Өлең, жыр, ақындар

Мектебім, саған мың алғыс!

Соңғы қоңырау, соңғы вальс! Міне, бүгін 25 мамыр келіп жетті. 11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, балалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектердің мектебімен, әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйреткен ұстаздардың шәкірттермен қоштасу мерекесі өтті. Кеше ғана жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздарымыз ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қоштасқалы отыр. Бұл күн - мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпесі анық. Міне тағы бір оқу жылы аяқталып, біздің гимназиямыздың 55 түлегі биыл киелі шаңырақтан ұшқалы отыр. Бүгінгі соңғы қоңырау салтанатында ән шырқалып, би билеп, ақ тілектер айтылып, тіпті 11 сыныптардың жолын берсін деген мақсатпен 10 сыныптардың ант қабылдау рәсімі де өткізілді. Білімордамыздың директоры Гүлсім Несіпбайқызының әр сөзі өмірімізде өшпестей із қалдырып, ақ тілегі жүрегімізді елжіретті. Гимназиямыздан талай үздіктерді ұясынан ұшырған Гүлсім Несіпбайқызына мың тағзым, мың алғыс! Адамның адамдығы ұстазынан, біраз өмірлік сабақ үйреткен алтын апайларымызды ешқашан ұмытпаймыз. 11 сынып оқушыларының алтын сынып жетекшілері  Умирзакова Гулсара, Исатаева Ақзада, Бейсбекова Қарлығаш, Ақботаева Нургүл ұстаздарымызға басымызды иіп, алғыс айтамыз.

Ал түлектер, ақ жол, сәтті сапар тілейміз. Өмір деген айдында қанаттарың талмасын. Тағдырларыңыз жұлдызды болып, арман деген асқар таудың биігінен көріне беріңіздер!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз