Өлең, жыр, ақындар

Мұсаның он сегіз жыл катрге бұйырылған жазасынан құтылуы

— Мұса Тайжанды атты, Сейтенді он сегіз жыл катрге айдатты, өзіне он сегіз жыл катрге айдалуға кесім болды дегенді естіп, Мұса қашып жасырынып, жыл жарым қарауыл Тоқтамыстың қолында болыпты.

Поштай Тұрсынбайқали сол уақытта дуанбасы екен. Поштайдың Омбыға келген хабарын естіп, Поштай книязға өте қадірлі екен. Мұса Тоқтамыс екеуі ақылдасып, орысқа көрінбекші болады. Мұса Тоқтамыс Омбыға келіп, Мұса Поштайға қағаз тастайды: «Мен Шорманұлы он сегіз жыл катрге айдалуға өкім етілген кісі едім, қашып көрінбей жүруімді жолсыз көріп, кесімді жазамды атқаруға келдім. Мені Поштай Тұрсынбай үйінен табасыз», — деп адресін көрсетіпті. Онысын Поштайға айтпайды. Барып Поштайдың пәтеріне түсіп, амандық білісіп, бір күн өткеннен кейін үш салдат Мұсаның хабарландыруымен Поштайдың пәтеріне келіп, үшеуінің қайсысы екенін айыра алмай: «Мұса Шорманұлы қайыссыңыз?» — деп сұрапты. «Мұса, менмін!» — деп үшеуі түргеліпті. Мұсаның он сегіз жыл катрге бұйырылған қағазын көрсетіп, Мұсаны алып кетпек болады. Поштай салдаттардан ертең тапсыруға кепілге сұрап алып қалады.

Поштай ертең тұрысымен Мұсаның шаруасын қасында жүріп, жолығатын лайықты адамдарына жолығып, үш күнде Мұсаның жұмысын шешіп бермек болады. Поштайдың айтуымен үш күн ішінде Мұсаның жұмысын қарастырып, жазасына кешірім беріп, жеріне қайтуға рұқсат қағазын алып береді.

Үш күн ішінде «О, менің жұмысым қалай болатын болды?» — деп Мұса Поштайға айтпапты. «Сенің жұмысыңды қарастырып жатырмын», — деп Поштай айтпаған. Шорманның Мұсасы Никалайдың әкесінің жігіт күнінде Омбыда жолығып, дос болып, Мұса айтты: «Әкеңе айтып, жеке кароль болуына бұйрық алып бер», — депті. «Жарайды», — деп патшаның баласы уәде қылып, мөлшерлі күнінде Мұса Омбыға келіп, патша баласына телеграф арқылы хабар алып, Мәскеуге патша баласы келер ме, Мұса бармақ болыпты.

Байлаулы күнінде Мұса Омбыға барып, патша баласына тереграмма беріп: «Келме, әкем тілегіңді орындайтын болды», — деп жауап қайырыпты.

Омбыда Мұсаның патшаға барып, қазақ атына каролдық алады дегенді орыстың министрі естіп: «Мұса қандай кісі? Көрейін», — деп Мұсаның пәтеріне келіп, Мұсамен көрісіп, екі сағат сөйлесіпті. Министр Мұсамен сөйлесіп қайтқаннан кейін, шығысымен патшаға телеграмм жазыпты:

«Мұса Шорманұлы қазақ атына каролдық алады дегенді естіп, көрейін деп екі сағат пәтеріне барып сөйлесіп едім, білдірмей екі жерден алдады. Егер қазақ халқына каролдық беріп, Мұса карол болатын болса, өзінің көңілдегісі болмаса, ол шамасында өзіңізге оқ атып, қылыш суыруға білімі жарайтын кісі екен, ендігісін өзіңіз білесіз», — депті. Патша мына телеграмды көрісімен, қазаққа каролдық бермейтін болып, баласына ұрсыпты. Патша баласы Мұсаға телеграмм беріпті: «Әкем уәдесінен бұзылып каролдық бермейтін болды, министрдің телеграмы арқылы «білімі бар» деп біреуі жазатайым басыңызға қастық жіберсе, обалыңызға мен қалғандай болармын, аманыңызда үйіңізге қайтыңыз», — депті. Мұса Мәскеуге бара алмай, Омбыдан қайтқан.

Оқуға кеңес береміз:

Қойсары батыр мен Алмат батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз