Өлең, жыр, ақындар

Ақылды қыз

(«Ақылды қыз» ертегісінің желісі бойынша сахналық қойылым)

Сахнаға жүргізуші шығады. Артынан 5-6 бала еріп шығады.

Бірінші бала:
Аға, – аға, бізге ертегі айтып беріңізші.

Екінші бала:
Немесе кітап оқып беріңіз. Сіздің әңгімеңізді сағындық.

Жүргізуші:
Жақсы, балалар, онда мен сендерге бір ертегі айтып берейін. Сендер ыңғайланып отырып тыңдаңдар. Мен ертегімді бастайын:

Қиын шақта табанда
Кеңесетін көппенен.
Заманда, бір заманда
Хан болыпты Бек деген.

Ал, әлсіздер күші кем
Алдына оның барыпты.
 Ақылымен, ісімен
Халқына хан жағыпты.

Түсінетін сөз парқын,
Жандар жақын қоныпты.
Бір күні Бек өз халқын
Сынамақшы болыпты, -

деп, балаларды ертіп сахнаның шетіне кетеді.

I көрініс

Сахна ашылады. Хан сарайы. Тақта хан отыр. Екі жағында уәзірлері. Есіктің алдында екі сақшы.

Хан:
«Қонғалы тұр бақ, міне,
Жұмбағымды тапқанға:
Дүниеде тәтті не,
Һәм жүйрік не шапқанда?

Құлақ салғын, жарандар,
Шық ортаға зерегің.
Шешкендерге шамам бар,
Бір қап алтын беремін».

Жүргізуші сахнаның шетінде тұрып ертегісін жалғастыра береді:

Деп Бек жарлық таратып,
Талай жанды тыңдапты.
Отыз мәрте таң атып,
Отыз мәрте күн батты.

Ханның алдына біреу келеді:

Келген адам:
Уа, хан ием, дүниедегі ең тәтті қант, ең жүйрік – күн сәулесі, ай нұры болар!

Хан:
Таппадың жұмбағымды! Алып кетіңдер!

Екі жендет әлгі адамды алып кетеді.

Екінші адам келеді:
Дат, тақсыр, дүниедегі ең тәтті нәрсе – ұйқы болар, ал жүйрік – садақтың жебесі емес пе?

Хан:
Таба алмадың жауабын! – қолын сілтейді.

Екі жендет алып кетеді.

Үсті-басы тоз-тоз болған, азып-тозған шал келеді. Домбырамен жайлап күй жіберіліп тұрады.

Шал:                    
Уа, хан ием, қымбаттым,
Бағымды бір байқайын.
Шешуін сол жұмбақтың
Болса рұқсат, айтайын...

Еміренген әр адам,
Алданышың, ермегің
– Бұл өмірде баладан
Тәтті нәрсе көрмедім.

Жоқтан өзім пайда боп,
Демде хан да бола алдым.
Қас-қағымда айда боп,
Жерге қайта оралдым.

Сөйлемейін асырып,
Шын дүлдүлдер көп екен.
Дүниеде, асылы,
Ойдан жүйрік жоқ екен!

Хан:
Жұмбақты дұрыс шештің, қартым. Бірақ мынадай ақылмен қалай жүрсің көрінбей? Бұл жұмбақты кім шешті? Қане, шыныңды айт! Әйтпесе басыңды аламын! – деп қаҺарын шашады.

Шал:
Кешіріңіз, хан ием, кешіріңіз! Бұл жұмбақтың шешуін тапқан қызым еді.

Хан сәл ойланып:
Онда мұндай ақылды қызды өзім алам, қалың малын көп төлеп.

Еңсесі түскен шал сүйретіліп шығып кетеді.

Жүргізуші:    
Істі оңғарып құдайым,
Сыйлыққа шал кенелді.
Ханның сезіп сыңайын
Үйге қарай жөнелді.

Көңілі сәл бұзылса,
Қуаныштан ол тасып.
Баяндады қызына
Ханның салған қолқасын.

Шалды қысып, құшаққа ап,
Қыз үндемей түнерді.
Өткеннен соң үш апта-ақ,
Хан уәзірін жіберді.

II көрініс

Шалдың үйі. Үй іші жұпыны. Уәзір келеді. Ханның беріп жіберген хатын қызға ұстатады. Қыз хатты оқып шығып, өңі қуарып кетеді.

Сіңлісі қасына келіп:
Апатай, енді не істейміз? – деп жылап жібереді.

Қыз:
Саспа, сіңлім, жауабын өзім беремін.

Қыз уәзірге:
Менен сәлем жолдаңыз,
Хан білімін байқайын.
Сіз де қапа болмаңыз
Қалыңымды айтайын.

Керек емес алтыны,
Керек емес малы оның.
Орындаса хан мұны,
Мен өзім-ақ барамын.

Мынау болсын қалыңмал,
Бұл да Бекке қолғабыс –
Жиырма ит табыңдар,
Және отыз жолбарыс.

Қырық арыстан тағы бар,
Елу аю керек-ақ.
Алпыс ноқта табылар,
Келіңіздер бөлек ап.

Уәзір шығып кетеді.

САХНА ЖАБЫЛАДЫ.

Жүргізуші:            
...Күнде думан сарайда,
Себебі алда той бар-ды.
Зауқы соқпай алайда
Хан Бек ұзақ ойланды.

III КӨРІНІС

Хан сарайы. Жаймен музыка ойналып тұрады. Хан ойланып отыр.

Хан:
Жоқ, бұл қыз менің теңім емес екен. Қалың малы арқылы менің өмірімді суреттепті. 20 ит – бұл менің жиырма жастағы кезім. 30 жолбарыс – менің қайратты шағым. 40 арыстан дегені – менің қырық жасым. 50 аю дегені – менің елу жасым. 60 ноқта дегені – менің кәрілігім екен,... м – м– м. Бұл қызды мен балама алып берейін, ендеше!


Жүргізуші:
Өз дегенін хан бұзбай,
Жазып көңіл жарасын.
Көп кешікпей сол қызға
Үйлендірді баласын.

...Бір жылдары қыс келіп,
Дала өңі солыпты.
Күндерде хан түс көріп,
Келініне жорытты.

Хан өз сарайында. Алдында келіні.

Келіні:
Ата, түсіңіздің жоруы – бұл елде көп ұзамай жұт болады екен.

Хан біраз ойланып отырып:
Олай болса, қарағым, мен қоныс іздеп кетейін. Елді жұттан алып қалу керек.

Хан шығып кетеді.

Жүргізуші:           
...Тұлпарына Бек мініп,
Талай жерден өтеді.
Таңдайын шөл кептіріп,
Бір шаһарға жетеді.

Жануы ма бағының,
Бәріне де көнеді.
Бек сол елдің ханының
Сарайына енеді.

IY КӨРІНІС

Тақта отырған  – сол елдің ханы. Басында шалма, үстінде шапан. Екі жағында уәзірлері. Есік алдында сақшылар.
 

Бек:
Уа, хан ием! Қоныс іздеп келіп ем, жер жаһанды аралап. Елімді жұт жайлады. Ең болмаса бір жыл отырайын. Шұрайлы жер бер, ақыңды төлеймін.

Қаһарлы Хан Бекке алара қарап:
Алтының көп болса, өзім-ақ шауып аламын!
Тастаңдар мына ханды зынданға!

Бек:
– Жо-жоқ, хан ием!

Тастатпаңыз зынданға.
Хат жазайын еліме.
Көшіп келеді өздері-ақ,
Берілеміз шайқассыз!

Сахна жабылады.

Жүргізуші:
От ұялап көзіне,
Хан өшкөздік танытты.
Бектің айтқан сөзіне
Сеніпті де қалыпты.

Қауырсынды қолға алып,
Айтар сөзін аз құрап.
Сан ойланып, толғанып,
Бек еліне жазды хат

Y КӨРІНІС

Бектің сарайы. Екі жендет Бектің еліне келіп, баласына хатты ұсынады. Баласы хатты ішінен оқиды да біраз ойланып отырады.

Ханның баласы:
Әкем көшіңдер депті. Тез көшу керек!

Ханның келіні:
Қайсы, хатты бере тұршы (хатты тез оқып шығып) Жоқ, көшу – ағаттық. Атам хатын жұмбақтап жазыпты. Ол зынданда отыр екен.

Ханның келіні хатты оқиды.
Үшбу сәлем ұлыма,
Уақыт берем төрт-ақ күн.
Қыстап биыл шығуға
Ғажайып бір жер таптым.

Күмандану болмасын,
Қос уәзірге еріңдер.
Ауылда ешкім қалмасын,
Түгел көшіп келіңдер.

Ойлап істің қамын бар,
Айтқан сөзді елеп мың.
Бірін шауып алыңдар,
Келерде қос теректің.

Елдегі бар дарындар,
Бір амалын табыңдар.
Егер балтам өтпесе,
Қайрағыма жаныңдар!

Терең ойланып:
Сабақ болар бұл-дағы,
Түйіп алғын сен еске.
Қос терек деп тұрғаны
Қос уәзір емес пе!

Асқар таудай алда сын,
Сынайтұғын үнемі.
Біреуінің ал басын,
Шынын айтар біреуі.

Балтасы – сен, баласы,
Ал қайрағы – мен едім.
Жаны десе, шамасы,
Маған айтсын дегені...

Ханның баласы:
Бұл айтқаның ақыл болар!

Уәзірлеріне қарап:
Ана екі уәзірді алдыма келтіріңдер!

Жендеттері уәзірлерді әкеледі.

Ханның баласы:
Бірінің басын алыңдар!

Жендеттер оның айтқанын тез орындайды. Екінші уәзір жалынып, ханның аяғына жығылады.

Екінші уәзір:
Дат, тақсыр, өлтіре көрмеңіз! Айтқаныңыздың бәрін істеймін, тек мені тірі қалдырыңыз, өтінемін! Өлтіре көрмеңіз!

Ханның баласы:
Жақсы, сені өлтірмеймін. Әкемнің жағдайын айт!

Уәзір:
Тақсыр, әкеңіз зынданда. Біздің ханымыз сіздің елді жаулап алғысы келеді.

Мұны естігендер дүркіреп орындарынан тұрады.

Музыка күшейе түседі.

YI КӨРІНІС

Жат елдің  хандығы. Бектің адамдары кіріп келеді де, ханның адамдарымен айқаса кетеді. Ханды алып кетеді. Бекті ортаға алып келе жатады.

АҚЫЛДЫ ҚЫЗ:
Уа, халқым, бізде күш бар, әдіс – айла бар, ақыл бар, көсіліп жатқан кең дала бар, ақ жарқын халқымыз бар. Еліміз бен жерімізді қорғау үшін бірлік керек. Бірлік бар жерде тірлік бар!

САХНА ЖАБЫЛАДЫ.

Жүргізуші өзімен бірге еріп шыққан балаларды құшақтап тұрып, әр баланың бетіне қарап, күлімсірейді.

Жүргізуші:
Ал, балалар, менің айтқан ертегім ұнады ма? Бұл ертегі бізді ақылдылыққа, тапқырлыққа үйретеді екен, солай ма, балалар?

Балалар:
- Иә, иә, солай, ағай!
- Бізге ертегіңіз өте ұнады.

Жүргізуші:
Деген сөз бар:
«Елі үшін
Отқа түскен күймейді».
Сол халықты енді шын
Ақылды қыз билейді.

Осымен, балалар, Көмек Ыбрайұлының «Ақылды қыз» ертегісінің желісі бойынша сахналық қойылымымызды аяқтаймыз!

ІЗГІЛІК НҰРЫ

Сахна тақырыпқа сай безендірілген. Құлаған, қираған киіз үйлер, құлазыған дала, жүгіріс, айқай-шу соғыс.

Жүргізуші:
Деп «бұл дұшпан басынды»,
Екі жақ та тасынды.
Түрікмендер, қазақтар
Қырқысқан бір ғасыр-ды.

Мерт боп елдің асылы,
Өңмеңдеді жасығы:
Қырда қиқу салынса,
Маң дала қан сасыды.

Өтпей бір күн, таң тыныш,
Көтеріліп сан қылыш,
Бүгін, міне, тағы да,
Басталмақшы қанды ұрыс.

Арғымағын алқымдап,
(Нөкері көп артында).
Түрікменнің батыры
Шықты шауып жал құмға.

Түрікменнің батыры сахнаны айналып, арғымағын ойнатып, шауып жүр.

Жүргізуші:
Мол байлыққа бой ұрмай,
Қайтпас қанға тойынбай.
Құмда атының іздері
Өрілді нән дойырдай.

Аты көкке атылып,
Бар даусымен бақырып.
Айқай салды сол батыр
Жекпе-жекке шақырып.

Түркменнің батыры қолын көтеріп ат үстінде айқайлап тұр:
- Жекпе – жек!
- Жекпе – жек!

Оған қалған түрікмен сарбаздары қосылады:
Жекпе – жек!
Жекпе – жек!

Қазақтар да:
Жекпе – жек!
Жекпе – жек! – деп айқайласты.

Бірінші қазақ жауынгер:
Шыдамаспыз азапқа әр,
Елміз бе біз мазақтар!

Екінші қазақ жауынгер:
Я, алла, Ер Бекет!
Жақындаңдар, қазақтар!

Топ ішінен бір батыр суырылып шығады:
Жүрегінде түк бар ма,
Жем қылайын құрттарға!

Жүргізуші:
Бұлт қанаты шаң ілді,
Екі жақ та сабылды.
Кернейлерден үн шығып,
Кепшік, дабыл қағылды.

Екі жақ та ұрандарын айтып, айнала у-шу, әлем-тапырық. Түркменнің батыры мен қазақтың батыры жекпе-жекке шығып, айқасады. Осы кезде Құрманғазының «Адай » күйі ойналады.

Жүргізуші:
Жеңілу де – мазақ бұл,
(Бәріне ортақ азат күн!)
Қос батыры шайқасты
Түрікмен мен қазақтың.

Екеуі де қызынды,
Түймелері үзілді.
Қылыш, найза, гүрзіден
Қалқандары мүжілді.

Көздерінде шоқ қызып,
Кеуделерін кек қысып.
Найзалары шарт сынып,
Қылыштары кетті ұшып.

Ойланатын шақ қане,
Екеуі де ел мақтаны.
Тер орнына қан ағып,
Қалжырады аттары.

Құшар мәңгі бірін көр,
Қашса бірі – жәндік ол.
Екеуі де жалма-жан
Қорамсаққа салды қол.

Тисе қолдан не келер,
Қара жерге шегелер –
Ажал бүркіп, толассыз
Ыңыранды жебелер.

Берік еді тақымы,
Көп шайқасып, ақыры...
Мұрттай ұшты атынан
Түрікменнің батыры.

Осы жерде түрікменнің батыры гүрс етіп құлайды. Екі жақ та жеңісе алмай шайқас жалғаса береді.

Жүргізуші:
Аққан қаннан сай тасып,
Күн тұтылды ай қашып.
Үш күн, үш түн осылай
Жатты екі жақ шайқасып.

Көз алартқан жеріңе,
Жаудың осы – емі де.
Жеңіп жауын қазақтар,
Жинақталды еліне

Түрікмендер ұрыса жүріп, қаша бастайды. Алған жарақатынан есеңгіреген түрікменнің батыры ыңырсып, көзін ашып – жұмып, бірдеңе деп былдырлап, әрең сөйлейді.

Түрікменнің батыры:
Атым менің Оғұлнұр,
Болмай қалды жолым бір.
Сіздер үшін, әрине,
Жаным – қара , қолым – кір.

Ақ кіргенде шашыма,
Қайғы түсті басыма.
Ей, батыры, қазақтың
Келші менің қасыма!

Қолды бастап мен келдім,
Қорғар елді ертең кім?
Хас батырым, жарадың,
Мен ұтылдым, сен жеңдің.

Сөздің мәнін, қысқасы, ұқ,
Қылма мені ит – құсқа азық.
Кіндігімнің тұсында
Үш жебең тұр – үш қазық.

Тоқтап мына түйінге,
Өлмен деп ем үйімде.
Жебелерді суырмай
Жерле осы күйімде.

Ажалды іздеп келдім бе,
Сөніп барам мен мүлде.
Қылышым мен найзамды
Өзімменен көм бірге.

Батыр едім от емген,
Жығылды ту көтерген.
Қайғы әкелер қаруды
Алып көрге кетем мен.

Үлгі болсаң сан ұлға,
Құдай сенің жағыңда.
Я болмаса соңғы бір
Тілегімді қабылда.

Жан – дауама дәрі сеп,»
Екуміз де арыс ек.
Сүйегімді, ей батыр,
Өз үйіме табыс ет!?

Жатыр жарам іріңдеп,
Әттең... айтар сырым көп.
Сала ала ма топырақ
Менің жалғыз ұлым кеп.

Ыңырсып жатып, түрікменнің батыры көз жұмады.

Жүргізуші:         
Болдырса да мүлдем ат,
Жолға шығып бірден-ақ.
Оғұлнұрдың үйіне
Келді батыр мүрдені ап.

Қазақ батыры түрікменнің аулына келеді. Түрікмен батырының ауылдастары дүрліге қарсы алды. Халықтың түгел жиналуын және ауыл ақсақалдарының келуін күтіп тұрған қазақ батыры сөз бастап кетеді.

Қазақ батыры:
Қазағымда мол ғұрып,
Айтам ауыз толтырып.
Алдарыңа әкелдім
Батырларыңды өлтіріп.

Айтам мұны тым батыл,
Наркескенім қында тұр.
«Сүйегімді үйіме
Жеткіз!» – деді бұл батыр.

Дау айтады кім, қане,
Жақсылығым бұл дағы.
Батырымын қазақтың,
Мәрт мінез, нар тұлғалы.

Басын бұрып атымның,
Тез жетуге қапылдым...
Аманаты – мойнымда,
Оғұлнұрдай батырдың».

Жүргізуші:
Әкелді жау «өлікті»,
Кім мұндайды көріпті?!
Түрікмендер жиналды
Кілең сеңсең бөрікті.

Түрікмендер қазақ батырына ұмтылады.

Ауылдың көсемі қолын көтеріп, тоқтатады.

1 – түрікмен: Газакларың гахрыманы туркмениң гахрыманыны өлдирди.

2– түрікмен: Йөне өлен гахриманиң майтини илине элтип берди.

3– түрікмен: Гахриманың келлесини алың.

Түрікменнің көсемі:
– Дурың! Сабырлык эдиң! – деп халықты сабырға шақырады.

Ол:
«Бұл да Оғұлнұр тәрізді,
Батыр екен жаны ізгі.
Амантты орындау –
Мұсылманға парыз-ды.

Батыр сөзін тыңдасақ,
Адам екен бұл ғажап.
Шайқаста ерлік көрсетсе,
Екінші ерлік тұр жасап.

Мынау батыр алыпты
Түрікменнің бәрі ұқты.
Қайырымды елінің
Ұлы екенін танытты».

Түрікмендер жан-жақтан гуілдесіп, шулап кетеді. Түрікменнің көсемі тағы да қолын көтеріп, жұртты сабырға шақырады. Тамағын кенеп алып, сөйлеп кетеді.

Түрікменнің көсемі:
Қамамаңдар жан-жақтан!
Қан жамылды қанша ақ таң!
Биік адамгершілік –
Батырлық, бар мансаптан!

Жүрмелік біз жол кесіп,
Болсын ашық енді есік!
Ал, батырым, жарадың,
Жүр, қонақ бол, төрге шық!

Сахна жабылады.

Түрікменнің үйі. Түрікмендер батырды қаумалап алған.

1 – түрікмен: Мен сизе гаты миндетдар.

2– түрікмен: Совгатымыз сизе түркмен бедеви.

Жүргізуші:

Ортада бақшы, дутаршылар. Бәрі көңілді.

Жүргізуші:
..Сан қуалап пернені,
Бақшы қатты терледі.
Дутар үні күмбірлеп,
Киіз үйді кернеді.

Түрікменше ән айтылады, күй тартылады.

Жүргізуші: (сахна сыртынан):
Қайда қалған кек, тегі,
Батыр атын ерттеді.
Алғыс алып жауынан
Туған жерге беттеді.

1– түрікмен: Иөне өз илиңе салам айдып бар.

2– түрікмен: Бизиң достлык гатнашыгымыз берик болсун!

Түрікмендер батырды шығарып салады.

Жүргізуші сахнаға шығады.

Жүргізуші:
Серпіл, халқым, көтер бой,
Қайғы өтер, өтер той.
Ізгіліктің алдында
Жауың да әлсіз екен ғой.

Бейбітшілік пен татулықтың туы болар ізгілік, адамгершілік деген қасиетті биік ұстайық, достар!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз