Өлең, жыр, ақындар

Қырық ақымақ

Бізден бұрынғы өткен заманда бір бай болыпты. Бай өте сараң екен. Бір малы өлсе, иә жоғалса, тамақ ішпей, жер бауырлап, жылаумен болады екен. Байдың қырық баласы болыпты. Бай сараңдығынан балаларының алды қырықтан асқанша қатын әпермепті. Төңірегіндегі ел байды да, қырыққа келгенше қатынсыз жүрген балаларын да мазақ қылысыпты. Байдың қырық ұлы бұл мазаққа шыдай алмай:

— Қалада жүріп, қоңыз теріп жегеніміз жақсы,— деп, қаңғырып кетіпті. Көздеріне көрінгенді жепті. Ең кішісі бір тасбақа тауып алып, ағаларына бермей, жепті. Ағалары оны біліп қойып, кіші інісін сабап-сабап, қуып жіберіпті. Кіші інісі жалғыз өзі келе жатып, бір тастың үстінде қонып отырған үлкен құсты көріпті. Құсты көрген соң ақырын бұғып барып, құстың сирағынан ұстай алыпты.

Құс оны алып ұшып таудың ең басына, бір үңгірге апарып тастапты. Әлгі үңгірдің ішінде үлкен сандық бар екен. Сандықтың іші толған алтын екен. Бала қалтасына ептеп салып алыпты да, сандықты қайта жауып, мақтану үшін баяғы отыз тоғыз ағаларын іздепті. Бірнеше күн жүріп, ағаларын тауып, алтынды көрсетіпті. Ағалары:

— Мұны қайдан алдың? — депті.

— Мұны сонау үлкен таудың басында бір үңгір бар екен. Үңгірде бір сандық бар екен. Соның іші толған алтын екен. Содан алдым, — депті.

— Сен оған қалай бардың? — деп сұрапты екінші ағасы таңдана.

— Сендерден бөлінген соң бір құс тастың басында отыр екен, соның сирағынан ұстап едім, сол апарып тастады.

— Ойбай, сол құсты табасың ба? — депті үшінші бір ағасы.

— Табамын, — депті інісі масаттанып.

Қырқы да бірдей баяғы құс отырған тасқа келген екен, құс орнында отыр.

Баяғы әдетінше кіші бала құстың сирағынан ұстапты. Қалғандары бірінің сирағынан бірі ұстапты. Құс бәрін алып ұшып, тауға жақындап қалғанда ең төмендегі үлкені тұрып, айқай салыпты:

— Ей, сандықтың аузы қандай екен?

— Сандықтың аузы мынадай екен, — деп, кіші бала екі қолын жайып, көрсе[те] берем деп, құстың аяғынан айырылыпты. Сөйтіп, қырқы да құлап өліпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз