Біздің жақта «дос болсаң, тама Танашпен дос бол» деген мақал болды. Бұл мақалды қайдан шыққан екен деп тексергенімде, уақиға былай болған екен.
Бір өзбек саудамен қырғызды аралап жүріп, панасыз бір жетім баланы қызметкер қылып ертіп алады. Баланың аты отыншы екен. Баланың қызметі жылы жаққан соң, оқытып жақсы тәрбиелеп өсіреді. Отыншы өсіп жеткен соң өзбектің басты адамының бірі болып, әрі ақылшысы, әрі қолбасшы батыры болады.
Кенесары Қоқан өзбекпен жауласқан кезінде, отыншы Кенесарының қолын үш рет мұқатып жеңіп, бірталай батырларын өлімге ұшыратып қайтарады. Отыншы өте тапқыр, шешен, өте мықты батыр болып, қазақтардың өлгендерінің көбі отыншының қолынан қаза табады.
Қазақтың басты батырларын отыншы түгел таниды. Отыншы қазақтардың соғысқа араласқандарын тегіс таниды. Сол кезде Наурызбай жас, төре тұқымының көрнекті батыры Ержан екен. Кенесары: «Отыншыны өзіме кісі қылып алар ма едім», — деп іштей солай ойлайды екен. Басқа қазақтар Кененің ойын танып: «Ол бізбен біріксе, ханды билеп кетіп, біздер елеусіз қаламыз», — деп күндеп және ыза ішкендіктен өшігіп, «қалай болғанда өлтірсек екен», — деп зығырданы қайнап жүреді екен.
Кенесары төртінші рет әбден сайланып: «Қайткенде отыншыны ұстау керек, бірақ өлтіріп алмаңдар, оған тірі қорлық көрсетейік, кімде-кім тірі ұстаған жанға бәйге берем», — деп серттесіп, сөзді пісіріп алады.
«Шаһарға келіп, өзбекке бастап тиіңдер де, қайта қашыңдар да, сусыз шөлге ұзап шыққан соң, қайта оралып ұрысыңдар. Қаланың аты да, адамы да Арқаның қарабайырындай шөлге шыдамды болмайды, отыншыны сонда ғана ұстаймыз», — деп жоба жасайды.
Айтқанындай, қалаға тиіп, қайта қашып, шаршы түстің кезінде қайта тоқтап соғысқанда, өзбектердің аттары шөлге ұшып, ұрысқанда шабысқа жарамай, жеңіліп қайта қашады. Қазақтар қуып келе жатса, аты нашарлап отыншы да қашып келеді екен. Алдымен Ержан төре жетіп, найза салуға оқталған кезде, отыншы: «Әй, сен, келсең келші!», — деп бетіне ажырайған кезде, Ержанның дәті шыдамай, ілгері қашқандарды қуып өтіп кетеді. Онан кейінгі батырлардың да бірсыпырасы бата алмай өтіп кетеді. Бір мезгілде өлгендері өліп, өлмегені қашып құтылғаннан кейін оралса, отыншы да қолға түсіп, аяқ-қолына кісен салынып қалыпты. Бұл хабар Кенесарыға жеткенде, Кенесары:
— Түсірген кім, Ержан ба екен? — деп сұрапты.
— Жоқ, басқа, — дегенде:
— Енді кім, кәне қайсысың түсірдің? — десе:
— Жоқ, ол емес, мен түсірдім, — деген адам бірнешеу болып көбейіп кетіпті.
Бір мол судың басына қонып, жұрт жайланып тамақ ішкеннен кейін, Кенесары отыншыны алдырып:
— Сен өзің түстің бе, кісі түсірді ме? — деп сұрағанда, отыншы:
— Кісі түсірмей түсетін болсам, атқа мініп үйден шықпаған болар едім, — депті.
Кенесары «түсірдім» деген батырларды жинап алып:
— Мыналардың бәрі ме, түсірген бірі ме? Бірі болса, қайсысы? — деп сұрапты. Отыншы:
— Мұның бәрі де емес, бірі де емес, бұрын мен көрмеген жас бала, атын білмеймін, әгар түрін көрсем танимын, — депті. Кенесары басқаларды келтіріп:
— Кәне, қайсысы? — дегенде, отыншы қолмен көрсетіп:
— Анау тұрған сары пұшық бала, — депті.
— Аты кім? — дегенде, Баубек болып шығады. Кенесары қарап:
— Үй, ана бала Баубек пе? — деген екен. Сонан кейін әлгі бала Баубек болып атанып кетеді (оның руы — қарауыл, мекені Атбасар түбінде). Кенесары:
— Қалай түсірді, — деп сұрағанда, отыншы:
— Мен не боса да өлетін болсам, жастығымды алып өлуге ойлап келе жатыр едім, артымнан келген адамдар төніп келіп, найзам жетпейтін жерден өте берді. Өзім ұмтылып барып тиісуге атым жарамады. Бір мезгілде артыма қарасам, осы бала аты еркін жете алмай, жеткізіп «а, Құдай!» дегендей көзі жайнап, жалақтап келе жатыр екен. Көзі сыртымнан тесіп өткендей болды. Көзіне көзім түскенде, есімнен айырылып қалған сияқты болдым. Енді бұрылып алдыма қарасам, осы сияқты сары пұшық бала мың ба, жүз бе? Саны белгісіз, найзасы тиер-тимес жан-жағымнан қаптап кетті. өлген жерім осы екен ғой, — деп аттан қарғып түсіп, отыра кеттім. Басқа бала жоқ, осы бала қасыма келіп, найзасын жерге тіреп тұра қалды. Артынан біреу келіп түсе қалып, қолымды байлады, біреулер келіп кісен салды. Сөйтті де «мен түсірдім, мен түсірдім», — деп мені бір көкбар қылып осы араға әкеп салып отыр, — дейді. Кенесары:
— Сен қырғыз едің, мен қазақ едім, сарт болып кеткенің қалай? — депті. Отыншы:
— Татқан тұз, жеген нанымды ақтағаным ғой. Кенесары:
— Сарттан жегенің артығымен ақталды ғой. Қырғыз бен қазақтан нан, тұз табылса, татпас па едің? — дегенде, отыншы отырып-отырып:
— Бәлки тәтті болар еді, — дейді. Кенесары:
— Олай болса, өзіңді осы топтан кепілге кім алады? — дейді. Отыншы:
— Анау отырған Жеке батыр алады, — депті. (Жеке батыр түбі қырғыз, ханның белгілі батырының бірі) Жеке батыр ұшып түрегеліп:
— Алдияр, тақсыр мына пәлені менен аулақ ете көріңіз, мен алмаймын, — дейді. Отыншы Жеке батырға қарап:
— Ау, тақсырмен күнің өткен алашапан сорлы екенсің ғой, — деді. Кенесары:
— Енді кім алады? отыншы:
— Енді сен ал, — деп өзімді ешкімге кіріптар ете алмаймын, — деді. Кенесары үндемей төмен қарап біраз отырғанда, түбі — тама Танаш деген батыр түрегеліп:
— Тақсыр, берсеңіз, мен алайын, — депті. Кенесары:
— Жарайды, алсаң бердім, — деп өзіне оңаша байқа, әгар, бір жылға дейін бөтен сыр шықпаса, өзімізге кісі қылып алармыз, — деп беріп жібереді. Танаш үйіне әкелген соң, кісеніңді босатсам, мені ханға жаманатты қылмайсың ба? — дегенде, отыншы:
— Еркек адамды ел ер дейтінін естімеп пе едің, ары бар, әйел адамның қашқанын көрдің бе? — депті. Танаш содан кейін босатып, оңаша үй беріп, бір жігітті күтуші етіп беріп қояды.
Отыншының жас келіншек әйелі бар екен. «Танаштың қолында отыншы тірі кепілде» дегенді естіп, Танашқа тарту-таралғы алып, отыншыға киімдерін әкеп, бір жақсы жарғақ тонды кестелеп тігіп әкеледі.
Отыншының әйелі сол тұсындағы қырғыз, қазақ, өзбектің сұлуларының бәрінен сұлу екен. Қазақтардың бірсыпырасы: «Әгар, отыншы өлсе, біріміз алармыз-ау» деген үмітпен бұрынғыдан гөрі отыншы өліміне тілеуқор болады. Тек ханнан аса алмайды. Әсіресе, Танаш: «Кепілге мен алдым, өзі де менің қолымда, сүйегі де менің қолымнан шықса, мына әйел менің мүлкім болмағанда, кімдікі болады?» — деп, отыншыны өлтіруге ойлап, ханға жамандап, астыртын шағыстырады. Хан жауап айтпайды.
Танаш ақыры үш рет жамандап: «Мен міндетімнен құтылдым, отыншыдан қастық көрсеңіз, менен көрмеңіз, бұдан былай отыншы өзіңізді өлтіруге келе жатса, көріп тұрсам да, мен сізге келіп айтады екен деп ойламаңыз», — депті. Хан жауап бермей қалады да, ертең елді жиып алып: «Отыншының сыртынан өсек бар, шын деп нануға бола ма? Өтірік деп қоюға бола ма? Бұл туралы қандай ойларыңыз бар?» — деп сұрапты. Сұлу әйелден үміт етушілер: «Тақсыр, бір қарлығаш жыланның жұмыртқасын шайқап шығарса, ішінен жылан туып, өсе келе өзін жұтып қойған екен, сол сияқты отыншы бізге ел бола ма? Баяғыда өлтіріп тастау ке- рек еді» — депті. Хан біраз отырып, басқа дыбыс шықпаған соң: «Бар, ендеше, Кенже», — депті. Кенже деген баятар тұқымы, өзі рақымсыз, кісі өлтіргіш жендеті екен. Жұрт тосып отырады, Кенже кетеді. Кенже кетіп бара жатқанда, Кенесары: «отыншы өлерінде атам Абылайды боқтаса да, жасырмай айтып кел» депті. Кенже отыншыға келіп: «Жүр сені хан шақырады дегенде, «білдім» деп орнынан түрегеліп, өзін күткен жігітке: «Еңбегің көп сіңіп еді-ау! Шіркін, дүние-ай! Аяқтай алмадым-ау! Өзің киіп тоздыршы», — деп кестелі тонын жігітке өз қолынан арқасына жауып, «қош» деп Кенжемен еріп үйден шығып кетеді.
Ол уақытта өлетін адамның жараулы нәрсесінің билігі табалдырық аттағанша өзінде болады екен. Табалдырық аттап шыққан соң, өлтіруші адамның өлтірген ақысы болады екен. Кенже: «Менің өлтіретінімді біліп, тонды менен қызғанып анаған беріп кетті ғой», — деп, бұрын рақымсыз кісі оның үстіне отыншыға өшігіп шығады. Бір оңаша судың басына келгенде, отыншы:
— Басқа адам шақырса, мен бармайды емеспін, сен шақырған соң не болатынымды білемін, мен қаруласады деп қауіп етпе, мына судан дәрет алып екі ракат намаз оқуға лұқсат ет, — депті. Кенже:
— Үйдегі ызаң өтіп еді, оны өзім білермін, намазыңды оқы, — депті.
Отыншы дәрет алып, намазын оқып болып:
— Уа, Кенже! Еркексің ғой, ханыңа айтатын бір ауыз сәлемім бар, соны айтып бару атаң Баятардың аруағына аманат! — дейді. Кенже:
— Ендеше айт! — дегенде,
— Айтсам, ханың хан екен десем, шіркін-ай қам екен ғой! Аманатым осы, ал болдым, — деп екі көзін тарс жұмып, күнбатысқа қарап қайтып тілге келмей жүгініп отырып алады. Кенже біраз айналып жүріп басын тура шаппай, тонды қалдырғаны үшін оң иығын шауып түсіреді. Онан біраздан соң жаны қиналсын деп, сол иығын шабады. Денесі құлауға ауып бара жатқанда, үшіншіде мойнын шауып түсіреді. Отыншы ешбір дыбыс шығармай өліп кетеді. Кенже ханның ордасына келеді. Кенже келген соң өкімнің орындалғаны белгілі. Кенжені тосып ордада жиналып отырған жұрт, Кенесары:
— Жасырмай айтшы, не деді? — дегенде, Кенже:
— Ханыңды хан екен деп ем, шіркін-ай, қам екен ғой деді. Одан басқа ешнәрсе деген жоқ дегенде, Кенесары өз бармағын ауызына салып, ыңқылдап тістегенде, тіс бармағына кіріп кетіп қан ағып тұрады. Біреулер қолын ұстап: «Тақсыр, қолыңыз қанады, босатыңыз» — дегенде, қолын босатады. Қолының қанын біреулер байлап жатқанда, Танашқа ажырая қарап: «Анау отырған — Танаш батыр. Жігіттер, дос болсаң, тама Танашпен дос бол», — деп көзін алмай тұрып үш қайтарып айтады. Сонан кейін ел алдында Танаштың беделі түсіп қалып, елге мақал болады.
Ешкім «әйелді маған қос» деп батып айта алмайды. Келер жылы Кенесары әйелді шақыртып алып:
— Қосағыңнан айырылып сен арманда болсаң, қостасымнан айырылып мен де армандамын! Өлген адам тірілмейді, ер таңдасаң, еркіңше құрық бердім, менен не қаласаң да, таңдаған қалауыңды ал, жарқыным! — депті. Әйел ұшып түрегеліп:
— Алдияр, тақсыр! Хан жарлығы қайтпайды, жарлықты екі айтпайды. Айтсаңыз, қалайтыным да бар, берсеңіз, алатыным да бар, әмір сіздікі, — деп екі қолымен жағасын ұстап, басын иіп тұрады. Хан:
— Айтқаным айтқан, ал дегенде, тақсыр, аман-сау орныма апартып салсаңыз, өзімнің қолқам да, ерімнің құны да толық, — депті. Кенесары аман-сау еліне апартып салады.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі