Арғын алтай-қарпық деген елде Ақан деген жігіт болыпты. Ақан өзі ақын, өзі мырза, өзі серілікпен жүргендіктен «Ақан сері» атанып кеткен екен. Сол елде алты ағайынды жігіт бар екен. Ердалы, Сердалы дегендер Ақан серімен бақталас болып жүрген. Сол алты ағайынды жігіттің жалғыз қарындасы бар. Ешкім батып аулына бара алмайды, сырттан көрген бозбала бәрі де құмар болады. Сол қызбен Ақан сері жақын болат.
Ақан сері бір жақтан келе жатса, басқа бір ағасының үйіне қонақ боп отырғанын Ақан білмей, сонда қонғалы келіп қараса, қыз сонда отыр. Ақан ойлады: «Қызды артынан қуа келген кісідей болмайын», — деп, басқа бір үйге барып қонады. Қыз жеңгесі Ақанды көріп: «Осы Құдай атқыр Ақан қызға жақын деп естіп едім, түнде кеп ағасының бәрін де ұятқа қалдырады-ау! — деп, есікті мықтап байлап қояды. Ақан сері түнде келсе, есік берік, есікті аша алмай қайтып кетіп, ертемен қыз ағасы малына кеткенде, қыз жеңгесі үйде қалат. Ақан кеп отауға отырғанда, жеңгесі түндегісі ойында боп, Ақанға түлкі бөстек салат. Ақан сері бөстекті лақтырып жіберіп, сонда жеңгесіне айтқан сөзі:
— Тарт ары, отырмаймын, бөстегіңді,
Келіншек, білемісің кештегіңді.
Бұл қызға зауықыменен келгенімде,
Есікке байлап қойдың кескегіңді.
Құланның қырда жүрген қағын қорып,
Түлкінің жататұғын рабын қорып.
Ақиық қыран құстар ілетұғын,
Алдында жортып жүрген аңын қорып.
Қай мейман осыныңды дұрыс дейді?
Жігіттің келіп тұрған санын қорып.
Сен оған көже құйып ішпек пе едің?
Біреудің қылышы мен сабын қорып, —
деп тоқтағанда, қыз келіп:
— Ақан айып бізден, — деп үстіндегі мәуіті камзолын Ақанға жауыпты. Ақан сері риза болып қолтыққа қысып, мешпетті алып кете беріпті.
Оқуға кеңес береміз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі