Ең алғаш қазақ халқы орысқа қарап, дуан аузы ашылғанда, Шоң би аға сұлтан дуанбасы болған. Шоң би өлген соң, Шорман аға сұлтан болып сайланып шығысымен үйіне барып өлген. Шорманның сүйегі Ерейментаудың сыртында көмілген. Ол жер «Шорман тамы» атанып қалған. Кенесары, Наурызбай көтерілісі аға сұлтандардың апалаң-топалаңын салған. Сонан кейін Баянауылда Поштай деген адам аға сұлтан дуанбасы болған. Кенесары Қараөткелге өрт саламын деп қамағанда, Қоңырқұлжа қарсы тұрып, ұрыс-соғыс қылған. Ақтау, ортау да Кенесары мен Қоңырқұлжа тағы қарсыласып соғысқан. Қараөткелді қамағанда, Кенесары «күлдірмамай» деген мылтығымен Тайтөбенің басында тұрып, орыстың қарауылшы баласайкасын атып, мұрттай ұшырған екен. Тама Танаш батыр бір шапанды майға бұлғап-бұлғап бір шетін отқа жандырып, найзаның үшімен көтеріп барып атып тұрған оқты керек қылмай, апарып тастай берген екен. Басқа шапқан батырлардан қыпшақ Басықара батырға оқ тиіп, қан майданда қала берген екен. Тама Танаш батыр Басықарамен құшақтасқан дос екен. «Өлсем өлейін, Басықарамен сүйегім бір жерде қалсын», — деп қайта шауып барып Басықараның сүйегін алдына алып өңгеріп келгенде, Кенесары хан айтқан екен: «Дос болсаң, тама Танашпен дос бол!» — деп. Көп заманға дейін бұл сөз жұрт аузында қалды.
Орыс Ақтау, ортауға қала салып, салдат тұрғызып, қазақ-орыс қыстатып, сол жерге соғыс сайманын жинаған. Кенесары мұны да қамап соғысқан. Жүз салдат қатар тұрып мылтық атып маңайына жан жуытпаған. Сонда Кенесары да жүз кісімен келген. Қосшы-қолаңшы салықтарын кейін тастап. Сонда бұл жүз кісі баялыш деген отынды шылбырға буып алып, ер басына бір арқа отынды салып алып домалатып, соның тасасымен еңбектеп, атқан оққа қарсы келе жатады. Бұлардың арасында алдыңғысын паналап келе жатқандар да бар дейді. Алдыңғы отынды шек қылып бетіне ұстағандар аман боп, кейінгілерге асып келген оқ тиіп жатқандар да бар дейді. «Араласуға жақындадық па, қараңдаршы?» — дегенде, түп тегі қуандық екен, бір жігіт отыннан басын оздырып қарай бергенде, кесер кеңірдегінен бір оқ тиіп мұрттай ұшты дейді. «Ал, жабыла түсе қалыңдар!» — дегенде, түп тегі арғын ішінде өсіп-өнген қырғыз екен, аты Толабай екен, жұрттан бұрын жалғыз қарғып түсті. Ол түскен соң, бәрі жабыла түсе қалып, салдатпен мидай араласып кетісіпті. Қоңырқұлжа бас боп, қазақ-орыстар жаяуға жаяу араласып, «Кенесарының өзін ұстап алайық» деп жасырын бұғып тұр екен. Айқай сүрен салып, лап қоя шауып, қамап алды дейді.
Майлы Жәдігер Сымайыл деген қария: «Сол соғыста Жанайдар батырдың атқосшысы едім, өздері жауға жаяу араласқанда, аттарын жаудан жанын құтқаратын жолдасына балаушы еді. Ат ұстап тұрған біздерде араласып кетіп, тоғысып барып аттарын береміз, Жанайдар атына мініп алып, жаудың олайғысын олай, былайғысын былай жапырып тастап: «Хан, хан қайда?» — десе, хан жаяу салдаттардың ортасында «қашпаймын» деп жалғыз қалған екен. Барып атынан түсе қалып, ханды өз атына көтеріп салып қоя береді де, өзі бір қазақ орыстың атының құлағынан шап беріп ұстай алып, қазақ орыстың атына қарғып мініп алып, қазақ орысты ат үстінен жұлып тастай беріп, ханды алдарына салып, қаша ұрыс салып жөнеле берді», — дейді.
Жаудан аман-есен құтылды. Бұрынғылардың «таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» дегені осы. Кенесары бақсыздықтан еңбегі еш, тұзы сор бола берді де, орыс ілгері басып бағы қайтпай тұрған күйінде талай талпынса да бір ілгері бастырмай бетін қайтара берді. Жұрттан бөлек, шеттен қарғып түскендіктен Толабайға «Жеке батыр» деген ат сол жолы қойылған. Қырғыз соғысында Шәкір мен Жәуке, Толабай дегендегі Толабай осы Жеке батыр атанған Толабай болатын. Шакір — ноғай, Жәуке — арғын, тоқал арғыннан толас деген табынан шыққан.
Кенесары қуандық, сүйіндік, қаракесек, бес мейрамды соңынан ертіп алып Шу, Қаратауға ауамыз деп, Әліке, Байдалы, Сайдалы және төменгі Алтайдың басшысы болған Аққошқар Сайдалының Сүйін Жарқынын ертіп, «Азынабай Сапақ» атанған Азынабайға келеді. Орысқа қарап бағынып қойған Азынабай балалары Тайжан қазы, Сейтен болыс еді. Болыстық қазылықты керек қылған жоқ, Кенесарыға еріп ауды. Алтай, Алда, Жұман байлар түйеге жүк етіп артқан жамбыларын көлге, суға төгіп кеткен. Қаржас та ауды, орманшы да ауды. Баянауылдың дуанбасы аға сұлтаны Поштай салдат алдырып, қазақ, орыс алдырып, айдабол күлікті қойдай қамап иіріп, аудырмай алып қалды. Қоңырқұлжа Қараөткелге аға сұлтан дуанбасы еді. О да орысты арқасүйеу, таяныш қылып, өз тілін алған қазақты алып қалды. Кейіннен Азынабай балалары елге қайтады. Елге барған соң, болыс пен қажылар оларды ұстап алып, Тайжанды ағашқа таңдырып аттырады да, Сейтенді айдатып жібереді.
Қырғыз Кенесарыға қарсыласып жатқан кезі еді. Патша өкіметі Аягөзден Кенесарымен соғысуға Нухалов деген жасауылды қосын қылып шығарған. Оған көп жігіт-желең мен Абылайұлы Сөк төре, Абылайдың тұңғышы Әділұлы Әлі төре, Сатыбайұлы Барақ төре, Шаңқайұлы Бөлен төре ерген екен. Өрдегі үйсін, найман тырп ете алмай орысқа бағынып қалған. Сол себепті Кенесары қамауды тастап, Шу бойына ауған. Нухалов Қызылағашты қыстаған. Ол сонда жатып қырғыздың манаптарына хат жазған. Оның хат жазған адамдары — бұғы руының Боман Ниязбекұлы, солты руынан — Жаңқараш Есқожаұлы. Хатында былай деген екен:
«Кенесарыға бағынбаңдар, көзін жоюға тырысыңдар, Кенесары сендерге де, патша өкіметіне де дұшман. Біздің патша өкіметі сендерге күш көмек береді Кенесарының көзін жоюға. Қолға түсіріңдер, шен-шекпен де беріледі», — депті. Бұл хат қолдарына тиген соң, қырғыздар күшейген. Отыз ұлды Абылайдың тұқымы Кенесары, Наурызбайға қас болған.
Абылай ханның алғашқы бәйбішесі қарауыл қызы, онан туған ұл жоқ, жалғыз қыз болған. Ол қыздан туған Жамантай төре. Қарақалпақтан алған қатынынан туған Уәлі хан, Жәңгір сұлтан, Әділ сұлтан. Осы Әділді шүршітке ақ үйліге берген сұлтан екен. Әділден Нұралы, Нұралыдан Тезек төре болған. Тезек төре Шоқанның қайын атасы болған және Абылай қарауылдан қыз алған. Онан: Шығай, Тоғай, Сөк туған. Сөктен Жошы, Жошыдан Есмұхамбет Абылайханов туған. Қожа қызы қатынынан Қосым, Арық, Тоқ туған. Тоқтан ыбралы туған. Онан туған Шалғынбай Қарқаралыға аға сұлтан болған.
…Наурызбай төренің мінезі ауыл арасында әншейін жүрге де періштедей екен. Ал жауға шапқанда албастыдай түсі суық көрінеді екен. Наурызбайды «өлді» деп естігенде бір қыздың айтқан өлеңі:
— Елімді жауға айдаған Көшек еді,
Жабысқан он үш жаста өсек еді.
Жылаймын жатамын да баурым төсеп,
Бір жатқан Наурызбаймен төсек еді.
Әулиеатадан күншығысқа қарай созылып сұлап жатқан Алатауды «Қырғыз Алатауы» дейді. Қырғыз Алатауының күншығыс жағы Буам деген сай болып саналады. Алатаудың екі беті көп қырғыздың қонысы болады. Алатаудың терістік жағы далалық болады, күндік жағы Талас, Жусамыр, Қошқар деген өзендердің алаптары болады. Алатаудың басынан қысы- жазы қар кетпейді. Алатаудың күнгей бетінен теріскей бетіне белгілі сулармен қатынасуға болады. Алатаудағы мәңгілік қарларынан көп өзендер басталып, екі жағындағы ойларға ағады. өзендердің аңғары терең-терең сайлар болады. Бір орыннан басталып теріскейге аққан өзендер бір атпен ғана аталады. Әулиеатадан Бодамға дейін мынадай асулар бар: Мерке, Қарабалта, Ақсу, Соққылық, Аларша, Аламедеу, Ыссық, Ата, Кекетей, Самса деген. Осы асулардан басталған асулармен аттас өзендер бар.
Алатаудың теріскей жағындағы қырғыздар Кенесарыдан қашып таудың басына кеткен. Алатаудың күнгей жағына асқан Кенесарыны таудың басына шығармаған. Асуларды алғызбаған, бермеген. Күнкей жаққа өткізбеген. Кенесары мен қырғыздардың соғыстары Алатаудың теріскей бетінде болған. Алатаудың күнбатыс жағында Қосшы, орта жерінде Солты, күншығыс жағында Сарбағыс болған. Кенесары әуелі қазаққа жақын отырған қосшы мен солтыны шапқан. Онан кейін сарбағысты шапқан. 1846 жылдары Бішпектің төңірегінде бір зор соғыс болған. Келе жатқан Кенесарыны тоқтатам деп сарыбағыс Қалпақ батыр көп қолмен Бішпектің түбінде Кенесарыға жолыққан. Көп қырғын болған. Соғыста Қалпақ өлген. Қырғыздар жеңіліп қашқан. Екінші зор соғыста Кенесары көп қолмен келіп, Кекілік тауына ордасын тігіп, Алатаудың теріскей жағындағы қырғыздарды шаба бастаған.
Соғыстың дөкейі Қызылсу-Самсада болған. Ержанның қолға түскен жері — осы Самса суы. Қырғыздың ханы орман хан Ферғанадағы, Ыстық көлдегі қырғыздарға ат шаптырып көп қосын жинаған. Қырғыздың көп қолы Бодамнан, одан Кекілікке қараған далаға шыққанда, ат құйрығына шөп байлап, қырғыздар жер-дүниені шаңмен толтырған. Сөйтіп, кісінің азы-көбі байқалмаған екен. Осы келгендерінде қырғыздар:
«Не тегі жан қалмай қырылалық, не Кенесарыны жоялық!» — деп келген екен.
Алатаумен Кекіліктің арасы зор майдан болған. Қырғыздар дулатпен астыртын сөйлескен: «Бұрынғы талас-тартыс болып жүретін жер бәрі сендердікі болсын, мына Кенесарыны бізге оңаша бер», — деген.
Дулаттың атақты Сыпатай деген биі мен Рустем деген төресі қырғызбен үндес болып, Байұзаққа астыртын қиянат қылуға кірісіп, бір түнде көп дулатты қашырып, қырғызға кіргізіп жіберген. Кенесары қасында бар болғаны бір мыңдай ғана қазақ, жүз мылтық қалған. Ержан алдымен қолға түскен. Ақауыз ат оққа ұшқан. Зеңбірек ортасынан үзілген. Кекіліктің Сеңгір деген жерінде қырғыздар Кенесарыны қамап алған. Таудан аққан бұлақты басын бұрып, қамауда қалған қазақтарды сусыз қалдырған. Ас-сусыз үш күн соғысып аты да, адамы да болдырып, титығы құрып қолға түскен.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі