Өлең, жыр, ақындар

Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы

Жәнібек өтміштегі тар жол, тайғақ кешірмелерін былай еске алады екен:

1. Майдандасып жау түсіруді ерлігім деп санаймын, қаптаған жаумен шайқассаң, өткір найзаның ұшымен, тұлпар аттың күшімен, қайратыңа әдіс-амалыңды қосып жеңесің. Сен оны алмасаң, ол сені алады. Талай-талай қан майданды басымнан кешірдім, тар жол, тайғақ кезеңдерден өттім, майданда жау түсірмей қайтқан жерім жоқ, оның қайбірін ерлікке санарсың. Бірақ өмірімде қапияда кезігіп, қас-қағымның арасында өткен үш түрлі жағдайға тап болдым. Сонда менің жүрегім түршігіп көрмеді. Кейбіреулер қорқамыз дейді екен, мен қорқудың не екенін білген жан емеспін, Алла берген жанды Алла өзі алады, басқа біреудің алуы мүмкін емес деп сенемін.

Соғыста жеңілгенің — ақыл-айла мен күшіңнің кемдігі, соғыста жеңгенің — сол екеуінің артықтығы. Ал күтпеген жерде жаныңа қысым келгенде қабағыңды шытпай, қалт ойлап, қапысын тапсаң, ерлік, жүректілік деген сол.

Жас кезім, жылқы табынында жүріп таң қараңғысында көз іліндіріп алайын деп тоқымымды төсеп, ерімді жастанып, шылбырымды жамбасыма басып, көйлектің омырау түймесін ағытып, кеудемді самалға ашып, көк шалғынды қолатта жатып қалдым.

Бір кезде мұздай суық бір нәрсе кеудемді басып келе жатқанынан ояна келсем, жылан екен. оянғанда қозғалып кетсем керек, жылан ысылдап иегімнің астынан аузыма қарай өрмелеп тілін жалаңдатты. Шағып алар ма екен деп сескенбедім. Аузымды ашып, демімді ішіме қарай тарта бердім. Екі көзім жыланның қимылында, оның басы аузыма кіре бергенде тісіммен қыршып түкіріп жібердім, сонда тісім мұздай болып кетті. Бірақ сескенбедім. осы оқиғаны естіген нағашым: «Жігіттің ерлігі — байсалдылығы», — деп мені мақтаған еді.

2. Ел алдына түсіп, ер қатарына қосылып қалған кезімде, «ел шетінде жау жатыр, жолдастасып бірге барып, соны алайық» деп Қабанбай батыр шақыртыпты. Ара қонып Қабекеңнің ауы- лына жетіп, сәлем беріп үйге кіргенімде, сәлемді Қабекеңнен бұрын Бөгенбай батыр алды. үйде екеуі ғана екен, жиған қол- дары, жау-жарағы көрінбейді. Кешкі аста отырғанда Бөгенбай жай бір ғана:

— Жау жанынан бөлініп шығып, өз бетімен қол жинаған бір қарақшы екі елдің тыныштығын кетіріп, малын айдап, қыз-қатындарын олжалап, маза алып тұр, — деді.

Мен көп сөйлемей:

— Ел алаңсыз болғаны жақсы еді, — дедім.

Ертеңінде үшеуміз бір жол бастаушы алып жүріп кеттік. Бірер күнде ел шетіне іліндік. Қарақшылардан зәбір көрген ел зар жылап, көк етегін көл қып көз жасын төкті. Қарақшылар ойда жоқта жәйін жатқан елге басып кіріп, малын қуып, адамын олжалап, қарсыласқан ер азаматты өлтіріп, ойына келгенін істеп жүріпті. Қарақшылардың жүгенсіз қылықтарын естіп, халықтың көз жасын көрген сайын қаным қайнап, аласаттым. Жауға таяған сайын жүрісіміз ширай түсті. Олардың апанын анық білетін жол бастаушымыз төтелеп бастап, нелер құлама құз, ақпа қорым, жыныс ормандардан өтіп, бізді таң бозында олардың тақ желкесінен түсірді.

Қарақшылар бір үлкен қолатты алып, ақбоз үйлерді тігіп тастап жатыр екен. Шамасы жортуылдан түнде ғана келсе керек, аттары түюлі, түйелері қомдаулы, тоғанақты теңдері жиылмаған.

«Қанша халықты зар илетті екен» деген ой басыма найзағайдай соғылғанда, атымды ұрып жіберіп Қабанбай мен Бөгенбайдың алдына көлденендеп тұра қалғанымды өзім де білмей қалыппын. Менің шыға келгенімен рұқсат сұрағанымды айтқызбай таныған екеуі жарыса:

— Балақай, жолың болсын! — десті. Бұрылып жүре бергенімде олар: «Жол бойындағы халықтың мұң-наласы ширықтырып келе жатыр еді, жолы болар-ақ! — десті.

Дұспан да болса «қапы кеттім» демесін деп, ортасына ұран салып кірдім. Олардың тұшты ұйқысын менің күшті даусым шайдай ашты. Топ-топ болып үйлерден шығып, аттарын шешіп жатыр. Назарым ортадағы ақ үйде, содан шыққан бес адамның артқысы зор денелі біреу киіз есікті иығымен көтере ашып, нығыз басып маған қарай кірпікті қысық көзімен бағып келеді. Үстінде сауыт-сайман, үстінен жамылған үлкен сары жібек шапан. Шапанның етегі шалғынға сүйретіліп, шұбалаң қағады. Жас мөлшері қырыққа еркін ілінбеген, селеу сақалды, тайқы маңдайлы, бүйрек бетті, дүрдиген ерінді адам екен. Дәл ернінің үстін түйреген найза табынан қалған тыртықты анадайдан айырдым. Жолбарыстың мұртындай бес тал мұрты тіп-тік болып шашырап тұр. Оның сетілген танауынан келекенің күлкісі байқалғандай болды.

— Кімсің сен?! — деп зеки сұрады менен.

— Мен жөнімді айтқаныммен, сен жөніңді не деп айтар едің? Ел дейтін елі, жөн дейтін жөні жоқ қаны қара қарақшы! — дедім ақырып. Сөзім шымбайына батты білем, көзінен ашу оты жарқ етіп шыға келді. Артына бұрылып қолын бір-ақ сермегенде екі жүз шақты адам атына қонып үлгірді. Мен: «жеке-жеке!» деп айғайладым. Сол сәтте қарасұр атты біреу майдан тартты. Шауып келе берген сәтте найзасынан шап беріп жұлқа тартқанымда ат тебінімен алдыма келіп қалды. Сол сәтте қанжарын суыруға келтірмей атынан жұлып алып, жалпақ тасқа қойып кеттім. Атымның тізгінін тез тартып: «жеке-жеке!» деп тағы да айғайладым. Бар ойым пәле басы — бағанағы сарыда. Онымен сілкілеспей ашуым тарап, кегім қайтатын емес.

Жуан сары шапанын шешіп тастап артына бұрыла бергенде, тұлпар атын екі адам жетектеп келіп иіле қалды. Атына мініп найзасын серт ұстанған, ол әуелі менің жүрегімді алғысы келді білем, ашулы отты көзімен түйіле қарап келіп, майдан тартып шаба жөнелді. Ағызып келіп атының тебіні, қолының бар пәрменімен кіндігімнің басынан найза салды. Мен қалқанымды тоса қойдым.

Тізгін тартқанда кәнігі болған сары тұлпар тік секірді. Осы кезде ол өте шапшандықпен жанды жерімнен әлде неше рет найза салды. Мен де қалт кетірмей тостым. Ақыры ол кезек беруге мәжбүр болды. Мен де ағызып келіп найза салдым. Шіркіннің күштілігі мен шапшаңдығы-ай! Өзім-өз боп найзамның қатты қағылғаны осы еді. Кезек тағы бір айналып маған келді. Мен ойқастатып шыға бергенімде серіктерімнің ұран салған дауыстары естілді. Менің басыма «бір қарақшыны ала алмағаным ба?» деген намыс орала кетті. Қалай келгенімді білмеймін, қылышпен қатты ұрғанда қалқаны қолынан ұшып кетті. Қайта қайырылып, қылышын қағып, ұшырып жібердім. «Басын шауып тастаймын» деп қайырылғанымда, менің екі батырым да келіп қалған екен.

Ақ боз үйден еңірей жүгірген әйел заты келген беті үзеңгімді сүйіп, жалынып:

— Жанын қиып кет, батыр! — деп өтінді. Бөгенбай мен Қабанбай осының тілегін бер деп сұрады.

— Ал бердім, — деп майданнан шыға бергенімде:

— Мені өлтіріп кет! — деп айғайлап маған қарай тұра шапты әлгі батыр, — мен елсіз, мекенсіз едім, енді серіксіз қалдым. Басымды сүйер жан қалмаған екен, енді қаңғытпа, мені өлтіріп кет! — деп ұшыртып келеді. Көзінен от шашырайды, ашу-кектің ұшқыны ма, әлде өкініштің қамырығы ма, кім білсін оны. Сонда байқадым, қасында қорғап, қоршап жүрген екі жүздей жолдас-шорасының бәрі қашып кеткен екен.

— Бердім жаныңды мынау үшеуіне, — деп қайта қайталадым мен. осы кезде жаңағы әйел жан ұшыртып келіп оның шылбырына оралды.

Батыр әйелге бұрылып:

— Біткен екен менің уақытым, сүйенер елім де, жанкүйер жолдасым да жоқ. Енді мен үшін өмір сүрер жер де жоқ, құрыдым, мен құрыдым! — деп атын ұра жөнелді. Тықыршып тұрған тұлпар сауырына қамшы тигенде шылбырға оранған әйелді етбетінен түсіріп кетті. Жан ұшыра түрегелген әйел:

— Өлтіріп кет мені! — деп айғайлап тұра жүгіріп екі-үш қадам аттай бере құлап түсті. Жаңағы ашу-кектің қан майданын енді сорлы әйелдің мұң-наласы басты. Оның жан дауысы құлағына жеткенде ғана ес жиды ма, қалай, әлгі батыр қайта ағызып келді де, орнынан тұра берген әйелді іліп алып шатқалды өрлей тартты. Біз соңынан қарап тұрмыз, әйелдің білегі оның мойнына орала кетті. Олар тау айналып кеткенде ғана Бөгенбай маған бұрылып:

— Мынаның кім екенің білесің бе? — деп сұрады.

— Білмеймін! — дедім мен.

— Білмесең, жоңғар хандығының ең білікті жас батыры. Осы қайтер екен дегізіп, жүрек шайлықтарып келіп еді. Жоңғар хандығына бір қылығы жақпай, қағажу көрген соң кеудесін бастырғысы келмеген асау жүрек жас батыр ақыры бой көрсетіп шығып кеткені осы екен, — деді.

— Бақ қайтудың басы осы сұлу әйелден басталса керек, — деді Қабекең сөзге араласып.

— Бұл сұлу әйел ханның қызы ма, әлде жесірі ме онысын біле алмадым, әйтеуір осы батыр жігітпен көңіл қосыпты, сол себепті хан ашық жазалай алмай, орда төңірегінен жылжытып жіберіпті. ол өзіне қарасты әскерін бастап, осы әйелді жапан дүзге алып шығып кетіпті. Хан әскері қуа келіп соғысып бұны ала алмапты, — деді жол бастаушы.

— Біз сенің білегіңді бір көрсетіп қоя берейік деген едік, — деді Бөкең сөзін жалғап, — себебі мынау тірі кетсе, Жоңғар хандығы екі ұдай болып тозғындай берер еді. Бірақ мынау тірі кетпейді. Менің адам танитыным рас болса, оның жаңағы әйелін ала жөнелгендегі бейнесі өлім есірігі басқан кісінің кейпіне ұқсайды. Ендігі өліп те болған шығар-ау!

Осыдан кейін біз бір-бірімізбен сөз байласқан адамдай әлгі тұлпардың ізімен жүріп кеттік. Көп ұзамай олардың өліп жатқанын бір жартастың басында тұрып көрдік. Олар жартастың ұшпа жеріне бір келіп (тегі жатын орындарын көрсе керек), атты қыздырып айнала шауып, жартастан қарғытып кетіпті. Батырдың бір қолы атының тізгінінен айырылмапты да, әйел батырдың мойнынан құшақтаған беті түсіпті. Талай-талай соғыста болғаныммен, осы батырдың өзін-өзі өлтіруі мені көбінде ойландыра береді. «Халқынан айырылған қан құсады» деген осы болар.

3. Жиырманың жуан ортасына келіп батыр атағым жұртқа таралып, ел басқарып, қол бастап, жұрт ағасы болып қалған кезімде қайныма ұрын бардым. Қайын жұртым аса бай ауылдар еді. үлкен көгал жазыққа тойға бола топтала қоныпты. Бізді бастап келе жатқан ел жағымыздың үлкендері әлгі ауылдарға таяй бере іркілмей жүріп кетті де, екі жолдасыммен мені қарсы ала шығатын жеңге, балдыздарды күтіп тұруға бұйырды. Бір кезде ақ шылауышты жеңгелер мен қызылды-жасылды киінген қыздар ауылдан бізге қарай жүрді. Сонда: «Алысатын жау емес, айтысатын дау емес, мыналар нені сұрап, мен не айтармын?» — деп көрген жолдасымнан сұрай берсем керек. Жолдасым:

— Бәрекелді, Жәнібек, жарақты жауға шабарда ақыл сал- мағанда, мына елдің қыз-қатындарының жүзін көрмей, қарасынан-ақ ықтай бердің ғой, — деді.

— Бәлі, жігітім, олар төбесін көрсетпей жатып-ақ бізді аттан түсірмеді ме, қамалы берік алып батырың, алдырмас шешенің дәл осылар болмағай?! — дегенімде, жолдасым күліп:

— Бұл да ер азаматтың бір кешуі. Ер азаматтың туада нағашы жұрты, ата жұрты дейтін екі жұрты болса, қайын жұрты өсе келе, жүре келе өзі тауып алатын жұрты емес пе? — деді.

Елден ерекше мен мұндалап, шошақ төбелі, үкілі тымақ киіп мен тұрмын. Менің жел шықпаса, басқа жан жықпаған тұлпарыма екі-үш бала мінгесе ойқастата жөнелді.

Жаңағы теңге-моншағы сылдырап келген жеңгелер бізді ақбоз отауға бастап кіріп, шымылдығы құрулы қайқыбас төсек алдына әкеліп отырғызды да, екі жолдасымды менен бөліп, төр алдына алып кетті. Әзіл-қалжыңға өткір, ашық-жарқын жеңгелер де, аз сөйлесе де, ақырын сөйлесе де, ұтып сөйлейтін зейінді бойжеткендер де бар екен. Бұлар қан майдандағы батырлықтан арман сынайды, сынағанда да қандай, сенің дәп бір әлсіз жеріңді ұтылап тиіседі. Қалжың шіркін бұндайда ығына келіп, жараса беретін көрінеді. Бірі сенің жүзіңді көргісі келіп тымағыңды шалқайтып кигізіп кетсе, бірі: «қасқаюын батырдың, мынауың жоңғардың майданы емес, құдайдан атаңның ауылы» деп еңкейтіп, қайтадан нұқи кигізіп кетеді. Біреуінің қабырғасынан мытып қалайын десең, ол майдандағы батырдың білектей қабырғасы емес, қатты тиіп, қате кете ме деп және қорынасың, сен қорынған сайын олар басынады, күледі, ішек сілесі қатқанша күледі. үлкендерді де өздеріне еліктіріп қоса күлгізеді. Ыза болайын десең, олар қандай байқағыш, үшеу-төртеуі бас қоса қалып: «Қой деймін, Жамал, батыр атқа мініп ұран салып шығып кетпесін», — деп қитығыңа тие, одан сайын сыңғырлай күледі. Ақыры осылар жеңбей қоймайды. иілдірмей, тізе бүктірмей, шаршатпай тынбайды. өмірімде қысылып-қымтырылып, адам еркіне көнген бір кезім сол екен. Үлкенсимін дегенмен, үлкенси алмайсың. Өйткені ата салты бәрінен үлкен. Оған халықтан басқаның дәрмені жетпейді.

Оқуға кеңес береміз:

Жұрын батыр

Қаралда батыр

Қозыүй батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз