Өлең, жыр, ақындар

Қараой

Ақыраптың ұзақ түнінде Мақамбеттің ұйқысы шала болды.

Әлденеден көңілі алағаржақтанып, жүрегі өрекпіп, дөңбекшіп шықты. Құлқын сәріде төсектен тұрып, тысқа шығып еді. Үйінің жанында біраз тұрып қалды. Таң көктемнің таңындай толықсып атты. Күз таңы-ның мұншалық сұлулығын бұрын көрген емес-ті. Күн де көктемнің күніндей айдарланып, сансыз алтын найзасын шашағымен шашырата шықты. Қазіргі сәтте шашақты найзадан айрылған күн күйеудің жыртысқа түскен сал орамалындай пәршектенген кіреуке бұлт-тардың арасынан сығалап қарайды. Асқа тіккен алтын жамбыға да ұқсап кетеді...

Сауыры жалпиған шексіз даланың ішке бүккен бүйрегіндей дөңгеленген Қараойда Мақамбеттің жалғыз үй отырғанына үш айдың жүзі. Үстінен құс ұшпайтын шөл ойпаң көлденең таса. Дүрбі де тарта алмайды. Бағы заманда Батыйдың жер қайыстырған қалың қолы жұртты түгел тонағанда, осы Қараойдағы ауылдарды көрмей өтіп кетіпті-міс. Одан беріде Қараойға Ер Тарғын ат шалдырыпты- мыс. Мақамбеттің бала кезінде бұл жер — бір тайпа елдің күздік жайлауы еді. Бұл күнде бұлақ, бастаулары тартылған жайлау — жатырқау түз. Бала ойнайтын баяғы үңгірлер борсықтың ініне, ешкі жайылатын беткейлер қарақұйрықтың өрісіне айналған. Баяғы ала құйрық ақ құйындар шала құйрық сары жел боп еседі.

Қарашаға қарай тері сүйреткендей боп қалатын Қараойдың қойнауы — бұл күнде, ақыраптың орта шенінде, шүйгінді де құйқалы. Екі түйе, бір бота мен жалғыз жылқыға қараша үйдің арқан байларлық айналасы ғана сыр берген. Одан арғы жағы — тіс жармас томырық қабақтай, жабырқау. Барған сайын қоюланып, толқынды теңізге де ұқсап кетеді. Сирек біткен биік қызыл изендердің басы аралға ұқсаса, ақ селеулердің үкісі желбіреген желкенді еске түсіреді. Мақамбет басқа ғаламнан келгендей, Қараойды жаңа көргендей сезінеді. Баяғы балдай балалық, сағынышты шақ қалған ойпаң — көзіне оттай ыстық та, жаудай жат та. Ынтыға есейген, торыға тоқыраған, дерттен қайта ашынған ақын Қараойды бірде қайта құтайған құтқа баласа, бірде елі ауып кеткен сары жұрттың төрінде төңкеріліп жатқан қара шаңыраққа ұқсатады. Көзі көміліп қалған бұлақ, бастаулар тілі байланған шежіредей ыммен сыр шертсе, сансыз жылдың дауылына, жауынына шыдаған тамырлы өсімдіктер көзі тірі куәдай сыбдырлайды. Алғашқысы «Мың бір түнді» жатқа білетін қариды еске түсірсе, соңғысы тұлымы қырқылған тұл сұлудың қайта шыққан шашын елестетеді. Екеуі де мәңгілікпен сырласқан, ұғысқан, баян табысқан жардай, басы жұмыр пендені бірде аяп, бірде табалап, бәдіктей айналдырады.

Әуеде ұшқан қызғыш: «екеуміздің тағдырымыз бір» дегендей, қанатымен бәйек болады.

— Байғұс-ау, саған не болған? Шайың және де суып қалды ғой, — деді Әуес. Мақамбет үй жанында ұзатар қыздай ұзақ тұрып қалғанын енді ғана байқады. «Ау, шынында да, маған не көрінді?!» — дейді дегбірсізденіп. Көргеніне қызығады, көргенінен шошиды. Денесінде қызу бар ма, қалай? Елірмесі бар баладай боп тұр. Миының түкпірі шыңылдап, құлағы жартастай жаңғырыға ма, немене? «Қой, үйге кірейін», — дейді Мақамбет. Шәркез сиқыр елестерден құтылғанша асығады. Ыстық, қою шай Мақамбетті ширатты. Қара торы дидарына болмашы қызғылтым шырай теуіп, басының сақинасы жазылды. Мақамбет баласына:

— Нұрсұлтан, атқа мініп қыраңға шығып келші. Ықылас неғып кешікті? — деді.

Нұрсұлтан тасырлата жөнелді. Мақамбет Ықыластың кешіккенінен қобалжулы екенін енді-енді анық сезіне бастағандай. Кейінгі келгенінде: «Мақа, сізді қалың ел қорғаштауда. Келер жолы сенімді кісілерді ерте келмекпін» — деген. Бұған иланған Мақамбет жансыз жолаушының артынан сүйсіне қарап тұрғанда, оның күдірейген жауырынынан күдік алып қалып еді. «Мына сұңғыла мырс-мырс күліп бара жатқан жоқ па?» деп сазарған. Енді ойласа, содан бері көңілінен көмескілік арылмаған екен. Бүгін түнде ұйқысының шала болуында дүдамалдықтың дерті жатқандай.

Осы жасқа шейін Мақамбеттің сенген жаны көп те, сенімін ақтағаны аз. Көзіне шөп салғандарын ойына алғысы да келмейді. Әсіресе, Мақамбеттің басына Баймағамбет сұлтанның мың сом тіккені туралы құбыжық лақап таралғалы бері өзгерімпаздықты ойлауға жүрексінеді. Көлеңкесінен қорыққан қоянға ұқсағысы және келмейді. Тәуекелдің жел қайығын кімнің сындырары мәлімсіз. Исатайы келмеске кеткесін-ақ тағдыры ауытқуға ұшырағанын Мақамбет пайымдайды.

Хан-сұлтанның қарулы әскеріне қарсы соғыста Исатай оққа ұшып, Мақамбеттің жалғыздық зарын шеккеніне — сегіз жыл да үш ай. Ұзақ уақыттың ішінде жасаған сансыз жорығы, шабуылы, қырғыны ойына оралды. Қапы қалған, қапия кеткен жері көп екен. Қарулы қолға төтеп бере алмау шарасыздық болса, хан баласынан ұқсатып кек ала білмеу өкініш. Өзек өртейтін, бармақ шайнататын өкініш. О баста Исатай батырдың сенгіштігінен Жәңгір ханға он күн мәулет беріп, сазға бір отырса, бертінде ауыл ағасы, ру басыларының солқылдақтығынан Баймағамбет сұлтанның басын шаба алмай қайтуы — қияметтік қапиялық. Қара шұбар жыланның құйрығын басып, басын жаншымай кеткені — енді өзінің басын мың мәнетке тіктіріп отыр. Исатайсыз бастаған ереуілі, көтерілісі жеңіліс тауып сергелдеңге түскелі бері Мақамбеттің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Енді ойласа, үркердей бір шоқ жолдаспен Хиуаға аууы құр далбаса екен. Хан атаулының көздейтіні — өзінің тағын сақтау. Тағына қатер төнбейінше батыл қимылға бармақ емес. Қалтаңнан тіллә, халқыңнан зекет дәмететін Хиуа ханынан да, соған паналаған қазақтың бұлаң құйрық бай-батшаларынан да Мақамбеттің түңіліп қайтуында тіл жеткісіз тұңғиық сыр жатыр.

Мақамбет о баста Жәңгірдің сарайына қызмет қылғанда, хан атаулының кім екенін білмеген-ді. Бертінірек, Орынборда оқыған ханзаданың күтушісіне айналғанда, өзі де орысша сауаттанып, арғы-бергіден хабардарлық дәрежеге көтерілуі — күндердің күнінде осындай халге түсірмек екен. Жәңгір Кіші жүзді билеп-төстегенін місе тұтпаса, Мақамбет найзагер Кіші жүз арқылы қарға тамырлы қазақты бұғаудан босатуды аңсағанын жалқылық сәтінде жақсы түсінеді. Белінен шойырылып, құла дүзде жалғыз күңіренген Ер Тарғын, қазақты іргелі ел етудің қамымен Ресейге арқа сүйеген Әбілқайыр, Абылайлар еске түседі. Олар түгіл, орыс әскерінде ерлік көрсеткен қазақтарға да өзінің еліктегенін енді пайымдауда. Хиуаның шекарасында Егор Ковалевский бастаған орыстың азғана әскеріне еріп кеткенде, Мақамбеттің ойында Жанжігітұлы, Байбатырұлы сынды ерлер болған. «Наполеонды қуысып, Париж шаһарына садақ кезене кірген, Сена деген өзеннен ат суарған қазақ батырларынан менің нем кем?!» дегені әлі есінде. Сол сапарында бораннан адасып қалмай Ресей өтіп кеткенінде тағдыр соқпағы қайда алып барар еді. Мақамбеттің бір «әттеген-айы» осы. Ақ патшаның өзімен тілдескенде, Баймағамбеттер пысып кетер ме еді, кім білсін. Мақамбет бала-жігіт шағында Жәңгір ханға ілесіп Петербор барып, патша сарайында болғанда, айтарын айтаалмай, қызықтықтың құлы боп қайтқанын кейін аңғарғандай. Ресей секілді тегеурінді мемлекеттің не екенін де кейін білгендей. Исатай оққа ұшқаннан бері де, хорунжий Шустиковтың әскерін Көтібар ұлдарының тұтқынынан құтқарып, дардан арашалағанда істің түбін ойлайтын кәмелетке жеткен екен. Кейін Орынбордың сотында сол Шустиковтың айғақтығы Мақамбеттің өзін дардан құтқаруында піскен парасаттың сыбағасы жатыр.

Соттан кейін ел ішінде екі-үш жыл бейбіт күн кешкенде, Мақамбеттің түбіне ауылдың ұсақ әкімдері жетті. Қайда жүрсе ізін аңдыған тыңшылығымен, қардай боратқан қара шағымымен жетті. Мақамбетті сұлтанның ордасына шақырғанда, Баймағамбеттің ойы сағы сынған, тауы шағылған ақынды сарайға бұлбұлша сайратып қоймақ-ты. «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп салуы — ат құйрығын кесісумен тең болғанын, ақын не көрсе де тілінен көретінін кейінірек ұғынды.

Өткен күндер елесінің осы арасына келгенде, Мақамбет қайта ширықты. Жалғыз өзі бүтін әлемді жасқантардай атқа қонбаққа асықты. Көкірегін долы күш кернеп бара жатты.

— Нұрсұлтан кешікті-ау! — деді Мақамбет.

— Жалғыз өзін неге жібердің? — деді Әуес.

— Екеумізден туған бала болса, қолға түсе қоймас, — деді Мақамбет.

— Түнде түсімнен шошыдым, — деді Әуес.

— Түс— түлкінің боғы, — деді Мақамбет.

Әуес: «Балаңның артынан барсайшы» дей жаздап, іркіліп қалды.

Мақамбет бастан кешкен сары сергелдең, қара қуғында Әуес оған зайыптық бейілімен ғана медеу. Найза ұстаған қызды, сырық сүйреткен қатынды ол көрген. Бірақ оның өзі барда күйеуінің бабын тауып, жоқта балаларын жетімсіретпеуден асқан емес. Тіпті, Мақамбеттің шарасы таусылып, құты қашқан осы бұғыңқы күндердің өзінде, оған кеңес қосқан кезі сирек. Жұбайы әлде бірдеңенің жайын ақылдасса, Әуес: «Қайдан білейін. Өзің қабырғаңмен кеңессейші», — деп өзін қайрап қояды. Мақамбеттің: «Мен алмас қылыш едім, тасқа салдың — кетілдім; қайрасаң— тағы жетілдім» деген елге таранды сөзін Әуес өзінше ұғады. Күйеуінің ұлықтығын жұрттың аңызы арқылы ұққалы бері қуғын- сүргіннен көз ашып көрген емес. Әуестің өз басы үшін Мақамбет көбіне мінезімен ыстық. Сусыннан қыл шықса қатынын сабайтын батырдай емес, Мақамбет от басында өте жайлы. Ашуын тырнадан алмайды.

Қайта, осы Қараойдың жапалы қойнауында болымсыз күйбеңге күйінген зайыбына сабыр тілеп, жылаған жас баланы жұбатысады. Өзінің іші пысқанда, оқтауды домбыра ғып, жас баланы мадақтауды желеулеп, жырлап жіберетін шағы да бар. Күйеуінің бүгінгі қобалжуын, бүгінгі түрпетін Әуес ұнатып отырған жоқ. Ұлы сәскеге дейін шайға келмей үй сыртында күбірлеуі де, баласын барлауға жұмсауы да, күдіктен күпті болуы да — Әуес үшін жат қылық. Әуес шұғыл өзгеріске ұшыраған күйеуіне немен алданыш боларын білмей қипақтап, қасынан әрі-бері өтті.

Мақамбеттің есіне Әуестің баяғы кезі түсті. Талшыбықтай солқылдаған аққұба қыз осы. Қалыңдық ойнауға мас болған балаң жігіт Мақамбет. Сыр алып, сыр түйіскен ыстық күндер лаулап өтіп кетіпті. Ағайын-аймақтың өсек-аяңы, күдіктің көңіл қажауы, қызғаныштың күйдіруі, кірбеңдік, қырғиқабақтық түп- түгел ұмыт болыпты. Бұл күнде байын айналшықтаған баянды бәйбішеде басқа қызық, бөтен ермек қалмағандай. Мақамбет ішінен «Өмір шіркін қалайша тез өтіп кеткен!» — деп бір қойды. Отбасының игілігінде, ошақ бұтының қызығында Мақамбеттің Әуеске өкпесі жоқ, тағдырға өкпесі бар. Сақалы шығып жат болған тұңғыш ұлы Жәңгір ханмен соғыста оққа ұшты. Ортаншы ұлы Баймағамбет сұлтанмен шайқаста жарадар боп өлді. Иіс алмасы Нұрсұлтан. Түйе бағудан аса алмай жүрген ұланы. Әуестің отыз жеті жасында тапқан баласының кім болары әзір белгісіз; Мақамбет бестегі бөбегінің ұйықтайтынынан ғана дәметеді. Жалғыздықта өскен сәбидің мінезін өзге балалармен салыстырарлық заман Мақамбеттің басында жоқ. Мақамбет ауыр күрсінді. Арыстан ұлдарын жоқтап, ішінен жыламсырады. Жүрегі елжіреп, көкірегі сары сағынышқа толды. Балаларының Өтемістен туған ондай түгел атқа қонып жасақты қолға айнала алмаға- ны — орны толмас өкініштей мазалады.

Әуес күйеуінің қара торы дидары мұңға толып, таусылып отырғанын анық-ақ аңғарды. Өзі де күрсініп еді, көзінің жасы бірге шықты. Жаулығының ұшымен сүртіп жатып:

— Қарақтарым бір аунап түсті-ау! — деді. Мақамбеттің де көзіне жасы тығылып қалды. Өзін де, жұбайын да аяп, сыртқа шығуға ыңғайланғанда, Әуес сыры қашқан зеренмен сусын ұсынды. Сапырылған шұбаттың исі аңқиды.

— Тәбетім тартпайды. Өзің іш, — деді Мақамбет. Әуес ернін шолп еткізіп, ырымын ғана жасады. Мақамбеттің есіне Баянның шешесі түсті. Өз көзімен көрмеген Аякөздің кұмы елестеп өтті. Қарабайдың жалғыз үйі елестеді. Зарыққан жандар елестеді. Екі үйдің соқпағы ұқсас та, жазмышы бөлек; мехнаты ұқсас та, мұрады басқаша.

Бағы замандағы Қарабайдың үйі мен осы замандағы өз үйінің халі Мақамбетті тың бір ойға бастады. Малын қызғанып жапанға қашқан Қарабайдың қара шаңырағын жалпақ жұртпен жалғастырушы Жантық болса, халқын қызғанып Қараойға бекінген Мақамбеттің қара шаңырағын бейілдес елмен астарластырушы — Ықылас. Екеуінің тәтті ұрттылығы егіз елес туғызып, сезімнің секемін күшейтті. Енді Ықылас кешіккен сайын сыбайлас аңшыдай сүйіндірмей, сауықшыл жардай күдік туғыза бастады.

Ықылас ертеден Мақамбеттің көңілін жығып көрген пенде емес. Бірақ бұның бір өзі баяндылыққа айғақ бола алмайтындай. Ер мен ердің арасы шекісте бекімек, өкпеқалдықтың өмір жасынан байқалмақ. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатындар Мақамбетке қияметтік дос бола алмақ емес. Ықыластың дастарқандық қомағайлығы енді қобалжу туғызғандай.

Ықылас жоғалған бір жұманың ішінде Мақамбеттің үркіп, орнын сипалатып кетуіне болатын еді. Бірақ оған бармады. Бұғатын жердің өзі де қалмағандай. Сонау Нарынның жықпыл-жықпылын Баймағамбет сұлтанның жансыздары түлкідей тіміскілерінде күмән жоқ. Анау елсіз тауды паналауға жабдық кәт. Шалғайлы Шалқарға қарай ауса, қарап жүре алмайтын қазақтың бірі ана жылғы өзін ұстататын Мұртазағали Өзбекғалиұлына ұқсап: «Тақсыр, күдікті біреуді тексерсеңіз екен!» — деп ұлықтарға шаппасына кім кепіл? Үдере көшіп, түрікпен асса, өмір-бақи арылмайтын Адайдың барымта- қарымтасының бодауына түсіп кетері күмәнсіз. Қайда барса Қорқыттың көріне ұшыраған Мақамбет «әйтеуір біреуге сену керек қой деп те ойлады. Ықылас адал боп шықса, ертең оның бетіне қалай қарамақ. «Қатындай қашты!» деген қара қаңқудан немен құтылмақ.

Шәлкем-шалыс ойдан, белгісіз өкініштің уытынан Мақамбеттің басы қайтадан мең-зең бола бастады. Түкті қабағын қарс жауып, отырып қалды. Нұрсұлтан шаңқай түсте оралды. Кешіккен себебін өзі түсіндіріп өтті.

— Бозадырдан жылқы кісінегендей боп еді. Барсам, жым-жылас. Бірақ жас тезектен секем алып, белгілі саяңдарды сүзіп шықтым. «Балам да бірдеңе біледі екен ғой!» — деді Мақамбет.

— Ізін бағдарласаң нетті.

— Тастақтан ажырата алмадым.

Мақамбет әртүрлі болжау жасады. Дөңдер асатын жолаушы суыт жүрмейді: — уақыт әлі ерте. Баймағамбет- тің тыңшылары болса, жалғыз аттыдан қашпайды. Қайта, «қанды басың бері тарт!» деп бекініс құрады. «Шамасы, зыта жөнелген жаман ұры шығар», — деп түйді. Дегенмен, Мақамбеттің көңіліне алаңдық ұялады. Үйде байыз таппай, атына мінді. Неге екенін қайдам, Қараойды айналып шықпақ болды.

Ат үстінде талай ой кешті. Сонау қырандарды жайлаған қалың ел сүмбіледе осы Қараойға құлап, айнала қоныс тебетін шақ еске түсті. Жаз соңының желігі, күз басының қамы той-думанымен, қарекет- қарбаласымен көз алдынан шұбырып өтіп жатты. Осы шақта Мақамбеттің үстінен көңқарға қарқылдады. Ертеде шаруалар қыстауға қарай ойысарда, «көңқарғасы түскір кеп қапты ғой» десуші еді. Дәулеті тапшы Өтеміс ел көшкенде өспірімін атының сауырына салып, майталмандарға ілесе алмай лоқылдатқанда, қаршадай Мақамбеттің сыр бермейтін шағы әртүрлі ғазабымен осы шаққа ұласқанын енді жарастырғандай. Ашамайлы тайға мінген бай баласының көбінің кейін құйымшағы өскендей көтерілісте атқа қонбауын енді бағалағандай. Баяғы жарлы әкенің артында жарбиған өспірімге: «Қош бол, Қараой!» дегізетін мезгілдің жұмбағын енді өзінше шешкендей. Есейген Мақамбетке Қараой: «Ей, бейбақ, сенің өмірің өткінші, мың күн жанған шырағың бір күн сөнеді», — деп тұрғандай. Үрейлі, уанышы аралас лебізімен арбағандай. Көзі көмілген бұлақтың тілі байланса, беті жыбырлаған қалың шүйгін: «Мәжгүннің керегі жоқ. Қалың елің қайда?!» — деп табалағандай.

Мақамбеттің ойына ен далаға ел қондырмақ болған астамшыл да іңкәр кездері оралды. Алты малта ас болып, еңқу-еңқу жер шалған күндер мен түндер көз алдына елестеді. Қырдан ойға ойысқан, ойдан қырға өрлеген сол сарбаздары «Мақау-ау, қайда жүрсің?» дегендей болды. Мақамбет кенет: «Мен мұндамын!» деді. Тұла бойы шымырлап, көзі тұманданды. Енді бастаушыдай емес, барлаушыдай атой сала бастады. Астындағы бәйге күрең шырқ айналып, алдыңғы екі аяғымен аспанға шапшыды. Сол сол-ақ екен, Исатай шейіт болатын қырғын соғыс көз алдында тұра қалды. Зеңбіректі, мылтықты қалың жаумен аянбай атысқан, шабысқан теңсіз қолдың жойқын ерлігі еске түсті. Белесі береген, сайы ұры Бозадырда шашырай қашып, бүйірден дүрліге қайта тиіскен сары садақты сарбаздары, қара мылтықты мергендері, қылышты қылилары, сойылды сотқарлары бірде аяныш, бірде сүйініш тудырып, Мақамбеттің қанын қыздырды. Мақамбет ауру баладай елермелей бастады. Бәйге Ақтабаны оққа ұшқандағы дулығалы Исатайдың мылтығының аузы үңірейген аттылы жауларға беріспей, жаяу найзаласқан көзсіз ерлігі елес берді. Қақпанға түскен көкжалдай көзіне қан толған Исатай сол күйінде көрініс берді. Мақамбеттің көлденең тартқан атынан бас тартып, жау ішінде жорта жаяу қалып тұр. Үзеңгі жолдас ақынын табалап: «Сенің қайратың тіліңде. Менсіз сайра, менсіз зарла!» деп тұр. «Мен екі өле алман!» деп қасқайып тұр. Елестің осы арасына келгенде, Мақамбеттің құлағына оқыс дауыс шалынды.

— Байғұс-ау, атой салып, саған не көрінді? — дейді Әуес.

Мақамбет ұшықталған баладай сауыға бастады.

Қараойдың қойнауында атой салғанда, артынан келері қатыны ғана екенін енді білгендей.

— Үйге қайт, — деді Әуес.

— Ат таңасырғым кеп тұр, — дейді Мақамбет. Әуес тағы шошиды.

— Шаңқай түсте ат таңасыра ма екен.

Мақамбет бүркіттей түйіліп, аспанға қарайды. Кіреуке бұлт қоюлана түскен. Бағанағы алтын жамбы жездей ғана жылтырайды.

Қараойды айнала қоңыр көлеңке қонып, тұнжыраған мұңды әдіптеп тұр.

Ауру ақын сауықты. Денесінің қызуы тарқап, көзінің домбығы басылайын деді.

Мақамбет қыраңға өрлеген екі түйені ылдилатты. Үй маңындағы ботаға көз тастады. Өз үйіне жақындағанда, атын тұсап, отқа қойды. Қара мауыт, ақ селеуді шала бастаған жалғыз жылқыға:

«Жануарым, ішіңе шыр байлай бер. Ертеңнің қалай болары мәлімсіз!» — деді.

Үйіне келгесін екі құс жастықты шынтақтап қисайды. Дағдыдан тыс ерте тұрған ол көзінің шырымын алмақ еді. Бірақ мызғи алмады. Ақырында, екі жамбасына кезек аунап, түндегідей дөңбекшуді шығарды. Дөңбекшіген ақынның көңіліне тыңнан мұңды өлең оралып, тұла бойы қорғасындай балқып бара жатты. Тал түсте тұтылған күндей қаралы, қараңғыда аққан жұлдыздай азалы, көкейден кетпес бейнелер елестеп, екпінді ұйқасымын таба бастады. Енді біршама уақыт өткенде:

— Көке, қыраттан бес-алты кісі құлады, — деді баласы.

— Қарулы кісілер ме?

— Қарусыз.

— Е, онда, Ықыластар шығар. Дегенмен, атты жылдам әкеле ғой.

— Нұрсұлтан жүгіре жөнелді.

Мақамбет қанжарын байлап, тысқа шықты. Боз шекпенін желегей жамылған. Денесінде болмашы діріл барын байқады.

Аты түскір недәуір ұзап кеткен екен. Екі өкпесін қолына ала жүгірген Нұрсұлтан екі мәрте тыныс алғанда, әкесінің жаны ашып тұрды. Нұрсұлтан жеткенде, қыраңнан құлағандар да жақындаған. Біреуі қол бұлғап шақырды. Шамалы уақыттан кейін бәрі шұрқырасып та қалды. Жұмбақ жолаушылар аттарын шідерлеп отқа қоя бергенде, «Е, тәйірі, бауырларым екен ғой!» — деді Мақамбет. Сол сол-ақ екен, өзінен өзі ұялыс тауып, жерге кіріп кете жаздады. «Е, бүйтіп көрген күннің енесін ұрайын!» — деді.

Екі ортада шыбын өлер демекші, Мақамбет әйеліне сұстана қарап:

— Немене, бала құшақтап, қалшия қалғаның. Көрпе төсе! — деді.

Әуес сыртқа шыққанда:

— Бесінде моладан қайтқан сүйекшідей мимырт жүрістерін ұнатпай тұрмын, — деді баласын қайта құшақтап.

Мақамбетті қайтадан ашу-ыза баурады. Басына қаны теуіп, құлағы шулап кетті. Ащы ызыңдар сапырылысып:

"Келе жатқандар — досың; жоқ, досың емес — жауың!" десті.

— Дос болса, құба-құп. Жау болса, саған серт! — деп қара қанжарын жамбасқа қысып қойды.

Ықыластар екен. Жамырай сәлемдесті. Ықыластың өзі Әуестің құшағындағы баласын иіскеді. «Шіркін, бауырлық-ай!» — деді Мақамбет.

Конақтар үйге кіргенде, Әуес құшағынан босаған баласына ұрсып жатты.

— Үй айналма. Жаман болады. Бұл ырымнан Мақамбет қайта күдіктенді. «Ықылас ит бүгін неғып бауырмал бола қалды?» — деді. Алғашқы «амандық-есендіктен» кейін қонақтар жартымды сөз таппай, тымсырайысып қалды. «Ертіп келуші не айтасың?» дегендей, Мақамбет Ықыластың бетіне қарады. Ықыластың шегір көзі — тұман. Баяғыда біреудің қатыны толғақтан өлерде осы шегір көз шошытып, іш тастатқан деседі. Мақамбет тұманды көздің түбіне жете алмады.

Төрге отырған Жаңаберген болса, о бастан байсал- ды. Ішіне кіріп-шығу оңай емес. О баста көтеріліске араласып, кейін айламен аман қалған бидің бірі. Мақамбет оның күйші інісі Төлепбергенмен көп тұздас-дәмдес болса, бұның өзімен ертеден-ақ алыстан сыйласқан. Боздақтың екі баласын екі айрық көріп, шен қуушысынан өнер қуушысын жақын тартқан. Оның неғып келмегені күдік туғызып отыр. Мақамбеттің ішкі алалығын өзінше сезініп, өзінше түйсінген Ықылас:

— Берісі бүкіл Беріш дуалы аузына қарайтын биекеңнің өзін қолқаладым, — деп, әңгіме шерте бастады. Бірақ әдеттен тыс босаға жақта отырған Мақамбет шешіле қоймады. Әңгіменің тамызығы маздамағасын Жаңаберген тоқетеріне көшуді лайық көрді.

— Мақамбет, сырттап жүріп сен түк білмейсің. Сен үшін біз не көрмедік. Енді ақыл қосысуға келсек, аузыңды бұртитасың.

Шымшыған сөз Мақамбетті ашындыра алмады. Әлі де сазарып отыр. Әуес самауырдың төңірегіндегі күйбеңмен жүр. Нұрсұлтан әкесіне қарама-қарсы бір тізерлеп отыр.

Әлден уақытта Жаңаберген торыққан дауысқа ауысып:

— Сөйлескің келмесе, кетейік. Жапанда жалғыз үй отырып, қалың ағайынды менсінбейтін шығарсың, — деді.

— Төлепберген неге келмеді? — деп сұрады Мақамбет.

— Биге сенбей, қаңғыбас домбырашыға сенсең, күні ертең жалғыз өзін жіберейін. Он екі ата Байұлының тағдырын екеуің шеш! — деді Жаңаберген ұзын бурыл сақалын тарамдап.

Мақамбет жіпсіді.

— Қатар өскен ит қой. Сағынып едім. Сөздің шынылығына, биязы үннің жұғымдылығына Жаңабергеннің көңілі босады. Орамалымен көзін

сүртіп, қамырыға сөйлеп кетті. Ол елу жылда ел жаңарып, жүз жылда қазан болатынын айтты. Заманның тарылып, уақыттың қуарғанында ескінің көзінің жоқтығын мұңдап бір өтті. «Біздің қатарымыз — қарашаның ағашындай селдір» деді. «Исатай сабаздың орнын басам деген кісіміз жынды сауықшыны іздейді» деді. «Сенің қатең — ауыл ағаларын, ру басыларын менсінбеу» деді. «Жасы ұлғайған адамның елшіл боларынан бейхабарсың» деді. Арасына жарасымды, жарасымсыз мақал-мәтел қосып, айтылмыш ойын тұздықтап отырды. Мақамбет иланғандай. Баласына бірдеңе деп күңк ете қалды. Нұрсұлтан шешесіне қолқабыс тигізе бастады. Жаңаберген сөз қысырағын қуғыштай келіп, ақырында жаяулағандай болды. Шындыққа да енді жақындағандай.

— Мақамбет қарағым. Төрімнен көрім жуық қалғанда, сенің сүйегіңе түскелі келгем жоқ. Бәтуа байласуға келдім, — деді.

— Нендей бәтуа?

Жаңаберген сабырлы қалпын бұзбады.

— Ел ағалары ұшып-қонбай, жата-жастана кеңесер болар. Шекпеніңді сыпыр, белдігіңді шеш. Қанжарыңмен үрейімізді алма.

— Жақа, жанға сенгізбей қойған заман шұнақ қой. Менің бар жазығым — осы отырған қаракөздерді ел қылмақта еді. Әлі де менің жүрегім қаракөздер үшін сыздайды, — деп, Мақамбет орнынан қарғып тұрды. Шекпенін сыпырып тастап, сарыжолақ қынды қара қанжарын қызыл керегенің басына ілді. Қонақтар түгел жадырасып, «бәрекелдеге!» басысты.

Шай үстінде сөзге ол-пұл талшық болды. Ықылас ендігі паналар жерді меңзесе, Жаңаберген «қысқы ырзық менің мойнымда» дегенді емеуіріндеді. Әуес пен Нұрсұлтан екі жақтап, ас қамын тездетіскен екен. Көп ұзамай ет те келіп қалды. Мол тағамның үстінде қазақтың сөзге сараңдығы белгілі. Ет жегіш ауыздар өз қызығымен болып жатты.

Етке мелдектеген қонақтың ішіндегі ең нашары:

— Қайран Мақамның қара шағырағы-ай! Құт қой, құт қой! — деп еді.

Жаңаберген шамданды. «Қашқын күйіндегісі осы. Ертең қалың Байұлының ішіне кірсе, жұрт бұны пір тұтады ғой!» — деп отыр.

Мана жалғыз інісі Төлепбергеннің татулығынан көңілі босағанда, Жаңаберген ішіне сақтап келген сұмдық райдан қайтпаққа ниеттеніп еді. «Жылу жинасақ та, таразының бір басын алтынға толтырып, екінші басына Мақамбетті салармыз!» — деп бір қалған. Енді нашар серігінің қолпашынан кейін қитығып қалды. «Әулекі неме Төлепбергенжанның домбырасына қызығады ғой. Ертең ел билеп кетсе, інімнің өзін құл қылары хақ. Қой, қанішер Ықыластың қолын қақпайын. Көресісін ағайынынан көрсін!» — деді. Қол шаяр алдында Жаңаберген Исатайға бағышлап кұран оқыды. «Күнту-тұрабадан» аса бергенде сүрініп еді. Мақамбет қақырынып қалды. Мақамбеттің бұл қылығы да бидің шымбайына батты. «Мұсылманша, орысшаға судай кәпір ғой, бұл!» — деп отыр.

Жаңаберген Мақамбеттің кім екенін біледі. Хан, сұлтандарды менсінбеген батыр, қазаққа сөз бермеген қаратіл дәурендесе, биге дүре соқтырады ғой. Жаңабергеннің қызыл күрең жүзі шамалы қуқыл тартты. Тісін аршамен шұқып жатып:

— Мақамбет қарағым, сонымен, не істемек ләзім? — деді. Мақамбет кәрі жыны қызып, саңқылдады.

— Дұғадан, батадан Баймағамбет сұлтанның аузы- басы қисаймайды. Тасаттық азаттық әкелмейді. Қару жию керек. Еркек кіндікті атқа қондыру керек. Сіз-ақ бастаңыз. Мен — қоштайын. Жаңаберген Ықыластың бетіне қарады. Ықылас саусағын сыртылдатып:

— Еркек кіндікті Жайықтан өткізе алсақ... — дей бергенде, Мақамбет қайта саңқылдады.

— Серкесі болсаң, өтеді. Ал, егер, сасық текедей бақылдап, көткеншектесең, құрдымға кім түседі? Ықыластың бітеу жарасы жарылар тұс осы екен. Көз ілеспес қимылмен:

— Е, анаңды... — деп Мақамбеттің үстіне қона түсті. Малдас құрып отырған Мақамбет жығылмады. Бір тізелеп түрегеле беріп, басымен Ықыласты бұқаша сүзіп жіберді. Ықылас: «ах!» деп, аузын басып қалды. Осы уақытта Мақамбетке төрт адам жабылып үлгерген. Екеуі екі қолын қайыра бастады. Мақамбет құрыққа ілінген құландай:

— Бала-шағадан аулақ! — деп жанұшыра бұлқынып, төрт адамды сүйрете-мүйрете тысқа шыға бергенде, табалдырыққа сүрініп, етпетінен құлады.

Қаншама жанның аяғы аттағаны мәлімсіз көне табалдырықтың алдында жаңа опыр-топыр басталды. Мақамбет жауған жұдырықты елемей, бар күшін жиып, етпеттей күжірейіп, жендеттерді сауырдан төге берді. Олар қайта жармасып, шықшыттап, батырдың тынысын тарылтуға күш салды. Мақамбеттің теңдессіз үлкен жүрегі тынымсыз дүрсіл қағумен болды. Жаралы арыстанның ыңыранғанындай, тұншыққан домалақ дүрсілден Ықыластың үрейі ұшты. Ол қазықтың қасында жатқан тоқпақпен Мақамбеттің басына ұрды. Мақамбет ақтық рет «Әуес!» деп, сылқ түсіп, сұлап қалды.

Жендеттің бірі Мақамбеттің қатын-баласын сыртқа шығармай, қара қанжармен жасқап тұрған. Әкесінің ақтық арызын естігенде, Нұрсұлтан оқжыландай атылып, жараланып қалды. Мақамбеттің үй іші ұлардай шулап жатты. Мақамбет тілге келмей кетті. Бірақ талайға шейін жүрегі дүрсілдеп, миы шыңылдап, бүкіл өмірін көз алдынан өткізіп жатты. Ақырғы үні «Әуес» болса, ақырғы ойы «Қайран халқым!» деген екі сөзге сайды. Жантәсілім қыларда, қанталаған қой көзін кең ашты. Жарық дүниемен қоштасып, Қараоймен арыздасты. Ұзақ жолдың түйіні қысқа екенін бірінші рет біліп бара жатты.

Жаңабергендер шідерлі аттарына келе жатты. Түстері өрт сөндіргендей әлем-тапырық. Тісі опырылып қалған ЬІқылас маңқадай мыңқылдап:

— Жақа, боталы түйені сіз жетектеңіз! — деп еді. Не істегенін енді сезінгендей, тұлданып түнеріп келе жатқан би шұбар тарландай тулады.

— Бүлінгеннен бүлдіргі алман! Менің ісім бітті!.. Мақамбеттің атын Ықлас мінгенде, Жаңаберген және ашу шақырды.

— Е, немене, қолыңдағы бастың бодауы аздық қыла ма. Жетімектеріне қалдырсаң нетті. Ықылас тоқетерінен бір-ақ қайырды. Сұлтанның әмірі осылай, биеке! Жаңаберген жым болды.

Мақамбеттің жүйрік күреңі қара беттің астында ойнақшып шыға келді.

Бағана күйеудей жаяулап келгендер астан желіккен жиендей еркінсіп, білген базыналығын жасап, тасырлата жөнелді. Қараойдың қойнауында қаралы үй жапа-жалғыз қала берді.

Әуес күйеуін құшақтап, қыздай сыңсыды. Нұрсұлтан етпеттеп еңіреді. Жас бала шырылдап, үй айнала берді. Үй маңынан бота боздады. Өрістен енесі аңырады. Түйе қызыл изенді қыдыра шалуын доғарды. Қараойдың үстінде көңқарға мен қызғыш ұшып жүрді.

Күн батар шақ еді. Қараой қаралы қызыққа толып, дөңгеленіп бара жатты. Сол түні ай тұтылған...

Оқуға кеңес береміз:

Тәкен Әлімқұлов туындылары

Тәкен Әлімқұлов өлеңдері


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз