Өлең, жыр, ақындар

Инста-Әже (Көрініс)

(Сахнада әжесі кесте тігіп отырады. Даладан жүгіріп келген немересі, мойнынан құшақтап, еркелейді)

Немересі:

— Әже, ақ әжем, әжетайым!

Әжесі:

— Келген кім екен? Осы үйде тәтті қошақан бар еді, сол қыз ба екен әжесіне еркелеп жатқан?

Немересі:

— Әже, не істеп отырсыз?

Әжесі:

— Қошақанның жасауын жасап отырмын.

Немересі:

— «Жасау» деген не, әже?

Әжесі:

— «Жасау» деген — ұзатылған қыздың соңынан апаратын қолдан жасалған көрпе-жастық, жиһаз-сандық, ыдыс-аяғы ботам.

Немересі:

— Сонда мені ұзатайын деп жатырсыздар ма? Мен әлі кішкентаймын ғой?

Әжесі (күліп):

— Жоқ, балапаным! Сен өсем дегенше қайда... ?! Тек ол күнге дейін әжең бар бола ма, жоқ бола ма, кім біледі? (күрсініп) Көзім көріп тұрғанда бір тұскиізіңді кестелеп қояйын дегенім ғой, шырағым!
Немересі:

— Әже, мен өскенде сізге ұшақпен әлемді аралатам. Армандап жүрген Меккеңізге ай сайын апарам! Кемеге отырғызып, Катамаранмен қыдыртам.

Әжесі:

— Әумин, құлыным! Арманыңа жет! Сенің қызығыңды көрсем арман бар ма? (Жаулығының ұшымен көзін сүртеді)

Немересі:

— Әже, мен де тігіп көрейінші..?

Әжесі:

— Ынта-ниетіңнен айналдым! Қане, тіксең тігіп көре ғой? Алғашқы тігісті қысқа аласың кейінгілерін сәл жоғары алып, дәл ортасын биік қыласың. Кейін қайта азайтасың. Сонда осындай толқын шығады.

Немересі:

— Әже, мына гүлдерді қалай жасадыңыз?

Әжесі:

— Иненің басына қызыл жіпті шиыршықтай орап, дәл ортасынан тіксең, осылай гүл болып шығады.

Немересі:

— Әже, сізге неге инстаграмнан парақша ашып, «шеберлік сағатын» өткізбеске? Өзім жүргізем!

Әжесі:

— Ол не тағы қарағым?

Немересі:

— Әже, сіз маған кестелеп тұскиіз тігудің неше түрін көрсетесіз. Ал мен оны бейнетаспаға түсіріп, инстаграмға жүктеймін. Оны елдің бәрі көреді. Әсіресе мен секілді оқушылар. Солай елге танымал «шебер әже» атанасыз.

Әжесі:

— Еее, құлыным! «Үйренем» деген жастар болса, қуана-қуана көрсетем ғой.

Немересі (қолына телефонын алып):

— Сәлем инстадостар! Бұдан былай мен сіздерге «әлемдегі ең мейірімді» әженің «тұскиіз тігу» атты шеберлік сағатын ұсынамын! Менің парақшамнан алыстамаңыздар!

Әжесі:

— Ақботам-ау, мені әлейім ел көрсе, дайындалып, әдемі көйлегімді киіп келейін. «Кіріспе сабақ» дайындайын. Қазір асықпайық?!

Немересі:

— Әже, сіз онсыз да әдемі,  сұлу болып отырсыз! Бірақ «кіріспе сабақ» дегеніңіз дұрыс екен...

Әжесі:

— Онда мен кесте тігіп отырғанда айтатын, қызықты ертегілерімді де дайындасам қайтеді?

Немересі:

— Әже ертегілерге «әжемнің ертегілері» деген бөлек парақша арнайын? Ал тігіннің қысқа-нұсқа болғаны дұрыс! Сосын шежіре мен ел тарихына қатысты әңгімелеріңізді де таспаға түсіріп қояйықшы?!

Әжесі:

— Құлыным-ау?!  «Бояушы-бояушы дегенге, сақалын бояпты» - дегендей, елден ұят болмасын?! Ол қажет бола қояр ма екен?!

Немересі:

— Әже, сыныпта бір оқушы маған:

— Әжең не үшін Қытайға кетіп қалған баяғыда? - деп сұрады. Сосын мен оған Анненковтың қазақ ауылдарына жасаған зұлымдықтары туралы, сіз айтқан әңгімелерді айтып бердім. Оның жылағысы келіп кетті сол кезде...

Әжесі:

— Егер қажет болып жатса,  айтайын құлыным. Еее, бұл қазақ не көрмеді шырағым?! Қой, кешкі асты қамдайық ботам? Анаң шаршап келгенде, асы дайын тұрсын.

(Әжесі орнынан тұрып, етегін қағып, сахнадан кетеді. Немересі инстаграмға жазба жазады.)

Немересі:

— Достар,  менің әжем өте қызық әңгімелер біледі. Егер сол әңгімелерді естігілерің келсе, лүпіл басыңыздар! Өкінбейсіздер!  (Телефонын өшіріп):

— Әже, қандай көкөніс аршиын? Әже..!  ( шығып кетеді.)

(Соңынан сахнаға қайта келіп, екеуі сәл бастарын изеп, қошемет көрсетіп кетеді.)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз