастай қашады. Сонда Жәнібек батыр аспай-саспай:
— Ей, аруақ, тыныш жат! Өлі сені қойып, тірі Абылай үсініп өлгелі жатыр, — деп тағы да бұза береді. Аппақ кебінін сүйреткен аруақтар күркірей жүгіріп келіп, өзіне тап береді. Сонда Жәнібек екеуін екі жаққа сілкіп тастап:
— Аруақ болсаң, Алла бұл дүниені сендерге жазбаған, жын-шайтан болсаң, шауып тастаймын! — деп тұра ұмтылады. Әлгі екі аруақ секіріп барып көртопыраққа кіріп кетеді.
Жолдастарының қашып кеткенін енді ғана байқаған батыр бейіттің ағашын түйеге артып, Абылайдың шатырына қарай тартады.
Бұл «аруақтар» Абылай ханның Жәнібекті сынамақшы болып, ақ киім кигізіп әдейі жіберген адамдары екен. Олар Абылайға келіп болған істі дәттеп, Жәнібектің ашумен аруақтарға ұмтылғанын айтқанда, бұл жүректілікке таңданған Абылай хан:
— Меңіреу түнде күңірене түрегелген аруақтан сескенбеген ержүрек, ашық майданда жауынан қалай тайсалсын? — деп қайрандай таңқалады.
Ертеңінде Абылай Жәнібекті тағы да шақыртып алып:
— Түнде не ғажайып болды? Аруақтарды ашуландырып, кәріне қалмасақ игі еді, — дейді. Бұл жәйді кәперіне алмаған Жәнібек:
— Бұл елдің хан, төресі сен едің,
Қас батыры мен едім.
Сен бұйырған жұмысыңның
Бұнысы қалай демедім, —
дейді Қазыбек бише термелеп.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі