Ертеде Мұстақым деген бай болыпты. Оның еркек баласы болмапты. Он бес жасар әйел баласы болыпты. Байдың байлығы сондай асқан, басқа түгіл патшаға да жеткен. Бай сапарға бір шыққанда отыз қоспен шығады екен. Бір-бір қоста отыз мың сом сауда істейді екен. Күндердің күнінде көп жолдастары бар отыз қоспен саудаға шығыпты. Түстік жерге барып қоныпты. Түсте екі малшысы суға бара жатқанда қалың шөптің арасынан бір адамның қу басын көріпті. Ол қу басқа қараса, екі көзінің ішінен екі көк шөп шыққан. Әлгі екі малшы тамашалап, «қалай шыққан» деп қарап, су алып қайта қайтқанда басты айналдырып тағы да қарайды. Қараса, қу бастың маңдайында бір жазу бар екен. Бірақ жазуды екеуі оқи алмай, Мұстақым байға алып келеді. «Мұстақым бай, біз суға барған едік, сонда кетіп бара жатқанда қу басты көріп едік, көзінің ішінен шығып тұрған көк шөпті көріп, қайта қайтқанда мандайындағы жазуды көріп, сізге оқытуға алып келдік», – деді. Мұстақым әлгі жазуды оқыды. Оқыды да, тамсанды да, сосын «мына басты өртеші» деді. Өртеді де талқандатып, оқшантайға салып алды. Сонан соң түстенді де, Мұстақым бай да көшіп кетті. Не заман саудасын істеді де, үйіне қайтып келді. Қайтып келіп, оқшантайды сандығына салды. Өзі де саудасын істеді де, тағы сапарға кетіп қалды. Бағанағы он бес жастағы әйел баласы он жеті-он сегізге келіп қалды. Еркелікпен сандықтың бәрін ақтарып қарап жүрді. Қарап жүрген уақытта әлгі оқшантайды тауып алды. Әлгінің не екенін білейін деп дәмін татты. Дәмінен ештеңе білінбеді. Сонан соң әлгінің исі бар ма екен деп иіскеді. Иіскеп еді, бойы балқып, арақ ішкендей иіп кетті. Сонан соң: «Апырай, мынау бір дәрі не қылған күшті екенін білмеймін, саған әкем айтып па еді», – деп шешесінен сұрады.
Сонда шешесі: «Әкеңнің бір жақсы сақтап қойған, ешкімге айтпай буып-түйіп жүрген дәрісі ғой, баяғыда, орнына салып қой», – деді. Соны иіскегеннен кейін қыз екі қабат болып қалды. Ол уақытта, Сүлеймен деген патша заманында ол патшаның өмірі бойынша бойжеткен күйеусіз бала табатын болса, қайдан болса да тапқызып, баласы мен екеуін де дарға асқызады екен. Сол уақытта патшаның әмірінен қорыққанынан байдың әйелі өзінің ішіне жастық тығьш елге мәшһүр болыпты. Сонан қызы ай-күніне жетіп бір ұл тапты. Қызын басқа бір үйге кіргізіп жіберіп, әлгі тапқан баланың үстіне өзі отырып кіндік кесуге елдерден әйелдерді шақыртты. Әйелдер келсе, баласы бақырып жатыр. «Ойбай, байдың әйелі босаныпты» деп, қатындар у-шу келеді, баланың кіндігін кесіп алады. Байдың бәйбішесін тамашалап, шілдеханасын жасап сауық-сайран істейді. Сол уақытта Мұстақым байдың саудаға кеткелі алты ай болған кезі еді. «Бай келе жатыр» деп, бір күні хабарын естіді. Келе жатыр деген соң-ақ, алдынан үш күншілік жерден сүйінші сұрауға бір кісі кетті. Байға барып «әйелің еркек бала тапты» деп сүйінші сұрады. Бай қуанғанынан тоғыз түйе тоғанақ жүк берді. Сонан соң бай үйіне келсе, баласы туғалы алты ай болған екен, баласы талпынып отыр екен. Бай қуанғанынан «әйелдер немене той істеді дейсің» деп, қайтадан қырық күн тойын, отыз күн ойын жасап ат шаптырды. Сонан соң баласы бес жасқа келіп ер жетті. Бала бес жасқа жетіп ер болған соң, молдаға оқуға берді. Таңертең оқыған баласын кешке молдасы ертіп алып келді. «Балам қалай, жас болып оқу оқи алмады ма, қалай?» – деп сұрады. Сонда молда: «Бұл бала менің өз өнерімнің оқуын бітірді», – деді. Онан соң «өзіңіздің оқуыңызды бітірген болса, артық оқыт деп, айта аламыз ба» деді. Сонан соң «тіл ашарлықка малды бағалаймыз ғой» деп, ақша берді. Баласы күндіз-түні ұйықтамай қағаз жазатын болды. Мұстақым бай «бұл шал берген баланы түнде де оқыттым деп еді, сонан корқып жүрді. Бала сегіз жасқа келді. Сегіз жасқа келген соң Мұстақым байға ой түсті. «Балам оку оқып, хат таныды. Енді балама өз өнерімді үйретейін» деді. «Өзімнің өнерім не, баяғы сауда жағы, осыны үйретейін» деді. Баяғы ел танытсам, жұрт танытсам деді. Баяғыдай отыз қоспен басқа патшалыққа баласымен жүрмек болды. «Жә, ал енді» деп басқа патшаға бет алып жүріп кетті. Бұл жүре тұрсын, енді алдыңғы патшадан біраз әңгіме айталық. Алдыңғы патшаның жиырма қатыны бар екен, жиырма қатынын кезекпен қойнына алып жатады екен. Күндіз түнеген бір әйелін сейілге алып шығады. Сейілге өзімен бірге жеті-сегіз жастағы балаларды алып шығады екен. Балалардың ойнауына бір көлден су бұрып әкеліп қояды екен. Сол бұлақтан балалар балық сүзіп ойнайды екен. Соның тамашасына патша әйелімен екеуі қарап отырады екен, жиырма қатынын да осылай сейілге алып шығып жүреді екен. Бір күні үлкен бәйбішесін сейілге алып шықты. Бағанағы балалар балықты сүзіп алып, бір суы бар шұңқырға жинайды екен. Түске тамаққа қайтарында балаларға патша: «Балығыңды өлтірмей суға салыңдар», – дейді екен. Сонда бәйбішесі балаларға да, балыққа да ешбір қарамайды. Патша айтты:
— Ей, бәйбішем, не себептен балалардың ойынына қарамайсың? Балықтың неше түрлісі бар, оған неге қарамайсың? – деді. Сол уақытта бәйбішесі айтты:
— Мен бұл балықтың несіне қарайын, балықтың жақсысы да, жаманы да бар шығар һәм зинақоры бар шығар, – деді. Сол уақытта сидалау келген бір аққайран суда тік тұрып сақ-сақ адамша күлді. Патша әлгіні көріп, «бұл не ғажайып» деп шошып кетті. Сонан соң патша үйге қайтып келді де, сарайына келіп халқын, уәзірлерін, бектерін жиды. Жиып алып халықтарына: «Мен бір тамаша ғажайып нәрсе көрдім. Менің жиырма қатыным бар, жиырмасын жиырма күн сейілге алып шығатын едім, бүгін үлкен қатынымды сейілге алып шығып едім, қатыным балалардың ойыньна ешбір қарамады. Сонан соң мен қатыныма айттым: «Жиырмаңа жиырма күн түнеуші едім, сен оған көңілің толмай жүр ме, ол әділ емес пе, болмаса неге қарамайсың мына тамашаға? Өзеннен бір бұлақты бұрып әкелдім, неше түрлі бұлбұлдарды сайратып қойдым, солардың тамашасына неге қарамайсың?», – дедім. Сонда қатыным айтты: «Бұл балықтың несіне қарайын, жақсысы да, жаманы да бар шығар», – деді. Сол уақытта сидалау келген аққайран судан басын шығарып сақылдап күлді. Ол не себепті күлді, осыны табындар», – деп айтты. Халқы ары ойланып, бері ойланып таба алмады. «Ал енді осыны тапқан кісіге астымдағы тағымды, басымдағы тәжімді, жалғыз қызымды беремін», – деп жар шашты. Сонда ешкім таба алмады. «Қырықтың бірі қыдыр деп, басқа патшадан да келген болса да маған жолықтырмай жібермеңдер», – депті. Сол уақытта Мұстақым бай сауда қылып сол шаһарға келіп еді. Әңгімелесіп отырғанда патшаның әлгі сөзін байға біреу айтып еді, сол уақытта баласы тұрып айтты:
— Бір-ақ ауыз сөз екен ғой, бір патша халқы таба алмады, – деді. Баланың сөзін әлгі келген кісі естіп, патшаға барып айтты. «Осындай бір бөтен патшадан бір саудагердің баласы «бір-ақ ауыз сөз екен ғой» деді. Сол бала осыны не қылса да табады, шақырып алдырыңыз», – деді. Одан кейін Мұстақым байды шақырып сұрады. Ол «бір патша елі таба алмаған, мен қайдан табамын» депті. Сол уақытта патша қайғырады. Сонда бағанағы кісі «баласы табады» деді. Сонан соң баланы әкелуге бұйрық берді. Мұстақым мұны естіп шошып кетті. «Ойбай, тақсыр, балам еркелікпенен айтады. Он үш жасар бала нені біледі», – деді. Оны тыңдаған жоқ. Баланы шақыртып әкеліп, баладан «соны табасың ба» деп сұрады. Бала тұрып «бұның өзі бір әйгілі сөз» деді. «Мен бұны бұл жерде шешпеймін, халықты жи, халықтың алдында айтамын», –деді. Сонан соң патша бір күнде барша халықты жиғызып алады. Жұрт жиналғаннан кейін, бала патшаға айтты: «Бұны тапқан кісіге қандай нәрсе беруіңізді жұрттың алдында айтып өтіңіз» – деді. Патша әуелі бағанағы оқиғаларын айтты. «Осыны тапқан кісіге тақтығымды, тәжімді, жалғыз қызымды берейін және жұртымды билетейін дегенмін. Сол айтқаным айтқан». Оны естіп бала орнынан ұшып тұра келді: «Тақсыр, сөзіңіз екі ме, бір ме?» – деді. Патша: «Бір!» – деді. Бала сол жерде тұрып: «Сөзіңіз бір болса, орныңызды бер!» – деді. Патша орнын берді. Бала таққа мінді. Тәжін берді. Сол уақытта патшадан бала сұрады: «Жиырма қатыныңыздың кәнизектері бар ма?» – деп. Патша. «Бар», – деді. «Бар болса, жиырма қатынды жиырма кәнизегімен шақыр», – деді. Барып кәнизегімен қырқын шақырып әкелді: «Өзді-өзін ауыстырмай кәнизегін ерсілі-қарсылы жүргіздіріп отырғыз», – деді. Сонан соң үлкен бәйбішесінің кәнизегін шешіндір, – деді. Шешіндіріп жатыр еді... жиырма кәнизектері еркек болып шықты. Бала патшаға қарап: «Бұл не оқиға? Бағанағы аққайранның күлу себебі осы еді. «Өз басындағы боғын көрмей, кісі басындағы шоғын көрді-ау» деді. Ол аққайран балықтың патшасының қатыны еді. Осы себепті күліп еді. Патша, енді бұны өзің қалай қыласың?» – деді.
Патша айтты:
— Менен кетті, саған жетті. Бұның жазасын өзің бер, – деді. Сол уақытта бала «қырқын да дарға асып өлтір» деді. Сол жерде қырқын да өлтіртті. Жұрт сонымен тарқады. Патшаның орнына бала тұра қалды. Халық патшаны есекке айналдырды. Халықтар айтты: «Патшалығынан, қызынан һәм жұртынан айрылды. Балықтың күлгенінде жұмысы не еді?» Патша осы сөзге шыдай алмай, Мұстақымды шақырып алды. «Сенің балаң осы күнде патша, балам патша деп, көңілінде дәнеңе жоқ. Сенің баланды патша қойған жалғыз-ақ мен, менің халқым басына көтеріп патша қойған жоқ еді. Егер де мен ашулансам екеуіңді де өлтіремін. Осы бала сенің өз балаң емес, шыныңды айт, әйпесе, шыныңды айтпасаң басыңды аламын», – деді. Сол уақытта патшадан әлгіндей сөз естіген соң, баласына Мұстақым бай жылап келді. «Мен патшаны қалай сендіремін», – деді. Сонан соң баласы айтты:
— Әй, әке, жоқтан өзгеге қорқасың. Бір-ақ ауыз сөз емес пе! Әкесі: «Бір ауыз сөз болса, не деп жауап беремін, ақылың болса үйрет», – деді.
Сонда баласы айтты:
— Баланың бітуі атаға күмән, анаға аян деп айт, сонда сен құтыласың, – деді. Мұстақым әлгі сөзді естіп алып патшаға келіп «дат» деді. Патша тұрып: «Сөзің болса айт», – деді. «Тақсыр, менше баланың бітуі атаға күмән, анаға аян», – деді. «Олай болса, бала мен шешесін әкел», – деді. Мұстақым байдың қатыны мен қызы екеуін алдыртты. Сонан кейін шешесі баладан барып сұрады: «Мен қалай айтамын?» – деді. Сонда бала айтты: «Түбінде адал орнына барады, шеше, – деді, — көріп-білгеніңнің расын айт». Содан соң Мұстакым бай қатын, қызымен патшаның үйіне келді. Патша Мұстақымның әйелінен сөз сұрады:
— Осы бала өзіңіздің балаңыз ба? Шыныңызды айт, – деді. Сол уақытта Мұстақымның әйелі айтты:
— Бала өзімнің балам емес, баламның баласы. Сіз айт деген соң, тақсыр шынымды айтайын. Мына отырған Мұстақым бай бұл баланың жәйін білмейді. Балам еркелікпен сандықтан сандық қоймай ақтарып жүруші еді. Бір күні сандықтан қағазға ораған бір ақ дәріні тауып алыпты. Дәмін татып көрген екен, ешбір дәмі жок, иіскеп қалған екен, өне бойы шарап ішкен құсап балқып кетіпті. Сонан соң маған балам айтты: «Апа, саған айтқан әкемнің дәрісі не дәрі, – деді, — бұл не қылған күшті дәрі». Одан кейін мен айттым. «Әкеңнің күшті дәрісі шығар, қайтадан буып орнына салып қой», – дедім. Ол иіскеген дәріден қызым екіқабат болып қалды. Осы бала мына қызымнан туған, – деді. Сол уақытта Мұстақым бай санын бір салды: «Ол дәрінің жайын мен айтайын. Ерте күнде сауда қылып бара жатып, бір адамның қу басын тауып алдым. Басқа қарасақ маңдайында жазуы бар. Жазуға қарасам, «өзім Дағыстан деген кісі едім, тірі күнімде қырық кісіні ажалдан құтқардым. Енді өзім өліп жатқан қу баспын, қырық кісінің ажалы енді менен» депті. Онан кейін тірі күні қырық кісіні өлімнен құтқарған шығар. Енді өзі қу бас қалай қырық кісіні өлітіреді деп, мұны сынайын деп отқа салып өртеттім, темір келіге салып түйгіздім. Әбден талқандаттым. Сөйттім де сандыққа салдырттым. Мынаны қарашы енді, тамаша, мына қырық кісінің ажалы осылай келді».
Сонан соң патша: «Сенің де балаң емес, менің де балам емес, ғайыптан пайда болған бала екен, бұның атын Ебіні-ғайып қояйық,» – деді. Сөйтіп патшаның қызын Ебіні-ғайып алды.
Ебіні-ғайыптың шешесін патша алды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі