Бидай ұны, бидай наны – асхананың мырзасы, астың атасы саналады. Онсызда би, бек сөздері төре, мырза дегенді білдіреді. Яғни бидай атауының өзі де оның дәндердің биі екендігін көрсетіп тұрғандай. Бидай егіншілігі өлкемізде ерекше орында. Еліміз әлемде бидай экспорты бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Бидай ұны көптеген азық-түліктердің шикізаты. Бұлардың ең басында – дастарханның төресі нан келеді. Барлық ас мәзірлері нансыз өтпейді деуге де болады. Сұйық тағам, қою тағам, тәттілермен де желінеді. Адам күнде бір тамақты жеуден зерігуі мүмкін, бірақ наннан шықпайды. Кейде үйлерде тамақ аз болып қалса «Нан қосып жеңдер» деп ескертіліп те жатады. Нанның түрлері де көп. Кей жерлерде арпа, сұлы, жүгері, күріш ұндарынан да нан жасалады.
Нанның тарихы алғашқы адамға Адам пайғамбарға ұласады. Оңай және арзан қол жетімді болғандықтан тарихтың алғаш кезеңдерінен осы күндер қарсаңында нанға деген сұраныс артып, адамдар барлық дәуірлерде нанды тұтынып келген. Зерттеу жұмыстары бойынша б.з.д. 3500 жылдары Мысырда Теп қаласында нан пісірілгендігі анықталған. Мұның дәлелі тасқа ойылған суреттердегі нан пісіру құралдары. Сондай-ақ Швецариядағы көлдердің маңында жасалған қазба жұмыстарында нан жабуда қолданылған тарихи бұйымдар да табылған. Англиядағы Британ музейінде (British Museum) 5000 жылдық Мысырлық нан бөлшектері бар.
Жаңа Гвинеяда өсетін Нан ағашы да ерекшелігімен назарға енеді. Бұл ағаш нанмен картоп дәміне ұқсас жеміс береді. Яғни жемісінің крахмалы көп, дәмі бидайдың наны сияқты. Жергілікті тұрғындар мұны шикідей де, қуырып та жейді екен.
Бидайдың аз және қымбат болған замандарда бидай наны байлардың, арпа, сұлы нандары болса кедейлердің азығы еді. Ал қазір керісінше байлар денсаулыққа пайдалылығы тұрғысынан қара ұн мен арпа, сұлы нандарын тұтынуды жөн көруде.
Қазақта нанды жоғары тұтады. Тек қазақ қана емес, жалпы мұсылман қауымы нанды ерекше қастерлейді. Нанды жерге тастамайды, қиқымын да шашпайды. Бір қолмен үзбейді. Жерге түскенді тазалап жоғары көтеріп қояды. Бұл халқымыздың дініне берік болғандығын, діндегі обал, ысырап ұғымдарын жіті ұстанатындығын көрсетеді. Нан туралы мақал-мәтел, даналық сөздер де көп: «Ас атасы – нан», «Нан – береке бастауы», «Дәнді шашпа, нанды баспа», «Нан – тамақтың атасы, Ынтымақ көптің батасы», «Нан – дастарханға сән» т.б.
Кез келген нәрсенің қадірі қолдан кеткенде, жоқ кезінде қатты білінеді. Оған ата-бабаларымыздың бастан кешірген сан түрлі ашаршылық, жұт, соғыс жылдары мысал бола алады.
Мария Антуанетта
Францияның ханшайымы Мария Антуанетта айтты деп танылып, ал негізінде француз жазушысы Лабрюйердің романында өткен «Нан таппаса, торт жесін!» сөзі мәшһүр. Ауыз-екі хикая бойынша өмірінде мүлдем таршылық көрмей өскен, үнемі бір қолы майда, бір қолы балда өскен Мария Антуанеттаға елдегі аштық, нан тапшылығы туралы жеткізілгенде, «Сол да сөз бе, нан таппаса торт жесін» дегені айтылады.
АҚШ-тың президенті Герберт Гувердің де «Соғыста алғашқы сөз зымырандікі, соңғы сөз нандікі» дегені мәшһүр. Соның мысалы екінші дүниежүзілік соғысында көптеген елдерде нан тапшылығы орын алып, нан талонмен санаулы түрде берілетін жағдайға келді. Тіпті нанның мөлшерін көбейту үшін кебек, емен жаңғағы, алабота, сыпырғының дәндерін де диірменнен өткізіп қосқандығы айтылады.
Бұл орайда осы соғыс жылдары дүниеге келген Түлкібас ауданының тұрғыны Мақашұлы Мұхтар (73 жас) атаның айтып бергені бар еді: «Анамның айтуынша әкем Мақаш соғысқа аттанар алдын, үйдегі дуалдардың ішін кәуек етіп соғып, ішін бидаймен толтырып, бұл туралы ешкімге тіс жармауды айтып кеткен екен. Ашаршылық бой алған кезеңде кішкентай ғана тесіктен күнде аздап бидай алып нан қылып күнелткен екен. Бір-екі рет ашыққан көршілерге де берген көрінеді. Кеңестік идеология ма, әлде күндеушілік пе, көршілердің бірі мұны жоғарыға жеткізіп, соңы тәркілеумен біткен екен. Анам содан кейінгі аштықтың зардабын, бала-шағаның нәр татпай қиналған кездерін айтып, көңілі босап жылап та алатын.»
Адамзат баласының негізгі азық көзі, тарих бойынша ең көп тұтынып келген құнарлы қорегіміз нан біз үшін үлкен ниғмет болып табылады. Сондықтан бұл ниғметтің қолдан кетпеуін, обал болмауына да мән беруіміз маңызды мәселе. Алайда елімізде де, жалпы дүние жүзінде ең көп ысырап етіліп жатқан азықтардың алдыңғы қатарында нан келуде. Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының мәлімдеуінше: «Жыл сайын дүние жүзінде 1,3 миллиард тонна азық-түлік ырырап етілуде. Мұндай мөлшердегі азықтармен Африкадағы 842 миллион аш адамның қажеттілігі қамтамасыз етуге болады.» Мысалыға осы нан ысырапының алдын алу мақсатында Түркия мемлекеті зерттеулер жүргізіп бір жылда 2,17 миллард нан ысырапы орын алып жатқандығын анықтаған екен. Мұның алдын алу үшін былтырғы 2013 жылы «Нан ысырапының алдын алу жобасы» барысында көптеген қоғамдық, әлеуметтік іс-шараларын өткізіпті.
Нанды ысырап ету, обал қылу – шүкірсіздік болатындықтан және кедейлікке себеп болатындықтан да ата-бабамыз нанды қастерлеуді жіті ұстанған болса керек. Нан тапшылығын көрмеген кейінгі ұрпақ, мұны өздігінен түсіне бермеуі мүмкін. Сол себепті ниғметінің қадірін біліп, қастерлеуді әркім өз үйінен, бала-шағасынан бастауы тиіс. Осылай әр отбасыда жаңғырған тәрбие қоғамның да осы жақсы әдет-ғұрыпын ұмытпауына себеп болады.
Жалпы адамзаттың айнымас азығы саналатын нан туралы дерек айта берсе көптеп кездеседі. Сөзді көп соза берсең дәмі қалмайды демекші, мақаламызды қорыта келе дастарханыңыз мерекелі, нан-тұзыңыз берекелі болғай демекпіз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Айтеке қосжанов
Мені қуантатыны қазақтардың өте күшті бидай өсіруді қолға алғаны.яяБолашақта қазақтың мәртебесін өсіреді