Тіл – ұлттың жаны, баға жетпес қазынасы, түпсіз тұңғиығы. Әр адам мемлекеттен бұрын өз ана тілі арқылы ұлтының жан дүниесі мен мәдениетінен, ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нәр алады. Демек, тіл болмаса ұлт та болмайды. Өзге тілді мемлекеттік тіл деп бекітіп, сол тілді ана тілім деп жүрген халықты ұлт деп атау да қателік болар.
Ана тілі – әрбір ұлттың, ұлыстың мақтанышы, көзінің қарашығындай көретін асыл мұрасы. Болмыс, тарих, әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым, салт-дәстүр, дін атаулы қастерлі ұғымдардың бәрі ана тілмен байланысты. Тіл халықпен бірге ғұмыр кешеді, дамиды, өркендейді дейміз ауызекі тілмен. Ал бүгінгі қазақ қоғамындағы қолданыстағы ана тілімізді құлашын кеңге жайып, өркендеу үстінде деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Неге?
Замана шежіресінің жаңа парақтары ашылып, уақыт ағымы алға жылжыған сайын адамның қоғамы, қоғамның адамы өзгереді-мыс. Бүгінгі қазақ қоғамы да өзгерген. Ата-бабалары қызғыштай қорыған, әжелері «бесікке бөлеп», әлдилеген ана тілі бүгін әбден шұбарланып кетті. «Балық басынан шіриді» дегендей, қазіргі жастар шұбарлы, құнарсыз тілге бет алып барады. Үкімет басындағы «мемлекетіміздің болашағы үшін қызмет қылып жүрмін» деген атқамінерлердің өзі жиын-конференцияларда қазақ тілінде сөйлей алмай, әлек болуда. Бұл – үлкен мәселе. Қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл халық үшін – ұлы» деген ұлағатты сөзін осы арада атап өтпеске болмас. Сонымен, қазақ тілінің шұбарлануына не себеп? Осы сұраққа жауап іздейік. Жастар арасында сәнге айналған сленг атауы ағылшынның «slang», «jargon» сөздерінен шыққан. Былайша айтқанда, әлеуметтік диалект. Мағынасына қарап тұрақты сөз тіркесіне теңеуге болады, бірақ бұл сөздер фонетикалық, не грамматикалық жүйеге бағынбайды. Тек лексикалық мағынасы ғана болады. Ағылшын не орыс тілдерінде сленгтер бұрыннан қолданылатын болса, қазақ тілінде мұндай сөздердің қалыптасып, дамуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің көптеп қолданылуы серпін берді. Мұны жастар «сәнді сөйлеймін» деп мақтаныш көрсе, аға буын «қазақ тілінің шұбарлануы» деп айыптайды. Сленгті не үшін қолданады? Жастар арасында сөйлеу кезінде жалпы қолданыстағы сөздерге орысша жалғау жалғап, өз тілімізде баламасы бола тұра кірме сөздерді шектен тыс пайдаланып, тіпті байырғы заманнан бері қалыптасқан сөйлемнің орын тәртібін бұзып қолданып жүргендері жетерлік. Әрине, жастар дағдысына қарай мұндай сөздерге өте оңай әрі жылдам бейімделеді. Мысалы: күлкі – угар, арзан – фуфло, мас – бухой, скилл – дағды, сәнді – гламурный. Сонымен қатар жасөспірімдер жиі қолданатын орысша жаргон сөздер: мажор, мажорик – байдың балалары, кент (дос), мазя (бәрі жақсы), синяк (маскүнем), нарик (нашақор), батя (әке), мамка (ана), атака (ата), ажека (әже) тағысын тағы бар. Мойындау керек, қазіргі заман ғылым мен технологияның қарыштап дамып, өте жоғары деңгейге ұмтылған шағы. Таңның атысы, күннің батысы әлеуметтік желіде отыратын жастар ұзақ жазуға еріне ме, әйтеуір жаргон сөздермен қысқа ғана жазуға құмар. Ең сорақысы, жастардың басым бөлігі сөзді орфоэпиялық норма бойынша таңбалайды: көрватырм – көріп отырмын, болватр – болып жатыр, табалмайатырм – таба алмай отырмын, нестеватсың – не істеп жатырсың, қаяқтасың – қай жақтасың, келшиш – келсеңші, бош – болшы. Бүгінгі жастар сленгтер мен жаргондарды әртүрлі себептерге байланысты қолдануы мүмкін: әсер қалдыру, елден ерекше болу, өзгелер түсінбеу үшін, белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін, кейде әзіл деп түсінетіндері де бар. Ал сарапшы мамандар бұл мәселе жөнінде не айтады екен?
Веб-баспагер Жәнібек Сүлеев: «Мен қазақ тілін меңгерендердің ғылымды, прогресті, мәдениетті еуропалық түсінікте жылжыта алатынына сенбеймін», деген сөзін сараптасақ, қазіргі көп жастардың ойы дәл осы шектеуге келіп тірелсе керек. Қиянаттың бірі – тілдің шұбарлануы. Бұл жайында зерттеуші Л.Щерба: «Нағыз қостілді адамның бойында екі бірдей тілдің автономды таңбалық жүйесі жұмыс жасайды, алайда бұл өте сирек кездесетін құбылыс, көбіне тілдердің шұбарлануына алып келеді» деп көрсеткен. Ал лингвист Мөлдір Жасаралдың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы сленгті жігіттердің 50 пайызы, қыздардың 33 пайызы күнделікті өмірде қолданады екен. Мұның себебін лингвист жасөспірімдердің ерекше әсер қалдыру, өздеріне деген сенімділікті арттыру, тілдік қорды байыту мақсатында қолдануы мүмкін деп түсіндіреді.
Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаның айтуынша, қазақты қазақ ететін – оның тілі. Тіл тазалығын, сөйлеу мен жазу мәдениетін, заңдылықтарын сақтау міндет. «Олай болмағанда жаһандану заманында тіліміз өзіміз де түсінбейтін қойыртпаққа айналып шыға келуі әбден мүмкін. Біздің сөйлеу мәнеріміз, сөйлем құрауымыз, ойымызды жеткізуіміз қазақша емес. Мүлде өзгеріп кетті. Бұл әлеуметтік желілер өмірге ене бастағалы қарқын ала түскенімен, шын мәнінде оның тамыры тереңде жатыр»,– дейді Әділбек Қаба. Белгілі редактор, әлеуметтік желіде белсенді пікір білдіріп жүрген медиатренер Назгүл Қожабек қазақ тіліндегі калькалардың көбеюі, әдеби норманың бұзылу себептеріне қатысты былай деп пікір білдірді: «Қазақ тілінің қазіргі жағдайын айтсақ, қазіргі қазақ тілі – қазақ тілі емес, сөздері ғана қазақша орыс тілі. Бұл қалай болып кеткенінің себебін ешкім дөп басып айтып, «міне, мынау кінәлі» деп нұқып көрсете алмайды. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан үрдістің салдары. Ол үрдіс – дүниенің бәрі алдымен орысша жазылып, қазақшаға аударылуы». Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, PhD докторы, полиглот Қуаныш Жұмабек «тіліміздің өміршең болуы – мәңгілік ел болудың кепілі» дейді.
Бұл мамандардың білдірген пікірлері орынды. Бірақ тілдің шұбарлану себептері айтылғанымен, оның шешу жолдары әлі күнге дейін нақты қарастырылмады. Әуелі, «сәнді сөйлеймін» деген жастарға мұның тіл шұбарлануы екенін түсіндіру қажет. Ғабит Мүсірепов айтқандай, ана тілін тек өгей ұлдары ғана аяққа басады. Сонда бүгінде «сәнді сөйлеп жүрген» қазақ жастары өз тілімізге өгей болғаны ма? Жоқ, бұл ісіміз жарамайды. Сәнді сөйлеу – ана тілінде таза сөйлеу. Бұлай болмаса, мұның бәрі бекершілік.
Дана САДЫРҚАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Журналистика факультетінің 2 курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі