«Берекелі бес жыл» атты АйСаф ЖҚМ-нің бес жылдық мерей тойы мен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты мектеп бітіруші түлектердің салтанатты саптық жиынының бағдарламасы:
Аниса:
Бес жыл деген – тарихтың бір өлшемі,
Бір адамның ғұмырының бөлшегі.
Соңғы бес жыл
«АйСаф» атты мектептің,
Қабырғасы қалануда еңселі.
Аяулым:
Осы Айсафтан шығып талай үздіктер,
Танып алды "АйСаф" атын ел біткен.
Ата-анаға шексіз алғыс айтамыз,
Саналы әрі, сапалы ұрпақ өсірген,
Аяулым:
Жарыстардан оралған тек жүлдемен,
Біздің қыздар танылды боп «үздік ең!»
Қарсы алайық, қошеметпен ортада,
Озат қыздар жүрсін қызыл кілеммен!
Аниса:
Үздіктерді даярлаған жарысқа,
Ұстаздар бар білімді әрі сөзге ұста.
Сол ұстаздар түгел шықсын ортаға,
Қол соғайық тәлімі мол жандарға!
Аниса:
— Құрметті ұстаздар, аяулы аналар және оқушылар! Бүгін бізде соңғы қоңырау салтанатты саптық жиынынан өзге, алтын ұя АйСаф мектебіміздің бес жылдық мерейтойы тойланып отыр!
Аяулым:
— Бес жылда мектебіміз білім жарыстарына белсене араласып, аудан мен облыс көлеміне ғана емес, күллі республикаға танымал, кіл үздіктер даярлайтын озат мектеп атана бастады!
Аниса:
— Ендеше осындай үздік мектептің ашылу тарихы мен сол жолда кездескен ірілі-ұсақты қиындықтар жайлы АйСаф мектебінің бас директоры әрі құрылтайшысы Ахметова Айша Сауланқызы мен атқарушы директор Абдрахимова Маржан Бейсебайқызынан, оқу және тәрбие менеджерлері апайларымыздан алған шағын сұхбатқа кезек берейік!
Аяулым:
— Дұрыс айтасың, Аниса! Әр істің басшысы – идея болса, әр ұжымның басшысы – директор, менеджер. Ендеше дайын мектептің қадірін білмей, оқуға салғырт қарайтын кей қыздарымызға үлгі-насихат болсын, басшыларымыздың әр сөзіне мән беріп, қалт жібермей құлақ қояйық!
(Бейнесұхбат көрсетіледі. Осы кезде жас мамандар әнге дайындалып тұрады)
Аниса:
— Құрметті Айша апай, Маржан апай! Барша ұстаздар қауымы! Сіздердің еңбектеріңізге толағай табыс тілей отырып, мектеп өмірінің жандануына креативті үлес қосып жүрген жас мамандарды ортаға шақырамыз!
Аяулым:
— Ендеше, бүгінгі кеш шымылдығын «Бес жылдыққа құттықтау» әнімен ашатын ұстаздарымызды сахнаға шақырамыз! Алдарыңызда Рахметолла Ардақ, Алшынова Бекзат, Көңілтай Гүлдана, Мамыр Әсел, Асылбек Раушан апайлар! Қарсы алыңыздар!
Аниса:
«Бес жыл» деген – түсінгенге бір белес,
Бес жыл бойы өтті бастан түрлі егес.
Бірі – сынап, бірі – мінеп жатса да,
Мойындаттық айналаны іспен тез.
Аяулым:
Республика танып түгел бұл күні,
Дейді бізді «озат мектеп», үлгілі.
Осы абыройды білімімен көрсеткен,
Әр оқушы – АйСафтың бақ жұлдызы!
Аниса:
— Аяулым, расында біздің оқушылар аудандық, облыстық олимпиадаларға барғанда, басында жатырқай қарағандар өте көп болды... Бұл күні біздің қыздардың дарыны мен таланты, білімі мен біліктілігі көпті мойындата бастады. Тіпті біздің оқушыларсыз олимпиаданы елестете алмайтын жағдайға жетті деуге болады.
Аяулым:
— Аниса, осы сәттерді сөзбен емес, қойылыммен көрсетсек қалай қарайсың?! Сахнаға бесінші «ә» және үшінші «б» сыныбы оқушыларын шақырайық! Көпшілік АйСаф оқушыларының сырт көз тамашалай алмайтын таланттарына баға берсін?!
Аниса:
— Әлбетте, Құрбым! Біздің әр олимпиадаға барғанда бастан кешетін бақытты сәттерді, осындай мерекеде неге паш етпеске?! Қыздар, Сахнаға келіңіздер?!
Құрметті көрермен, «АйСаф жайлы аңыз» қойылымын бірге тамашалайық?!
(Қыздар қойылым көрсетеді, бесінші сынып оқушылары үш тілде жаңылтпаш, үшінші сынып оқушылары жапон, кәріс, француз, араб, қытай, ағылшын тілдерінде тақпақ айтып, соңын Айсынова Маржан «Тек, алға!» әнімен аяқтайды.)
Аяулым:
— Құрметті көрермендер! Жылдағыдай бітіруші түлектермен бірге, біздің 4-ші сыныптарымыз да «бастауышпен қоштасып» отыр. АйСафтың бес жылдық мерейтойына шашу ретінде 4 «б» сыныбы «Әндіжан биін» билеп бермек. Қабыл алыңыздар!
Аниса:
Қош айтысып, қанат қағып қияға,
Ұшып барады бір топ түлек ұядан.
Еркелеген бал қылықты қыздарға,
Өмір сыйын ұсынса екен жиі алдан!
— дей отыра, алтын ұя мектебінің табалдырығынан үлкен өмірге ұшқалы отырған, мектеп бітіруші түлектерді құрметпен ортаға шақырамыз! (музыка)
Аяулым:
Қарсы алыңыздар, ортада:
9-шы «а» сыныбы. Жетекшісі: Бұлтбаева Бақытгүл апай.
9-шы «ә» және «б» сыныптары. Жетекшісі: Аметова Әдемі апай.
(музыка әуені)
Аниса:
Шәкірт болған ізденімпаз білімді,
Инабатты, жарасымды қылығы.
Мектебімен қоштасатын түлектер,
Алдарыңызда 11-ші «А» сыныбы.
Қарсы алыңыздар! Ортада 11 сынып оқушылары, жетекшісі: Зұфтарова Нұржамал апай (музыка әуені)
Аяулым:
Мектеп қой — болашақтың іргетасы,
Қыздар ғой — ел ертеңі, отанасы.
Мектеппенен қоштасу жиынында,
Шырқалсын Қазақстан Әнұраны! (Әнұран тыңдалады)
Аниса: Мектеп, түзел! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы енгізілсін!
(ҚР туы енгізіледі.)
Аяулым: Бүгін - алғашқы қоңырау мен соңғы қоңыраудың арасын жалғаған 11 жыл мәреге жеткен күн.
Аниса: Бүгін тоғызыншы сыныпты аяқтап, колледж, техникумдарға аттанатын күн.
Аяулым: Бүгін – аналар: «қызым бой жетті» деп қуанған күн.
Аниса: Бүгін - ұстазыңның жанында шәкірт болып, соңғы рет тұратын күн.
Аяулым: Бұл күн – мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпейтін күн.
Ендеше, сәт сапар, Жас Түлектер!
Аниса:
Білімді шәкірттерін аялаған
Жақсылығын ешкімнен аямаған,
Саялы бақ, жас ұрпақ жанашыры
«Ұстаз» деген ардақты, аяулы адам-дей келе, 9 «а» сынып оқушыларының аяулы АйСаф мектебі мен сүйікті ұстаздары жайлы «Естеліктерге толы шумақтарын» қабыл алыңыздар!
Аяулым:
— Биыл тоғызыншы сыныптардың да біразы мектеп қабырғасынан ұшып, үлкен өмірге аттанбақ! Тоғызыншы сыныптар - өздерінің таланттарымен танылған сыныптар! Араларында ақындар да аз емес. Ендеше сөз кезегін 9-шы сыныптарға берейік! Сүйікті мектебіне арнаған арнауларын оқысын!
Арнауды 9-шы «а» сынып оқушысы Ермекқызы Тасним «АйСафқа алғыс!» өлеңімен бастайды.
Аниса:
Тұрсынбай Қорлан мен Бақытжан Салиха сынды ақын қыздарымыз да өз жүректерінен шыққан жыр шашуларымен кешімізді жалғасын! Талантты қыздарды қол соғып, қарсы алыңыздар!
Аниса:
— Құрметті көрермендер! 9-шы «б» сыныбы «Ұмытылмас таспа» көрінісін назарларыңызға ұсынбақшы! Қол соғып, қарсы алыңыздар!
Аяулым:
Кешімізді 9-шы «а» сыныбының гүл қыздары «Көктем вальсі» биімен жалғастырмақшы.
Аниса:
Ұстаздарды жиі еске алыңдар,
Жаңа өмірге аттаған жас дарындар.
Жаманат сөз келтірмеңдер АйСафқа,
Білім іздеп, тура жолды табыңдар!-дей келе, 11 «а» сыныбының орындауындағы «Мектеп» әніне кезек береміз.
Аяулым:
Жақсы қыз, жақсы шәкірт, жақсы адам,
Тәлім алар үлгілі ата-анадан.
Қыздарға тілесін деп ақ тілегін,
Естиік құттықтау сөз ізгі анадан.
Сөз кезегі құрметті де қадірлі ата - аналарымыз атынан
..................................................................................... беріледі.
Аниса:
Иә, сендер әрқашан еске алып жүретін жаны асыл ұстаздарың да бүгінгі «Соңғы Қоңырау» үнімен бірге өздеріңмен қоштаспақ. Енді ұстаздардың шәкірттеріне деген соңғы ақыл - кеңесін, сәт сапарын тыңдайық! Сынып жетекшілер атынан құттықтау сөз: .................................................. беріледі.
Аяулым:
Соңғы қоңырау мерекесінің дәстүрі бойынша «Ту тапсыру» салтанатты рәсімін өткізуді бастауға рұқсат етіңіздер. Аманат ту тапсырушы: 11 - сынып оқушысы ...........................................................
Аниса:
Аманат ту қабылдаушы: 10 - сынып оқушысы ....................................................
(Мектеп түлектері қасиетті көк байрақты 10 сынып оқушыларына тапсыру рәсімін орындайды.)
Аманат Ту тапсырушының сөзі:
Әнге ән, жырға жыр жалғап, барамыз ұшып ұядан!
Айтамын саған аманат, ізбасар 10-шы сыныптар!
Жүзінен шуақ төгілген, Ұстаздар саған аманат!
Жастанып кейде ұйықтаған, Кітабым саған аманат!
Көрінбейтін шимайдан Дәптерім саған аманат!
Бір жеңіп бірде жеңілген Жарыстар саған аманат!!
Үзілістерде соғатын Қоңырау саған аманат!
Кір келтірмей атына, биікке самғау - бізге аманат!
«Қош, алтын ұям» - деп айтамыз, сіздерге сау - саламат!
Аманат ту қабылдаушының сөзі: Біз 10 сынып оқушылары, Сіздерден қастерлі аманатты қабылдай отырып, бізге артқан сенімдеріңізді ақтауға, білім мен тәрбиенің барлық салаларынан алда болуға, мемлекетімізді гүлдендіруге, дамытуға, ғылыми жетістіктерді кеңінен игерген саналы азамат болып шығуға мектебіміздің мәртебесін биіктетіп, жоғары деңгейге көтеруге өз үлесімізді қосамыз деп сеніммен ант береміз! (Аманат туын қабылдаған оқушылар орындарына барып тұрады)
Аяулым:
Бұл қоңырау — соғылып тұр соңғы рет,
Түлектер тұр, көз жастары мөлдіреп.
Шәкірттерге шын жүректен бақ тілеп,
Ұстаздар тұр ет жүрегі елжіреп! - дей келе, 9 «ә» сыныбы орындаған «Соңғы қоңырау» әнімен, түлектеріміз қоңырау соқсын.
Қымбатты мектеп бітіруші жас түлектер! Мектепте 11 жыл ішінде 20 мыңнан аса қоңырау үнін естідіңіздер. Ал, бүгінгі қоңырау үні ерекше!
Ендеше ортаға қоңырау соғатын оқушыларды шақырамыз!
Аниса:
Енді олар бола алмайды оқушы,
Оларды жұрт атайды үлкен азамат.
Мектебіне соңғы жырын арнасын,
Он бір «а»-ның арулары ән шырқап!
11 «а» сыныбы оқушылары атынан, бүгінгі салтанатты жиынның соңғы музыкалық сәлемі - «Қош бол, мектебім» әнін қабыл алыңыздар!
Аяулым:
Шақырамыз Айша апайды ортаға,
Ақ тілегін берсе екен деп қыздарға!
Әр жыл сайын үздіктері көбейіп,
Тек жақсы атақ сыйлай берсін АйСафқа!
Аниса:
Ұстаздарды әділдікпен басқарған,
Білім беріп, көп жұмысты атқарған.
Сөз береміз Маржан Бейсебай қызына,
Тілек айсын түлектерге абзал жан!
Аяулым:
Келесі сөз кезегі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Келбуғанова Күміс Жақсымұратқызына және ғылыми-әдістемелік орынбасары Аман Шакарбекқызына беріледі. (Марапаттау грамоталары табыс етіледі.)
Аниса:
Құрметті мектеп бітіруші жас түлектер! Ата - аналар мен қонақтар! Аяулы ұстаздар! «АйСаф» жеке қыздар мектебінің салтанатты жиынын жабық деп жариялаймыз!
Аяулым: Құрметті мектеп оқушылары! Республика туы астында қатар түзеп, тік тұрыңдар! ҚР мемлекеттік Туы шығарылсын!
Аниса: Аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар жазғы демалысты жақсы өткізіп, келесі жаңа оқу жылында амандықпен жолыққанша сау - саламатта болыңыздар. Сәт сапар, сіздерге, Жас түлектер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі