Өлең, жыр, ақындар

Экологиялық мәселе – әлемдік проблема

Адамзаттың экологиялық апаттардан зардап шегіп келе жатқанына ғасырға жуық уақыт болды. 20 ғасырдың екінші жартысында қозғалған мәселелердің көбі әлі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Шешімін табу былай тұрсын, қоғам дамыған сайын экологиялық мәселелер де ушығып келеді. Қағаз өндіреміз, отын жағамыз деп орманды да жойдық. Оның алдын аламыз деп газ бен жағармайды да есепсіз пайдаландық. Нәтижесінде озон қабатын да тесіп тындық. Пластик өндіреміз, өмір сүруді жеңілдетеміз деп қазір сол пластиктен құтыла алмай жатырмыз. Бұған кім кінәлі? Экологиялық проблемалармен қалай күресеміз?

Адам жаратылғалы табиғаттан өз керегін алып отырған. Дегенмен, 18 ғасырда табиғаттың үстінен билік жүргіземіз әлемнің табиғи айналымын бұзып алдық. Цивилизация, революция деп жүріп планетамыздың қалай өзгергенін де байқамадық. Топырақ, су, ауа экологиялық кризиске ұшырады. Қазіргі таңда әлемдік проблемаға айналып отырған 6 экономикалық мәселе бар. 

1. Ғаламдық жылыну

Антропогендік фактордың әсерінен планетамыздың температурасы өз қалыпты деңгейінен жоғары деңгейге көтерілген. Қазбалы отынның жануы мен жер бетіндегі адам санының артуы да ғаламдық жылынуға алып келіп отыр. Нәтижесінде мұздықтар еріп, теңіз деңгейі көтерілді. Нормадан тыс жауын-шашын мен мұхиттың қышқылдануы секілді экологиялық проблемаларды да осы ғаламдық жылынуға жатқызамыз.

2. Мұхиттың ластануы

Жер планетасының 70% су алып жатқандығын бәріміз де білеміз. Мұхит – жер бетіндегі климатқа әсер етуші басты фактор. Техногендік апаттар, ағынды сулар мен өнеркәсіп қалдықтарының мұхитқа шығарылуы – мұхиттың ластануына әкеліп отырған басты факторлар.

3. Озон қабатының тесілуі

Озон – стратосфераны құрайтын қабаттардың бірі. Планетамыз үшін озон қабатының атқаратын рөлі орасан зор: жер бетіне ультракүлгін сәулелердің бір бөлігін өткізбей, барлық тірі организмдерді күннің тікелей сәулесінен қорғайды. Озон қабатының жұқаруына бірден-бір себеп: космосқа ракеталар мен спутниктарды ұшыру. Сонымен қатар, 12 километрден жоғарғы әуе қатынастары мен фреонның өндірістік және тұрмыстық қалдықтары да озон қабатын бұзушы факторларға жатады.

4. Ауаның ластануы

Таза ауа дефициті, климаттың өзгеруі, озон қабатының тесілуі секілді проблемаларды біріктіретін бұл әлемдік мәселенің басты себебі:

•  Өнеркәсіптік кәсіпорындардан шығатын қалдықтар.

•  Автомобиль қозғалтқыштарынан шығатын улы газдар.

•  Радиоактивті объектілер.

•  Тұрмыстық зиянды қалдықтар.

5. Топырақтың ластануы

Топырақ – қайта қалпына келмейтін табиғи ресурс. Егер топырақ деградацияға ұшыраса оны қайта қалпына келтіру немесе аңадан өндіру мүмкін емес. Сол себепті қазір ғалымдар дабыл қағып отырған басты экологиялық проблемаға топырақтың ластануын жатқызамыз. Топырақ біздің тұтынатын азығымызға, ішетін суымызға және тікелей денсаулығымызға әсер ететін ресурс. Ал бұл ресурстың ластануына себеп:

• Тамақ қалдықтары мен жөндеу жұмыстарынан кейін қалған материалдардан құтылу үшін пайдаланатын полигондардың шектен тыс көбеюі;

• Ауыр өнеркәсіпте бериллий, мышьяк, цианидтер, кадмий, сынап сынды тұздардың өндірілуі;

• Ауылшаруашылығында ядохимикаттар мен минералды тыңайтқыштардың қолданылуы;

6. Ағаштарды жаппай пайдалану, ормандардың жойылуы

Ағаштарды мөлшерсіз кесу – орман орындарын шөлге айналдырып, биологиялық және әлеуметтік проблемаларға алып келеді. Мысалы: жануарлар мен микроорганизмдердің, өсімдіктердің жойылуы. Тіпті, этникалық топтардың жойылып кетуіне де әсер ететін фактор – ағаштарды кесу.

Былай қарағанда жоғарыда аталған факторлар жер бетіне айтарлықтай ықпал етпейді деп ойлауыңыз мүмкін. Дегенмен, жер – өте нәзік жүйе. Табиғаттағы балансты бұзып, үлкен катастрофаға әкеліп соқтырады. Сондықтан әр тұлға табиғаттың алдындағы міндетін орындап, жер анамызды қалпына келтіруге кішкене болсын өз үлесін қосуы керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз