Жігіт болып, ат жалын тартып мінгеннен кейін, тұңғыш бала ретінде әкесінің сырттай жүріп, ағайын болып саналатындардың ауылдарына жақын жерлерді жайлап, қыстаған көрінеді. өзі қайратты, батыр мінезді, ұзын бойлы ақ құба кісі болған. Жұрын жас кезінде-ақ есті адам ретінде ел азаматының бірі болып танылып, есейе келе ел ағасы болып саналған. Оның сол кездерде жетім мен жесірлерді де назарынан тыс қалдырмай, адамгершілік жасаған.
Жұрынның бірінші әйелі бес бала туған. Олардың ішіндеп көзге түсері Жаналы ұлы екен. Ол ерлігімен елге танымал болып, батыр атаныпты. Өзі жуан мойынды, қақпақ жауырынды, сом денелі, шапшаң қимылдайтын адам екен. Жаналының ақырған дауысы құлақ жарардай қатты болған.
Бір күні таң алдында Жұрынның екінші әйелі босанып, ұл туыпты. Жаңа туған сәби шырылдап жылап, көпке дейін жұбанбапты. Таң атқасын «ел шетіне қалмақтар жақындап келе жатыр» деген хабар сап ете қалады. Жұрын жақын ауылдарға балаларын шаптырып, ауыл азаматтарына «тез аттансын!» деп хабарлайды.
Қалмақтар жан-жақтан атой салып, шауып келе жатқан қазақтарды қорықпай қарсы алыпты. Өздері найзамен, қылышпен қаруланыпты. Жалпы саны отыз қаралы екен. Бұларға елден бұрын жеткен Жаналы қатты ақырып қалған кезде, оқыс дауыстан шошып кеткен аттар кейін бұрылып, зыта жөнеліпті. Мұндайда қарсыласа алмаған дәрменсіз жауды арқасынан соғу оңай болатын көрінеді. «Мынаның көзін құртпай болмас» деп ойлаған қалмақтың бір мықтысы Жаналының арт жағынан келіп, желкесіне найза қадапты. Найзаның ұшы дулығаның шынжырланып тоқылған көздерінен әрі қарай 2-3 елідей ғана кептеліп қалыпты. Жаналы бір қолымен желкесіндегі найзаның ұңғысынан ұстап алып, ілгері қарай еңкейіңкіреп, астындағы атын тебініп қалады. Аттың екпініне шыдамаған жау найзасынан айырылады. Қазақтар қашып бара жатқан қалмақтардың соңына түседі де, қалғандары Жаналыны қоршап тұра қалады. Ол «Мынаны алыңдар» дегенде, қасындағылардың ешбірінің де дәті шыдамапты. Сонда Жаналы: «Әй, осы шегені де ала алмай тұрсындар ма?» — деп найзаны өзі алып тастапты. Содан кейін қасында тұрғандар оны аттан түсіріп, қан ағып жатқан жеріне май- да құм салып, ізінше күйдірген киізбен жараның ауызын күйдіріп, қанын тоқтатыпты.
Жоғарыда айтылған оқиғадан бір жыл өткеннен кейін отыз шақты қаруланған қалмақ төлеңгіттері мен жасауылдары шеткі бір ауылдың мал-мүлкін тонап алып барады деген хабар жетеді. Тез арада жиналған қазақ жасағы қалмақтардан екі жарым еседей көп болады да, қалмақтарды қоршап алады. Қалмақтар қару жұмсап қаншама тырысқанымен қоршаудан шыға алмайды. Іс қиынға айналғанын сезіп, қалмақ тобы қазақтардан бітім сұрайды. Қазақтар өзара ойласып, келісімге келеді. Бітімдесіп кеткен қалмақтар сөзінде тұрмапты. Арада екі-үш ай өткенде қарулы жау жасағы елдің шетіне жақындап қалыпты. Бұл кезде Жұрын батырдың жасы үлкейіп, қайраты қайтыңқыраған шағы болғандықтан, ел жасағын оның баласы Жаналы батыр ұйымдастырыпты.
Жұрын атын ерттеп жатқанда, қасына келген Жаналы: «Бұл сен баратын ұрыс емес. Ауылда қалып, бала-шағаның ортасында бол», — депті.
Ел азаматтары жауға аттанып кеткен соң, үйде отыруға шыдамы жетпеген Жұрын Ахмет деген үзеңгілес досын ертіп, жауға шығады. Бірақ қалмақтар бұларды қоршап алып, әуелі Ахметті өлтіреді. Содан кейін Жұрынды найзалап жатқанда, жетіп үлгірген жігіттер оны жаудан арашалап алады.
Ауыр жарақаттан қайтыс болған Жұрын батырды Естеміс тауы деп атайтын биік төбенің басына жерлепті.
Оқуға кеңес береміз:
Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі