Өлең, жыр, ақындар

Алса–бермес пен Берсе–қоймас

Баяғы өткен заманда Алса-бермес, Берсе-қоймас деген екі қу болыпты. Оның аты айтылу себебі олай деп, бір кісіден алған затын түк бермейді екен, сол үшін оны Алса-бермес қойған. Берсе-қоймас ол біреуге бір зат берсе, алмай қоймайды екен. Сол үшін аты солай болыпты. Екеуінің де дабысы жер жүзіне жайылыпты. Бір күні Бағадат шәрінде Алса-берместі естіп, соған Берсе-қоймас бармақ болып, көз жанарын тартарлық етіп, түрлі алтын сапты кездік соқтырады.

— Барып, үйіне қонғанда, көрсетейін, сұраса, берейін, — деп, соны алып, бірнеше күн жол жүріп, Алса-берместің үйіне іздеп келіп, қонады. Тамақ ішіп-жеп болған соң түрлі кездікті жайып салып, көрсете бастайды. Көріп-көріп, сұрамай қойды. Ертеңіне таң атты. Шай ішіп отырып, әйеліне айтыпты:

— Әй, мен бүгін базарға барып, жөні келсе, бір сиыр сатып әкелейін, — деді.

Сонымен базарға барды, әлгі қонағы да барды. Барып, базардан бір сиырды сатып алатын болды. Сонда он тиыны жетпей қалды. Жан-жағына қараса, түнде үйіне қонған қонағы тұр екен.

— Әй, он тиының бар ма? — деді.

— Бар, бар, — деп, әкеп бере салды. Сонымен сиырды алып, үйіне келді. Кешке тамақты ішейін деп отырғанда Берсе-қоймас:

— Асалаумалейкім, — [деп], кіріп келді.

— Кел, кел, — деп, орын берді.

— Ал, мен жүремін, әлгі алған он тиының бар ма? — деді.

— Ойбай-ай, қазір жоқ еді, — деді.

— О, қиналмаңыз, табылғанда алам, — деп, шығып кетті.

Ертеңгісін шайды алдына ала бергенде:

— Асалаумалейкім, — деп, кіріп келді.

— Кел, кел, жоғары шық, — деді. Шайды ішіп болғанда ол:

— Бұйымыңды айт, — деді.

— О-бой-ау, бұйым — өзің алған он тиының бар ма? — деді.

— О-бай-ай, жоқ еді, — деді.

— О, онша сіз қиналмаңыз, табылған күні алармын, — деді де, кетіп қалды. Түс болды, әйелі шайды әкеле жатып қараса, жүгіріп келеді екен. Оны көріп, әйелі күйеуіне ашуланды.

— Не болды саған, осы бір ай өте он тиын түгел жүз сомның тамағын ішті, — деп.

— Әй, олай болса, мен өтірік өлейін. Сен шашыңды жайып, қара киіп, бетіңді қанатып, жылай бер, — деп, төсекке құлап, серейіп, «өліп» қалды.

— Асалаумалейкім, — деп, үйге кіріп келді. Қатыны жылап отыр.

— Ой, не болды? — деп сұрады.

— Көріп тұрсың ғой, күйеуім дүниеден кеткенін…

— О, олай болса, өзім-ақ тазалап, жуайын да, — деп, киімін шешіп, бір шәугім суды өзі от жағып, қайнатып әкелді де, шешіндіріп, «бесмылда, оң жақ иығынан бастайын», — деп, қайнаған суды құйып жібергенде, тыржың ете қалды. Сонда ақырын:

— Әй, он тиын бар ма? — деп, құлағына сыбыр ете қалды.

Тағы құйса, тағы да тыржың ете қалды.

— Әй, он тиын бар ма? — деп, сыбыр етті құлағына. Жуып та болды. Несін айтасың, бар денесі күйіп те болды. Ақ шүберекке орап, ел жинап, ауылдан молаға көтеріп те барды. Апарып, ақымға қояйын деп көтеріп қойып жатып:

— Әй, — деді құлағына, — ал, жан керек пе, саған он тиын керек пе? Он тиынды бересің бе, жоқ па? Бермесең, ал енді көмеміз. Өлсең де өлдің, өлмесең де өлдің, — деді.

— Әй, ағатай, өлгенше жақсылық еткеніңді ұмытпайын. Мені көмбе, — деді.

— Қатын келсін, он тиыныңды берейін, — деді.

Онан соң көрден шығып:

— Ал, сіздер қайта беріңіздер, көмуін өзім-ақ көмем, — деді. Ел қайтып кетті.

Қатыны келді, сонда он тиынды алды:

— Қош, аман сау бол, — деп, Берсе-қоймас қайтты.

Осы хабар елге жайылып, елден алған қарызын түгелдей қайырып беріпті дейді. Сонан бастап Береген атқа ие болды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз