Ділмар аңдар
(Ертегі-қойылым)
(Сахнаға түрлі аңның костюмдерін киген оқушылар шығып, тақтың айналасында екіге бөлініп отырады. Екі жақтан екі маймыл шығып, сахнаны у-шу ғып жібереді.)
1-Маймыл:
- У, У. А, А! Сайыс басталмақшы, сайыс! Аңдар айтысы басталмақшы! Уа, аңдар! Жиналыңдар, жиналыңдар!
2-Маймыл:
- Неге тез-тез басталмайды? Ішім пысып кетті ғой? Аң патшасы қайда жүр? Ареке! Арыстан патша! Қайдасыз?
Аю:
- Ей, шошаңдаған Маймылдар! Шуылдамай қоя тұрыңдар! Мәртебелі Арыстан патша келем дегенше, тұяқтары сыртылдап, мойындары қылтылдап қойлар би билесін!
1-Маймыл:
- Дұрыс, қойлар билесін. Бірақ ешкім тимесін! Қойлар жеңімпаз аңға сыйға беріледі.
(Қойлар билейді. Би біткен соң аңдар қол соғып, сахнаға Арыстан шығады. Аңдар түгел қоғадай жапырылып, Арыстанға бас иіп, қошемет көрсетеді.
1- Жапалақ:
Арыстан мырза! Бұйрығыңыз бойынша барлық аңдар құзырыңызға жиналды... Жиналысты бастай берсеңіз болады.
Арыстан:
— Уа, аңдар! Қош келдіңіздер сөз жарысына! «Жақсылық та, жамандық та көршіден жұғатынын» барлығымыз білеміз. Біз қазақ даласында тұрып жатқандықтан, сөзге — ұста, тілге — шешенбіз! Бұрын қазақтың қай тауына шықсақ та, айтысқан қойшы, жыр айтқан жырау, жаңылтпаш-тақпақ айтқан бала-шағаны көретінбіз. Осы жақсы қасиет соңғы ғасырда жоғалып бара ма, қалай? Қайда қарасаң үндемейтін, қолдарындағы бірнәрсеге шұқшиған адамдар.. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын, жиі «сөз жарысын» өткізіп отырайық?!
Маймыл:
— У,у, а,а! Жөн сөз! Арекеңе қосыламын! Адамдар – Маймыл, Маймылдар ғалым болып кетпесек жарар еді... ииихихихи!
Жолбарыс:
— Мақтаншақ Маймыл! Ыржалаңдамай тұра тұр! Арекең дұрыс айтады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауымыз керек!
2-Жапалақ:
— Уа, сөзшең Жолбарыс! Мылжың Маймыл! Бос сөзді доғарыңыздар! Олай болса сайысымызды басталық!
Қазылар алқасы мүшелері: Арыстан, Аю, Жолбарыс.
Сайысқа қатысатындар: Қасқыр, Түлкі, Қарсақ, Борсық.
( Аңдар ду қол шапалақтайды)
1-Жапалақ:
- Алғашқы кезеңнің шарты, аңдар Арыстан жайлы жаңылтпаш құрастырады. Ақындыққа қоса, тапқырлық та керек!
Түлкі:
Құрметті Жапалақ ханым! Рұқсат болса, мен айтып көрсем?
2-Жапалақ:
-Баста Түлкі!
Түлкі:
— Арыстан гүжілдеп, гүрілдеді,
Өзге аңдардың тізесі дірілдеді.
Қасқыр, Қарсақ, Борсықтар күлімдеді,
Жаттап келген жаңылтпаш күн ілгері.
Арыстан:
—Жақсы! (Гүр ете қалды.)
Қасқыр:
— Қу Түлкі! Сайыс жайлы жаңа ғана естісек, қалай күн ілгері жаңылтпаш жаттаймыз? Қазыларды жаңылыстырмай тұр.
Жапалақ:
-Қасеке, бастаңыз!
Қасқыр:
— Арыстан жымды, аралады,
Жымға кім бара алады?
Жымға жалғыз барған аңдар,
Арыстан, Жолбарысқа таланады.
Жолбарыс:
-Қашан? Қалай-қалай жала жабады мына Қасқыр!
Аңдар:
-Дұрыс! Қасқыр әдемі айтты!
1-Жапалақ:
-Жә, дауды доғарыңдар! Қарсақ жалғастыр!
Қарсақ:
— Аң патшасы азулы ақ Арыстан,
Жаңылтпаш жарысына келді алыстан.
Жаңылып жаңылтпаштан жаңылмайық,
Жарыста жаңылыссам келер ызам!
2-Жапалақ:
-Жарайсың Қарсақ! Борсық баста!
Борсық:
— Арыстанның жалы жалбырайды,
Жалды көрсе жануарлар қалтырайды.
Жақ сүйегін жүн басқан жануардан,
Қорыққан аңдар қалайша хал сұрайды?!
1-Жапалақ:
— Құрметті қазылар алқасы! Алғашқы айналымның ұпай санын көтерсеңіздер!
Борсық 10 ұпай,
Қарсақ 10 ұпай,
Қасқыр 9 ұпай,
Түлкі 9 ұпай алды!
Борсық пен Қарсақ қуанбаңдар! Қасқыр мен Түлкі қуармаңдар! Алда және бір айналым бар!
Құрметті сайыскерлер!
«Жарыс бар жерде, қалыс бар.
Тартыс бар жерде, намыс бар».
Ендеше намыстарыңды қайрап,
Қызыл тілдерің сайрап «Өтірік өлеңге» дайындалыңдар!
Қарсақ:
— Мен бастайын!
Жапалақ:
Баста Қарсақ!
Қарсақ:
-Мен өзім Айдан келдім жаңа ғана,
Күннен от алып жүрмін жылынуға.
Қоңырау шалғаннан соң «сайыс бар»- деп,
Шәйімді ішіп келдім шала-пұла.
(Барлық аңдар дуылдап қол соғады.)
Арыстан:
— Жақсы! Келесі аң?!
(Ортаға борбаңдап Борсық шығады.)
Борсық:
— Жәй жүрген біреу емес мен де білсең,
Борсықпын піл өсіріп, тай семірткен.
Кешегі жәркемеңкеде соғым сатып,
Бір қап алтын жинадым жылқы етінен!
Аңдар:
— Пау, шіркін!
— Айтқышым-ақ екен?! (Аңдар гуілдеп кетеді)
Қасқыр:
— Уа, жаран, асхана аштым келіңіздер,
Тамақ ішіп, бағасын беріңіздер?!
Мың Киттен самса істедім дәмін көріп,
Қуырдаққа жақсылап бөгіңіздер!
Аңдар:
— Қасекең де оңай емес!
— Тамаша!
— Сілекейім шұбырып кетті ғой! (Аңдар біраз тамсанып алады.)
Арыстан:
— Жөн..
2-Жапалақ:
— Сөз кезегін сұлу Түлкіге берейік:
Түлкі:
— Емеспін мен жай Түлкі,
Атандым елге бай Түлкі.
Инстаграмда оқырман,
Қояды миллиард «лайықты».
Жарнамам жарып сауданы,
Қоймама халық заулады.
Балық, тауық, қой етін,
Менен ғана алады!
Таза сүт пен қаймағым,
Ірімшік пен құрт-майым,
Ел ішінде аңыз боп,
Аңдардың ауызын майлады!
Ауырғанға дәрі бар,
Жемістің шырын нәрі бар,
Қайсы бірін айтайын,
Іздегеннің бәрі бар!
Алатындар келіңдер,
Айтқаныма сеніңдер!
(Аңдар қол соғып қошеметтеп, орындарынан тұрып кетеді.)
Арыстан:
— Әп-бәрекелді! Жарайсың Түлкі! Ал, әділқазы мүшелері, бағасын беріңіздер?! Арамыздағы қай аң «Ділмар» екен? Қай аң бірінші орынға лайық?
1-Жапалақ:
— Екінші айналым бойынша... қазылар алқасы ақылдаса келіп:
Борсыққа 8 ұпай, жалпы саны 18 ұпай,
Қарсаққа 8 ұпай, жалпы саны 18 ұпай,
Қасқырға 8 ұпай, жалпы саны 17 ұпай,
Түлкіге 10 ұпай, жалпы саны 19 ұпай берді. Демек, жеңімпаз кім..?
Аңдар:
-Түлкі, Түлкі!
Арыстан:
— Құрметті халайық! Сайыс қорытындысы бойынша Түлкі 1-орын, Борсық пен Қарсақ 2-орын, Қасқыр 3-орын алды. Құттықтап қойсаңыздар болады!
Жүлдеге Түлкіге 1 жылқы,
Борсық пен Қарсаққа екі тай,
Қасқырға үш қой беріледі.
Аңдар:
— Бәрекелді! Әділ шешім!
— Дұрыс!
— Барлығы да шешен екен!
2-Жапалақ:
— «Қазақтың адамы түгілі, аңы да ділмар» деген сөз рас-ау? Сайыскерлердің барлығы да осал емес! Олардың тілге адалдығын көрдіңіздер! Орыс сөзін қосып, ағылшынша осып, арго-жаргон сөздермен былғап сөйлейтін қазақтар, аңдардан үлгі алыңдар! Кукку-ку! Кукку-ку! (Сахнадан қанаттарын сабалап, шығып кетеді.)
Түлкі:
Жүріңдер, Арекеңе барайық? Жүлдемізді алайық? Жылы-жұмсаққа тояйық?!
Бүгінгі болған сайысты, инстаграмға салайық? «Тіл үйренем» деушілерге, курсымызды ашайық? Шашуымызды шашайық!
(Түлкілер шашу шашады.)
1-Жапалақ:
- Ал, құрметті жеңімпаздар мен жүргізушілер! Өзіміз болып бір би билемейміз бе?
2-Жапалақ:
- Билесек билейік! ("Тауыс биі" биленеді. Қуанған аңдар қолдарын ысқылап, ауыздарын тамсанып, жүлделерін алуға Арыстанның соңынан ереді. Өзге аңдар да сахнадан кетіп, соңында барлығы бірге қол ұстасып шығып, сәл ғана бастарын изейді.)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі