1934 ж. құрылған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне биыл 90 жыл толып отыр. Осы бір ғасырға жуық уақытта университетте көптеген ұстаздар мен ғалымдар білім беріп, жастарды ғылымға баулыды, еліміздің ғылымын дамытты. Олар жоғарғы оқу орнының ғана емес, туған елінің де дамуына үлкен үлес қосты. Осы орайда жастарға ұлттық тәрбие беріп, тарих нәрімен сусындатып жүрген білікті маман, ұлағатты ұстаз, Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ноянов Еділ Ноянұлы биыл сәуір айының 16-шы жұлдызында мерейлі 60 жасқа толып отырғандығын айтып өткіміз келеді.
Еділ Ноянұлы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылындағы К.Мынбаев атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, 1982-1984 жылдары Ленинград қаласында әскери қызметін өтейді. Осыдан соң 1985-1990 жж. С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) тарих факультетінде оқып, оны үздік бітіреді. Оқудан кейінгі еңбек жолын Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастайды. Ол жерде 1990-1993 жж. жұмыс жасағаннан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не оқытушы болып жұмысқа орналасады.
Е.Ноянов 1993 ж. қазіргі күнге дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасында ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарып келеді. Сол кезде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Б. Қалыштың жетекшілігімен «Алматы, Жамбыл облыстары қазақтарының елді мекендері мен тұрғын үйлері (1970-1990 жж.)» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын жазып, оны 1996 ж. қорғаған соң, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады.
Еділ Ноянұлы 2001 жылдан бері «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы», 2011 жылдан қазірге дейін «Қазақстан тарихы» кафедрасы меңгерушісінің оқу ісі және тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін табысты атқарып келеді. Бұл қызметімен қатар ұстаздық міндетін алдыңғы қатарға қойған Еділ ағай «Қазақстанның ежелгі тарихы», «Қазақстан тарихы», «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» және басқа да міндетті және элективті пәндер бойынша дәрістер оқып, семинар сабақтарын жүргізеді.
Оқытушылық қызмет пен ғылымды қатар ұштастыра білген Еділ Ноянұлының қаламынан 100-ге жуық ғылыми мақалалалар, бірнеше оқулықтар, оқу құралдары мен электронды оқу құралдары, ғылыми монографиялар туындаған. Оларды нақты атап айтатын болсақ, «Орталық Азия көшпелілерінің дәстүрлі өркениетін зерттеу» республикалық ғылыми-зерттеу орталығынан шыққан «Орталық Азия көшпелілері өркениетінің тарихы. Орталық Азия көшпелілері: этнотерриториясы мен мемлекеттілігінің мәселелері» (Алматы, 2016 ж.) монографиясы авторларының бірі. Мұнда Еділ Ноянұлы өзінің ғылыми-зерттеу бағыты – ежелгі дәуірдегі сақ, ғұн тайпаларының тарихын зерттеп, жазған болатын.
Саналы ғұмырын өзі оқыған университетке арнаған Еділ Ноянұлының еңбегі ескерусіз қалмады. Ол 2014 ж. «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығына» арналған төс белгісімен, 2021 ж. «Ерен еңбегі үшін» ҚазҰУ-дың 85 жылдығына арналған төс белгісімен, 2023 ж. «Дарын» РҒПО 25 жылдық мерейтойына арналған төсбелгісімен және әр жылдары бірнеше рет ҚР БжҒМ-нің грамоталарымен марапатталды.
Тарих ғылымы арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, қарапайымдылық пен адамгершілікке тәрбиелеуші, жақсылыққа жол көрсетуші ұстазымыз Еділ Ноянұлының еңбегі қашан да құрметке лайық!
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, PhD, аға оқытушы М.Д. Байдавлетова
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі