Өлең, жыр, ақындар

Альфа буыны, сен кімсің?

2010 жылдан бастап дүниеге келген балаларды ғалымдар «Альфа ұрпақ» деп атап жүргенін білеміз. Біріншіден, альфа ұрпақ деген кім және бұл сөздің қалай пайда болғанын анықтап алайық. «Альфа ұрпақ» терминін алғаш рет австралиялық ғалым Марк МакКриндл қолданған. Оның зерттеуі мен анықтамасы бойынша бұл атау 2010-2024 жылдар аралығында туылған балаларға қатысты қолданылады. Бұл он бір жастағы балалар мен алдағы жылдары дүниеге келетін сәбилер. Бұлар Z ұрпақтың, яғни зеталар мен зумерлердің (2001 жылдан туылған ұрпақ)  орнын ауыстырады. Тіпті, 2025 жылға қарай дүние жүзінде олардың саны екі миллиардқа жетеді деген болжам бар. 

Альфа балалардың ерекшеліктеріне тоқтала кетсек. 2010 жылы, яғни Instagram іске қосылған және алғашқы iPad-тың пайда болған жылы дүниеге келе бастады... Сонымен қатар, әлеуматтаунашылардың пікірінше бұл балалардың кітап пен сурет дәптерінен бұрын планшетке тезірек бейімделіп, сонысымен жаһандық эксперименттің бір бөлігіне айналғанын айтады. Бір жаста-ақ кішкентай баланың гаджетке қалай тез тәуелді болатынына таңғалып жатамыз ғой. Алайда, таңғалатыны жоқ, себебі олардың басты артықшылықтары — әлеуметтік желіні лезде меңгеріп, оны қолданыста белсенді түрде пайдалану. Сонымен қатар, олар скринейджерлер болып келеді. Скринейджерлер — әйнекке тәуелді ұрпақ. Олардың электронды құрылғыларға деген бейімділігін қалай атасақ та, осылай екені рас. Дәл осы қасиет балалардың осал тұсы мен мықтылығы болып келеді.  Бұл мәселені екі тараптан анықтап қарасақ: бір жағынан, ондай бала жан-жақты болып келеді, әлемдегі болып жатқан кез келген ақпараттан хабардар болып, үй тапсырмасын орындай отырып, әлеуметтік желіде белсенді болады. Екінші жағынан, бала өте шашыраңқы болады, оның зейінін шоғырландыру қиын және бір мәселеге ұзақ уақыт назар аударып қарай алмайды.  

Альфа балалар шынайы өмір мен виртуалды өмірдің айырмашылығын көрмейді. Бәрі аралас, себебі бұл екі әлемнен ақпарат қабылдауда еш айырмашылық жоқ. Егер бұрынғы интернет пайдаланушылар өздерін немесе өмірлерін әлеуметтік желіде безендіруге тырысса, бұл ұрпақ үшін ол аса маңызды емес, шынайы нәрсе шынайы күйінде интернетке түседі. «Көрсетуге болады» және «Көрсетуге тыйым» деген екі тарапты сүзгіден өткізбей-ақ, бір күнде басынан өткен оқиғасын қалай бар солай баяндап, блог жүргізуде. Кейбір Ютуберлер қазіргі таңда итпен ойнау, тамақ ішу, жастар сленгі бойынша «unpaking» рубрикасы сынды видеода қарапайым істермен айналысып-ақ, миллиондаған көріністерге ие болып жатады. Міне, бұл контент қазіргі Альфа буынның фишкасы.

Скептиктер Альфа балаларын виртуалды әлемге тым сіңіп кеткен деп есептейді. Яғни, олар қарым-қатынасты орната алмау мен эмоцияларды түсіне алмаудан деп ойлайды. Алайда, бұл бір жақты көзқарас. Себебі, креативті, сыни, ашық ойлы Альфа балалар жаңа бір еркіндік әлемін құра алатын айырмашылықпен ерекшеленеді.

Автор: Камила Тастанбек


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар