Атырау қаласы білім бөлімінің “Жалпы білім беретін №5 Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектеп” КММ
5 А сынып оқушысы Тлеккабыл Сезим
5 А сынып жетекшісі тарих пәні мұғалімі Ерлан Русланұлы
"Қуанышты қалып" фэн-шуй жобасының авторы әрі жетекшісі Елена Гомер ою-өрнектердің магиялық күшке ие екенін дәлелдеп келеді. Ал ғылыми тұрғыдан алғанда ою-өрнектердің тотемдік, сиқырлы символдар мен мазмұндық мағынасы толығымен әлі күнге дейін зерттелген жоқ.
Түркітанушы Мұрат Әджи оюлар түркі тектес халықтардың барлығына ортақ екенін алға тартады. Қазақтың ою-өрнектерінен «крест» пен төртбұрыш, өмір шиыршықтары анық көрініс тапқан. «Крест» ұғымының «қайқы қылыштан» туындағанын өзінің еңбектерінде түсіндірген.
Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы Әлкей Марғұлан да «қазақ халқы кілең ою-өрнек ортасында өмір сүреді» дейді.
Расымен де, бала кезден тұтынған бұйымдардан оюларды көріп өссек те, әрқайсысының өз мағынасы мен қолданылу ерекшеліктері бар екенін ойламайтынбыз. Бүгінде заманауи стильдегі киімдерден оюды байқағанымызбен, кейде орынсыз қолданылған, тек эстетикаға мән берген оюларды кездестіретініміз де бар.
Бұрын жазу, компас, сағат қолданылмайтын кезде ою-өрнек болды. Сол ою-өрнек арқылы халқымыз өз тыныс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін, мәдени құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізді.
Елімізге белгілі этнограф С.Қасиманов қазақ ою-өрнектері үш түрлі ұғымды білдіреді дейді: біріншіден, мал шаруашылығын, аңшылықты; екіншіден, жер, су, көшіп-қону көріністерін; үшіншіден, күнделікті өмірде кездесетін əртүрлі заттардың сыртқы бейнесін.
Оюлардың бояуының да өз сыры болады. Ашық, анық емес түспен боялған болса, құпия жазу екенін аңғара аласыз. Ою композициясына сай көк – аспан түсі; ақ – шындық символы; сары – даналық, адамгершілік, мұң белгісі; жасыл – жастық пен көктемнің белгісі. Ою-өрнектерді салған кезде түстердің бір-біріне сәйкес келуі жіті қадағаланады.
Оюлар симметрия заңымен қатар, бір немесе бірнеше элементтің қайталау ритмін сақтайды. Мысалы, «қошқар мүйіз» элементінен қошқар мүйізінің бірнеше рет қайталанғанын көреміз. Егер, «қошқар мүйіз» бестен көп, шексіз қайталанса – «шетой» жиекті ою-өрнек деп аталады. Ою-өрнек кесеге салынатын болса, ол үлкен де, кіші де болмай, асқан дәлдікпен жарасым табады.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құмыралардың біразы геометриялық ою-өрнекпен, дәлірек айтсақ ирекпен өрнектелген.
Ал неолит және қола дәуірінен белгілі "ұлу" өрнегі қоғам таптық құрылысқа бөліне бастаған кезде бедерленген. Кейіннен киізге, текеметке, кілемге таңбаларды бейнелеген.
Қолмен тоқылған кілем, шымшида немесе алашада табиғаттың төрт мезгілін көруімізге болады. Осылайша қоршаған орта көріністерін тұспалдап, ұтымды жеткізген. Табиғаттың тылсым құбылыстарын ою арқылы түсіндіре білген.
Қазақтың төрт құлақ өрнегі бесінші Пазырық қорғанынан табылған кілемде кездеседі. Ал лашын қанат өрнегі көбінесе тұс киіздерде кездеседі.
Сонымен қатар төсеніште қолданылатын оюлар бас киімдерде қолданылмайды. Себебі, онда тек зооморфтық кескіндер («қошқармүйіз», «қосмүйіз», «арқармүйіз», «сыңармүйіз», «қырымүйіз» т.б.) пайдаланылады. Осы оюларды үй жиһаздарында, ер-тұрман, қару-жарақтарда кеңінен пайдалануға болады.
«Ит құйрық» аталатын өрнек ешқашан бас киімдерге қолданылмаған. Мұның астарында «дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін» деген ырым жатыр. Ол өрнек «дұшпаның төмен болсын» деген ниетпен көбінесе ер адамдар шалбарының жырық балағына өрнектелген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі