Өлең, жыр, ақындар

Постмодернизм теориясы және қазақ прозасының жаңа дәуірі

Осыдан біршама уақыт бұрын модернизм, постмодернизм, метамодернизм деген сөздер естілсе бұқара халық былай тұрсын, зиялы қауымның өзі үрке қарайтын. Енді міне біз қаласақ та, қаламасақ та бұл ұғымдар еркімізден тыс өмірімізге де еніп, әдебиетімізге бойлап кіріп, мәдениетімізге сіңіп бара жатыр. Себебі қазіргі уақытта өзімен-өзі оқшауланып, жеке дара өмір сүріп жатқан бірде-бір әдебиет, бірде-бір мәдениет жоқ. Нарықтық, ғылым-техникалық, постиндустриалды өркениеттер бір-бірімен қалай тоғысып, жымдасып, бір-бірін толықтырып, жетілдіріп жатса, әдебиет пен мәдениетке де жойқын ақпараттар дәуірі өз дегенін жасауда. Постмодернизм қашанда өміршең сананың жемісі. Ол қоғамды алға жетелеп, сананы сілкіндіруге жұмыс жасайды. Ол ескі мәннен жаңа пайым, өткен әлемнен жаңа әлем жасап шығуға құмар. Ол әдебиетте, мәдениетте, философияда, қоғамдық формацияның барлық өндіргіш күштерінде өмір сүріп келе жатыр. Одан қағыс қалған қалтарыс жоқтың қасы.

Постмодернизм – әдебиеттің ғана емес, сонымен қатар кескіндеме, мүсін өнері, кино, архитектураның да құндылықтары мен стандарттарын қиратып, соған деңдей енген жаһандық мәдени құбылыс. «Постмодернизм» сөзінің өзі екі түрлі еуропалық тілден алынған морфемадан тұрады. Постмодерн латын тілінде post – «кейін» және французша moderne – «жаңа», «заманауи» деген мағынаны білдіреді, осылайша «Постмодернизм» ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемнің қоғамдық өмірі мен мәдениетіндегі құрылымдық жағынан ұқсас құбылыстарды білдіретін термин. Бұл құбылыстардың мәні неде?

ХХ ғасыр мәдениетінде «постмодернизм» термині алғаш рет неміс философы Паннивиц Рудольфтың «Кризис европейской культуры» (1917), кітабында нигилистік ой бейнесінде сипатталған. Ол еуропалық мәдениетті құлдырау және дағдарыс жағдайынан шығаруға қабілетті зияткерлердің жаңа буынының көрінуімен байланысты енгізген деп санайды. Сол кезеңде ғасыр басынан модернизмге қарсы келе жатқан әдеби әрекеттің өсуін сипаттау үшін 1934 жылы бұл терминді испан сыншысы Федерико де Онис «Антология испанской и испано-американской поэзии» (1982-1932) кітабында аталмыш кезеңдегі қалыптасқан дәстүрден бас тартқан, өзіндік жаңалықтармен көрінген латын америкасы поэзиясының ерекшеліктерін зерттегенде де қолданған. Одан кейін ағылшын теологы Бернард Беллдың 1939 жылы шыққан «Религия живых: книга для постмодернистов» кітабында постмодернизм модернистік секуляризмнің (атейстік бағытқа) қарсы әрекетін және жаңа діни дамудың бастамасын білдірді. Арнолд Тойнбидің 1939 жылы шыққан көптомдық «Изучение истории» шығармасының бесінші томында «постмодернизм» терминінің пайда болуын Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бұқаралық қоғаммен байланыстырады.

Постмодернизм – белгілі бір ғылыми-теориялық, философиялық, эстетикалық ойлардың жиынтығы. Постмодернизмнің басты ұғымдары – екіұштылық, көпмағыналылық, күдік тудыру (яғни бәріне күдікпен қарау – әлемді танудың кілті), әлемді хаос деп қабылдау, жанрларды біріктіру, адам рухының белгілі бір кезеңін бейнелеу, оқиғалардың мерзімі, уақыты, кеңістігінің анық болмауы, кейіпкерлерінің жас мөлшерінің тіпті есімдерінің аталмауы т.б. Сондай-ақ модернизм үшін дәстүр маңызды болса, постмодернизм одан бас тартады.

Постмодернизм әлдебір мөлшерде философиялық «химералық», антижүйелікті танытады; композиция деңгейінде: үзіктілік, еркін монтаж принципі, қосылмайтынды қосылдыру, затты мақсатсыз пайдалану, сәйкессіздік, пропорцияның бұзылуы, бейүйлесімсіз еркін аморфты бейнелілік, деконструктивтік принциптің салтанат құруының көрінісі, хаостағы тасталқандық, жаңа байланыстардың орнығуы; жанр деңгейінде:

а) маргиналдылық дәстүрлі жанрлардың бүлінуінің нәтижесі, аралық форманың өмірге келуі, жанрлық синкретизм;

ә) жоғары және төменгі жанрлардың мидай араласуынан бір жағынан – әдебиеттің беллетризацияланып, тәлімгерлік, байыптылықтан, оқиға қуушылық пен шытырмандыққа бой алғызуы, екінші жағынан – жанрлық диффузия;

б) полимәтіндемелік, интермәтіндемелік, мәтін бойындағы беймәтіндік аллюзиялар, реминисценцияларға толылық, кең көлемді мәдениеттану конмәтіндерінің кезігуі; адам, тұлға, қаһарман, кейіпкер бен автор деңгейінде: адам туралы антропологиялық пессимизм, идеалдықтан трагедиялық приматтың басымдығы жөніндегі көзқарас. Иррационалдық бастау көздің, имманенттік сананың, апокалипсистік есер сезімінің, эсхатологиялық дүниетанымның салтанат құруы; эстетика деңгейінде: антиэстетикалық, шок, эпатаж, шақыру, дөкірлік, қатыгездік көзқарастары, патология мен антинормативтікке бой алдыру, дәстүрлі әдемілік формасына, сәйкестік пен өлшемдестікке протест жасау; көркемдік принциптер мен амал-тәсілдер деңгейінде: а) инверсия (аударып - төңкеру, «айналдыру» принципі); ә) әлем мен адамның плюралистігін танытатын ирония; б) таңбалық сипат, мимесис пен бейнелеуіштік бастау көзден бас тарту, реалды дүниедегі хаостың салтанат құруын таңбалайтын таңбалар жүйесінің бүлінуі; в) психологиялық және символикалық тереңдеусіз үстіртін сипат; г) ойынды өнер мен болмыстың өмір сүруінің амал-тәсілі, әдебиет пен өмірдің өзара әрекеттестік формасы, шынайы ой мен сезімді жасыру мүмкіндігі, пафосты талқандаушы деп тану т.б. 

Постмодернизм өнер ретінде өзіне дейінгі бүкіл мәдени дәстүрді және оның барлық ережелерін мойындамайды. Өзіне дейінгі тұлғаларды қабылдамау басты шарт болғандықтан, оларды мысқылдап бейнелеуді постмодернистер бүкіл әлем әдебиетіне тәжірибе ретінде ұсынады. Олар үшін көркемдік әлем тек мәтін деп ұғынылады. Әлем мәтін ретінде, шексіз қайта кодтау және белгілер ойыны деп түсіндіріледі, сондай-ақ олардың шегінен тыс «заттарды» дәл берілген қалпында суреттеу арқылы шындықты байқатуға болмайды. Мәтін саналы және санасыз алынған кірме ойын, цитаталар, клише ретінде «интертекстуальды» болжанады.

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында батыс елдерінде белең алған бұл ағым кешегі кеңестік, бүгінгі ТМД елдерінде тоқсаныншы жылдары сөз бола бастады. Әлемдегі рухани-мәдени құбылыстардың қазақ әдебиетіне де өзіндік ықпалы болды. Дүниежүзілік әдеби-мәдени үдерістегі модернизмді постмодернизммен ұштастыра қарастыру қазақ әдебиеттану ғылымында да көрініс берді. Бақытжан Майтановтың «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар», «Қазіргі қазақ поэзиясы және постмодернизм», А.Ісімақованың «Бүгінгі постмодернизм», «Бүгінгі дүниежүзілік әдебиеттану ғылымының мәселелері», Ж.Жарылғаповтың «Постмодернизм қандай құбылыс», Г.Елеукенованың «К вопросу о постмодернизме в казахской литературе 1950-1980-х годов ХХ века», Әуезхан Қодардың «Постмодернизм жөнінде бірер сөз», Ж.Шәкеннің «Жаңашыл жастарға жаңа ағым жайында айтар сөз», Сәруар Қасымның «Қазақ поэзиясындағы постмодернистік көріністер», Әбіл-Серік Әліәкбардың «Постмодернизм қазақ әдебиетінде (Д.Рамазан шығармашылығына қатысты тұстарынан үзінді)» т.б. мақалалардан постмодернизмнің мәселелерін сан қырынан қазақ әдебиеттану ғылымы да зерттей бастады. Қазақ әдебиетінде постмодернизм бар ма? – деген сауалға әртүрлі жауаптар беріліп жүр. Ол пікірлерде бірізділік байқалмайды. Бұл мәселені ауқымды түрде әрі тереңдей қарастыру болашақ еншісі деп білеміз. Жалпы, постмодернизм 1970-80 жылдары негізінен Батыс елдерінің мәдени-рухани өміріне қатысты айтылатын. Постмодернизмнің кешегі кеңестік елдер әдебиетіне байланысты сөз бола бастауы 1990 жылдардың еншісіне тиеді.

Профессор Б.Майтанов модернизм мен постмодернизмді бір-бірімен сабақтастыра зерделей отырып, аталған ағымдардың алғашқы белгілерін ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастайтыны белгілі. «С.Ерубаев пен С.Сейфуллин туындыларындағы интертекст, реминисценция, авторлық тұлғаның еркіндігі көзге ұрса, 1960-1970 жылдардағы қазақ прозасында Т.Әлімқұлов, А.Нұрманов, Ә.Тарази, С.Мұратбеков, Ж.Молдағалиев, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Т.Әбдіков, Р.Сейсенбаев, Т.Нұрмағанбетов, Д.Досжанов т.б. туындыларында қалыптағы жағымды, жағымсыз тұлғалардың орнына жан дүниесі мен сыртқы ортаның алшақтығына байланысты дәстүрлі этномәдени талаптар үшін оғаш қылықты «өзгеше» кейіпкерлердің пайда болуы, сайқымазақ (пародия) элементтерінің кездесуі, шартты түрдегі түсініксіздік, «қара» юмор нышандары модернизммен бірге постмодернистік дүниесезіну модустары дүниеге келгенін аңғартты», – дейді ол. Ғалым қазақ прозасындағы постмодернизмнің тұрақты орын теуіп ағымдық мән иелене бастауын ХХ ғасыр соңы және ХХІ ғасыр басында туған шығармалармен тығыз байланыстырады. Атап айтқанда, Р.Мұқанова, А.Жақсылықов, А.Алтай, Д.Амантай, А.Ихсанов сынды жазушылардың шығармаларында жаңа поэтикалық өлшемдер анықталады.

Ал Г.Елеукенованың негіздеуінше, постмодернизмге телінетін жаңа тенденциялардың элементтері Ғ.Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесінде» айқынырақ кӛрінді де, кейін жалғасын таппай, біраз уақытқа үзіліп қалды. «Алайда, – деп жазады ол, – бұл уақыттағы әдеби үдеріс бірқалыпты және бірыңғайда жүрген жоқ. Бұл жерде екі кезең анық түрде оқшауланады, бірі – 1950 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі кезең, мұнда белгілі бір тенденциялар үстемдік етті, екіншісі – постмодернистік деп аталатын тенденциялар алдыңғы қатарға шыққан 1980 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың аяғына дейінгі кезең». А.Ишанова болса постмодернистік ойын поэтикасының қазақ әдебиетіне қатыстылығын анықтауға іргелі зерттеу жүргізді.

Жалпы постмодернизм жайлы жазылған еңбектерді сараласақ, әркімнің өз постмодернизмі бар, постмодернизм жайлы түсініктері де әрқилы. Постмодернизмнің отандық әдебиетке қадам басуынан-ақ, әлемдік әдеби мұралармен таныс оқырман мен әдебиет сыншыларының пікірі екіге жарылды. Қазақстанда осы бағыт туралы алғашқы зерттеулерге мұрындық болған және өзі де осы бағытты зерттеумен айналысқан Б.Майтанов, сонымен қатар Ә.Бөпежанова, Л.Сафронова сынды зерттеушілер легі бұл бағыттың әдебиетімізге енуін қолдап бірнеше уәж айтады. Негізгілері тек бір бағыттың шылауында қалмай, әлемдік әдеби үдеріске ілесіп отыру қажеттігіне саяды. Тиісінше ондағы тәжірибелерді әдебиетіміздің материалында сынау тоқырап қалған әдебиеттің тамырына қан жүгіртеді дегенді айтады. Сондай-ақ ұшқыр ғаламтор заманында оқырманды тартудың әдіс-айласын қарастыру керектігін және оның постмодернизмнен табылатындығын алға тартады. Профессор Б.Майтанов оның эстетикасын сүзгіден өткізе қабылдауды ұсынды. Расымен де постмодернизам бұқаралық пен элитарлық әдебиет арасына теңдік қойғанымен, өзінің көпқабатты стилистикасы арқылы, интертекске негізделген табиғаты арқылы терең білімді талап ететін интелектуалды әдебиет. Мәтіннің қабаттарын айқындай алу, мәтіннің берерін сарқа түсіну, түйсіну үшін терең білім де қажет. Осы ерекшелікті Умберто Эко, Харуки Мураками прозасын талдау арқылы көз жеткізген ғалым, бұл әдебиет ұлттық әдебиетіміздің бір бөлшегі ретінде өмір сүруге лайықты деген қорытындыға келеді. Әдебиеттанушылар тарапынан Д.Ысқақ, Г.Пірәлі, Қ.Жанұзақова сынды ғалымдар, Д.Исабеков, Н.Ақыш секілді т.б. жазушылар бастаған екінші тараптың да байсалды уәжі бар. Оған себеп осы тәжірибелердің түбі қауіпті ойынға айналады деген қорқыныш болса керек. Таразының бұл басындағылар постмодернизмді әдебиеттің ғасырлар бойғы жинақтаған көркемдік тәжірибелерін мансұқ ететін, діліміз бен дінімізді жоққа шығарушы, рухани құндылықтарды аяқасты ететін, ұлт ретінде жойылуға апаратын бірден-бір ғаламданудың құрған «қақпаны» деп біледі.

Бекет Нұржановтың «Модерн. Постмодерн. Мәдениет» кітабі бар. Біздегі санаулы еңбектің бірі. Қазіргі біздің жағдайымызда бұл кітап құрметке лайық әрі осы секілді еңбектер керек. Бекет Нұржанов – Қазақстандағы постмодернизмнің негізін қалаушы. Ол және оның постмодерндік үйірмесі біздің мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосты. Бекет Нұржанов Бодрийар, Делөз, Дерриданың еңбектерін аударды. Бұл уақытылы және қажет шағында аударылды, себебі белгілі бір жанрда жұмыс жасау үшін оның философиялық негізін түсіну қажет қой.

Жоғарыда айтқанымыздай, постмодернизм – модернизмнің жалғасы емес, жаңа бағыт, жаңа ағым. Ол модернизм танымын, түсінігін қолдамайды. Мәнсіздік, жанрлардың қосылуы, қара юмор, ирония – осы қоғамдағы барлық нәрседен мән іздеуден көрі, өзіне күлу, өзін мазақ қылудан тұрады.

Постмодернизм ағымының дәуірі XX ғасырдың соңында шырқау шегіне жетті. Ол туралы өнердің әр саласынан көптеген модернист қаламгерлер, суретшілер, мүсіншілер мен сәулет өнерінің майталмандары айтып, жазып, артына өшпес мұра қалдырды. Сөйте тұра, бізде бұл үрдіс жаңа пайда болған идея секілді көрінеді. Ал қазіргі таңда Қазақстан мәдениет пен әдебиеттің өзге, жаңа толқындарын сіңіруде.

Мақала авторы - Азатқызы Альфия

«Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті», «Философия және Саясаттану факультеті», «Дінтану және Мәдениеттану кафедрасы»,  «6B03102 -Мәдениеттану» білім беру бағдарламасы, 4 курс студенті

Жетекшісі- Кудерина Айжан Нурхамитовна


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар