Өлең, жыр, ақындар

Екі дос соқырдың жайынан

Бұрынғы замандарда екі соқыр жолдас болып, бір-бірінен айрылмай, күннен күн екеуі дос болыпты. Һәр адам тең теңімен, тезек қабымен, екеуміз бір-бірімізге теңдеспіз ғой деп. Сол бейшаралардың достығы біреуісіз бірі тамақ жеместей болып, жанын да, тәнін де ортаға салып, қол ұстасып, ауқат қылып жүріпті. Біздің бұрынғы ең үлкен атамыз Адамға дұшпан болған бір шайтан атты біреу бар дейді ғой, сол осы екі соқырдың ұйымдасып, ауқат қылғанын да күндеп, екеуін ажыратудың шарасына кірісіпті. Бұған ажырату айласын таба алмай, не қыларын білмей тұрғанда бір адам:

— Нағып тұрсың сілейіп? — деп сұрапты.

— Ойбай, мен жетісіп тұрғам жоқ. Осы екі соқырдың достығын бұзудың кепілін алып едім. Енді сорым құрып, соны бұзудың ақылын таба алмай тұрмын, — дейді.

— Ой, сол ма? Мен оны боқтан оңай ажыратып берем, — деп, екі соқырдың біреуін «Мә, жолдасыңа!» — деп, бір ұрады.

— Мә, Құдай, уф, — деп, бір ұрды.

— Мә, өзіңе, — деп, бір ұрып, өте берді. Содан соң әлгі екі соқырдың біреуі:

— Достым-ай, жақсы болды-ау, бір құдайкөр адам екен ғой, Тәңір жарылқағыр, көп нәрсе берді-ау, — деп, — достым, бергені ақша ма, жоқ, басқа нәрсе ме? — деп сұрайды. Достасы:

— Ойбай, түк те берген жоқ. Бермек тұрмақ, әуелі өзімді ұрып, өлтіріп кете жаздады ғой, — дейді.

— Қойшы, рас па? Жоқ, қалжыңдап айтасың ба?

— Ойбай, өзім қалжыңдамақ тұрмақ өлейін деп қалдым. Екі қолыма екі, басыма бір қойып кетіп еді, қолым сырқырап, басым қаңғып айналып, жаным кейіп тұрғанда сен де онан арман кейітпеші, — дейді. Енді бір соқыр:

— Ойбұй, мен көзқарашығым, көңіл қуанышым, бар алданышым деп жүрсем, сен де үстейсің бе? Көзім көрмесе де, құлағым естіп тұрғанда, қайтіп бетің шыдап, аузың барып айтып отырсың? Керек болса, бәрін де сен ал. Бірақ шынын айт, — дейді.

— Ойпырмай, шынымен-ақ, сенбей тұрсың ба? Түк берген жоқ, берген жоқ. «Ойбай, құлақ естіп, құлақ естідімен» екеуі жанжалдасып, ажырасып кетеді. Ынтымақтай заман жоқ, күншіліктен жаман жоқ.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз