Жоғарғы әр түрлі шежіре кітаптардың сөзінен біздің қазақ Нұх пайғамбардың Яфас деген баласының нәсілінен, қытайша Тукю — біздің тілде түрік аталған халықтан екені анық болды. Түрік деген «дулыға» деген сөз екен. Онан соң бір кезде ғун, яки хун деп аталыпты. Оны Нәжиб Ғасымбек Орхон өзеніне қойылған аттан қойылды дейді. Онан кейін әр түрлі атпен бөлектеніп кетсе де, біз ұйғыр атынан шыққан елміз. Бұл ұйғыр деген «бірігіп қосылған» деген мағынада деп шежіре жазушының бәрі айтқан десе де болады. Сол ұйғырдан қырғыз, қаңылы, қыпшақ, арғынут, найман, керейт, дулат, үйсін деген таптар шығып, солардың нәсілінен шыққанбыз. Ақырында Шыңғыс хан тамам татар мағолды алып, төрт баласына ел бөліп бергенде, үлкен баласы Жошы менен онан кіші баласы Шағатайға татар атанған елдерді бергенде, соның ішінде татар атанып және Жошыға тигені Жошы ұлысы, Шағатайға тигені Шағатай ұлысы атанған, онан кейін біздің Жошы ұлысындағы аталарымыз Жошы нәсілінен Өзбек хан мұсылман болғанда, барша Жошы ұлысы өзбек атанып, онан кейін Әз Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханнан бөлінгенде қырғыз, қазақ атанған елміз, ол кезде ол атпен атанған ел жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес, көп ел еді. Оның көбі отырықты өмірге кіріп, әр жерге барып, бірталайы ноғай, башқұрт атанып, бірталайы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында қазақ деген аты бізде қалған.
Жоғарыда айтып едік, Адам пайғамбардан бері қарай осы уақытқа шейін үзілмей жазылып келген шежіре жоқ деп. Әз Жәнібек ханнан бері қарай біздің қазақ аталары туралы шынды-өтірікті айтылған сөздер бар, соның ішінде анықты дегенін һәм дұрыс шежіре хабарына тура келгендерін шежіре кітаптардың сөзіне қосып жазамын.
Шыңғыстың үлкен баласы Жошы хан өлген соң орнына Бату (Жошы баласы) хан болды. Оны орыстар Бати дейді. Лақап аты Сайын хан еді. Оның орыс жұртын қаратып алғаны — 1242 жылы. Батудан соң інісі Бүрге хан болды. Жошыдан бұрын ол Еділ-Жайықта қыпшақ атанып тұрған түріктер бар еді. Сол себептен Дәшті қыпшақ хандығы деп аталушы еді. Бүрге хан кезінде үш ордаға бөлініп, Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп, бәрінің үстінен Алтын ордадағы Бүрге хан билеуші еді. Ақ ордаға Жошының Шайбан деген баласы хан болып, бер жақтағы тамам көшпелі ел Көк орда атанып, оған Жошының Тоқайтемір деген баласы хан еді. Біздің Әбілмансұр Абылай хан — сол Тоқайтемір нәсілі. Жоғарғы Бүрге хан мұсылман болып, Береке хан атанып, оған еріп інісі Тоқайтемір де мұсылман болып еді, өйтсе де халықққа мұсылмандық орнықпай, олардан соң жоғалды. Бүргенің орнына Тоқайтемірдің Мөңкетемір деген баласы үлкен хан болып, онан соң оның інісі Тодамөңке болып, онан соң жоғарғы Мөңкетемірдің баласы Тоқтағу болды. Онан соң жоғарыдағы Батудың Мыңтемір деген баласының Тоғрул дегеннің баласы Өзбек хан болды. Мұның хан болғаны 1301 жылы еді. Бұл Өзбек хан мұсылман болып, халқын да мұсылман қылды. Сол мұсылмандық бұзылған жоқ, «дін Өзбектен қалды» деген мақал сол және сол ханның атыменен Жошы ұлысы өзбек атанды.
Жошы ұлысының үлкен ханы тұратұғын Алтын орданың орны осы күнгі Еділ суының бойында, Астрахан мен Саратов арасындағы Царев деген қала еді. Ноғайлар Сарай деп атап, оны орыстар Царев деп кетті. Сол кезде де біздің қазақтың орны осы Сарыарқада еді, 1446 жылы Жошы нәсілінен атақты ұлұғ Мұхамед хан ( қазақ Ормамбет хан дейді), сол өлген соң Жошы нәсілдері хандыққа таласып, әрбір кішкене хандыққа бөлінді. Улұғ Мұхамедтің шын аты Темірхан еді.
Сол кезде Шибан нәсілінен Әбілқайыр хан деген 1452 жылы Қазан ханына да, Қырымға да қарамай, өз алдына Жошы ұлысының күншығыс жағын түгел билеп тұрды. Сонда қазақтың ханы Әз Жәнібек хан еді, Әбілқайырға қарап тұрушы еді. Әз Жәнібектің шын аты Әбусағид еді. Тоқайтемір нәсілінен Барақ хан баласы еді. 1455 жылы Әз Жәнібек хан немере інісі Шаһгерей ханменен тамам қазақты алып, Әбілқайырға өкпелеп, Шудағы Шағатай нәсілінен Есен Бұғаның баласы Тоқлуқ Темірханға қарады. Әбілқайырға өкпелеген себебін біздің қазақ былай айтады. Біздің осындағы арғындардың арғы атасы Дайырқожа ханның сүйікті қазысы екен, әділ айтқандықтан Ақжол атаныпты. Және Қарақыпшақ Қобыланды батыр да Әбілқайырға сүйікті екен. Екеуі ішінен жауласып жүргенде, бір күні далада Қобыланды батыр Дайырқожаны өлтіріп кетіпті. Әз Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілқайыр хан берейін десе, көп қыпшақ бұзылатұғын болған соң бере алмай, «үш кісінің құнын алып бітім қыл» деген соң, Әз Жәнібек хан өкпелеп кеткені, біздің қазақта мақал болып жүрген «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным» деген сөз Дайырқожаның сүйегін айналып жүріп жылаған әкесі Қыдан тайшы деген кісінің сөзі, аты Қыдан еді, тайшы деген өлеңші, ақын дегені. Біздің қазақтың «арғын атасы – Қотан ақын» дейтұғыны осы және бұл сөзге бір дәлел арғын Жанақ ақынның уақ Жарқын биге айтқан өлеңі. Жарқын би «атаңда ақындық бар ма еді?» дегенде, Жанақ би айтыпты:
«Алашта Арғын аға туған зерек,
Өзгеден ол кісінің жөні бөлек,
Арғынның түп атасы ақын Қотан
Өлеңге бізден ұста болса керек».
Жоғарғы Әз Жәнібек хан қазақты алып ауарда Ноғай атанған туысқанымыздың жақсылары қазақтың жақсыларыменен көрісіп амандасып жыласыпты, соны біздің қазақ домбырашылары «Ормамбет хан өлгенде, он сан ноғай бүлінгенде, ноғай-қазақ айрылғандағы жылау күй» деп домбыраменен бір зарлы күй тартады. Бұл Әз Жәнібек ханға еріп, қазақ атанған елдің қазақ атанбай тұрып бөлінген арғын, найман, керей, қаңлы, қыпшақ, үйсіндегі дулат деген сықылды туысқандары көп. Жер жүзіндегі түрік нәсілді жұрттардың көбінің ішінде бар және қазақ атанған соң да көбі бөлініп, ноғай, башқұрт, өзбек атанып кеткен. Мұндағы үш жүздің қазағы атанып жүрген ел сонан қалған біраз ғана кісінің нәсілі.
Біздің қазақтың үш жүзге бөлінгенін қазақтар былайша айтады: Әз Жәнібек қазақты Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан соң, кешікпей сол кезде қазақты һәм көшпелі басқа елдерді Жүніс ханның Ахмет деген баласы билеп, оның ағасы Жәнеке (шын аты Махмұд деген) Ташкентте үлкен хан болыпты. Сонда Ахметхан қазақтың әскерге жараулысын үшке бөліп, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп қалмақты шаба берген соң, қалмақтар Ахметханды Алашы қойыпты. Мағынасы «Жан алғыш» дегені, оны есіткен соң Ахметхан «қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар» деген соң, қазақтар «алашы» деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты. «Алаш – алаш болғанда, Алашы хан болғанда, қалмаққа не қылмадық» деп қазақтың мақтанатұғыны сол.
1499 жылы жоғарғы Әз Жәнібек өкпелеген Әбілқайырдың немересі Шайбақ деген Әмір Темір нәсілінен Бұхара, Самарқандты тартып алып, І508 жылы Мауренаһарды алып, Ташкентті алмақ болғанда, қазақты билеген Ахмет Алаш пенен ағасы Жәнеке Махмұт Оратөбеде Шайбақпен соғысқанда, қазақтар «Шыңғыс тірі күнде де бізді Жошы ұлысына беріп еді, Шағатай – біздің ханымыз емес, тәжік-сарт – туысқанымыз да емес, өзбек – өз ағам, сарт – садағам» деп Шайбақ ханға қосылды. Сол соғыста Шайбақ жеңіп, Махмұд Жәнеке менен Ахмет Алашты өлтірген соң, ондағы Шағатай нәсіліне қарап жүрген қазақпен жақын елдер және қазаққа қосылды. Бұл сөздің анықтығы Әбілғазы Баһадур, Аристов екеуінің кітабында да бар. Сол себептен қазақтың ауыз сөзі рас шықты. Ол уақытта Әз Жәнібектің баласы Қасым хан еді. Қол астындағы халқы бір миллиондай болды.
«Қасым ханның қасқа жолы» деген қазақтың алғашқы бітім билігін шығарған осы хан еді. Оның баласы Сығай хан болып, оның баласы Тәуекел хан болды. 1598 жылы Сығай хан Шайбани нәсілінен Ташкентті тартып алып, Түркістанға орнықты. Өйтсе де көшпелі халықтың қалалы жұртты билемегі қиын болды және бір жағынан мағолдан қысым көріп, қазақтың жеріне келген қалмақтар да тыныштық бермей, Сығай ханның орнына хан болған Тәуекел хан кезінде Шайбани нәсілдері Ташкентті қайта алды. Олардың ханы Тұрсын Мұхамед деген еді. Жоғарғы Тәуекел ханның орнына баласы Есім хан болды. Қазақтың еңсегей бойлы Ер Есім дейтұғын ханы осы және жоғарғы Қасым ханнан қалған қазақтың жолын түзетіп, «Есім ханның ескі жолы» атандырған осы еді. Бұл Есім хан 1628 жылы Тұрсын Мұхамед ханды өлтіріп, Қатаған елін шапты. Бұл сөздің анығы мынау:
«Шежіре түрікті» жазған Әбілғазы Баһадүр хан туысқандарымен хандыққа таласып, Үргеніштегі өзбектер бұзылып, үш бөлініп кеткенде, «осы Есім хан қолына келіп тұрдым» дейді. Сонда Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, Қатағанды шапты дейді. Жәрдем көремін деп келген хандардың жайы былай болған соң, Есім ханнан рұқсат алып қайттым дейді. Бұлай болғанда біздің тоғызыншы атамыз Сарының қатыны – Тұрсынханның қызы Қоңырбике – сол 1628 жылы алып келінген болатын. Оны қазақтар былай айтушы еді: атамыз Сарыменен бір туысқан інісі Әлі деген бір сартта қызметкер болып жүргенде, Есім хан Қатаған елінің ханы Тұрсынды өлтіріп, Ташкентті қайта алыпты деген хабар келіпті. Мұны естіген соң Әлі сарттың жемге байлаған екі атына мініп, елге қарай қашыпты. Жолда келе жатып, әкесінің өлгенінен бұрын сейілге шығып жүрген Тұрсынханның қыздарына жолығып, оларға сырын айтпай елге келіп, елден кісі алып барып, Айбике, Нұрбике, Қоңырбике деген Тұрсынханның қыздарын қанша нөкер қыз һәм жасау-жолдастарыменен алып келген соң, Әліге көріп бастап барған жолдасына Қоңырбикені барша киім, шатыр, сайманымен берген соң, жасау киімдерін өзі алып, Қоңырбикені ағасы Сарыға беріпті. Сол Қоңырбикеден біздің сегізінші атамыз Кішік пенен Мәмбетсопы туыпты. Есім ханнан соң баласы Жаһангер болды. Оны қазақ Салқам Жәңгір дейді. Онан соң оның баласы әз Тәуке хан болды. «Есім ханның ескі жолы» деген жолдан кем қалған бітім жолдарды түзеткен осы еді. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген жол бітім сол еді. Бұл әз Тәукенің тұсында қазаққа Қатаған да, қалмақ та, өзбек-сарт та жау болып, Ташкентті алып, қазақ онда көп тұра алмай, 1652 жылы ауып, Амудариясының жағасына парсының бергі шетіне барды. Бұл әз Тәуке Салқам Жәңгірдің қалмақтың ханының қызы қатынынан туған баласы еді. Мұнан басқа Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған Уалибақи деген баласы бар еді. Жәңгірдің орнына әз Тәуке хан болғанда, хандыққа өкпелеп Уалибақи Ғайып ханға кетіп еді.
Әз Тәукенің тұсында қазақ Амударияда тұрғанда бұрын парсыға қарап тұрған Ақжар деген түрік нәсілінен бір Надыр шаһ деген мықты кісі шығып, парсы жұртын қаратып алғанда, қазақ сонан қорқып, қайта ауып Сырдарияға келіпті. 1690 жылдардың шамасында әз Тәуке өліп, орнына баласы Болат хан болды. Ол келгенде қазақтың бұрынғы орнына қалмақ иеленіп қалған екен. Сол тақырыпты жанжал-төбелес болып, ақырында 1723 жылы қазақ, қалмақ болып жиылып соғысқанда, қалмақтың бастығы Цеван Рабдан қазақтың көбін қырып, қалғанын қуып жіберген. Сонда қазақтар аш-жалаңаш, жаяу шұбап бір көлдің басына келіп, көлді айнала сұлап жатыпты. Сонда бір ақсақал кісі айтыпты: «Балалар, адам бастан кешкен жақсылықты қандай ұмытпаса, жаманшылық көргенін де сондай ұмытпау керек, біздің бұл көрген бейнетіміздің аты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама болсын», – дейді, мағынасы «табанымыз ағарғанша жаяу жүріп, көлді айналып жатқан күн» дегені және сол жолда айтылған қазақтың ескі өлеңі мынау:
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған қиын екен,
Қара көзден мөлдіреп жас келеді.
Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Мына заман қай заман, бағы заман
Баяғыдай болар ма тағы заман.
Қарындас пен қара орын қалғаннан соң,
Көздің жасын көл қылып ағызамын».
Ауып көшкенде Қара таудан көш асқанда, енесін ертіп алған бір тайлақ көшті жанап боздайды. Қарындасын, жақынын қалмақтар өлтірген жылаулар, оны жоқтап ол да зарлайды, көштің алды-артын шалып жүрген батырлар қарауылда отырып оны көріп айтқан өлеңдері еді.
Біздің Әнет бабаң деген кісінің 97 жасында жүре алмай қалған жолы да осы. Бәкеңменен туысқан Қалқаманның Мәмбетейдің Мамыр деген қызы туралы «оққа байладың» деп Әнет бабаңа өкпелеп, Бұхара төңірегіне кеткені де осы жолының аз ғана алды еді. Әнет бабаңның бәйбішесінің бес баласы көп Болаттар қалмақтың оғына ұшып өлгені де сол соғыста еді.
Осы Ақтабан шұбырынды болып ауғанда ұлы жүз Бұхара, Ташкент маңына жақын қалып, орта жүз Есіл, Нұра, Сарысуға барды. Қыпшақтар онан ары Арал көлі менен Ақ теңізге барып, башқұрттар менен кіші жүз алшын онан күнбатыс һәм сол тұсқа барды. Сонда кіші жүздің ханы әз Тәукенің бір баласы Қарт Әбілқайыр деген хан еді. Орта жүзде Болат ханның бір баласы Сәмеке хан еді. Ұлы жүздегі үлкен хан бәрінің үстінен қарайтұғын Болат ханның Әбумұхамет деген баласы еді. Оны біздің қазақ Әбілмәмбет дейді. Аристов сөзінде «сол ауғанда ұлы жүздің қаңлы, дулат деген таптары қалмаққа қарап қалды» дейді. Қалмақпенен көбінесе ұрысқан біздің орта жүз еді. Қазақтар үш бөлінерде «күніміз туса, тыныққан соң жиылып, қалмақтан ата қонысымызды алалық» деп уағдаласып тарады. Қалмақтың осы зорлығынан ауып ішкері орысқа жақын барғандар 1731 жылдарда қалмақтан құтылуға орысқа қарамақ болды. Мұнан кейін ұлы жүздегі Әбумұхамет хан тамам қазаққа хабар айтып жиылып, қалмақпен ұрыспақ болды. Сол кезде өзіміздің Абылай хан жас бала күнінде ұлы жүзге келген кезі еді, оның мәнісі мынау:
Жоғарыда айтылған Салқам Жәңгірдің бір баласы Уалибақи хандыққа өкпелеп, Үргеніштегі нағашысы Ғайып ханға барды деп едік, оның баласы Абылай деген бек мықты болып, жекпе-жекке шыққан батырларды өлтіре берген соң, Қанішер Абылай атанды. Оның баласы Көркем Уали, оның баласы Әбілмансұр, біздің хан Абылай дегеніміз осы Әбілмансұр еді. Жоғарыда үш атасы да Ғайып хан қолында тұрып, хан болмай өлген. Мұның тұсында Ғайыптың нәсілінен хандық кетіп, жүдеу тартқан соң, Әбілмансұр жетім бала күнінде «қазақ – елім, Сарыарқа – жерім» деп іздеп, үйсін Төле бидің қолына келді. Төле би басында түйе бақтырып, онан соң жылқы бақтырып, ақырында әр түрлі мінездерінен ұнап, бала қылып күтіпті. «Кімсің?» десе, «білмеймін» деп, «атың кім?» десе, «сіз қойған ат атым болсын» деген соң, шашы өскен киімі жыртық баланы Сабалақ деп ат қойыпты. Бір күні «Әбілмәмбет хан қазақты жиып, қалмақпен ұрысқалы жатыр» дегенді естіп келіп, Төле биден соғысқа баруға рұқсат сұрапты. Төле би: «Балам, саған соғыстан жылқы жақсы емес пе» десе, «желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалғанша жігіт адамның өлгені жақсы» деген соң, Төле би рұқсат беріпті. Барса, қазақ пен қалмақ екі төбеге жиылып, ортасында қалмақтың Ғалдан Церен ханының күйеуі — Хоңтажы деген әскербасының баласы Шарыш деген батыр қазақтан жекпе-жекке батыр сұрап жүр екен. Әбілмансұр Әбілмәмбет ханға барып, «тақсыр, бата берсеңіз, мынаған мен барайын» дегенде, хан бата берген соң, Шарышқа қарай «Абылай! Абылай!» деп ұран салып барып, Шарышты өлтіріп, басын кесіп алып, «жау қашты» деп айғай салған соң, қалмақтар қашып, бір мезгілде бір жерге келіп хан шатырын құрып, Әбілмәмбет Әбілмансұрды қасына отырғызып, «шырағым, сен кімсің, «Абылайлап» шапқаның қалай?» десе, «мен Қанішер Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болған атамның атын ұран қылдым» дейді. Сонда Әбілмәмбет хан «қарағым, бауырым» деп құшақтап сүйіпті де, халыққа айтыпты: «Баяғы Уалибақының нәсілінен жалғыз бір бала қалды деп естіп едім, бұл сол екен, сіздер ұнатсаңыз, үлкен хандық осының орайы еді» деп, халық ұнап, үш жүзден тоқсан жақсылар ертіп барып, өздері қасиетті көретұғын арғын шақшақ нәсілінен Жәнібек деген кісіден бата алып, Әбілмансұрды үлкен хан қойыпты, Абылай атанғаны «Абылайлап» шапқаннан болды. Абылайдың хан болғаны 1735 жылдың маңайы болар.
Сонан соң біздің орта жүздің жақсылары «бұрын үлкен хандар ұлы жүзде болушы еді, бұл ханды өзіміз сақтаймыз, қалмақпен көп ұрысатұғын да біз» деп Төле биге сый алып барып, Әбілмансұр–Абылай ханды алып келіпті.
1741 жылы Ташкенттегі қалмақтың ханы Ғалдан Церен «қайда болса да Абылайды тірі ұстап алып кел, Шарыштың орнына өлтіремін» деп, отыз мың әскерменен Жалбы деген батырын жіберіпті, осы Шыңғыс пенен Тарбағатай тауының тау арасындағы жолдарменен жүріп қарағандықтан, сондай жолдар Жалбы жол атанған. Жалбы батыр іздеп барып, Ұлытауда аңда жүрген уақ Өтеген батырды ұстап алып, Абылайды сұраса айтпаған соң, қол-аяғын кісендеп алып және қарап, Абылайды ұйықтап жатқан жерінде ұстап алып, екеуін Ғалданға алып барыпты. Өтегенді зынданға салып, Абылайды есекке мінгізіп, қорған күзеткендердің қасына қойыпты. Орта жүздің қазағы «Абылайды алып кетті» деп кіші жүз ханы Әбілқайырға барған соң, ол «Абылайды қай жолмен болса да Ғалданнан босатып алып бер» деп орыстың Неплюев яки Нефелдеев деген жандаралына айтыпты. Ол Абылайды сұратып Ғалданға Миллер деген майорды жіберіпті. Және қазақтар «өзіміз де сұраймыз» деп, үш жүзден өңкей жақсылары да барыпты. Ғалдан оларға жауап бермей, әлденеше күндей қонақ қылып, бір күні хан ордасына қазақты да, орысты да жиып, Абылай мен Өтегенді алып келіп, Өтегенді кісенімен босағаға тастап, Абылайды алдына алып келіпті де:
– Мен сені Шарыш сықылды батырдың орайына өлтіремін, не арманың бар, — депті. Сонда Абылай:
– Тақсыр, менің үш арманым бар! Әуелі мен Шарышты қазақ пен қалмақтың қан майданында өлтірдім. Сіз мені ұйқыда ұстап алып өлтіргелі отырсыз, қазақ пенен қалмақтың қан майданында өлсем арманым жоқ еді. Екінші, қазақ орнықпай жүрген ел еді, бір жерге орнықтырып отырықты өмірге кіргізіп өлсем армансыз едім. Үшінші, төрт атадан бері жалғыз едім, осы күнде өліп кетсем не бала, не бауырым жоқ, дүниеге келмегендей боламын ғой, – дегенде, Ғалдан хан төмен қарап отырыпты да қасындағы уәзіріне:
– Мынаның сөзінің бәрі рас, әсіресе соңғы сөзін қарашы, мен де төрт атадан бері жалғыз едім, осы күнгі жалғыз балам Әмірсана өліп кетсе, мен де тұқымсыз кеткенім-дағы, — деп қалмақ тіліменен айтқан екен, Абылай хан:
– Алдияр! - деп, қол қусырып тұра келіпті. Ғалдан хан Абылайға:
– Сен неге алдияр дедің? Мен сені өлімнен босаттым ба? — десе:
– Тақсыр, жалғыз балаңызға ұқсатқаныңыз – босатқаныңыз ғой, мен қалмақша тілді білемін,— депті.
Ғалдан хан Абылайдың сөзіне разы болып, Әмірсана екеуін дос қылып, қазаққа, орыстарға да қанша сый беріп, Абылайға «күндебау» деп, бір өз нәсілінен жетім қыз беріпті. «Күндебау» дегені – үзілмес достық дегені. Сол қыздың бір кішкене інісі апасынан қалмай жылаған соң, оны да Абылайға беріп, «өз бауырыңдай көр» деп тапсырған екен. Абылай оның атын Махмұт қойыпты. Біздің қазақ Мәмет дейді. Оның баласы Бөлішке, Бөлішкенің баласы осы күнгі Мәмбетай, Мотыш ішіндегі Шыңғысхан, Семейхан төрелер.
Ғалдан хан Абылайды босатқаны 1743 жылы еді. Сонда Абылайдан Ғалдан хан үш сөз сұрапты. Бірі:
– Еліңде қой көп бола ма? – депті. Абылай:
– Көп, – десе:
– «Қойшы – өтірікші, қой – ұры» деген сөз бар еді. Еліңнің ұсақ жанжалы басылмас, – депті.
Екінші сөзі:
– Еліңде сиыр, жылқы көп пе, – депті. Абылай:
– Көп, – десе:
– Ендеше, елің еңбексіз сүт пен қымыз ішіп, ет жеп, балалары ақымақ туады десеңші, – депті.
Үшінші:
– Елің егін сала ма? – десе:
– Салмайды, – депті.
– Олай болса, жер емшегін ембеген ел әлде болса неше аударылып қозғалып, жуырда орнықпас, – депті.
1754 жылы Ғалдан хан өлген соң қалмақтар өз ішінен бүлініп, қытайлар қалмақты шауып быт-шыт қылды, қалмақтың бұл бүлінгенін Аристов кітабында «тибет пенен маңғолдың алалығынан болды» деп жазады. Біздің қазақ онан гөрі бір түрлі сөз айтады. Ол мынау: Ғалдан ханның қатыны Әмірсананың шешесі қытайдың Ежен ханның қызы екен, оны аларда Ғалдан өзі бармай, бірталай сыйменен жақсы кісілерін жіберіпті, Ежен қысты күні ұзатқан екен. Жолда қыс жаман болып, неше күндей боран соғып, әбден өлер болып, адасып жүргенде Алатауда қанша батырларыменен жол тосып батырлық қылып жатқан ұлы жүздің Төлекей деген батырына жолығыпты, Төлекей оларды екі-үш күн қонақ қылып, «еліңе бар» десе, қыстың жамандығынан кете алмай, Төлекейге жалынып, қыстай тұрып, жаз шыққанда кеткен екен. Сонда қыз Төлекейден буаз болып, барып Әмірсананы тапты деген өсек болған екен. Ғалдан хан өлген соң өзге ағайынның балалары сол сөзді сылтау қылып, «Әмірсана – қазақтың баласы» деп хан қоймай, қалмақтың көбі өзгелеріне болысып хан қойған соң, Әмірсана нағашысы Ежен ханға барыпты. Ежен хан бұл жақтағы шеткі қытайдың бастықтарына «қалмақты Әмірсанаға қаратып бер» десе, қытай келіп қалмақты шауып быт-шыт қылып, тоздырып жіберген соң, Әмірсана «елімді тоздыр дегенім» жоқ деп, қытайдың әскеріменен жау.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі