Бата — адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі. Сондай-ақ бата — қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің көрінісі. Қасиетті дінімізде Жаратушыдан дұға арқылы медет тілесе, дәстүрімізде бата арқылы жақсы ниет, ықылас білдіріледі, тілек айтылады. Оны көпті көрген, ортасына сыйлы, аузы дуалы, батагөй қариялар береді. Халқымыз батаны берілетін жағдайына қарай бірнеше түрге бөлген. Олар: нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, сапар бата, жастарға бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан батасы, дастархан батасы және тағы да басқалары. Осы баталардың ішінде Наурыз батасының орны ерекше.
Бұл күні әдетте жасы үлкен кемеңгерлер кішіге бата береді. Жастар таң шапағын күтіп, сол кезеңде ауыл ақсақалдарының, ақылгөй басшылардың батасын алуға асыққан. Наурызда жастар ақсақалдардан, беделді кісіден «Наурыз — батасын беріңіз» деп бата сұрайды. Наурыз батасы негізінен таң шапағы атқанда, жұрт жиналып ақсақалдан бата сұрағанда берілген.
Ақсақалдарымыздың Наурыз батасы әдетте «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп елге, жерге де беріліп жатады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Оразақын Асқар Наурыз тақырыбына бір топ цикл өлеңдер арнаған. Сонымен қатар, ақынның ел аузынан жинап құрастырған Наурызға байланысты бата-тілегі де бар.
Соның бірі мынандай:
Наурыз бата
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай!
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай!
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын!
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз!
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз!
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей!
Аллаһу акпар!
Назар аудар:
Қоныс тойға тілек, бата, құттықтаулар
22 наурызға арналған құттықтаулар, тілектер
22 наурызға арналған өлең жолдары, тілектер
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі