Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін есітіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: «Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін неге қаратпайсыз», — десе бай айтыпты: «Күйеуімнің көзі ашылған соң қызымның бетіндегі тыртығын көріп, шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық», — депті. Сонда досы: «Күйеуінің көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырылайық», — депті.
***
Адамда екі түрлі мақсұт бар: оның бірін тән мақсұты, бірін жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін — тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін — жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам зұлымдық, қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды. Осыны біле тұра адамның қиянатшыл, мақтанқұмар болатынының себебі: адам жас күнінде тәжірибесіз балалықпен сәкекүл сәнді киімге, кеңесшіл кердеңдікке қызығып, соған біржола құмар болады. Бір адам сайтанға махаббат көзімен қарап әдеттенсе, аздан соң сайтанды біржолата періште деп біліп, жанына өлшеген асық жар қылып алады да, Жүсіптей нұрлы сұлудан қара қоңыз бен жыланнан жиренгендей жиренетін болып, өз қылығын өзі сынай алмай қалады. Бір адам асық болып, өзелене күткен асық жары кіріп келсе, жанып тұрған шамды өшіріп тастапты. Сонда асық жары: «Мен келгенде шамды неге өшірдің», — десе: «Сенің нұрыңды көргенде, күн шығып қалған екен деп өшірдім. Күн барда шамның керегі не?» — депті.
Мінеки, достар! Зұлымдық, қиянат қылып әдеттенгендердің қоя алмайтыны да, адамшылық арды бұзбауға құмарланғандардың адал еңбек, ақ ниеттің жолында құрбан болатындары да әдет алып, шын құмар болып кеткендіктен болады. Адамның бәрі бала болып, ақылы жай толатын болғандықтан, сәнқойлық, көрсеқызар, мақтанқұмарлықты бірінен-бірі көріп тәлім алады. Өзін-өзі тексеріп, ол әдетті қалдырып, таза ақылға билету әлденеше мыңнан біреудің-ақ қолынан келеді.
***
Атымтай жомарт бір күні көп мал сойып, қаладағы кәріптерге тамақ, киім берген соң: «Қала кедейін тойғызсам да, дала кедейі де бар шығар», — деп, даладан іздеп келе жатса, үстінде қырық жамау шекпені бар бір адам отын алып жүр екен. Атымтай соған келіп: «Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, со¬ған баруыңызға болмас па екен?» — дегеңде, әлгі жарлы айтыпты: «Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын-баламды тойғызарлық отын жиып алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын алып жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін. Кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбек, теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза екенімізді Атым¬тай өзі сынасын», — депті.
***
Дүниені көп кезген бір адамнан: «Қандай қатты кейіс, не қатты қуаныш көрдіңіз?» —деп сұрағанда, ол айтыпты: «Африканың зор шөлінде бір керуенмен еріп келе жатып, ауырып жүре алмай, бір судың басында қалып, аздан соң жазылып, керуендерге жеткенше азығым таусылып, аштан өлер болып, әлім кетіп, бір жерге отыра кеттім. Алдыма қарасам, бір кеседе қуырылған бидай тұр екен. Өмірімде осыдан қатты қуанғаным жоқ. Енді жейін деп аузыма салсам, бәрі меруерт екен. Өмірімде содан қатты кейіген емеспін. Қайтерімді білмей, қасымдағы дөңкиген құмға қарасам, құмнан бір киімнің етегі шығып жатыр екен. Құмды ашсам, мендей бір сорлы өзін-өзі құмға көміп, өлерінде алдындағы тақырға таяғымен мынаны жазыпты: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ, менің мына бір кесе меруертім мен белбеуімдегі жүз ділдәм мені бір шақырым жердегі мөлдір бұлақ, жемісті ағашқа жеткізе алмай, аштан өлдім, мені сол бұлақтың басына көміп, моланың басына не тас, не тақтайға: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтынның пайдасы жоқ», — деп жазған адамға осы меруертім де, ділдәларым да адал болсын», — деп жазыпты. Бір шақырымда су бар екенін білгенде, жаным кіріп, етегімді беліме түріп, бар қуатымды жинап алып, жүгіріп келсем, мені тастап кеткен керуендер шөлден меспен су алып өтіп, сол бұлаққа тынығып жатыр екен. Керуенге келіп, тамақтанып, көлік әм жұмысшы жалдап алып, әлгі өлікті бұлақ басына көміп, басына қойған тасқа: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ», — деп жаздық. Жүз ділдәсін қызмет қылған адамдарға әм көліктердің ақысына беріп, бір кесе меруертті керуендегілерге үлестірдім», — депті әлгі қария. Мінекей, достар!
Бір тілім нан — ардақты жанның досы,
Ақша деген — мақтаншақ паңның досы.
«Арпа, бидай ас екен,
Алтын-күміс тас екен», — деген осы.
***
Бір еңбекші адамды бір бай жалдап алып, қызмет қылғызып жүрсе, әлгі қызметкер қандай тастақ жер болса да жалаң аяқ жүре берген соң, бай: «Сен неге дәйім жалаң аяқ жүресің», — деп сұрағанда, ол айтыпты: «Дүниенің талай бейнетіне шыдасам да, аяғымдағы башпағым тозып, жалаң аяқ қалып, табаным күйіп қатты кейідім. Бір күні жалданған байым қарағай тіліп сатқандардан тақтай алып кел деп жұмсаған соң, барсам, екі аяғы тобығынан жоқ бір бейшара еңбектеп жоңқа жиып алып жүр екен. Соны көргенде, «мынаның башпағы түгіл, башпақ қиетін аяғы да жоқ. Мен башпағым жоқ деп, асып жүр екем ғой» деп, содан бері башпақ табылса да кимей, жалаң аяқ жүруге әбден әдеттеніп, табаным түйе табанындай мүйіз болып кетті, сондықтан маған башпақтың керегі жоқ», — депті.
Басына ауыр қайғы түскен кісі:
«Мен, – деп ойлар, – адамның ең сорлысы».
Өткен іске өкініп шыжбалақтап,
Келесіден именіп тұрады іші.
Сабырсыздың осындай әрбір ісі,
Түн артында күн бармен жоқ жұмысы.
Ойлап тұрсам, адамның ең артығы —
Ерінбейтін, еңбекшіл шыдамдысы.
***
Бір адам қайыр сұрап, көп ақша жиып әбден байыса да, қайыр жиған әдетін қоймапты. Бір күні оны хан есітіп, әлгі қайыршы байды шақырып алып:
– Сенде көп ақша бар дейді, соны қазынаға қарыз берсең, өсімінен қазына пайдаланып, ақшаның басын өзіңе қайтарар едік, — дегенде, қайыршы бай:
– Тақсыр! Менің ақшам қанағатсыз, арсыздықпен жиылған арам ақша ғой, тырнақтап жиналған арам ақшаға тырнағыңызды былғағаныңыз жарай ма?» —дегенде, хан айтыпты:
– Балшық керек қылған бір бай балшық басқан біреуге «бір арба балшықты сатамысың» десе, «арам суға басылған балшық еді, онысын айтпай сатсам, арамдық болады ғой» деген екен. Сонда балшық алушы «дәретхананың жыртығын жамауға жарар» деп алған екен. Ақшаңды сондай орынға жұмсармыз, — десе қайыршы бай:
– Тақсыр! Сіздің дәретханаңыз біздің үйімізден таза ғой, менің ақшам оған жарамас, — депті.
Сонда хан:
– Бір адам бір бөшке су алып келе жатса, біреу «суыңды сатамысың» десе, «суым арам су еді» депті. Су алушы «олай болса өлген жәһудті (жебірейді) жуғанға жарар» деп алған екен. Ақшаңның өсімін сондай орынға жұмсармыз, — дегенде, қайыршы бай айтыпты:
– Құрама жиып ел қылған, құрақ жиып тон қылған мейірімді ханымыз, сіздің қол астыңызда әлденеше дінді елдер бар ғой, жебірейді арам сумен жуды дегенді естісе, сізге елдің көңілі қалар. Сондықтан менің ақшамды алғаныңыз өзіңізге зиян болады ғой, — депті.
Сонда хан билік айтатын қазыны шақырып алып:
– Біреу әркімді алдап, арам оймен ақша жиса, ол көп ақшаның анық иесі табылмаса, сол ақшаны қалай қылу керек? — деп сұрағанда, қазы:
– Ондай ақша екенін не жиып алушы мойнына алса, не екі таза куә мойнына салса, ол ақшаны түгел қазынаға алып, кәріп-қасер, оқу-білім жолына жұмсалады — депті.
Хан жалма-жан қала билеушіні шақырып, әлгі қайыршы байдың ақша-мүлкін қазынаға алғызыпты да:
– Көрінгенде келмесең,
Көз ұшына кетерсің.
Орындыға бермесең,
Өкініп зарлап өтерсің! - деп, қайыршы байды бастапқы сорлы қалпына түсіріпті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі