Ауладағы ағаш орындықта бес кішкентай қыз отыр.
— Күн қандай жылы! — деді Әйгерім достарына қарап.
— Иә, өте жылы, — деді Балгүл Әйгерімді қостап.
— Қыстан құтылдық-ау, әйтеуір, — деді Жазира сөзге араласып.
— Қыздар, басқа әңгіме таппадыңдар ма? — деді Күлай. — «Көр-жерді» сөз етіп.
— «Көр-жер» деген не? — деді Ақжібек таңырқап.
— «Көр-жер» деген ұсақ-түйек, болмашы бірдеңе деген сөз.
— Оны қайдан білесің?
— Әжемнен естігем.
— Ал әжең қайдан біледі?
— Ол кісі біздің үйдегі «Үлкен сөздік». Бәрін біледі.
Осы тұста әңгімеге Жазира араласты.
— Әжем айтқан, Күлайдың әжесі ұстаз болыпты. Көп оқыған, көпті көрген кісі.
— Бір сөз үйрендік, бұл да білім, — деді Балгүл.
— Достар, — деді сосын. — Жақында жазғы демалысқа шығамыз. Қандай жоспарларың бар?
— Мен Алматыға барам, — деді Ақжібек. — Талғар қаласында тұратын нағашы ағамның үйіне барамыз. Олар жеке үйде тұрады. Бау-бақшасында жеміс-жидек мол.
— Ал мен Ақмола облысындағы Бурабайға барам. Былтыр Абылайхан алаңына барғанбыз. Көкшетау, Оқжетпес, Жұмбақтас таяқ тастам жерде, — деді Әйгерім.
— Біздің ауылда жақындарымыз жоқ, — деді Балгүл мұңайыңқырап. — Мен үйде қалып, кітап оқитын шығармын. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаятын, қазақ ертегілерін және «Робинзон Крузоны» оқимын.
— Байқасам, біздің есімдеріміз сондай әдемі екен, — деді Күлай. — Құлаққа жағымды. Бірақ, мағынасын өзіміз білеміз бе осы?
— Мен білемін, — деді Әйгерім. — Менің атымды әжем Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан алыпты.
— Мағынасы не екен? — деді Балгүл.
Әйгерім іркіліп қалды.
— Қарсы болмасаңдар, барып Күлайдің әжесінен сұрайық.
— Сұрасақ, сұрайық.
— Онда кеттік...
Орнынан тұрған қыздар көше басындағы көк қақпаға қарай беттеді.
* * *
— Жаңа туған сәбиге жарасымды ат қою — ата-бабамыздың жақсы дәстүрі! — деді Әсем әже қыздарға қарап. — Таңдалған әрбір есімде жақсы ниет жатады. Сондықтан сендер өз аттарыңның мағынасын білулерің керек. Мәселен, Балгүл — «бал шырынды гүл, ата-ананың ең сүйікті баласы» деген мағынаны білдіреді. Ал Әйгерім — «әй» және «керім» сөздерінен қосылған. Атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында бұл есімнің тарихы баяндалады. Оны білу үшін кітапты оқу керек. Оқисыңдар ма?
— Оқимыз, әже!
— Жарайсыңдар! Енді Жазираға келсек, бұл сөз «кең дала, жасыл аймақ» деген мағынаны білдіреді. Баланың көз аясы ашық, мінезі кең, көпшіл болсын деп қойған. Ал, Күлай — «гүл» және «ай» сөздерінен жасалған. Ай мен гүлдей жайнап жүрсін деп қойған. Ақжібек — «жібек» сөзіне «ақты» қосып, аппақ, әдемі болсын деп қойған. Көрдіңдер ме, сендердің аттарың өте мағыналы. Сол үшін сендер сол атқа лайық боп өсулерің керек!
— Рақмет, әже!
Гүлдей жайнаған қыздарды Әсем әже кезек-кезек құшағына қысты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі