Ерте кезде хан болыпты. Ханның қырық уәзірі болған. Бұл қырық уәзір хан не айтса, соны орындап отыратын еді. Бір күні хан шалқасынан жатып, өзінің ордасында өз-өзінен «тап» деді. Қырық уәзір тегіс жиналған болатын. Бұлар да жаман састы. «Не деп?» сұрай да алмады, ханнан қорыққанынан «қазір, қазір», — дей беріпті.
Хан:
— Егер таппаған күнде жарық көрейін деп, үміт етпеңдер, тез табу жағын көздеңдер, — деп, әмір берді.
Қырық уәзір жиналып: «Қой, қарап өлмейік, іздеп көрейік», — деп, атқа мініп, тұс-тұс жақтан іздеуге әрекетке кірісті. Барлық түсінгені сол — хан шалқасынан жатқанда айтты, ат жетер жерді тегіс аралады, ешбір «білемін» деген адам шықпады. Қырық уәзірдің салы суға кетіп, өлді деген осы ғой деп, еліне қайтқан. Ханның ордасына таянған кезде алдында бір қора қой бар бір қойшы жүр екен.
Бұ да адам баласы ғой, бұған да айтып көрейік деп, қойшыға таяу таяна келіп айтады. Заржақ тазша екен, бұл бірдеме біледі деп үміттеніп, қуанып, осындай жол жүріп жүргенде ханның тапсырмасын орындай алмағандығын баяндайды.
Тазша да құлақ қойып, тыңдап тұрады.
— Хан қайда отырып айтты, ордасында ма, жоқ далада ма? — деп сұрады.
— Ордасында отырып, бізді жинап алып, аспанға қарап отырып айтты, — деді уәзір.
— Ондай болса, ханның ордасының күлдіреуіші шығып кеткен екен, соны жөндейтін ұста тап, тез уақытта жөндемесе, бүлінеді деп, соған асыққан екен, тез барып, ханның ордасының күлдіреуішін жөндеп берсеңдер, ешқандай пәле жоқ, құтыласыңдар, — деді.
Қырық уәзір қуанып, не істерін білмей, естері шығып, алақайлап, атқа қамшыны баса беріп, бір мезгілде тулаған жүректерін басып, тазшадан ақыл сұрайды, ханның алдына қалай қылып бару жөнінде.
Өйткені, ханның берген мерзімінен асып кеткен еді, осы жөнінде ханның алдына бару да қиын еді. Сол үшін тазшадан ақыл сұрады қырық уәзір.
— Алдымен күлдіреуіш жөндейтін ұстаны тауып алу керек. Сонан соң тегіс уәзір біткен бастарын қосып, ханның алдына барыңдар. Ханнан кешірім сұрап, өтініңдер. Кешіккен себебіміз — ұстаны таба алмадық. Таяу жерде ұста болмады, жаңа таптық. Ордаңыздың күлдіреуішін салып берсін, ұлықсат етіңіз деп, ханнан сұраңдар. Сонан соң сіздерге ұлықсат етеді, — деді тазша.
Қырық уәзір тоқтамастан келіп, ханның ордасына түседі. Бағанағы тазшаның айтқан сөздерінің бәрін қалдырмай, жылап-еңіреп ханға айтады. Хан тауып келген соң ешқандай сөз айтпайды, тілеген сұрақтарын беріп, күлдіреуіштің сынған жерін жөндетуге ұлықсат етті.
Қырық уәзір дереу ұстаға әмір берді:
— Тез уақыт ішінде жөндеп, тігіп бер, ақысына қалағаныңды аласың, — деді.
Бағанағы қой бағып отырған тазша ол орнында тұрған жоқ. Қырық уәзірден алған арзан алғысты арқалап, кешке таман ауылға қайтты, уәзірлерге қайсы ауылдың қойшысы екенін айтқан.
Бұл қырық уәзірдің қаттылығы сондай өздерін өлім жазасынан құтқарса да, ең болмаса, етіне бір бүтін көйлек бермеді. Құр «рақмет, бақытты бол!» — деп, сөзбен алғыс айтқан. Бұл тазша өз жайынша тұра тұрсын. Бір тайпа елді бір тарының қауызына сыйғызып отырған қаһарлы ханға келейік.
Ұста сорлыда дәрмен бар ма, елді жусатып, өргізіп жүрген қырық уәзірдің айтқанын істемекке, тез-ақ бітіріп, орданы қайтадан тігіп, ханның отыруына тілек қылып, қырық уәзір ханның алдына барды. Хан орданың шаңырағының күлдіреуіші бұрынғыдай болды ма деп, жатып та, тұрып та қарады. Ханның өзінің көңіліндегідей болып шықты.
Ұста қырық уәзірден алатынын алып, өзінің жайына жүріп кетті. Қырық уәзір біз де босаймыз ғой деп үміттеніп тұр, бірақ хан қандай жауап береді, соны күтіп, сілесі қатып, бұлар да жүр. Бір мезгілде хан:
— Бәрің де кел бері, — деп, әмір берді.
Хан айтқан соң қалай шыдап тұрсын, тез бастарын иіп, ханға таяу келді.
— Осыны өздерің тапқан жоқсыңдар, онан да кім айтты, бір ауыз да өтірік қоспай айтыңдар, — деді хан.
— Қой жайып отырған қойшы айтты, — деді уәзірлер.
— Олай болса, сол қойшыны алып келіңдер осында, — деп, тағы әмір берді хан.
Бас уәзір аяққы уәзірге баруға әмір берді. Кіші уәзір жарлықты алған соң кешіккен жоқ, бағанағы айтылған ауылға қарай қадам басты. Ауыл арасы онша қашық емес еді. Бара сала тазшаны артына мінгізді де, ала жөнелді.
— Мені қайда алып барасыз? Менің жазығым не? — деп сұрайды тазша.
— Мен де білмеймін, ханға керек болдық.
Тазша ханның қасына барды. Нендей сұрақ сұрайтынын кім біледі? Хан қырық уәзіріне қарап:
— Осы айтты ма? — деді.
— Осы! — деді қырық уәзір.
— Тазша, сен мына қырық уәзірге ханның күлдіреуіші сынған екен деп айттың ба бүгін? — деді хан.
— Айтқаным рас, — деді тазша.
Қырық уәзірге ұлықсат берді тарауға. Қырық уәзір ұлықсатына қуанып, үйлеріне барып, құдайын айтып, боз қасқасын шалды.
Тазшадан: — Сен қайдан білдің күлдіреуіштің сынғанын, — деді, — әлде бұрын осы ордаға келдің бе, жоқ болмаса, біреу айтты ма, ханның күлдіреуіші сынып тұр екен деп. Осы жөнінде бір ауыз өтірік қоспай айт, — деді хан.
— Тақсыр, бұрын бұл ордаға қайдан келейін? Өзімнің тұрпатым болса — мынау. Бірақ менде аздаған тәжірибе бар. Соған сүйеніп айттым. Сіз шалқаңыздан жатып айтты деген соң мен ойладым: өзі хан, қолдан келмейтін жұмысқа адамды қинамайды ғой, не де болса, қолдан келетін жұмысқа жұмсайды ғой. Олай болса, «тап» деп, ұстаны айтатын еді бұрынғы кезде. Сол ойыма түсіп, осы ханның күлдіреуіші сынған шығар, одан басқа басқаша айтқан болар еді деп, ойлап айттым, — деді тазша.
— Сен ондай болса, жұмбақты шешкіш екенсің ғой, саған мен жұмбақ айтайын, шешу тәжірибең мол екен. Осыны шешетін болсаң, саған мен жақсы жағдай туғызайын, өзіңді уәзір де қояйын. Егер таба алмасаң, бұл дүниеден көшіремін. Соны есіңнен шығарма, — деді хан.
Хан бұл жерде өзінің әлі келетінін білдіріп, нашарды қорқытып қойды. Амал қанша, ханға қарап:
— Айтыңыз, әлім келетін болса, шешіп көрейін, — деді тазша. «Әлі келген алып та, шалып та жығады» деген ғой, тазшаны мазақ етіп, біраз келемеж қылып, өлтіргісі келді.
— «Жаудыға да жабысқан, жауызға да жабысқан» — осыны шеш, — деді хан.
Әр нәрсені бір айтты шеше алмағансып. Ханның бетіне қарады. Хан түсін өзгертіп, қанын ішіне тартып, түсін бұзған кезде:
— Бұл бір затқа берілген есімді айтады, — деді тазша. Зәредейден қарғайды, зәредейден жарылқайды деген ғой, хан көңілі жақтырмаған уәзірді шығарып, соның орнына тазшаны қойды. Бұрынғы жаман киімдерді тастатып, қатардағы уәзірге қосты. Бұл ханның істеген жақсылығын ақтады, тазша болса да, ақыл жағы кем болған жоқ. Ханның «суын тауып», хан не айтса, соны орындап отырды.
Тазшаның атын өзгертіп, «Сүйкімді» қойды. Хан өте риза болды. Хан болған соң не істемейді, бастан асып бара жатқан жұмыс жоқ, қарын тоқ. Хан ерігіп отырып, қырық уәзірді жинап алды.
— Бәріміз сейілге шығып, аң аулаймыз, — деді. Ойлайтыны — жұрттың қамы емес, өзінің қара басының қамы. Өзінен басқа елдің «бүйірі шықсын» деп отырған хан жұрттың бәрі аузына қарайды, ешкім ханның сөзін қисық демейді. Оң болса да, теріс болса да, оң болады. Қырық бір ауыздан «мақұл» деп, қабыл алды.
— Осы бүгіннен бастап, аңға шығып, бой көтерейік, — деді хан. Қырық уәзір бірі қалмай шығып, аң аулады. Таңертең қуған адам күн батқанша қуды, аңның қызығына түскендіктен күннің батқанын білмей қалған, екі жарылып қуған еді. Хан күн батып, көз байланған кезде айғай салды. Барлығы тегіс келді.
— Қайтайық, елге жете аламыз ба? — деді хан.
— Қайдам, қашық қой. Ел жатып қалғанда барамыз ғой, — деді уәзірлер.
— Ондай болса, таяудағы елге қонып, ертең бір-ақ барайық, — деді хан.
Қырға шығып, жан-жаққа көз жіберді. Осы тұрған жерден қашық емес бір ауылды көрді. Солай қарай аяңдап жүрді. Хан бастаған бір топ қол — алда, оның артынан Сүйкімді бастаған қол жүріп отырды. Көп ұзамай-ақ, әлгі көрініп тұрған ауылға келді. Хан шеткі үлкен бір қоңыр үйге аттың басын тіреді.
— Бұл үйде кім бар? — деді хан.
— Өзіміз! — деді осы үйдің иесі — шал.
— Біз — қонақпыз, — деді хан.
— Қонақ болсаң, қоныңыз, — деді шал.
— Біреуің шығып кетіңіздер, — деді хан. Осы үйдің бойжетіп отырған қызы бар, аты — Бикеш, далаға жүгіріп шықты. Өйткені, ханның дауысын танып, ондағы мақсаты — сол ханды қондырмау. Бұл үй ханның қонақ жайын көтере алмайтын орташа шаруа болса керек. Қаншама сойыс жейді, оның үстіне ханға ат, шапан жабу керек, бір қонып кеткенінің өзі. Қыз ханның жұмбақшыл екенін бұрыннан білетін.
— Біздің ауылда қонып, жұмбағын шешетін болсаңыз, бір ауыз жұмбақты шешеді. Шешкен соң қонады, егер шеше алмаса, қонбайды, — дейді Бикеш.
— Қандай жұмбақ айт, шешейін, — дейді хан.
— Жасымнан асыраған егіз қозым бар, соның еті көп пе, майы көп пе? — деді Бикеш.
Хан олай ойланды, бұлай ойланды, шеше алмады. Қыз өзінің денесін жұмбақ қылып айтты деген ойына да келмеген. Ақыры, шеше алмай, хан атқа қамшыны басып, шауып жөнеледі. Ауылдан шығып, өзінің жанындағы жолдастарымен ақылдасып, бұны шешетін Сүйкімді, соған әдейі бір уәзірді тастап, осыны шешіп келсін, — деп тапсырды хан.
— Егер шеше алмаса, жақсылық күтпесін Сүйкімді, — деп қатты бұйырды, өзі шеше алмағанымен жұмысы жоқ.
Бір уәзір қалды, Сүйкімдіге айтпақ болып, күтіп отырды. Бір мезгілде Сүйкімді де келді.
Ханның тапсырған тапсырмасын Бикешке кездеспей тұрып, ауылдың сыртында бірін қалдырмай айтты уәзір. Сүйкімді тыңдап болып:
— Жарайды, қазір орындалады. Мен оны шешемін, — деді.
Сүйкімді бастаған бір топ қол қыздың аулына қарай аяңдады. Тап қыздың үйіне бастап алып келді жаңағы көрген уәзір. Үйдің сыртында тұрып дауыс берді:
— Біз — қонақпыз! — деп Сүйкімді.
Қыз тысқа шығып, жаңағы ханға айтқанын бұған да айтты.
— Осы жұмбақты шешсеңіз, қонасыз, шеше алмасаңыз, қона алмайсыз. Ханнан әулие емессіз, — деп, сөзін қысқарта айтты.
Сүйкімді қыздың сөзін тыңдап, тамағын кернеп, қызға:
— Жасың қаншада? — деп сұрады. Қыздың бұл жұмбақты айтатын себебі — ауылдары ер жетті, күйеуге береміз дейді екен. Қыз өзін жаспын деп санайды екен. Сондықтан менің ер жеткенімді сырттан келген адам біледі деп, қыздың өзінің ойлап шығарған жұмбағы болса керек.
Сүйкімдінің сұраған сөзіне жауап берді қыз:
— Жасым он сегізге жетті.
— Ондай болса, ет болып кеткен екен, — деді Сүйкімді. Мұның бұлай айтқаны: жасы он сегізге жеткенде майынан еті көп болады, сіңір пайда болады. Бұл қыздың «егіз қозы» деп отырғаны өзінің екі емшегі еді, оны Сүйкімді білді. Сүйкімдінің бұлай айтқаны — қызға ер жеттің, тұрмысқа шығуға болады, балалық шақтан кетіпсің, — дегені еді. Қыз бұған жақсы түсінді, бұдан бұлай жаспын деп шалқақтамай, ел де біліп айтқан екен, бір көрген адамдар да айтып отыр ғой деген сана пайда болды.
Қыз түсінді де:
— Түсіңіз! — деп, ұлықсат берді. Аттарын байлап, үй—үйге таратты. Көп болғандықтан Сүйкімдіні бөлек үйге қондырды. Қадірлеп күтті. Ол кездегі тамақтың барып тұрған жақсысы — қуырылған қуырдақ, отқа көмген күлше болатын еді. Міне, Сүйкімдіге осыны қыз өз қолымен істемек болды. Тез—ақ пісіріп, жеңгесін шақырды. — Мынау тағамды кіші отаудағы мейманға алып барып, бер және беріп алдына қойғанда «жұлдыз жиі, ай бүтін» деп айт, — деді. Тағы жұмбақ айтты. Бұл өзінің ешқандай еркекпен жақындаспай, аман жүргенін жеңгесі арқылы білдірмек болғаны еді. Және өзінің басының бос екенін білдірмек болды. Сол үшін дастарқанға салып орап, мына заттарды жеңгесіне берді: бір тәрелке қуырдақ, бір бүтін күлше, бір алма берді. Осыларды жеңгесі алып бара жатқанда, байына бергісіз жақсы көретін «қайнысы» бар еді, сол кез келді.
«Әйеліне бергісіз» жеңгесіне кездесіп:
— Қайда барасың? — деп, бетінен жақсы көргендіктен «шөп» еткізіп, бір сүйіп алды. Қолындағы затын көріп:
— Мынауың не? — деп сұрады қайнысы.
— Осындай мынау отауға келген қонақтарға алып бара жатқан тағам, — деді жеңгесі.
Алып көріп, тамаққа қызығып:
— Сенің істеген тамағың маған бал татады, — деп, қуырдақтың біразын жеп, күлшенің жарымын үзіп жеді. Алманың қақ жартысын жеді. Қалғанын орап, қолына берді. Кетерде тағы бір сүйіп алды.
Сонымен суыған қуырдақты, жарты күлшені, жарым алманы Сүйкімдінің алдына қойды. Бикештің айтқан сөздерін айтты.
— Жұлдыз жиі, ай бүтін, алмада дақ жоқ, — деді жеңгесі.
— Бикеш өтірік алдамасын: жұлдыз сирек, ай жарты, алма жарулы. Үйтіп мені алдамасын, — деді Сүйкімді.
Қайтып отырып Бикешке келді. Өзінің есі шығып жүргенімен және жел соқты қылып берген тағамды жегізгенімен ісі жоқ.
— Бикеш—ау, әлгі қонақ ашуланып жатыр. Сені өтірік айтады, алдамасын: жұлдызы сирек, айы жарты, алма жарулы дейді, — деп Бикешке баяндады, бұл жұмбаққа түсінбепті не айтқанын.
— Алда, Тәңір—ай, сойғызған екенсің ғой, мені көрінеу масқаралаған екенсің ғой, кім кездесті жолда? — деп сұрай бастады Бикеш.
— Қайнысы тетелеске шапты, сол кездесіп, біразын жеп еді, бәлем—ай, — деп, өзінің заңсыз байының жегенін жасырды. Айтуға ұят та өзі. Бұл заңсыз байы ғой, жақыннан болса да, заңсыздық істеді. Тамағы болсын және басқа жағы да қулықтың үстінде болған сияқты.
Бикеш жеңгесіне ашуланды, не істерін білмей, сандалып, ақыл іздеді.
— Сол жатқан үйге өзім барайын, Сүйкімді келмеді маған дейді. Таңертең ерте оған тағы айып тарту керек қой, болмайды, өзім барып жайғастырам, болмайды, — деп, Бикеш өзі бармақ болды.
Ел ұйқыға кіріскенде Сүйкімді жатқан отауға қарай Бикеш те қадам басты. Адамға көрінбей келіп, отаудың есігін ашты. Төрдің алдында жатқан Сүйкімдінің қойнына кірді Бикеш.
— Кімсің? — деді Сүйкімді.
— Мен ғой, — деді Бикеш.
— Менің кім? — деп, қайтара сұрады Сүйкімді.
— Мен Бикеш боламын, ғафу етіңіз, сізден кешірім сұрай келдім, — деді Бикеш.
— Қандай кешірім? — деді Сүйкімді, білді ұятын жойғалы келгенін.
— Арада жүрген жеңгемнің шалалығынан бұтыңды жарты қылып, сауда бұзылды қылып айтып келді — наныңыз, саумын, келе ме деп едім — келмедіңіз. Өзім келдім, айыбымды тартқалы, — деді Бикеш. Әртүрлі асыл сөздер сөйленді. Сонымен қабат келешектің қамын да айтты. Ұзын сөздің қысқасы, біреуі алмақ болды, біреуі тимек болды. Жастықтың махаббатын құрды. Мұндайда таң қандай қысқа болады, керекті-керекті сөзді сөйлесіп, бірақ та көп сөздері бітпей қалды. Таң да бозарып, жарық бере бастады. Таңның сәулесінен ұялды ма, болмаса, халық көріп қалады деп, содан именді ме, әйтеуір, екі жас амалсыздан екеуі қош айтысып, бөлінді. Бұлардың істеген жұмысын бір жан көрген жоқ, Бикеш мысықша басып, үйіне еніп, өзінің төсегіне жатарда ғана білді өзінің қандай жағдайда болғанын.
— Уһ! — деп, демін алып, жастықтың артын басып, көңілі бір жайланғандай болып, ұйқыға еніп, ұйықтап кетті.
Таң атты, қонақтар да тұрды. Бұлар да аттарын ерттеп, жүруге қам істеді.
Бикеш те біліп, Сүйкімдімен келешек тұрмыстың жағдайын сөйлесті. Бұл екі жас сөз байлады, біреуі тимек болды, біреуі алмақ болды. Уәде сондай қатты болды, қиямет-қайымдық деп, бір-біріне ант берді.
Тез кідірмей-ақ хан жатқан ауылға келді. Хан:
— Қалай, жұмбақты шештің бе? — деп, амандықтан соң сұрай бастайды.
— Оңай-ақ жұмбақ екен, ат үстінде тұрып шештім, — деді Сүйкімді.
— Ол не деген сөз екен? Және өзі ақылды қыз ба екен? — деп, көрсеқызарлығына салынды хан.
— Өзінің төсіндегі емшегі екен, «егіз қозы» деп отырғаны және өзімді ауыл ер жетті деді, сол рас па деп сұрады қыз менен, — деді.
— Мен ер жеткенің рас, жасың он сегізге келіпті, еті көп болып кетіпті, — дедім. Өзі ақымақ емес екен, бізді жақсы сыйлады, жеңілген соң, — деді Сүйкімді. Ол шынын айтты. Хан қызығатынын білгенде басқа амал айтқан болар ма еді, қайтер еді. Сүйкімді барлық шынын айтты.
Хан аз ойланып:
— Ол қыздың маған зары өтті, соны әйелдікке маған алып бер, қалағаныңды ал, — деді.
Шараң болса, істе, дүниеде бұдан қиын не бар, өзінің алайын деп отырған некесін өзінен айырып, маған бер, мен аламын дегеннен артық қорлық жоқ шығар деймін. Көп ойланып:
— Қайдан білейін, тиетін болса, сөйлесіп көрейін, — деді Сүйкімді.
Хан өктем-өктем сөз сөйледі.
— Менің қазынамды аяма, барлық мал—мүлкімді сол қыздың жолына сөйлесіп кел, — деп, әмір берді. Сүйкімдіге:
— Тез хабарын алып кел, — деп, бұйрық берді хан.
Амал бар ма? Аяңдап отырып, Бикештің ауылына қайтып келді Сүйкімді.
Ханның айтқан сөздерін Бикешке аузы батып айта алмай, қағазға жазып берді Бикешке. Жазған хатты оқыды, барлық оқиғаның қалай болғанын білді, ол — өкім, оған қарсы тұруға бола ма, болмайды. Сондықтан оның айтқанын «құп» деп, тыңдап, қарсы алу керек деген ойға келді Бикеш. Ары ойлады, бері ойлады.
— Не істеу керек, қайтіп құтылу керек жауыздың тырнағынан? — деп, ақыры, мынандай ақылға келді.
— Оны құрту керек, өйтпейінше, бізге жарық — рахат жоқ, — деген қорытындыға келді. Сүйкімдіні шақырды. — Бұдан ұялуға болмайды, енді мұны құртудың амалын іздеу керек, сен болып, мен болып, — деді Бикеш.
— Қандай ақыл болады, оны қалай құртамыз? — деді Сүйкімді.
— Оның амалы сол — өлтіру! — деді Бикеш.
— Біліп қалса, ел бізді бұл төңірекке қоя ма? — деді Сүйкімді.
— Амалмен елдің көзінше өлтіру керек, сонда олар бізден көрмейді, — деді Бикеш.
Ақылға қосылмаймын деп айтқан жоқ, «қосылайын», — деді.
— Бірақ оған амал тап өзің, — деді Сүйкімді.
— Ондай болса, мен оған тиемін деп айтайын, бірақ мынандай тілек қоямын, соны істейтін болса, тиемін. Бірақ ол көп жасамайды, — деді Бикеш.
— Қандай тілек? — деді Сүйкімді.
— Аспан мен жердің арасынан үй соғып берсін, жерде тірегі жоқ, аспаннан ілгегі жоқ, сонда тиемін, — деді.
— Осыны істей алмайды, істейтін болса, бәрібір, өледі. Бұдан басқа амал жоқ, осыны айт. Хан не дейді? Соны маған айтқыз. Онан арғысын өзім білемін, — деді Бикеш.
Қыз бен ханның арасында жүрген елшісі Сүйкімді болды. Қайтып хан жатқан ауылға келді. Бикештің қойған тілегін түрлендіріп айтып шықты, ханға оңай тиген жоқ. Көп ойланды. Соғуға болар еді, бірақ ондай ұстаны мен қайдан табамын, өзі ұста тауып беретін болса, соғып берсін, оған күшім жетеді, — деді хан.
— Сізден мал сұрап отырған жоқ. Осы тілегі орындалса, сізден артық кімге тисін, — деп, ханға дем берді. Ұста жағына қиналмаңыз. Сол қыздың өзіне барайық, ұста тауып берсін, соғамыз дейік. Ұста табатын түрі бар, — деді Сүйкімді.
— Жарайды, бар, жайды айт. Осыдан осы қызды маған қатындыққа алып берсең, сенен жақсы досым болмас, — дейді де, — өзіңді бас уәзір қоямын, ақылшы боласың. Бұрын да қысылғанда, саған ақылдасушы едім ғой, — деп, беріліп шын жан-тәнімен айтты хан.
Ханның шын пікірімен айтқанын Бикешке келіп айтты. Осындай ұстасын тапсын. Жер үстінде болса, деп айтты хан, — деді Сүйкімді.
— Ондай болса, осы жерден он күндік жерде менің дос қызым бар, ол осыған арнап өсірген қойлары бар, соның бірін береді. Ол келген соң, хан қайтсе де өледі, ол бірнеше аңға, қойға тіл үйретіп отыр. Соған хат жазайын, соны алып, өзің бар, — деді Бикеш.
— Жарайды, барайын, — деді Сүйкімді.
— Басқа адам бармасын, өзім барамын де. Азық-түлігіңді мықтап алып, маған соқпай-ақ, жарамды қасқа ат алып, жүріп кет! — деді Бикеш.
Хан елге бармай, осы ауылда жұмысым бар деп, жоқты—барды сөз қылып жатқан ханға не десін? Күнде ойын-қызықпен жатқан бір адам бұлардың мұндай сөзінің барын ешкім білмеуші еді, екеуі біледі, басқасы білмейді. «Жеңге» болып жүрген Сүйкімді келді. Бикештің сөзін тегіс айтты оған мен барайын деп, өзінің ырзалығын білдірді Сүйкімді. Сүйкімдіге ырза болып, осы ауылда бас уәзір деген атақ берді.
— Бұл менің жан досым, менің артымда қалған мұраға осы ие болады, — деді хан.
— Сүйкімді, қарағым, сен бүгіннен бастап жүр, ертерек осы жұмысты аяқта. Азық-түлікті азық қыл, атты дайындап алып кел, — деп, кіші уәзірді жұмсады. Уәзір келгенше осы ауылда қыз ойнақ болды Сүйкімдінің бас уәзір болғанына арнап. Арақ-шарап — бәрі дайын болды, не түрлі ойындар болып өтті.
Кешегі атқа, азыққа кеткен уәзір де келді. Тапсырған тапсырманы орындап, Сүйкімді кешіккен жоқ, келесі күні ұзақ сапарға шығып, жүріп кетті.
Хан да еліне барып, үй салатын жерге балшық құйғызып, керекті материалдарын сол жайға келтірді. Елге күні бұрын хабарлап қойды. Аспаннан ілгегі жоқ, жерден тірегі жоқ үй салады екен деген лақап тарап кетті.
Елсіз-күнсіз жапан даламен он төрт күн жүріп, он бесінші күні жаңағы ел шетіне ілікті. Бикештің айтқан сөзінің бәрін көрді. Бір мезгілде көп түйемен тағанақ артқан бір шалға жолықты.
— Уәлейкүмессалам, — деді Сүйкімді.
— Уағалейкүмассалам, — деді шал.
Осыдан кейін сөзге келмей, бір-бірімен сөйлеспей жүрді де отырды. Көп жол бойы бір жүрді, ақыры, не керек, Сүйкімді сөйлескісі келді.
— Ата, ағаш қазан қайнатайық, — деді шалға Сүйкімді.
Бұл сөзге түсінбей, Сүйкімдінің бетіне қарады шал. Тағы біраз жерге келген соң:
— Ата, жол қысқартайық, — деді шалға Сүйкімді. «Осы, шіркін, не айтып келеді, ұзын жолды қалай қысқартамын деп келеді, мұнша не деген ақымақ адам», — деп, шал қарап қойды.
Жолда келе жатып, бір түп көдені көріп: — Мынау шөптің осыншаға келгенше, мал жемей қурап қалғанын қарашы, — деді Сүйкімді. Тағы Сүйкімдінің бетіне қарады, «өзі қандай мылжың болды екен» деді шал. Сүйкімді онымен қойған жоқ, тағы біраз жерге келгенде, көшіп кеткен бір жұртқа келді. Бұл осында бір бай бар еді, соның үш баласы бар еді, соның жұрты еді.
— Мынау үшеуі бір туысқан екен, бірақ үш рулы адамға бергісіз екен, — деді Сүйкімді.
Шынында, бұл үшеуі бір туысқан, бірақ қатындары ашуқор, соның салдарынан бір-бірінің арақатынасы жоқ, сөйлесетін болса, ағайын үшеуі ауылдың сыртына шығып, сөйлеседі екен. Үшеуінің балалары бірігіп ойнамайды екен және қатынас жоқ үй арасында, соған қарап айтқан екен. Үй арасындағы жапырылмаған шөптен білген екен Сүйкімді.
Осы жұрттан көп ұзамай-ақ, тағы бір жұртқа кездесті. Осылармен қатар отырған көрші бай болатын, бұлар үш рудан құралған, соның жұртын көрді. Мынау үшеуі үш рулы елдің адамы екен, бірақ ынтымағы бірге туған адамнан артық, — деді Сүйкімді.
Бұлардың үй арасындағы шөптері жапырылған екен, балалар және басқа адамдар қатынасқан ізді көріп, айтқан еді. Бұлар ауылдың сыртында сөйлеспеген, құр малдың алдынан шығып жүргенде сөйлескен. Сол тәжірибеге қарап айтқан еді. Бірақ бұған шал түсінбеді. «Мынау — ит, өзі өте мылжың екен. Бұдан қалай құтыламын», — деген ойға кірді. Көп ұзамай-ақ жол екіге бөлінді: бірі — жақын жол, бірақ батпақ, жүру қиын еді. Екінші жол — құрғақ, алыс еді. Мұны Бикеш айтқан еді. Және де құрғақ жолмен жүрген жолаушы қонбай, ілгері ұзап, қонған. Ал батпақтан шыққан жолаушы жолдың қосылған жеріне кеп қонған шаршап келіп. Соны көріп Сүйкімді шалға былай деді: — Батпақ жолды көріп, «мына жол жақын да болса, алыс», — деді. Құрғақ жолды көрсетіп, «мынау жол — алыс, алыс та болса, жақын», — деді. Шал ешқайсын да түсінген жоқ. — Жақын жолмен жүремін, — деп, батпақ жолға түсті. Сүйкімді қашық жолмен жүрді. Шал мылжыңнан құтыламын деп, әдейі біле тұра, осы қиыншылыққа қарай жүрді. Сүйкімді тез жетудің қамын ойлады. Сүйкімді шалдан айрылған соң көп кешіккен жоқ. Кіші бесінде ауылға келді ешқандай қиыншылық көрмей, Сүйкімді сұрастырып отырып, қыздың үйіне келді, қыз қабылдап, күтіп алды, шалдан әлі хабар жоқ. Шал батпаққа батып, әр түйені бір шығарамын деп, кешке ұрынды. Ел жата бергенде, түйе бақырды. Қыз түйесінің бақырған даусын естіп, әкесі екенін біліп, далаға шықты.
Мұның білетіні келген жігіттен ел-жұртының жайы және жолда қандай әңгімелер есіттің деп сұраған болатын. — Ешқандай әңгіме білмеймін, жалғыз-ақ жолда келе жатып тоғанақ артып келе жатқан шалға жолықтым. Шіркін-ай, соншалықты жасап, бір ауыз әңгіме білмегені-ай, оны айттым, мұны айттым, ешқайсысына түсінбеді, — деген болатын. Ол осы қыздың әкесі екен. Түс-таңбасын айтқаннан-ақ білген болатын. Сондықтан жатпай отырды, әкесін қарап.
Әкесінің алдынан шығып:
— Неғып кешіктің? — деп сұрады қыз.
— Жол қиын болды, батпақ-ақ жол.
— Неге ол жолмен жүрдің? — деді қыз.
— Онымен жүрмейтін едім, осындай жолда бір қасқа ат жетектеген адам кез келді. Өзі мылжың екен, әр нәрсені бір айтып, басымды қатырды. Сонан ол құрғақ жолмен жүрмек болды, батпақ жолмен мен жүрейін, — деді шал.
— Қандай сөз? — деп сұрады қыз.
— Маған ағаш қазан қайнатайық, — деді. Бұл не қылған ақымақ, ағаш қазан қайтіп қайнатады? — деді шал.
— Ой, әке-ай, сізге насыбай атасың ба дегені ғой, — деді қыз.
— Онан бір жерге келіп, жол қысқартайық деді. Не қылған ақымақ, қайтіп кесіп тастайды ұзыннан ұзақ жолды? — деді шал.
— Ата, ол жігіттің айтқаны дұрыс. Жолды кесу емес, әңгімелессе, жол қысқарады. Соны айтады, жол қысқартайық деп, — деді қыз.
— Онан бір жерге келгенде, бір топ көдені көріп, мыналар шөптің осыншалық шыққаны-ай, оны мал жемей, қурап қалғанын қарашы деді. Айналадағы шөппен ұрысты, осы да дұрыс па? — деді шал.
— Ол адамның айтқаны шөп емес, сіз ғой. Осыншаға келгенше, бір ауыз әңгіме білмей, қурап қалды дегені сізді, сақал—шашыңды айтып, өкінгені, — деді қыз.
Онан біраз жүріп, өзіміздің ел мен ауыл балаларының көшіп кеткен жұртын көріп, ағайынды үшеуі бір туысқан екен. Бірақ үш рулы елдей екен деді, оның несі туысқанды өзі үш рулы елдей болған болса, — деді шал.
— Онысы рас емес пе, өздерінің қатындары жаман жанжалшыл болады, сондықтан бір отырғанда, бірінің баласы біріне қатынаспайды, бір ойнамайды. Сондықтан үй арасындағы шөптер жапырылмай қалады. Қатынасқан болса, ондай болмайды. Соны көріп айтқан ғой. Ал, ағайынды үшеу ауылдан шығып, үйге кірмей, далада сөйлесіп отырады. Сондағы жапырылған шөпті көріп, үш рудан бас қосқан адамша сөйлеседі, соған қарап айтқаны ғой, — деді қыз.
— Жайлауға қонған үш ауылдың жұртын көріп, үш рулы ел екен. Бірақ ынтымағы осындай жақсы, ағайынды адамдай екен, — деді.
— Онысы рас емес пе, ауылдың арасы ерсілі—қарсылы шұбырып жатқан адам, соны көреді. Бұл ауылдардың қатындары бірімен бірі өте байланысты. Соны көріп айтқан ғой, ата, — деді қыз.
— Онан жол екі айырылды. Мынау жол — жақын, жақын да болса, алыс; мынау жол — алыс, алыс та болса, жақын деп, өзі басында миы жоқ адам ғой деймін, әлгі алыс деген жолмен өзі кетті. Сол мылжыңнан айрылып жүрейін деп, жақын жолмен жүріп кеттім. Сол бүгін далаға түнейді, — деді шал.
— Ол жігіт кіші бесінде келді. Сіз сияқты су болып келген жоқ, — деді. — Ол дұрысын айтқан екен, өзіңіз болмай, батпақ жолмен жүріпсіз, әуре болдыңыз, онан да қашық, бірақ әуре болмай баратын мына айналмас жолмен жүр дегені еді, оған өзіңіз болмай кеткен екенсіз. Еш оқасы жоқ, ол сондай ақылды адам. Ханның бас уәзірі, оны сыйлайық, — деді қыз.
Қызын сыйлайтын еді, оның үстіне бас уәзір деген соң мүлдем зәресі ұшып кетті. Тік тұрып, Сүйкімдіні күтті шал. Сүйкімді бірнеше күндей жатты. Өзі де, аты да тынығып қалды. Хан «көп жатпа» деген болатын, сол ойына түсіп, «қайтамын», — деді қызға Сүйкімді.
Бикештің хатын келісімен берген еді, «соған жауап бер», — деді Сүйкімді.
— Барлығы да дайын, хатта жазулы қай күні жүрсеңіз, — деді қыз.
— Ертеңнен бастап жүреміз, — деді Сүйкімді. Бұл қыз екеуі де көңіл қосты. Сүйкімді алмақ болды, Бикештің тапсырған сөзі бойынша қыз да тимек болды. Ертемен қолына бір бозторғайды алып келіп:
— Мынау — ұста, — деді қыз. — Бұл торғай — тіл үйреткен торғай.
Соны барған соң қалай жіберудің жолын айтты. «Ол қоя берген соң айтатынын өзі айтады, соның қызығына хан қарап тұрып, кеңірдегі үзіліп өледі», — деді осынау хат.
— Бикешке беріңіз, мен бұл жолы бара алмаймын, келесіде барайын, — деп, қош айтысып, Сүйкімді аттанады.
Сол келген ізімен бір бозторғайды алып, Сүйкімді де келді. Келгенде алдымен Бикешке жолықты. Хатты берді, алып келген торғайын көрсетті.
Ендігі ақылды өздері кеңесіп: — Ертеңнен бастап, ханға бар, «Ұстаны алып келдім, елді жина де». Әбден жиналған кезде мен барайын, мынау торғайды қоя береміз. Сонан кейін ханның шаруасы тәмәм болады, — деді Бикеш.
Ертеңмен ханның үй саламын деген жеріне келді. Хан да қашан келеді деп, асыға жүрген адам ғой, о да келіп тұр екен. Амандасып болмай-ақ:
— Ұстаны алып келдің бе? — деді хан.
— Алып келдім, ол кісі шаршаған соң ел шетіне қонып қалды, — деді Сүйкімді.
Ханға айтты:
— Еліңізді жинатыңыз, ол кісі келісімен жұмысқа кіріседі, — деді Сүйкімді.
Дереу жан-жаққа уәзірлерді шапқызып, тездеп елін жинады. Халық тегіс жиналғанда, хан шығып сөйледі:
— Мен өлгенде артымда хан болатын мынау — Сүйкімді, бұл халықтың қамын ойлайтын адам. Осыны қою керек, — деп, хан сөзін бітірген кезде, ұста да шыңға шығып барады. Хан:
— Болыңдар, тез кірпішті-кесекті дайындап беріңдер, — деді. Сүйкімді сүйтті де, қойнындағы бозторғайды қоя берді.
Көзкөрім жерге барып, торғай шырылдады. «Бір қыш, бір кесек», — деп, ол ұста айғайлап жатыр деп, жердегі қыш пен кесекті аспанға лақтырды. Бірақ ұстаның қайда тұрғанын білмейді. Бірінің атқан кесегі екіншісін өлтіріп, ырғын-қырғын тапты.
Осылардың қызығына қарап, жаңа аспанда торғайдың шырылдаған дауысын естіп, хан онан жаман ақырды.
— Тез қышты жеткіз, — деп, қойшы, ұзын сөздің қысқасы, өз халқын өзіне атыстырып, күн батқанша халқын өзіне атыстырып, күн батқанша хан да аспанға қараумен болды. Ақыры, не керек, бір жағы айқаймен, бір жағы, қараумен ханның кеңірдегі үзіліп, өліпті.
Үй салусыз қалды. Ол ханды қоюдың әлегіне түсті. Хан өз ажалына өзі жетіп, марқұмның жамбасы жерге тиеді. Хан өлген соң кешікпей орнына хан сайлады. Ол хан — Сүйкімді. Бұл басында тазша еді, екі қыздың ақылымен хан болды.
Халқына сондай жайлы. Сүйкімді деген атақты ақтай алды. Бикешті және шалдың қызын әйелдікке алды. Осы екеуінің ақылымен бірнеше жыл бай-хандық өмір құрып, мал малданып, жан-жанданып өтіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі