ХИКАЯ
Кертай қараңғылық түсе ауыл шетiндегi бұзылған тамды ықтай бiраз тұрды. Денесi тоңазиын дедi. Iш тарта ысқырынған өкпек желге жыртық тамның пана болар түрi көрiнбедi. Ыстық астан көптен берi жетiмдiк көрiп келе жатқан iшi де сыр алдыра бастағандай. Ұзақ жолда сирек қоныстанған жұртты сырт айналып, сырғақтай қаша жүрген көп күнгi үрдiс сапар да сансыратып жыққандай.
Шағын ауылдан сәл алшақ, оқшаулау үйдiң кiшкене терезесiнен әлсiз көрiнген сәулеге телмiре қарады. Анда-санда күңгiрт қарауытқан мұржадан жұлқына қашысқан тiкше ұшқындар жылы ұя, жайлы төсектi ерекше сағынтып, сезiмдi арбайды…
Есiк алдына аңдай басып, сақ таянды. Екi ұдай сезiм еркiнде елерген қолы есiктiң темiр тұтқасын қорқақтай әрең ұстады. Жүрегi аузына тығылды.
«Еркегi болмаса жарар едi. Кемпiр-шал болса бiр сәрi. Әйтеуiр, күдiктен аулақ болатын жандар ғой. Бiрақ елде iске жарарлық еркек те қалды деймiсiң». Ол өз күдiгiн осылай ширатты. Нар тәуекел, келiстiрiп, жайымды сендiре айтсам, құны бар ма менде. «Колхоздың ығып кеткен жылқысын қарап шыққан едiм. Бұта түбiнен атыла қашқан қояннан үрiккен атым жығып кеттi. Құлан түздi бетке алып, ұстатпастан безiп кеткен жайы бар». Айтар айғағы осы болмақ. «Одан әрi кiм қазбалай бермек? Қиыстырып айтсаң, құдайды да сендiруге болмай ма».
Ол сыртқы есiктi ақырын ашып, iшке ендi. Қараңғы, аласа дәлiздiң қотыр қабырғасына арқасын сүйеп аз тұрды. Iшкi есiктiң қай тұста екенiн барлады. Саңылаудан сыртқа қашқан сәуленi ұшыратам ба деп маңдай алдын, жан- жағын көзiмен тiнттi. Тыныс тартып, iшке құлақ тiктi. Құлаққа қайтқан қайырым дыбыс жоқ. «өлiп қалған ба тегi, адамдары қайда кеткен?» Қарманып жүрiп, есiктi тауып алды. Сыртын киiзбен қаптаған екен. Есiктi аша бере, «суық жүрiстi жандай сыр алдырып қоймасам болғаны» деп iштей ой түйдi. Iшке енгенде, жүзiне жылылық табы ойнап шыққанын өзi де сездi.
— Ассалаумағалейкүм-ау!
Жатаған пеш алдындағы шоқтан қара шәйнектi көтерген жас әйел бұған тосырқай қараған күйi ернiн жыбыр еткiздi. Шарасы үлкен көзiнде үрей де, тосырқау да, таңдану да бар. Сырланбаған аласа үстелге иық түйiстiре отырған екi жас бала да үркiңкiреп қалғандай.
— Жаяу қалған жай бар, келiн, шырақ. Тосын келiп қалған екен деп тосылма, шырағым. Атымнан айырылып қалдым. Жоқ қарап жүрген едiм, — дедi бейбiт, момақан пiшiнде. Балаларға қарап әлсiз езу тартты. Сол сәтте баланың бiреуi:
— Әликiсалам, ата, — деп орнынан атып тұрып, сәлем бердi. Делдиген танауының өзгеше сүйкiмдiлiгi бар екен. Ұшқын ойнаған көзiнде жаңа келген жанды жат болса да жақын көрген қалпы бар. өзгеше сенiм, мейiрмен қарайды.
— Аға, жоғары шықпайсыз ба? — деп төрдi нұсқады. Кертай қасына келген баланың басынан сипап, арқасынан қақты. Екiншiсi ұяңдау екен. Ұяла төменшiктей, ол да қол ұсынды. Әйел өзiнiң үнсiз қалған қылығының ағаттау болғандығын ендi ұғынғандай үнмен: — Иә, жоғары шығыңыз. Нұржан, атаңның киiмiн iлсейшi, неғып тұрсың? — дедi.
Кертай қаудыраған қалың шекпенiн шешiп, балаға бердi. Керзi етiгiн тастап, төр алдындағы көнелеу құрақ көрпешеге жайласа отырды. Нұржан шекпендi iле салып, мұның қатарына лып етiп, жайғаса кеттi.
Көзi тым сүйкiмдi, анасына тартқан екен. Мұның келгенiне барынша қуанып жүрген де осы.
— Ата, қалай адасып кеттiңiз? Атыңыз қайда? — Сөз саптасы тап бiр ересек адамдардiкiндей.
— Е, жылқысы құрғыр ығып кетiп, соны iздеп жүргенде, бiр қоян баялыштың түбiнен ата жөнелмесi бар ма. Әйтеуiр құдай сақтап қалды.
— Iмм… Еш жерiңiз ауырған жоқ па?
— Жоқ.
— Баялышқа жығып кеттi ме, әлде жерге жығып кеттi ме? Кертай мырс-мырс күлдi.
— Баялышы не, жерi не, бәрiбiр емес пе, балам-ау.
— Неге, баялыш кiшкене жұмсақ болмай ма?
— Ә, солай ма едi, жер ғой деймiн ұмытпасам, — дедi Кертай.
— Соны да ұмыта ма екен, ата-ау. — Бала сықылықтап мәз бола күлдi. Кертай ерiксiз жымиды. Шешесi балаға жекiдi. Нұржан тосылып қалды. Жүзiне жеңiл кiнам табы ойнап шыға келдi.
Кертай көз қиығын әйелге тастады. Жас шамасы отыз-отыз бестерде болар деп шамалады. Ажарында жеңiл кiрбiң табы бар. Мұның келгенiн ұнатпады ма, әлде өзге себебi бар ма, келген мейманмен тiл қатысуға құлықты емес сияқты көрiндi. Кертай араға орнаған келеңсiз үнсiздiктен құтылғысы келгендей Нұржанға еңсерiле бұрылып:
— Балақай, әкең қайда? — дедi. Бағанадан қыстығып отырған бала iле жауап бердi.
— Немiстермен соғысып жүр.
— Қалай, хат келiп тұра ма? Аман ба екен?
— Аман. Анада хат келген. Орден алыпты. Бала көзiндегi ұшқын қайта жайнап қоя бердi. — Самолет атып түсiрiптi.
— Түу, сенiң әкең жарамды соқты ғой, онда!
Бала бiраз уақыт үнсiз отырды да, сәлден кейiн мұңая:
— Ата десе, хат таситын шолақ Асан бiздiң үйге неге келмей жүргенiн бiлмейсiз бе? — дедi.
— Жоқ, қалқам. Ол оның жүзiн жанап өткен кiрбiң көлеңкесiн тез аңғарды. Yмiт үнiн өшiрмес жұбату айтуды құп көрдi. Сәл жөткiрiнiп қойып: — Мен ол антұрғанға айтайын: « Нұржанға соғып жүр», — деп.
Бала бiр түрлi масаттанып қалды. Артынша:
— Ата, сiз немiстермен соғысуға неге барған жоқсыз?
— Е, мен бе? Жоқ, менiң жасым асық, жаратпады. Колхозда жылқы бағамын.
— Мақаттың да көкесiн әкеттi ғой. Ол кiсiнiң де сiз сияқты үлкен сақалы бар, үлкен, — деп, қолын сермей көрсетiп қойды. Отырғандар ерiксiз езу тартысты. Кертай әйел қолынан кесенi алып жатып:
— Ауылымыз мына төменгi Қаратас жақта едi. Ендi соған жету уайым болып отыр. Бастықтарыңыз ауылда ма едi? Бұл сөздердi әдейi айтты. Әйел көңiлiне күдiк ұяламасын дедi.
— Ауылда болатын. Одан әрi тiл қатқан жоқ. Ашылып сөйлесуге құлықсыз сынды. «Ұнатпағаны ма, әлде күйеуiнен хат-хабар болмағанына қапалана ма екен. Иә, солай да шығар». Оның ойын бала бөлiп кеттi.
— Ата, сiз бiлесiз бе, шолақ Асанның қолын не жұлып кеткенiн?
— Жоқ. Не жұлып кетiптi?
— Оқ дейдi. өзi қызық, саусақтары жоқ. Мынадан жоқ, — деп қолының қоспадан жоғары тұсын алақанының қырымен кесе көрсеттi. — Балалардың бәрi сол кiсiден жаман қорқады. Жеңiнiң iшiнен шошаң еткiзгенде, зәрең ұшады. Басы қып-қызыл бiрдеңе, — деп өз-өзiнен үрейлене сөйледi. Кiп- кiшкене денесiмен бүрiсе, Кертайға қарай тығыла түстi. Ол қозғалақтап, қолайсызданғандай бала жүзiнен көзiн тайдырып әкеттi. Жеңiл ғана жөткiрiндi.
Кертай өзiнiң әйел назарының нысанасында отырғанын айқын түсiндi. Оның бойын күдiк биледi. «Сескенiп отырған сияқты ма, өзi». Әйел қабағынан қараша күздiң қырбық қырауындай бiр кiрбiң кетер емес.
— Ерiңiздiң кеткенiне қанша болып едi?
Әйел жеңiл күрсiнiп қойды да, мұның жүзiне шарасы үлкен көзiмен тiктей қарап:
— Екi жылдың жүзi болды. Дауысы жұп-жұмсақ, жағымды естiлдi.
— Хат алып тұрасыз ба?
— Келiп тұрған. Соңғы екi айдан берi еш хабар болмай тұр. Не болғанын бiлмеймiн. Бiрақ еш жаманаты жоқ. Бiлетiндер жұбатып жатыр. «Мүмкiн жарақат алған шығар», — дейдi. Бiреулерi: «Қолы тимей жүрген шығар», — дейдi.
Бұдан соң әйел үнсiз қалды. Кертай тiлеулестiк пиғыл танытқандай:
— Е, келiн, жаман ойдан аулақ болғайсың, үмiт шiркiнге не жетсiн. Сол қолы тие бермейдi дегендерi құлаққа қонады. От пен оқ арасында жүру кiмге оңай дейсiң, — дедi қоштаған үнмен.
— Лайым солай болғай! Әлсiз шоқтан от алып, ендi коздап келе жатқандай болған әңгiмiненi бала сөзi бөлiп кеттi.
— Ата, айтыңызшы, менiң көкем ендi қашан келедi? Бала көзiндегi тiл жеткiзiп айтқысыз бiр ересен мұң мұның тұла бойын тiлiп өткендей.
— Қайдам, қалқам… Асықпасаң әлi-ақ келедi, ендi аз шыда.
«Менiң Естайым да осылай сағынып жүдеп жүрген шығар-ау». Елiне жеткенде еркiн жүрiп, еркiн тұра алмайтынын ойлағанда, iшiн жалын жалап кеткендей сезiндi.
Ауылдың бәрi де мұны Қарағандыға жұмысшы батальонына кеттi деп отыр. Жаманат жата ма? «Кертай жұмыстан қашып кетiптi», — деген хабар аз-ақ күнде аласұрған құйындай ауылға да жетер… Алдымен өзiмен бiрге барған Жантастың өзi-ақ хатында бәлен де түген, үйткен де сүйткен деп бұрқыратып-ақ жазып жiберген шығар. «Ол,сөз жоқ, сөйтедi. Сорлы-ай, жұмыстан озық бәйге алып, мүйiзiң шығатын болса, баяғыдан берi-ақ шығатын уақыты болды ғой. Әлгi бiр жалтырақ жазуы бар қағаздан басқа алған сыйын көрсемшi. өзi дүниеде қорқақ болар ма. Қашсақ қайтедi дегендегi зәресiнiң ұшқаны-ай. Әй, жазса жаза берсiн! Ел шетiне бiр iлiксем болды ғой. Құдайдың басқа салғанын көре жатармын Қаратастың қалың жықпылы мен қауы аман болсын. Әйтеуiр соғыстан қашқан жоқпын ғой. Ел аяғы басылғанша, бiлдiрмей бой таса қыла тұрсам болды емес пе? Қараңғы көрге түсiп, көмiр күлiн жұтып, тар казармаға қамалғаннан осы күнiм әлдеқайда артық шығар»… Ол өзiн осылай жұбатты. Бiрақ артынша өз ойынан өз шошынғандай селк ете түстi. «Естайға қалай көрiнбекшi? Шешесi оған не деп ұғындырмақ? Менi көрдiм, кездестiм деп айтса бала неме шыдай ма? Қанша жасырғанмен көргенiңдi ешкiмге айтпа десе де бола ма? «Менiң әкем бар, сенiң әкең жоқ», — деп балалармен көп қажасқан сәтте, шыдамсыз бала намысы сыр алдырып қояр. Бала тiлiне бұғау салсаң да болмайды. Баланың аты бала, содан соң бiттi дей бер… Осы реуiштi ой шиыры Кертайды өз кемерiнен көпке дейiн шығармай, шырмап ұстады да отырды. өзге ойлар алыс өрiске ұзап кеткен сынды.
Кертай сыртқа шығып келген соң, бұрышқа салынған төсек жанына таяп, шешiне бастады. Пеш түбiне өз төсегiн жайлап болған әйел пеш маңдайшасында тұрған қоңырқай сарғыш қалтаны бұрыштағы көне кебежеге апарып салды. Кертайдың танауын қуырған бидайдың қоңырқай хош иiсi мен жас әйел тәнiнен сәуiрдей ескен сүйкiмдi леп қытықтап өттi.
Сырт киiмiн тастаған соң жастыққа барып жантайды. Жартымыз қатыққа шылап, ұннан жасаған ыстық көже бойын манаурата бастады. Тұла денесi тыншуды, ұйқыны тiлеп жатыр.
Аунап түсiп, ұйқтап қалған кенже ұлын көтерiп жатқызғалы жатқан әйелдi назарлады. Сирек гүлдi, кең етектi шыт көйлегiнiң тасасынан ақ балтыры арагiдiк жарқырай көзге шалынады. Етжеңдi, жұмыр, толықша. Кертай қытықшыл бiр қылықтың құйтың етiп тал бойымен жүгiрiп өткенiн аңғарды. Бойды арбаған ұйқысы бел асып, безiп кеттi. Әлгiнде тыншу бермей, ұйтқи жанған ойдың отын өзге ой, өзге тiлектiң ынтығы лып өшiргендей.
Әйел шамды өшiрген жоқ. Жеңiл қозғалып барып, балаларының бер жағынан төсекке жантайды.
«Шамды неге өшiрмедi екен? Тегi дiнi қатты әйел болар».
Кертай бұған кәдiмгiдей таңдады. «Екi жыл бойы жар құшағын көрмеу қай әйелге оңай дейсiң? Қанша дегенмен де әйел емес пе? Балаларынан қымсанатын да шығар. Үлкен ұлы ұйқтаған да жоқ қой».
Ол ойраншыл ой арбауында осылай ұзақ жатты.
Әйел де, балалар да тәттi ұйқы құшағына енгелi бiраз уақыт болған. Кертай тiреуге талақша жабысып тұрған бiлте шамға жеп қоярдай жек көре қарады. «Өй, осы бұлтиған бүйiрiнен бiр-ақ ұрып, быт-шыт қылар ма едi». Аунап түстi де, басын бүркеп алды. Ұядай саңылаудан көне кебежеге көзi түсiп кеттi. Тот басқан тұтқасы тiреу көлеңкесiнен ерекше қарауытып көрiнедi екен. Танауына қуырған бидайдың хош иiсi қайта келгендей болды.
Ұйқы арбай бастаған жанары жұмылып-жұмылып кете бередi…
Ызың-ызың еткен бiр үн сонау көз ұшында көрiнген буалдыр сағымға сiңiп бара жатыр.
Көктегi күн бар мейiр шуағын Қаратас қойнауындағы Кертай аулына төгiп тұр.
Бәрi өз орнында. Көкке әуелеген теректер неткен сүйкiмдi едi! Жылт-жылт етiп мың құбыла бұлықси аққан Бүркiттiнiң ағып жатысын қара. «Беу, айналайыным-ай, сенi де көрер күн бар екен-ау!»
«Апыр-ау, ауыл адамдары қайда кеткен? Ешқайсысы көзге көрiнбейдi ғой. Не болған? Е, аңғармаған екенмiн-ау, ә? Мынау бергi етекке көз салмаппын ғой. Ауыл әйелдерiн қара! Бәрi қаз-қатар тiзiлiп тұрыпты. Оу, мына қызықты қара, барлығының бұған қарай терiс, арқасын берiп тұрғаны несi? Бәрiнiң үстiнде аяқтарына дейiн төгiлген ұп-ұзын, қап-қара жамылғы. Еш қимылсыз қалт етпей тұр. Тап бiр тас мүсiн дерсiң. Анау ортасындағы өзiнiң әйелi секiлдi. Иә, иә, дәл соның өзi! Үстiндегi жамылғысы сұмдық ұзын, жерге төгiлiп жатыр. Иығы тiптеп салыңқы, басы төмен түсiп кеткен. «Райхан. Мен тiрiмiн ғой, жаным-ау! Қара жамылып тұрысың не мынау? Мiне, аман-есен келдiм, берi бұрылсаңшы, басқа әйелдерге iлесiп нең бар?!» өзге бiреулер естiп қоймасын дегендей үздiге, сыбырлай сөйледi. Бiрақ Райхан бұрылған жоқ. Тап бiр естiмеген меңiреу адамша, сол қалпы тұра бердi. Ызға булыққан Кертай бар даусымен ышқына айқайлап жiбердi: «Райхан, Райх-а-аа-н. Не сұмдығың бұл, құдай-ау?! Мен тiрiмiн ғой, мiне, аман-есен келдiм!» Тауға жаңғырыққан үнi ызың-ызың етiп, сонау алысқа, құмға ұзап кетiп бара жатты. Әрi айқайлауға үнi бiтiп, тұншығып шықпай қалды.
Ол бетiндегi көрпенi серпiп тастап, басын жастықтан жұлып алды. Әйел де барлығып айқайлаған мұны оятпаққа оңтайланып, төсегiнен сытыла алға ұмсынып түрегелмек болған екен. Үрiккен көзiнде үрей ойнайды.
— Шошыдыңыз ғой, ағай, — деп ашылыңқырап қалған кеудесiн төсек шетiмен қымтады. Аз уақыт бұған аңтарыла қарап қалған Кертайға аяушылық еткендей бiр пiшiнде көз салды да, жастыққа қайта жантайды.
Кертай қобалжыңқыраған үнмен:
— Қарағым, алаңдама, осындай шошып оянатын бiр жаман әдетiм бар едi, айып етпе, — деп маңдайын қыса ұстаған күйi есеңгiрегендей отырып қалды.
«Ойпырым-ай, қандай жаман ырым едi». Көз алдында көлбеңдеп әлгi ұзын қара шәлi жамылғанәйелдiң суық мүсiнi тұрып алды. Қайта жатты.
Кiрпiктерi еш айқасар емес. Күңгiрт қабағының өн бойы қаптай қатар тұрысқан әлгiндей суық түстi бейнелерге толып кеткендей.
Көзiн қайта жұмып ала қойды. Тағы сол бейнелер.
Өзге ой сорабына ауыспаққа бекiнiп, басқа бiрдеңелердi ойлауға оңтайланса да, әлгi көлеңкедей көлбеңдеген күңгiрт бейне алдынан кес- кестеп тұра келедi. «Не болды маған, қу шұнақ құдай-ау, мұндай да мазақ болады екен, ә!».
Кенже ұлын қапсыра құшақтап, тәттi ұйқы аясына тез берiлген әйелге бiр түрлi қызғанышпен қарады. Балалардың пыс-пыс еткен дыбыстары құлақты қытықтайды. Жамбасына тас қойғандай әрi аунады, берi аунады.
Орнынан ақырын көтерiлiп, асықпай баппен, еш сыбыссыз киiндi. Тар терезеден баспалай тысқа көз салды. Түсiнде көрген әйелдердiң қап-қара киiмдерiндей қою түн бұған түнере көз салып, түйiле қарап тұрған сықылданды. Тiптен ашулы дерсiң. Iштен сыртқа әлсiз себездеген солғын сәуленi де тұншықтырғысы келетiндей.
Неге екенi белгiсiз, Кертайдың көзi бұрыштағы көне кебежеге тағы түсiп кеттi. Үй ортасындағы тiреудiң бөлекше жуан көлеңкесi — iшiнде осы үйдiң қоңторғай ырысын ұялатқан кұт кебежесiн сырт көзден қорғаштап тұрған қамқоршысындай.
Осы мезетте оның көкiрегiн адам тәнiн жанай өткен түн құсының суық бiр суылындай мазаң ой шалып өттi. Жымысқы түлкiдей ұры күлкi езуiне үйiрiле кеттi. Қақпақ аузына қолының қалай барып қалғанын аңғармай да қалды. Тұтқаға қол ұшы тигенде, алғашқы батылдығынан айырылып қалды. Жүрегi дүрсiлдей соқты. Екi шекесi шыңылдап, көз алды айқыш-ұйқыш шарпысқан шыны сәулелерге толып кеттi. Тот басқан тұтқа аяздай суық екен…
Сыртқа шыққанда, «уњ» деп кеуде кере бiр-ақ дем алды. Шып-шып етiп шыққан суық терiн жең сыртымен сылып тастап, ауыл сыртындағы сайға қарай жүгiре жөнелдi… Қуырған бидай толы қалтасы қара тастан да ауыр көрiндi.
Кенет құлдырай жүгiрiп келе жатқан ол бiр түбiртекке сүрiнiп мұрттай ұшты. Бидай толы қалта жұлқа солқ еткiзiп, ұшып кеттi. Орнынан тұра берген бетте жанталаса қалтаны iздедi. Бұлдырап кеткен көзiне тап сол сәтте ештеңе шалынатындай емес-тi. Жүрелей отырып, алқынын басып, айналасын барлай, тiнте қарады. Қараңғылыққа ендi қалып ала бастаған жанары анадай жерде әлсiз бозаң тартқан әлдененi көзi шалды. Жүрелеген күйi елпелектей барып, қолымен ұстай алды. Бiрақ уысы толмады. Сояу бұтаққа салбырып, iлiнiп қалыпты.
Кертай құлақшынының қос құлағын шеңгелдей ұстап, басын шайқай, ернiн қыршып алды. «Құдай-ай, менi не қара басты, артымнан сонша жау қуғандай болып не көрiндi?» — деп түкiрiп жiбердi.
Жан-жағын қармалап, шөп-шалам, жусан арасын қуалай қыдырып кеткен бидайды қайырмалап, топырағымен қоса, шекпенiнiң қалтасына тоғыта бердi, тоғыта бердi. Бұйырмайын дегенi-ау.
Ескi ырымға елiккiш жүрегiн садақ жебесiндей өткiр де суық күдiк тiлiп өттi. «Әлгiлердiң көз жасы ма, қарғысы ма, бұл несi?» — деп күбiрлей бердi.
Қыраулы қара жерде Кертай қолынан тамған жылымшы, жiпсiк қан iзi қалып жатты. Әрi жаурап, әрi ашыған қолын демiмен үрлеп, топырағын тiзесiне сүрттi. Тамағы кеберсiп, темiр татыды.
Шабылған жыңғылдың түбiртек сояуына аңдамай бетiн де соғып алды. Долырған бiр халде содырлы сояуды керзi етiгiмен қайқайта келiп бiр тептi. Аузынан ашына шыққан ащы боқтықпен бiрге қусақ жыңғыл да күтiрлей сынып түстi. Кеудесiндегi iрiңдей iркiлген ашуының уыты кәдiмгiдей-ақ қайтып қалғандай. Қос қалтасына лықай салынған құм аралас бидайдың сыртынан сипады. «Мейлi бұған да шүкiр, бұл болмаса, қайтер едiм. Аз-ақ қалды ғой, жолды оңғарса. Алдыңғы күнi қасқырдан қалған киiктiң жырынды бөксесiнен жақсы ғой». Сексеуiл шоғына қанша пiсiрiп жесе де, сасық демiнен қатты секем алып едi. «Аш өзекке бәрi де ас, бiрақ адам қолынан шыққан асқа не жетсiн. Топырағын үрлеп жiберiп күтiрлете соққанда, дәмi қандай жарықтықтың!»
Кертай бiр сәтте әйелдiң таңертең тұрған кезiнде нендей халде болатынын көз алдына елестеттi. Мүмкiн дауыс айтып жылар. Жер-жебiр, жекен суына жете қарғайтын да болар. «Сөз жоқ, сөйтедi. өзi болса қайтер едi?! Бiрақ қарғыстан өлген адам жоқ. Қарғаса қарғай берсiн. өлейiн бе ендi». Ол iштей мырс еттi де, көкейiнде тыпыршыған мазасыздықтан тәсiгөй арылғысы келгендей кеуде кере дем алды.
Орнынан көтерiлiп, өзен аңғарына көз тастады. өзен бетi сирек жұлдыздардың сәулесiне шағылысады.
Ойға қарай түсе берген Кертай кенет селк еттi. Төбе құйқасын темiр топшылы құс тұяғы бүре түскендей сезiндi. өзен бетiн тұмшалай қара жамылған әлгi сұсты бейне тағы да алдынан көлбеңдеп шыға келдi. Кертай қаққан қызықтай қатты да қалды. Көзiн тарс жұмып ала қойды да, қол сыртымен көз аңғалағын уқалап-уқалап жiбердi. Әлгi бейне суға сiңiп кеткендей зым-зия жоқ. өрекпи ойнақшыған жүрегiнiң дүрсiлiн ол ап-анық естiдi. «О, құдая тоба, бұл не сұмдық?!» Буынында ойнаған аз дiрiлдi әрең басты.
Ол ойға қарай ауыр аяңдай басып түсе бердi…
Қарағандыдан қашып шыққалы жолының онша оңғарылмай келе жатқанына өзi де қапаланғандай болып келе жатқан-ды. Ендi мына бiр жаман ырымға бастағандай елес сурет адымынан алып жүргiзбейiн дегендей.
Көрген түсiн ойлағанда денесi түршiгiп кеттi.
Бiраз уақыт өткеннен соң үркек ой өз арнасынан ойысқандай болған. Жолының сәтi болар-болмас, басында нар тәукелмен беттеп шыққан соң… басқа салғанның бәрiн көру керек қой. Азабының ауыры кетiп, азы қалды. Сергек сезiм солқылдақ ойды осылай ширатты.
Не көрмей келе жатыр; қоңыз терiп жегендi де көрдi, аласапыран болған заманның шет пұшпағының куәсi де болды. Ақтылы жылқы мен қалың малды жаңа келген үкiметке алғызып, мол дәулеттен бiржола айырылған әке- шешесiмен бiрге жер ауып, сонау жер шалғайы Атырау жақтың да дәмiн татқан. Әке мен шешенi сол жаққа бiржола қалдырып, соғыс басталар жылдан бiраз бұрын ел iшiне, туыстарын сағалай келген. Келгелi кемдiк көрген жоқ. Жан ашырлары: «Заманның ағымы сол болды, оған өкпе жүрмейдi, шырағым. Елдi ексеп есiңнен шығармағаныңа мың алғыс. Бас құрапсың, мұныңа да шүкiрлiк. Заман да түзелдi, тек адал терiңдi төксең болды, бәрi оңынан оралып тұрған жоқ па», — деп ақ тiлектер айтысқан.
Сол жолы Кертай адамдардың бойларындағы көп өзгерiстi көрiп қайран қалған. Жалпы Кертай адамдардың тез өзгеретiндiгiне толық түсiне бермейтiн-дi. Мұның сырына ой жүгiрткiсi де келетiн. Бiрақ анық жауабын ақиқаттап ашып көрген жоқ-ты. Олардың бiтiм-болмыстарының, табиғатының көп жұмбақтарға толық болатынына таңданатын-ды.
Осыдан апта бұрын болған бiр оқиға мұның есiнде тасқа басқан таңбадай сақталып қалды. Бұл да бiр жұмбаққа толы оқиға сияқты.
Алғаш қашып шыққан бетiнде, тың кезiнде, ат ұрлап мiнiп қашсам деген айласының тұзағын қаршадай баланың қалай қырқып түскенiне әлi күнге қайран.
…Таң елең-алаңда өрiсте жайылып жүрген шiдерлi құла атты алып кетпек болып жасаған әрекетiнiң үстiнен өткiр көк көздi бiр бала түсiп қалып едi.
— Атаңа нәлет, қу фашист, ендi елдiң атын алуға шыққан екенсiң ғой! — деп, қолындағы ұзын құрығымен мұны жон арқадан қайта-қайта келiп соққанда, аз сәтке есеңгiреп қалған. Айбар қылған қызыл тобылғы таяғын алғаш қарсы сiлтеген бетте-ақ қаға ұшырып жiберген. Патырлай, бастырмалата тиген соққыдан жан сауға қылып, шiдерi толық ағытылмай үрке қашқан құла атқа қағылып ұшып та түстi. Үстiне төнiп келiп қалған балаға ебедейсiз бiр халде айбар жасап, атты үркiтпек болды. Бала: «өй, ит фашист!» — деп, тағы соғып өттi. Астындағы аты ауыздығын қаршылдата шайнап, жас түлен егесiнiң жан күйiн бiлгендей аспанға шапшуылдайды. Ауаны қайшылаған тағалы тұяғы қылпыған қанжардай суық жарқылдайды.
Кертай бұрыла қашты. Аяғы аяғына жұғар емес. Сол секундта ол мойнына сарт етiп, әлдененiң түскенiн аңғармай қалды. Тыз етiп ыспалай сүйкеп, серпе тартқан сұмдық бiр екпiннен нар қамыстай қопарыла құлағанын бiр-ақ аңғарды. Жалаңаш еттi жан түршiктiрердей осып өтiп, қылқындырып бара жатқан қыл арқанның iлме тұсын қос қолымен шеңгелдей ұстады. Ат тоқтар емес, көн терiдей дырылдата сүйретiп барады. Иек, бауыр астынан бытырлай сынған қау шөптер мен ат тұяғынан атылған жентек топырақ жалаңаш етке оқша қадалады.
Iлме тұстан қаусыра ұстаған оң қолын босата бердi де, қонышына қол салды. Кiшкене кездiктi суырып алып, шалқалап аунай бердi де, қыл арқанды қиып жiбердi. Сұрапыл бiр шапшаңдықпен орнынан атып тұрды. Жалт-жұлт еткен кездiгiн аңға атылар аш қасқырдай айбар етiп, алға ұстады. Көз алды қанға толған. Тiстене тұрып:
— Иттiң күшiгi, тақаншы ендi берi, екеуiңдi қоса жарып тастайын! — деп ысылдай сөйледi. Атын кiлт бұрып, қайта айналған бала кесiлген арқанды соншама бiр шапшаңдықпен қайта жинап алды. Тақымдағы ақ құрығын қынынан алған қылыштай суырып алып, мұның өзiне қарсы ұмтылды. Тайынатын түрi жоқ. Екпiндей қапталдаса берiп, тағы да салып өттi. Бар ашу- ызасын ақтара сөйлеп:
— Өй, қанiшер фашист, құзғын неме! Жылқы алмақшы екенсiң ғой, ә! Мә, ал мә! — деп ышқына келiп қуалай соқты. — Пышақпен қорқытпақшы екенсiң ғой кел, сал, сала ғой! — деп тағы да ұрып өттi.
Кертай төнiп келе жатқан таяқтан төбесiн қорғалай далбасалап кеттi. Қолындағы кездiгi қару түгiл, айбарға да жараған жоқ. Жас бала бойындағы адам мысын басқан бiр жұмбақ күш мұның рухын бордай үгiп жiбердi.
Ол қол-аяғы жерге тимей, жыраға қарай безе қашты. Барған бетте кiсi бойы құламаға бiр-ақ секiрдi. Арындап келген ат аспанға шаншыла, аяғын қайшылай аз тұрды. Бұған оттай көзiн оқтай қадаған бала:
— Iнге тығылдың ба, сұм фашист! Тұр солай! Оңай олжаға батпақ екенсiң, ә? Сөзi мiрдiң оғындай. өңiнде үрку де жоқ.
Ызаға булыққан Кертай түтiккен қалпы тұрып қалды. Көмекейiне кептелген боқтық сөздi сыртқа шығаруға да әл-дәрменi таусылып қалған секiлдi. Кездiктi лақтырсам ба деп ойлады, бiрақ батылы бармады. Бала ерекше бiр жиiркенiшпен:
— Қасиетсiз қарақшы, сендей ұрыларды бұралқы иттей атса ғой! — деп, жерге ызалана түкiрiнiп тастады да, атының басын ақырын бұрып алып, асықпастан кете барды.
Кертай баланы әке-шешесiнен сыбырлай сыбап бiр боқтады да, құлама қабақпен төмен түсе бердi.
Неге екенi белгiсiз, жылағысы келiп кеттi.
Артына қайырыла көз тастады. Атты бала ұзаңқырап барып, үй орнындай обашық төмпешiктiң үстiне көтерiлiп, бұған қарай кесе көлденең қарап тұр екен. Ақ таяғы суық ақ найзадай ұясынан ендi шығып келе жатқан күнмен шағыла жарқылдайды…
Ол жұлын жастың ешкiмнен ешқашан кездестiрмеген қайсарлығына қайран қалумен келе жатты. өзi болса қайтер едi? Ауылға далақтап, «жау тидi» деп ойбайлап шаба жөнелер ме едi. Бiрақ оны кiм бiлген?
Бала сол мызғымас тас мүсiн қалпы орнында әлi тұр екен.
Кертай содан көп күн бойы елге соқпай, сырт соқпақпен жол тартты. Содан берi бүйiрден қадалған шаншудай бiр мазаң ой оны өз қазығына қайта айналдырып соқтыра берiп едi. Әр төбенiң басынан айдыны суық найзадай ақ құрықты атты бала айқайлап шыға келетiндей сезiм жетегiнен көпке дейiн ажырай алмай қойып едi. Ендi мына бiр елес сурет мұны кес- кестеп жүргiзбей қойғанына өзi де қайран. Жалғыздықтың мұң шырмаған жыры ма, сор торлаған жолы ма? Ол терең күрсiндi…
Күн ұзаққа тоқтамай бағанадан берi жеткiзбей келе жатқан биiк белге iлiктi. Бiраз уақыт айналасының ұңғыл-шұңғылына көз қанықтырғанша қимылдамай отыруды жөн көрдi.
Көзiне қыр етегiн ала орнаған шағын ауыл қарауытып көрiнгенде, Кертай қатты қуанды. Бағанадан берi ойға алған жобасының дәл шыққанына бiр түрлi масаттанып қалды. Ендi бiр ышқынса, ертең кешке ауылға да жетедi. Мынау ауыл — баяғыда мал қарап жүрiп, бiр-екi түнеп кеткен аулы. Ана бiреу оқшау шоқы, көзге таныс, жылы ұшырап сала бердi. «Иә, құдай, өзiң жар бола көр», Iшiнен мiнажат ете күбiрледi. Үйге түсiп, түн iшiнде дүрлiктiрудi жөн көрмедi. «Жүзi таныс адамдар да жолығып қалуы мүмкiн ғой. Бiр түнге ауыл қарасын пана етiп, бiр жерге түнеп шықсам болды емес пе. Бұған да шүкiршiлiк. Бас тiгiп шыққан соң, дiттегенге не жетсiн».
Бойымен ыстық қан жүгiре ойнақ салды. Қажу мен шаршаудың бар салмағын көтерген тәнi өзгеше бiр тынысты қажет етсе де, көп көрген машақатын бiр-ақ сәтте ұмытып кеткендей. Қолтығына қысқан қаудырақ шекпенiн астына басып, бiраз тыныс алды. Пальтосының қалтасына аударып, тазалай, үрлеп салған бидайды көсiп алып, күтiрлете күйсеттi.
«Қандай дәмдi едi?! Райхан қолынан iшер ыстық асқа да алыс қалған жоқ-ау, ә? Ыстық құшақ, ыстық ас… Иә, құдай, мұныңа да шүкiршiлiк!»
Ауыл жаққа зер сала, ұзақ тесiле қарады. Адамдардың қимылдап кешкi тiрлiктiң қамымен жүргендерi де некен-саяқ сықылды. Үрген иттiң үнi де сирек естiледi.
Ауылдың бергi жапсарында көлемi қомақты, ұзынша, ат жонды әлдене қарауытады. Iшiнен мая болар деп жобалады…
Сол иығы сәл жаурап қалған екен. Шөп арасын тереңiрек кеулей сұғына жатты. Кеудесiн қопсыған шөппен қалыңдай жауып, бетiнен саршұнақ iнiнiң аузындай саңылау қалдырды.
Қара көк аспанның жұлдыздары суық жымыңдасады. Әсiресе әне бiр оқшау жарық жұлдыз сұп-суық, сұсты ажармен бұған шаншыла қарайды. Айдыны суық найзадай ақ таяғын алдына кесе көлденең ұстап, отты көзiн қадаған сол бiр бала көз алдына келiп тұра қалды. өз-өзiнен селк еттi.
«Құдайым-ай, маған осы не болды, не болса соған елегiзiп», — деп күбiр еттi де, екiншi бетiне аунап түстi.
Бетiн шөппен тағы да тұмшалап, аз да болса мызғып алуды жөн көрдi. Бiраз жатып едi, кекiренiң төменгi жақтан сыздақтап жеткен ащы тозаңы кеудесiн қауып, көзiн ашыта бастады. Бетiн серпiп тастап, суық ауаны құшырлана жұтты.
Ол осылай ұзақ жатты.
Кертай жатқан жайын бұрынғыдан да жылылап алмақ болып, бiр мезетке орнынан көтерiле берiп едi.
Түнгi тымық ауаға шағыла, тура иек астынан әлде-кiмдердiң күлiскен дыбыстары құлағына анық жеттi. Дауыс сазының ашық — жарқындығына қарағанда, егде жандар емес секiлдi. Кертай демiн тартып, тың тыңдады. Жүрiп келе жатқандардың үнi тым тақаудан шыққан сәтте ол қалқаланып жата кеттi.
Екеуi бiр-бiрiне еркелесiп, ерекше тiл қатысады. Қалыптары — жас тiрлiктiң базарлы бағын еркiн аралай, күлiп-ойнап, бақыт бауына мас болған жандар секiлдi.
Бөгде дыбыстан азат түн аясында екi жастың сөйлескен үндерi тiптен ажарланып таза, бейкүнә реңмен құлаққа еркелене жетедi.
Олардың маяның шөп алынған тұсымен өрмелесе, бiрiн-бiрi жетектей шығып келе жатқанын Кертай анық сезiп жатты. Қыз тiптен қатты сықылықтай:
— Өй, өзiм де шығып келе жатырмын ғой, ақырын тартсаңшы, — деп қояды,
— Түу, қолымды қоя бершi, қысып жiбердiң ғой. Кiнәлай сөйлесетiн секiлдi, бiрақ өкпе аралас үнiнде жiгiт қылығын құптаған кошеметшiл саз бар.
— Жоқ, неге қоя беремiн. өзiң қызықсың, мұндай оңаша шақ оңынан орала бере ме? Қолыңды бүгiн қыспағанда қашан қыспақпын.
— Сайрауығым, сайра, сайра, тап бұлай қыспай жүргендей.
— Пәлi, бұрынғының жөнi бiр басқа, бүгiнгiнiң жөнi бiр басқа ғой.
— Әне, бұның сылтауы дайын. Қыз сыңғырлай күледi.
Кертайдың жүрегi шапшуылдай ойнап, аузына тығылды. Жамырай сатырласа сынған шөптiң шытыры дәл құлақ түбiнен шықты. Ендi төрт-бес аттаса… Ол демiн «уњ» деп бiр-ақ алды.
Қыз бен жiгiт мая үстiне қатар жайғысты. Бiраз уақытқа дейiн үнсiз отырды. Сәлден кейiн жiгiт бiр түрлi дiрiлдеген үнмен:
— Раушан, — деп ақырын үн қатты. Қыз сыбырлағандай:
— Әу, — дедi.
— Сенсең, сенен ажырап, алысқа кетемiн дегенге еш сенгiм келмейдi.
— Неге сенбейсiң?
— Сол. Тiптi бiр елес секiлдi. Екеуiмiздiң екi ажырап кетуiмiз тiптен ақылға сыймайтын iс болып көрiнедi. Түнде түсiмде екеумiз тап осылай жатыр екенбiз деймiн. Дала деген жап-жасыл түктi кiлемдей екен. Қып-қызыл қызғалдақтарын айтсайшы бәрiнен. Бiр ғажайып көркем, қауырсын қанаты мың құбылған сұлу құс ұшып келiп, бас жағымыздағы жапырақтары жiбектей төгiлген мәуелi ағаш басына келiп қоныпты. Аузында кесе- көлденең тiстеген екi қызыл гүлi бар. Екеумiз де сол құстың аузындағы ғажап гүлге таңырқай қарап қалыппыз. Бiр кезде құс жаңағы екi гүлдi кеудемiзге әкеп тастады да:
— Раушан, Асқар, бауырларым! Мына гүлдердi сендерге мәңгiлiкке сыйладым. Бұл — бақыт гүлi. Екеуiң екi айырылып алыс сапарға кеткендерiңде де бұл гүлдер сендердi бiр-бiрлерiңе жоқтатпайды. Әр уақытта екеуiң қатар жүргендей сезiнесiңдер. Қиналғанда көрiнбей келiп, қолтықтарыңнан демесiп жүресiңдер. Бiр-бiрлерiңдi еркелеткен сыбырларыңды да еститiн боласыңдар. Тек өтiнiшiм — бұл гүлдерi жоғалтып ала көрмеңдер, — деп ұшып кеттi. Қыз бөлекше жұмсақ үнмен күлдi. Бұдан кейiн жiгiт үнсiз бiраз жатты да:
— Сенсең, осының түс екендiгiне тiптен иланғым да келмейдi. Бәрi рас секiлдi, кейде келе жатсам әлгi ғажайып құс бетiмдi қанатымен сипап кеткендей болады. Әсiресе сенi көрген кезде әлгi гүл сенiң кеудеңде тағылып келе жатқандай елестейтiнi бар. Бiр түрлi қызық, — деп жiгiт ұяңдау күлдi. Үнсiз жатқан қыз тыныс тарта күрсiндi де:
— Шынында да ғажап түс екен, — деп таңырқай үн қатты.
— Раушан десе…
— Жә, үндемей жата тұршы… Қыз үнi соншама назды. Арада үнсiздiк орнады. Бiраз уақыт өткен соң қыз ақырын сыбырлап:
— Бiрақ бүгiнгiдей түнi үндемей қалудың өзi күнә сияқты, Асқар. Анау жұлдыздарға қарашы. Не деген әдемi едi десейшi! өздерi бiзге қарап жымың- жымың етедi емес пе?!
— Рас айтасың, шынында да солай. Құдай-ау, неткен ғажап, не деген сұлу!
— Әсiресе әне бiр жұлдызды қарашы, қандай жарық!
— Расында да керемет екен. Тап бiр бiздiң бақыт жұлдызымыз сияқты.
Кертай мысқылды үнмен мырс еттi. Мына екеуiнiң тiрлiгi де, тiлi де тым ерсi көрiндi. «Осынша әсiре, сырдаң сөздердi қайдан тауып ала берген?..»
Ол iштей тынып бiраз жатты. Күздiң осынау суық түнiнде бiр-бiрiн жүрек отымен жылытысқан жандар болады екен-ау деп өз өмiрiнде еш ойына алып көрмептi.
Көлденең көп жұрттың әңгiмесi мен қисса-жырларда айтылатын махаббат, күйiп-жану сынды әңгiмелерге еш сенбейтiн. Кейде қолын бiр-ақ сiлтеп: «Ей, қойшы сол, қайдағы қисынсыз немелердi тантып», — деп аяғын тыңдамай тұрып та кетушi едi.
Бiрақ бейтаныс екi жастың елжiрескен үнi Кертай ойын өзгеше өрiске тынымсыз сүйрелегiсi келе беретiндей.
Ол өз өмiрi туралы ойлады.
Райханмен қосылғалы талай жыл болса да бiр-бiрiне еркелесiп, ашық- жарқын сыр ашысып отырған күндерi болмаған да екен. Қаңтардың қысындай бiр ызғармен Райханды өзi ылғи ықтыра ұстап келiптi. Әйелдермен әзiл шалысып, қалжың қағыстырып отыратын еркектерге мұның жыны келетiн.
Ол әйелдердi қабақпен жүргiзiп, қабақпен тұрғызатын еркектердi қадiр тұтушы едi. Аузынан ақ көбiк шашыраған ашулы бурадай әйелдерiне зығар еге, жұдырығын қоса жүгiрткен еркектердi де iшiнен мазақ ететiн...
— Бiр сәтке де хат үзушi болма, жарамай ма? Егер хат жазбасаң бар ғой онда…
— Онда тастап кетем дейсiң ғой.
— Е, жоға, әне бұл сөйтедi, — деп, қыз базыналық ете күлдi.
— Жә, жә, жарайды, менiкi ойын ғой, әншейiн… өкпелеп қалдың ба? Неге жазбайын, әлi жазғанда хатты өлеңмен жазамын.
— Оњо, онда жарадың, онда тiптi ғажап болар едi.
Арада ауыр үнсiздiк орнады. Бiреуi шөптi тiсiмен бырт-бырт үзiп, түкiрiп тастап отыр. Әрқайсысы өз ойымен болып кеткен сынды. Бiр уақытта қыз толқулы үнмен жiгiтке тiл қатты:
— Мен сенiң аман барып, сау қайтатыныңа сенемiн. Әлi-ақ көрiсер күнiмiз алыс та емес. Жау бетi қайтты ғой, Асқар, — дедi қыз сәл үнсiздiктен кейiн даусы қобалжығандай қалыпта, — мына жiбек орамалды менiң көзiмдей көрiп жүрiп сақта. Сен әскерге шақырылды деген күннен берi айналдырғаным осы болды. Бағанадан берi iштей жасырған бiр үлкен қуанышым бар. Тiптi сыртқа шығаруға қиғым да келмейдi. Ақ тiлегiмiздiң асыл белгiсiндей сол қос қызғалдақ сенiң түсiңе кiрсе мен оларды өңiмде мынау орамалға кестелеппiн. Бұл жақсы ырым ғой. Бұдан артық бақыт бар ма, айтшы өзiң! — деп толқына тоқтады.
— Раушаным, жаным менiң, тiрегiм менiң, ақ балапаным менiң, сенiң асыл жаның менiң жанымның жалауы болатынына мен баяғыда-ақ сенгенмiн. Орамалыңды тура жүрегiмнiң тұсына сақтаймын. Мен сен үшiн тiрi келемiн, бүлдiршiн балалар үшiн тiрi келемiн. Әлi-ақ менi құшақ-құшақ қызыл гүлмен қарсы аласың, Раушаным, жұлдызым менiң, қызыл гүлiм менiң! Әлi-ақ қол ұстасып жүрiп алтын ұямызда бiрге еңбек етемiз, — деп қызды аймалай, құшырлана сүйiп жатты…
Кертай көзiн тарс жұмды да, iшiнен мырс етiп күлдi. Неге күлгенiн өзi де түсiнбейдi. Мынау бейтаныс екi балаң жастың өзгеше таңсық мiнездерi мен сөздерiне күлдi ме, әлде жарықтан қашқан жарқанаттай тағдырына күлдi ме, ол жағы беймәлiм. Әйтеуiр кеудесiнде бiр мазасыздық ойнайды… Су тұңғиығынан жарқ етiп, күмiс бауырын көрсеткен аққайран балықтай жүрек қойнауында бұлықсыған беймаза сезiмдер бiр тыныш емес. Кейде жар кемерiне ұрған тасу өзен толқынына ұқсап та кететiндей.
Мынау бiр-бiрiне соншалық үздiге ынтығысқан екi жастың тiрлiктерiнiң өзгеше сүйкiмдiлiгi де бар сияқты екен. Бүгiнгi түндерiн мына маяда өткiзгендерiне өкiнбейтiн де секiлдi.
Алғашта аңыздай анталасқан мысқылдың мол уытын әлгi бiр сезiм толқыны керi серпiп тастауға талап қылатындай. Осы шаққа дейiн сабыр мен салмақ, салқын есеп билеген басындағы саржамбас, бұқпантай ойлар өзге арна, өзге сарапқа түскiсi келетiндей. Көз түбiнен қайнап шыққан бұлақтай шым-шым шыққан ойлар өткен күндерiнiң ашылмай қалған беттерiн ашып, бұйыға бұғып қалған қалтарыстарына өзгеше көзбен қарауға жетелейтiндей.
Жас дәурен базарында тартылмай жетiм қалған күй мен айтылмай адыра қалған ән әлсiз де болса бой көтергiсi келетiн тәрiздi.
Мүмкiн тап мына екi жастай аңғал күйдi сонау бiр шақта бастан кешсе, мынадай ашық түндi қызықтап, жұлдызын санаса, самалға еркелесе, құс әнiн құлағына құйса, дала қуалап, қызғалдақ терсе, тамылжыған ғажайып- ғажайып түстер көрсе… Осылай жатар ма, едi, жатпас па едi… Ол жалын ата күрсiндi.
Бетiндегi шөптi қос қолымен серпе ысырып тастап, басын көтерiп алды. Екi жас қолтықтасқан күйi ауылды беттеп ақырын аяңдап бара жатыр екен. Кей-кейде тұра қалып, аймаласа ұзақ сүйiседi.
Неге екенi белгiсiз, ол келген iзiмен керi қайтқысы келiп кеттi.
«Алжастырған құдайым-ай!» — деп дауыстап та жiбердi.
Жасынан жеңiл тiрлiктiң босағасынан берi аттап көрмеген Кертай алғаш шахтаға түскен апта аяғында-ақ сыр алдырып алған-ды. Түнi бойы аяқ-қолы ысып, кереует үстiнде жата алмай қойды. Елден бiрге шығып, Қарағанды шахтасына бiрге келген серiгi сабырлы, момын мiнездi Жантас:
— Әй, жайың қалай, шаршаған жоқсың ба? — деген.
— Әй, бүйткен тiрлiгiңнiң тап әкесiнiң аузын… Көрмегенiм тiрiдей көрге түсу едi, мұны да көрдiм, — деп күңк етiп, терiс аунап түскен. Жантас құрдастық әзiлiмен жеңiл қағыта:
— Антұрған-ау, тым болмаса бiр айға шыдасаң еттi, анау қатындар құрлы болмағаның ба? Аш белдерi майысып жүр ғой. Қой, сенiң мынауың болмайтын тiрлiк, Райханға хат жазайын, мына шалыңды ширататын бiр-екi ауыз сөз жаз демесем болмас, — деп сылқылдай күлген. Сонда Кертай дүңқ етiп:
— Ей, оттамашы-ей, одан жоғары үкiметiңе неге жазбайсың. Осы сенiң-ақ ойының… — деп басын тас бүркеп алған…
Тас төбеден ауған ай оның осы бiр әрi-сәрi халде отырғанын мазақ еткендей жылмия қарап қалыпты.
Ол орнынан тұрды да, маядан түстi. «Таң атпай, ел көзiне түспей жүрiп кеткенiм абзал болар». Артына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Құлағына әлдекiмдердiң күбiрлескенiндей-сыбырласқанындай беймаза үндерi келетiн тәрiздi.
Бозаң тартқан сұр дала бейғам қалыпта бұйығып жатыр. Қолды-аяққа тимей оңтүстiкке асыға басып бара жатқан пендесiнiң бейуақ мазасыздығын құп көрмеген кейiпте тәрiздi. Кейде баялыш, кейде жусан түбiртегiне сүрiнiп құлаған оның абылаңқы қылығына қынжыла қабақ шытатын сынды. Бiрақ Кертай ондай күйдi ұғынар халде емес-тi. Тек көңiлдене бозарып атып келе жатқан таңдай бiр сенiм сәулесi оны алға елпiлдете жетеледi. «Тәйiрi, сүрiнiп құлағында не тұр дейсiң. Құдай қос көрсе, қол созым жерде ауыл тұрған жоқ па? Дегенмен де жолым сәтсiз болып келе жатпаған сияқты. Әлгiндей кездескен кiрбiңдi жайлар болмаса. Ей, соны қойшы! Ондай-ондай болмаса, осындай жолға бел байлап шығам ба? Жаңағы әзiрде бiр алдамшы сезiмге берiлiп те кеттiм бiлем. Керi қайтқаным не, осынша азаптанып жеткенiмде. Туњ, қызықпын-ау осы». Ол өзiн-өзi мысқылдай езу тартты. Жан дегендегi жалғыз баласы, жер ауып, ел кезiп, сағынып жүрiп көрген баласы Есендi, ерке Есендi бауырына басар сәттiң жақын қалғанына қуанды. «Туған әкесiн көргенде қай баланың ет-бауыры езiлiп, жүрегi елжiремейдi. Ең бастысы ол үшiн әкесiнiң аман-есен келгендiгi емес пе? өзiмдi-өзiм күдiкпен бунап, қайдағы бiр сандырақ ойлармен басымды шырмай беремiн. Есенiм ешкiмге де айтпайды. Туған баласы әкесiн жау қолына ұстап берер дейсiң бе? Аптасына бiр рет мойныма асылып, аймалағаны бар дүниеден қымбат емес пе? Ой, айналайыным-ай!»
Райхан туралы да елдiрей ойлады. Табиғаты жуас момын мiнездi жан.
«Қадiрiңдi бiлсем де бiлмеген болыппын-ау. Көк желкеден көк тұйғындай шаншылған жалған еркектiк намысым-ай! Талай қызығымды, талай күлкiмдi тонаған екенсiң ғой. Кiмдi кiнәламақшымын, кiмге кiнә артпақшымын».
Кертай Райханның мұны көрген тұстағы көңiл-күйiн көз алдына келтiрдi.
«Суық сорып, түн iшiнде тоңып келген мұны Райхан келiп құшақтай алады. Бұл оның жас жуған бетiн аймалай сүйедi. Жұмсақ төсек иiсi аңқыған шашына бетiн құшырлана сүйкейдi. «Жаным менiң, жұбанышым менiң, сонау ит арқасы қияннан сен үшiн келдiм. Есен үшiн келдiм арып-ашып. Райханым менiң! Бұрынғыларым үшiн кешiр менi, жаным. Ендi сенi алақаныма салып аяламасам…»
Кертай шошып кеттi. Сай аңғарынан бұлаң етiп қапқара ұп-ұзын бiрдеңе ақырын қозғалып жоғары өрлеп шыға бердi. Бұл қаққан қазықтай, бiр орында қатты да қалды. Көрiнбес әлдекiм келiп, мың-сан инемен мұның тұла бойын пiскiлеп өте шыққандай. Көз алдынан жаңбыр болып от жауды. Қара жамылған сол бейненiң сұсты сұлбасы оттың ортасында бiр батып, бiр қалқып жүр. Жан қалтасындағы кездiктi қалай суырып алғанын өзi де бiлмейдi. Ащы дауыспен ақыра айқайлады:
— Кет бәлекет, кет, кет, кет!
Iшiнен: «Бiссiмiлла рахман рақым…» — деп күбiрлеп те алды. Кездiгiмен қара жердi қопсытып жiберiп, дауысы қарлыққанша айқайлап, қос қолымен уыстай топырақ шашты. «Қара албасты көрiнгенде топырақ шашсаң, кәлимаға тiлiңдi келтiрсең көзден таса болады», — деген ескi жора еске оралды. Шашып жатыр, шашып жатыр. Дауысы да қарлықты. Бар қылған қауқарың осы ма дегендей, ұзын қара орнынан ақырын қозғалды да, мұның көз алдында екi бөлiнiп жүре бердi. Екеуi бүлкiлдей қозғалып, бұдан ұзай бердi де, оқ бойы жерге барып шоқия отырысты.
Кертайдың құлағына зарлай жылағандай ащы үн жеттi. Тiптен төбе құйқаңды шымырлатқандай екен. Бiреуi елбең етiп, артымен тұра қалды да, бұған қарай топырақ боратты, ың-жың үнге көмiлген құлағына әлгi ащы зар ендi анық, ақиқат болмысымен жеттi. Ұлыған үн екен.
— Айт, айт, айт-ай! — деп ышқына айқай салды. Кездiгiн қалтасына сала бердi де, жанындағы шоқ жыңғылдың жуан бiр түбiн қайыра бұрап, қопара жұлып алды да, тұра ұмтылды. Қос қасқыр қыңған жоқ. Бiрi ұлып, бiрi топырақ шашудан танбады. Кертай екi-үш аттап ары аттауға жүрегi дауаламады. «Ойпырым-ай, мыналар сор болмаса игi едi. Серiктерiн шақырды ғой. Аш болса адамға шабады деушi едi. Мыналардың түрi жаман екен», — деп қатты қауiп ойлады. Дереу қалың қара жусанның басын жалаңаш қолымен бытырлатып жұла бастады. Қусақ жыңғылды қаусатып, жусанның үстiне әкелiп үйе бастады. Жусанның үлпек, кебу басы сiрiңке оты тиiсiмен гулеп жана жөнелдi. Таң айбарынан ендi үрке бастаған бозаң қараңғылықты жылан тiлiндей көкке сумаңдаған қызыл жалын бiрқауым жерге ысырып әкеттi. Көздерiнде қызыл сәуле ойнатып, аласұра айналақтаған екеуi аздан соң алыстап ұзай бердi. Көкке шиыршық ата ұмтылған алау оттың алыс алапқа талпынған жүдеу қызыл сәулесi бүлкектей жортып бара жатқан екеудiң арт жағынан жұмсақ сүзгiлеп бара жатты.
Есiн ендi жия бастаған ол самайдан шүмектей ағып, ендi суынып қата бастаған ащы терiн құлақшынының сыртымен сыла сүрттi. Сылқ етiп, жыңғыл үйiндiсiнiң үстiне отыра кеттi.
Көз алдына ылғи да ыстық қан аңсап, түн торуылдап, тыншу таппай, көзге түспес сай-саймен, жықпыл-жықпылмен ұрлана күн кешкен көк бөрiлердiң алас ұрған тiрлiктерi келдi.
Мынау екеуiнiң ауыл торып келе жатқан беттерi болса керек. Кертайдың ойына өзiнiң де таң атпай ауылдан ұрлана шыққаны орала кеттi.
Ол өз ойынан өзi қатты шошынды. Үстi-басын қағынып, жерге жирене түкiрiнiп тастады да, орнынан атып тұрды. «Осы мен жынданайын дегеннен саумын ба? Туњ, ол бәлелердiң тiрлiгiнiң бетiн аулақ қылсын». Бiрақ Кертайдың көңiл күйi күрт түсiп қалды. Осы сәтке дейiнгi жанына қанат байлап келе жатқан көп қуаныштың тасқыны тасқа соғылғандай лып басылып қалды.
Ауаға суық жел лебi араласа бастады. Батыс жақтан ауыр қозғалып, аспанды торлай бастаған қою сұр бұлт көп уақыт өтпей-ақ арқан бойы көтерiлген күндi көмiп өттi. Күн ашықта, бұрында, сонау көз ұшында бар ажарымен көз арбай көрiнетiн Ақбел асуы, алыстан сағындарып ынтықтырып келе жатқан Ақбел асуы, тап қазiр жүдеп, жасып қалды. Қорғасындай қою сұр бұлт Ақбелдiң алып жонын жаныштап, жер қаптырғысы келетiндей. Кертай көзiне солай көрiндi. Оның да жүрегiн тап сондай бiр мылқау күш жанши бастағандай.
Ендi күш алып, күйлене бастаған жел салқын қабақ танытқысы келгендей рай байқатады. Ызғар лебi күшейе түстi. Алғашта дым бүрiккендей болып едi, артынша қиыршық, сiрке қар ұйтқи жауды. Әуеден қиғаштай келiп бетке ұрғанда, бетiне тiкенше қадалады. Ол кәдiмгiдей қобалжиын дедi.
Алып тұлғалы Ақбел ақ перде тасасында көзден тұмшаланып бара жатты.
Қар ендi жапалақтай жауды. Әлгiнде ғана алақандағыдай көрiнген айнала дүние ақ мұнарға айналып сала бердi. Ызғырық желдiң лебiнен қанкөбелек ойнаған жапалақ қар жерге жамбасы тиместен бет алды лағып, алас ұрған ақ түтектiң додасына түсiп жатыр. Таяқ тастам жердегi әредiк қарауытқан бұталардан басқа көз сүрiнер белгi де қалмай барады. Айнала дүниенiң барлығын ақ қанатты ақ сайтан арбап жүргендей. Ақ перiдей зырлай ұшқан жентек қар мойын, қойын, жағаның қуысына су жыландай сумаңдай кiрдi. Онсыз да жаурап, суықты сызына сыр алдыра бастаған денесiнiң жалаңаш жерлерiн жапалақ қар жалап өткенде, ерiксiз құнысып, мойнын iшiне жиырады. Көне шекпеннiң терден жылпысқа тартқан қаудырлақ жағасы дененi онан әрi жирендiредi. Қас, кiрпiгi қармен бiлтеленiп, көз алдын тұмшалай бередi.
Жел сәт сайын зәрлене түстi.
Қазiр қай тұста келе жатқанын барлап та бiлiп келе жатқан жоқ. Асудың бергi бетiндегi диiрмен басында анау жылы төрт-бес үй отырушы едi. Бағанағы өзен арнасынан алыстап кеткендiгiне қатты өкiндi. Ендi не болса сол өзен арнасын бетке алып жүре берудi жөн санады. Мүмкiн, өзендi бойлай жүрсе, әлгi ауылға жетiп те жығылар. Тым болмағанда, өзен бойының бой тасалар жықпыл, жырасы бар ғой.
Кертай iшiнен мынау ақ түтектiң тоқталуын шапағаты мол құдайдан мың жалбарына тiледi. Бiрақ ақ боранның жуық арада айығар сыңайы көрiнбейдi. Қайта сәт сайын үдеп, одан сайын құтырына түстi. Жүйемелей жауыға жауған қар ашулы қолдағы ақ сабаудай бетi-қолды қан шығармай сабалайды. Зәрлi жел шиыршық ата ысқырынып, шекенi шаныштырады. «Құдайым-ау, пана қылар бiр жыраның жолықпауын қарашы».
Аттаған адымы керi кете бередi. Қай кезде желге жонын бере, бүк түсiп тыныстап та алады. өзiн-өзi iштей ширатып, қайта қозғалады.
Бiраз уақыт өткен соң-ақ мұның бойын суық меңдей бастады. Безбүйректiң қалшылындай бiр аяр дерт тал бойын бунауға бет қойды. Сiресiп қалған саусақтары икемге келуден қалып, сырқырап, қан қақсады. Тұра қалып, әлсiз демiмен үрлеген болады, бiрақ еш жылуы жоқ. Жыртық үйдi жалғыз шырақпен жылытпақ болған жарлының мүскiн тiрлiгiндей әлжуаз, ақсақ айла.
Алға аттаған адымы керi кетiп еш мандыр емес. Қайта-қайта арқасын жел өтiне бере, қорғалақтай бердi.
Тап осы сәтте Кертай бар мен жоқтың арасындай бiр халге енгендей едi. Солғын тартып семе бастаған санасында елбек қағып бiр сәуле әлсiз дiрiлдейдi. Кейде өшуге айналып, ошақта жетiм қалған жалғыз шоқтай өлеусiрей, қызара жылтырайды. Бiресе шоқ, бiресе сәуле, бiресе шоқ, бiресе сәуле… Суық сыққан тар көкiрек түнегiнде белгiсiз бiр үмiт сол әлсiз шоқ пен сәуледей безек қағып, алас ұрады. «Жаным, өле көрме, өше көрме!» — деп зар илеп, айқайлап жылайтын сынды. Сол сәуле мен жетiм шоқ кейде тұтаса бiрiгiп, жан-жаққа пышырай шашалған ұшқындарға айналып сала бердi. Артынша сансыз ұсақ қара нүктелерге ұласты. Қара нүктелер қоймалжың тартқан сұйықтай ұйыса бiрiгiп, ылғи бiр ұзын қара жамылған бейнелерге алмасып кете берген тәрiздендi. Сәлден кейiн әлгi бейнелер қайта тұтасып кеттi де, көз алдына өзiне өте таныс әйелдiң сырт нұсқасы айқындалып келе қалды. Тап осы сәт әлгi таныс әйел тұңғыш рет бұған бар денесiмен еңсерiле бұрылды. Аузын, маңдайын шымқай қарамен таңып алыпты. Беттiң ашық тұсынан өзiне етене таныс шарасы кең қос жанар бұған қадала қарады. Бiрақ титтей де жылуы жоқ, сұсты екен. «Апыр-ау, бұлай қарамаушы едi ғой. Әлгi атты баланың түрiне де ұқсап кететiн сияқты ма, қалай?» Кенет таныс жан тұлғасы бiр-ақ сәтте қақырай айрылған қалтадан сау етiп шашыла төгiлген сансыз бидайларға ұқсап кете барғандай. Ерсiлi-қарсылы шарпысып қалықтап бара жатқан сынды.
Тәттi бiр ұйқы өн бойын баурап, «тынши түс, толас ал, байыз тап» деп өз құшағына арбай, елiтiп әкете бердi.
Құлағы жоқ, көзi жоқ көк жұлын дауыл түн ортасы ауа басылды. Қар да қатал дауыл қыспағынан босанғанына арқа-басы кеңiгендей таң алагеуiмденiп атқанға дейiн еркiн, көсiле жауып едi. Қар соңынан аспан да биылғы жылғы жерге жапқан ақ көрпесiн көрмекке асыққандай шайдай болып ашылды…
Көкжиектен күлiмдей Күн де көтерiлiп келе жатты.
Әрiректе айналасына алақтай қарап, сақ қозғалып үш-төрт ала қарға берi келуге әлi бата алмай жүр. Тегi, жалғыз түп қараған түбiне тығыла бой тасалап, анда-санда аспан жаққа аңыстай қарап қойып отырған ұры қызыл түлкiден сескенетiндей сыңайда.
Сонадай жерде тақтайдай теп-тегiс қар астынан ұзынша ақ дөңес аңғарылар едi. Оның кей тұсынан қарауытқан киiмнiң сұлбасын байқауға болғандай.
Дарқан дала сол бiр адасқан бұрылқысын Күн-анаға көрсетпей көмгендi жөн көрген сияқты...
1977 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі