Өлең, жыр, ақындар

Жерұйық қайда?

— Жапондар жұртын Айдың солтүстік аймағына көшірмекші екен, Жақсылықтың бетінің сөлін компьютер  жеп қойған астробиолог досы  олардың  осылай жасайтынын бұрыннан білетін, бірақ оған ешқандай алаңы жоқ адамдай хабарлады. Жақсылық таңданып үлгергенше:

— Қытайлар Күн жүйесіндегі Жерге өте ұқсас планета Марсты көздеп отыр, деп сөзін жалғастырды аспайтын-саспайтын әдетімен.

— Онда озон  қабаты жоқ, қырылады ғой, — Жақсылық олар сондай нартәуекелге не үшін баратынын түсінбегендей, таңдана қарады досына.

— Күн радиациясы өте қауіпті екенін білгендерімен, ондағы құрғақ мұз үміттерін оятуда. Су бар жерде өмір бар деп деп ойлап атоммен бомбалауды ойластыруда, — астробиолог досы ойын әр әр жерден үзіп-үзіп қана айтты.

— Бұл дүние тұтқасын ұстайық деген ниеттен бе, әлде мына тәж-тажалдан қашу ма? — Жақсылық екіұшты ойының қай жағына шығарын білмей дағдарып тұр.

— Адамзат жерді улап болды, оны тазарту керек деп, элита өкілдерін іріктеп, жаңа әлем қалыптастырып жатқан көрінеді, — астробиолог сондай оқиғаның ішінен келгендей сенімді сөйледі.

— Миллиондаған адам ішінен ірік-шірікті қалай бөлектейді екен? — Жақсылық ызалана мырс етті.

— Микрочип орнатып, қашықтан басқарып отыратын көрінеді.

— Сонда мына тәж-тажал «қаласам он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызып жіберемін» деген Алладан емес, қасақана қолдан істеп отырған қиянат па? Алланың қалауынсыз қалай болды сонда? — Жақсылық ой ұшығын әлі ұстай алмай отыр.

—  Шайтан иектеп, жынға быққан пенделер ниетімен, әрекетімен планетаны былықтырып болды, жер құнары тозды, байлық таусылды, —астробиолог досы оны өзің де білесің ғой дегендей ойын созбақтамай сөзін қысқарта қойды.

Бұл сарындас сөздерден Жақсылықтың құлақ еті әбден желінген. Неге екенін қайдам, бүгін оған қолқа —жүрегін суырып алғандай әсер етті. Көгал нуы, құнарлы топырағы, мөлдір суы, таза ауасы қалмағаны рас. Адамзат қырық қатердің үстінде тұр. Жұрттың жақсы өмірге деген  ынтасы жойылған. Елден ес кеткен, үзеңгісі шіренгендерді үрей билеген.

Адамды адам алдайтын дімкәс қоғамда тау, тас сатылып, дәтке қуат етер талшық қалмаған.

Арқаны кеңге салып, шалжияр заман емес. Жерұйықтың қайда екенін іздеу керек.

Шүйгін жазықтары жыртылмаған, жері гербицид, пестицидпен қоректенбеген, шөлі мен шөлейтінде өндіріс қалдықтары төгілмейтін, тіршіліктің боққа толы қабын арқаламайтын, жұрты тең, ағайын арасы тату, жұт болмайтын, құт болатын қоныс табу керек.

Армандай сала қолыңа қона қойса қане… Жұрт ұзақ дайындыққа, азапты жолға, шыдам мен төзімге сақадай сай болып тұрмайды-ау. Оңай болса Асан қайғы баба орнықтырып-ақ кетер еді ғой.

Ымыранның ұлы Мұса пайғамбар малын төлден тиып, ерін құрсаулы мұз жастандырып 40 жыл бойы сынаған дейді. Жерұйықты тапты ма, таппады ма, оның да ақиқатын ешкім айта алмайды.

Жақсылық досының бетіне ойлана қарады.

— Осы сендер жақында тіршілік көзі бар аспан денесін тауып едіңдер ғой. Сол зерттеулерің не болып жатыр? — деп сұрады.

— Жерден өте жырақта орналасқан, көлемі жағынан ірі планета табылған. «Жер — 2» деп қойды атауын. Дәл жердің өзіндей. Ылғалды, жылы климат бар екені анық. Тіршілік көзі керемет болуы мүмкін деп отыр болжам айтушылар. Ғылымға қаражат жағы қолбайлау ғой қашанда. Сол сылтаумен тоқтап тұр.

Жақсылықтың санасын буалдыр тұман торлап тұрғандай еді, мына сөз оны сейілтіп, серпілтіп тастады.

Жақсылықтың робот шығаратын зауыты бар. «Робот — корперейшин», «Дженерал электрик» корпорациясындай қуатты болмағанымен әлі дүниеге келе қоймаған беймәлім ғылымның ақырындап-ақырындап негізі қалануда. «Роботтар дәуірін туғызуға неге құлшынасың?» — деп  досы бұл ісін онша құптамайды.

— Адамдар рухани проблемасын шеше алмай, абсурдты жағдайға тап келіп отырған жоқ па? Ендігі жерде мұнай, газ арқылы дамудың мүмкіндігі азайған. Оның себебін өзің де білесің.

— Сонда бұл мәселе қалай шешіледі деп ойлайсың?

— Өзге планетадағы цивилизация ордаларымен қатынас жасамайынша Жердегі мәселе Асан баба қайта тіріліп келсе де орайына келмейді, — алапат шабыт түрткілеген Жақсылық ашына, екпіндей сөйледі.

— Сонда… — досы бетіне аңтарыла қарады.

— «Жер  — 2»  планетасына апаруға дайындық жасау керек.

— Азған-тозған, жер бетіндегі тартыстан, ию-қию өмірден зәр ішкен адамдарды бейтаныс планетаға апарып, тағы да тағдыр талапайына тастамақпысың? — Көп үндемейтін астробиолог досы  мұны атақ, даңқ, бақ қуып отыр ма деп бетіне ожырая қарады.

— Қала орнатып, егін сап, мал айдауға болады деп отырсың ғой.

— Болатыны болады, бірақ адамдар бірден қала салып кете алмайды ғой. — астробиологқа Жақсылық орынсыз, бос қиялға беріліп отырғандай көрінді.

— Құм болса жасандырамыз, мұз болса ерітеміз, — Жақсылық алақанын ысқылап орнынан тұрды

*   *   *

Жақсылықтың көңілі алаңдаулы. Әкесінің тәж-тажалмен ауырып жатқанына біршама уақыт болып қалды. Аурухана: «орын жоқ, оның үстіне жасы алпыстан асып кетіпті» — деді. Кішкентай кезінде естіген бір ертегісі бар еді ғой:

— Кімде кімнің әкесінің жасы алпыстан асқан болса, ол шалды айдалаға апарып тастау керек. Жасы алпыстан асқан адамның не керегі бар. Оның қолынан іс келмейді. Үйде жатып, тапқан-таянғандарыңды ішіп-жегеннен басқа оның бітірер ісі жоқ. Шалдарды құртыңдар, ал мұны қабыл алмағандардың басын аламын, — деп басталатын. Жасы алпысқа келгендер өз ажалынан өлсе өлді, өлмесе оларды елсіз жерге апарып тастайтын. Сол ертегінің қайта келген заманы туып тұр.

Жақсылық әкесінің шөкімдей болып қалған түріне қарап, аяп кетті. Құр сүлдері қаудырап тұр. Жөтел келіп қалғанда бет-жүзі көгеріп кетеді. Ондайда барып-келіп, барып-келіп қалады. Содан соң сәл тыншып, бір қалыпты дем ала бастайды. Әкесі тынышталса Жақсылық рахат бір күй кешеді, қолына алған жобасына үңіледі. Энергия көзі ретінде сутегін пайдаланудың түйткілді жеріне келіп тоқтайды.

Сутегін судан температурасын 10000 цельсиге жеткізіп оттегінен бөліп аларсың, бірақ оларды таза күйінде қалай, қайда сақтай аласың?

— Балам, соңғы кезде қатты күйгелектеніп жүрсің ғой. Менің ауруыма көңіл аударма. Алладан өзіме тұп-тура бағышталып келсе, ұстап тұра алмайсың, дәрігер де арашашы бола алмайды.

— Мұның бір емі болуы керек қой. Соңғы кезде мен-мен деген асыл азаматтар бір күнде кетіп қалып жатыр, дүние түсініксіз оқиғаларға толып кеткендей, — Жақсылықтың көңілі кәдімгідей жабырқап қалды.

— Олардың өлімі тәж-тажалдан ба, басқадан ба, бір Алла ғана біледі, — әкесі үнсіз күрсінді де, — жұмыстарың қалай жүріп жатыр? — деді.

— Жақсы. Дегенмен ендігі жерде газ, мұнай, көмір өндірісі тоқырауға түседі. Олардың орнын сутегін өндірумен толықтыру керек деп ойлаймын. Жаңадан ашылған ғаламшардан сутек зауытын салғым келеді, бірақ оларды қайда, қалай сақтаудың жолын білмей отырғаным,  —үміті үзілгендей  таусыла сөйледі.

Әкесі күліп жіберді. Жақсылық бетіне таңдана қарады.

— Әлгі ертекте айтылатын хан жасағындағы әкесін өлтіруге қимай сандыққа салып алып жүретін жігіт бар еді ғой, хан сусыз шөлде қалғанда «өгізді босатсаң, су табылады, суы бар жерді ол иіскелеп сүзеді, сол жерді қазса су шығады дейтін, енді бірде арада неше күн жол жүріп, үлкен теңіздің жағасына келгенде теңіз түбіндегі гауһарды көріп, осыны алып берген адамды өзіме уәзір етіп, сұраған нәрсесін берем дегенде, гауһар су түбінде емес, теңіз жағасындағы бәйтеректің басындағы құстың ұясында деп ақыл айтатын қария есіме түсіп отырғаны. Қазір де соның кебін киіп отырған жоқпыз ба, осы?..

—  Алпысқа келгендерді өлтіріңдер деген жарлық жоқ қой. — Жақсылық әкесінің сөзіне түсінбеген сыңай танытты.

—  Түпкі ойлары солай секілді ғой мына дүние құйынның. Жаңа планета деп айтып отырсың ғой. Ол сыры беймәлім, ұзақ жол. Мені сол жаққа аттандыр. Бір септігім тиіп қалар.

Әкесіне «ауырып отырып қалай барасыз?» деп айта алмады.

*   *   *

Жақсылық роботтарды ғарыштық экспедицияға  іріктей  бастады. Соңғы кезде эксперименттік модульдердің психикасында өзгерістер көп. Қандай тосын мінез көрсетерін біле алмайсың. Түбегейлі жаңарған. Электронды милары жаңаша ойлайды. Әсершіл. Сезімтал. Жақсылықтың соңғы кездері олардың бойынан байқаған бір өзгерісі — ауыздары көпіргенше сөйлейтіндері, жоқтан өзгеге дауласатындары. Тәулік бойы қолдарынан телефон түспейді. Ескі маркалардың біразының құлағы естімейді, көздері әзер көреді. Қайта қорытуға  жіберейін десе шығыны өтелмейді.

Дәнекерлеуші роботтар лазерлі құралмен жұмыс істейді. Олардың ішінде де жұмысты сапалы істейтіні, бір айтқаныңды жүз рет айтқызып, қаныңды ішетін  жалқаулары, бос сөзге әуестері жетерлік. Міне, мына «Кud» есімді роботты талай рет парша-паршасын шығарғысы келген. Мінезі қырсық. Жұмысын өндірмейді. Ернін шошайтып, салғыласудан шаршамайды.

Құрылыс материалдарын таситын, үйдің төбесіндегі жұмыстарды атқаратын, қабырға тегістейтін роботтардың көбі сәнқой, үсті-бастарына қарағыштап, айна алдынан шықпайды. Кез келген оқиғаға фейсбукта пікір жазып, дін, тәңіршілдік тақырыбындағы әңгімелерге қызылкеңірдек болып отырғандары. Бұлардың ауыздары қалай тез сөйлесе, қолдары да солай тез жұмыс істейді. Үлкен-үлкен үйлердің іргетасын екі күнде тұрғызып, сағатына 1000 кірпіш қалайды. Ауа-райының жауын-шашынына, аңызақ-аптабына қарамайды. Тәулік бойы бел шешпей жұмыс істей береді.

Іштерінде әлем әдебиетінің өткен-кеткенін суша сапыратындары бар.

Жақсылық қырық құрау, қырық рулы, қырық құбылып тұратын роботтардың бір тобын  Жерден өте алыс орналасқан «Жер — 2» планетасына аттандырды. Роботтар ол жерде алдымен экологиялық тепе-теңдікті сақтап қалу үшін сутегі зауытын салады. Болашақтың энергиясы сол. Судан жоғары температурада электролиз арқылы сутегін алудың жаңа технологиясының сызбасын әкесінің қолына ұстатты.

Әкесі жол жүрем дегелі бері кәдімгідей қуаттанып қалған. Өткендегі үңірейген үрей үмітке айналған….

*   *   *

Әлем вирустан өртеніп тұр. Айнала ұйқы-тұйқы. Әр отбасында уайым, күйзеліс. Тыныс аңду. Дәрі іздеп ел шетіне шығып кеткен  жұрт. Дәрігерлер емдеу жолын таба алмауда. Көңіл алақұйын. Қарапайым пенделердің қолынан келетіні  Құдайға жалбарыну ғана болып қалған.

Жақсылық қызмет істейтін құпия агенттік адамзатты құтқару ісіне кірісіп кеткен. Қытайдың Ухань қаласының лабороториясында жасалған вирусты да, оған қарсы вакцина өндіруді  қаржыландырып отырғандар бар деген мәліметті де АҒP, BBC, Reuters агенттіктері faсtcheck.kz сайты «өтірік, өтірік» деп шыр-пырлары  шығып жоққа шығаруда.

Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Қазір басқару жүйесі қатты жетілген, бәрі де саусақ ұшымен атқарылуда. Сенсорлық панельдің  белсенділігін арттырып, вирус толқынын бірінен соң бірін жіберуге болады.

Олардың жүйесіне еніп импланттарды жою қыста егін салып, одан қыруар өнім алумен бірдей. Оны жылы кабинетте отырып атқара алмайсың. Ол үшін атмосфераның жоғары қабатына көтеріліп, олардың жүйесін  бақылауда ұстайтын спутниктерінің көзін жою керек.

Ол дауыл мен оттың ортасы, ойдым-ойдым оры көп жол. Шегінсең әлем апат болады.

Жақсылық сөзіне, ниетіне, ісіне бекем. Дүниедегі тартыс сынында күшті, зәрі алып шыңды құмдай үгітетін озбарлықты көру өзіңді жегідей жейтін сезім сыйлайды екен. Жақсылық жері мен елін тәж-тажалға олжа етуден құтқарса  ғана өзін патшадай сезінеді… оған дейін көз ілмейді… Өзіне берген серті сол.

*    *   *

Ғарыш кемесінің тұмшаланған кабинасында отырған  Жақсылық роботтар туралы ойлады. Не болды екен? Жерде көктем өтіп, жаз өтіп, күз келген. Тоғыз ай. Бұл бейтаныс планетада 9 жыл өтіп кетіпті. Жердегі бір ай — мұнда бір жылға пара-пар уақыт. Аэродинамикалық тежегіштің  гүрілінен орбиталық станцияға келіп қонғанын білді.

Айнала құрылыс. Қайда қарасаң да жүздеген роботтар. Бүйірінде  Н2 деп жазылған автобустар тоқтаусыз зымырауда. Қайда қарасаң да сутегінің атомдық нөмірі жазылған билбордтар. Аттаған сайын сутегін сақтайтын станциялар, сутетегін тарататын желілер. Ауа тап-таза. Санитайзер — сутегі. Роботтардың  сусыны сол екен. Вирус пен бактерия дегеннің не екенін білмейді. Әкесі жасарып кеткен. Сутегінің қорын қалай жинаудың жолын тапқан. Су температурасын күшейткенде оттегі мембрана арқылы өтіп, резервуарда таза сутегі қалады екен. Мембрана материалын керамикалық пластинкалардан жасапты. Сутегін сығылған газ күйінде де, қатты  дене түрінде де өндіріпті. Қатты күйде өндіргенді металл құйма қуыстарына , ал газ күйіндегісін өте қымбат баллондарға құйыпты. Жақсылық әкесінің мына ісіне қатты қуанды.

— Жасқа емес, басқа қара. Алпысқа келгеннен ақыл сұрап қою да кейде артық емес, балам. Сен кішкентай кезіңде Мысыр пирамидасы, Бабылдың аспалы бағы, Артемида  ғибадатханасы, Зевс мүсіні, Родос мүсіні, Александрия шамшырағы туралы оқып, айналадағы ел-жұрт жаңалық ашып жатқанда  біз ешнәрсе жасамай жүре бергенбіз бе деп күйінуші едің ғой. Есейгендеріңде алдарыңды Илон Маск мен Билл Гейтс орап кетті. Бір қазақтың жаңа планета — құт мекен ашып, онда  тіршілік орнықтыруын маңдайға жазған шығар, — әкесі толқи сөйледі.

Қазақ болашағының ақ таңы атып келе жатқаны көңілін қатты толқытты. Жақсылық планетадағы базарды көргенде, тіптен таң қалды. Бақыт та, байлық та үйіліп-төгіліп жатыр. Дәл жердегідей. Ойламаған тұстан қол жайып отырған тіленші роботтарды кездестіргенде тұтығып қалды.

Жақсылық роботтар жетекшісін  шақырды. Бұл  таңдайы тақылдап ақындардың өлеңдерін күн-түн үздіксіз оқитын робот.

— Қалайсыңдар? —деп сұрады.

— Тыныштық. Бәріміз дін аманбыз. Мұнда әркім өз нанын өзі тауып жеп жүр. Планета оттегінің қалың қабатымен қоршалған. Экология тап-таза. Өсіп-өніп жатырмыз.  Мұнда ешкім жүзге жетпей өлмейді екен.

Жақсылық таңдана басын шайқады.

— Базардан бүгін тіленшілік пен өтірікті байқап қалдым ғой. Мына Жерұйықта олар қайдан жүр?

— Сіз «Пандора сандығы» дегенді естіп пе едіңіз? — деп өзіне қарсы сұрақ қойды. Университетте шет ел әдебиетінен сабақ берген Морозова апайының  айтқандары үзік-үзік болып қана есіне түсіп тұр. Толықтай ұмытыпты.

— Гректердің түбінде шындығы бар аңызы ғой. Айып болмаса, есіңізге түсіре кетейінші. Прометей жүдеу-жадау халыққа Олимптен от алып келіп береді. Одан бөлек жұртты өнер-білімге, қолөнерге үйретеді. Зевс бұған қатты ашуланады. Олимп құдайы Прометейді ғана емес бүкіл адамзатты жазалағысы келеді. Сөйтіп Зевс ұста құдайы Гефеске адамға ұқсайтын сұлудың сұлуы, көркемнің көркемі, ақылдының ақылдысындай қыз жасауды бұйырады. Оған Пандора деген есім береді. Бұл есім бір сырлы, сексен сегіз қырлы дегенді білдірсе керек. Прометейдің ақылсыз, дарақы інісі Эпиметея оған ғашық болып үйленеді. Эпиметеяның үйінде ашуға болмайтын құпия сандық болатын. Пандораға оны ашпау керектігін ескертеді. Құпия дүние қашанда қызығушылықты оятады ғой. Пандора сандықты ашып көрмекші болады. Ашып қалғанда  ішінен өтірік, айла, жалғандық, зорлық, жемқорлық лап қойып сыртқа шығады. Сасқалақтаған сұлу әйел қақпақты қайта жауып қалғанда, сандық түбінде үміт қалып  қояды. Осыдан кейін әлемге жамандық тез тарайтын болған.

Сол сандық осында да келіпті. Қақпағы ашылып, талай сұмдық  сыртқа шығып кетті, — деді тез-тез сөйлеп. Осыған өзі айыпты болғандай мұңайып қалды .

Әлден кейін барып:

— Сіз естімеген, көрмеген жақсы жаңалығымыз да бар, — деді.

Жақсылық оған ол не болды екен дегендей сұраулы жүзбен қарады.

— Қолдарында байлығы бар роботтардың біразы жапондардың алдын орап, Айдың солтүстік аймағына қоныстанып алды. Патша сарайынан кем емес зәулім үйлер тұрғызған, көрсеңіз таң қаласыз. Ондай  сәулетті бұрын-соңды көрген жоқсыз. Енді біраз топ Қызыл планета — Марсқа кетті. Ол жақ бұл жерден де жақсы дейді. Көргендер нағыз Жерұйық деп отыр.

Үшінші бір топ …, — деп  барып күмілжіп қалды.

— Олар қайда кетті? — Жақсылық сөзіңді жалғастыра бер дегендей иек қақты.

— Интеллектуальды топ жер әлемге вирус толқынын атмосфераның жоғары қабатынан жіберіп жатқан спутниктерді жойып жіберді.

Жақсылықтың жанары шоқ болып жанып кеткендей болды. Нартәуекелмен басталған қызықты ісінің жақсы жағы мұны адамгершілік, адалдық деген мәртебенің биігіне шығарғандай. Таланттар бір ортаға жиналса, бір бағытта емес, әр түрлі бағытта өмірді өзгертеді екен-ау. Бұл да бір өмір сабағы.

Сонда өз зауытынан шыққан мыналар биологиялық роботтар ғой. Оттегімен дем алады, сутегін  ішеді. Темірден жасалған тобырлар емес, өз цивилизациясын жасап алғандар. Жер мен көк арасындағы көпір тұрғындары. Олардың бір тобы ел-жұрттық дүниетаным, адамгершілік  болмыс туралы ойланбайды. Бірақ Тәңірқұт мекенінің төрін иеленген. Енді бірі істеріне адал, дегенмен бейнеттен көз ашпайды.

Жақсылықтың көзі қарауытып, басы айналды. «Жерұйық» сағымға айналып, алыстап бара жатты. Ақ бояулы жақсылық пен қара бояулы жамандық найзағайдай шарт-шұрт арбасты. Боз тұман ішінде Асан бабаның сұлбасы біресе бері келе жатқандай, біресе ары бара жатқандай болып ағараңдайды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз