Сәуір айының орта тұсында, көктемнің алғашқы жылы жаңбыры жауып өткеннен кейін, шағын ауласы бар жатаған үйдің күнгей бетке қараған қос терезесінің алдында өсіп тұрған жалғыз түп бозкарағанның гүлі шешек атады.
Бозқараған жұпар шашып гүлдеген кезде он беске жаңа толған балғын қыз Мейіргүлдің тұп-тұнық, әдемі де аялы көз жанары нұрлы ұшқынға толады. Уыз жүзі бал-бұл жанып ақторғын дидары жадырап-жайнап, әдеттегіден де шаттанып жүреді. Көктемнің осы бір тамылжыған күндері гөззал-қызды анау заңғар мөлдір аспан да, жасыл желегі дүркірей көтерілген жер алабы да, несін айтасың, бүткіл дүние ән салып тұрғандай әсерге бөлейді. Адамдар да дағдылы тіршіліктің сан алуан болмашы уайымнан кіреукеленіп жататын пенделіктің көлегейінен арылып, көктем шуағымен жаңарып, жасарған мейірбан табиғатпен іштей үндестік тауып, өмірге нұрланып қарайтындай.
Табиғат пен пенде атаулының бір-бірімен мейірлесер шағы бозқараған гүлдеген көктемнің осы бір кезінде айрықша сезілетінін Мейіргүл бүкіл жан-дүниесімен түйсінеді.
...Әжесі екеуінің осы үйге көшіп келгеніне де оншақты жылдың жүзі болыпты-ау. Ол кезде Мейіргүл бар-жоғы бес-ақ жаста еді. Анасы Торғынaй тауда, сел апатына ұшырап қаза тапқаннан кейін бір жыл өткесін әкесі Бейсенбек басқа әйелмен бас құрады. Сүйіп қосылған серігінен айырылған соң көңілі пәсейіп, жүдеп-жалап жүрген күйеу баласының қайта отау құрғанын Күлімбала кемпір де құп көрген.
Әншейінде жайдары, ашық-жарқын көрінген өгей шешесі Зұлқияш көп ұзамай-ақ мінез шығарып, күйеуін кемпір мен жетім қыздан бөлектеп алудың әрекетін жасап-ақ бақты. Кемпірдің үй ішіндегі қыбырлаған әр қадамы оған тұрса томпақ, отырса омпақ көрініп, әйтеуір не қылса да жақпай қойды. Жәутеңдеп әжесінің бауырына тығыла беретін мейіргүл де өгей шешенің көзіне бездей басылды. Ақыр аяғы бұл екеуін жатсынып жүрген өзі емес, қайта кемпір мен қыз Зұлқияшты бөтенсіреп, күн бермей жүргендей болды да шықты. Торғынaймен бірге бұл үйден тыныштығы сүттей ұйып, берекесі базарлы болған құт та көшті. Бір көрімге әп-әдемі әйелдің бет-жүзін көлегейлеп келген алдамшы перде сыпырылып, оның кім екені белгілі болды. Екі күннің бірінде көгереңдеп, ұрыссыз отырмайтын өгей шешенің зәрінен қорқып, бүріскен Мейіргүл әжесінің қамқор құшағынан ғана пана тапты. Оңашада ғана маңдайынан, көзінен сүйіп әкелік мейір танытқан көкесі көкайыл әйелінің көзінше қызын бұрынғыдай еркелетуден де жасқана берді. Байғұс әкенің осылай амалы құрып, көп ұзамай-ақ құр сүлдесі ғана қалды. Ал, артық сөзі жоқ, жуас байын билеп-төстеп алған әйелдің өз дегені болып, үй тіршілігіне қатысты әңгімеде өзінің ғана сөзі жүріп тұрды. Қызының қазасы қабырғасын қайыстырып, орны толмас қайғыдан іштей мүжілген кемпір, қызының орнын басқан әйелдің қорлығы өтіп, мүлдем шөгіп кетті. Қиянатқа араша түсе алмаған момын Бейсенбектің бұларға жасаған бар жақсылығы ескі, жатаған үйді сатып алып, екеуін соған көшіріп әкелді. Содан қала шетіндегі осы бастап кемпір мен қыздың жұпыны, қоңырқай тіршілігі осы үйде өтіп келеді. Әдепкіде Мейіргүлін қимай, жиі келгiштеп жүретін Бейсенбек бара-бара ішіп алғанда ғана болмаса, қызын іздемейтін болды. Әкесінің арақ ішкенде ғана келетіні, арақ ішкенде ғана айналып-толғанатыны кішкентай қызға мүлдем түсініксіз еді. Бірде әжесі қатты күйзеліп:
— Әй, шырағым-ай, — деді әжімі тереңдей түсіп, қыздан қалған жалғыз түйір қарашығым-ау, кәрі қойдың жасындай жасым қалды, ертеңің не болар екен? Әкеңнің сиқы анау, қайтейін, жаратқанға не жаздық, екеумізді бүйтіп жетімсіретіп қоятындай?..
— Көкемнің келгені, әже, саған ұнамай ма? — деп таңырқаған кішкентай Мейіргүл, жасаураған көзіне жаулык үшын апарған әжесіне: — Маған көп қып сағыз бен кәмпит, ойыншық тұнжырай қарады. әкелді ғой, тағы да әкелемін деді...
Немересінің мұңайған кейпінде әлі ештеңе сезіп білмеген сәбиліктің табы бар еді, бірақ өзінің күрсініп, жылағаны оның құйттай жүрегін тыншытпай тұрғанын аңғарды да, жетім көңілі күніренген Күлімбала кемпір ебіл-себіл күйге түскен бойын тез жиып алды. Қызы барда жетпістен аскан жасына қарамай еңсесін тік ұстап келген ол соңғы кезде өзінің шөгіп, тым боркеміктеніп бара жатқанын сезді. Қит етсе, көзіне үйіріліп жас келеді. Жетімек қыздың өзінен басқа сүйеніш-таянышы жоғы ойына түскенде көкірегі қарс айырылады. Әйтсе де іштей бекем болуға тырысып-ақ бағатын. Қанша тырысқанымен, осындай бір кездері сыр беріп алатыны тағы бар. Әкенің алдамшыдай аз ғана мейірімін бейкүнә көңілімен аялаған күйттай қыздың оқыстан тұнжырай қалғаны жүрегінің басын шым еткізді де, өз мұңының батпандай ауыртпалығын көкірегінен заматта серпіп тастады.
— Көкең енді келгенде, құлдығым-ау, жақсы көретін ойыншықтың тағы да неше түрін әкелемін деді-ау. Өзің де естідің ғой, иә...
— Иә, иә, әже!.. Көкем солай деген, ол алдамайды. Ол маған сосын, сосын бар ғой... Анау терезенің алдында өсіп тұрған бозқарағанның гүлін жұлып әперемін деді, бозқараған оған дейін құлпырып гүлдейді — деді, рас па әже, солай ғой әже, біздің бозқарағанның гүлі бәрінен әдемі ғой, ә!..
— Бәрінен әдемісі менің Мейіргүлім ғой! — деді Күлімбала кемпір жиен немересін бауырына тартып, маңдайынан иіскедi. — Бозқараған гүлі сенің ең жақсы көретін гүлің екенін көкең білген ғой...
Мейіргүл өзі ең жақсы көретін гүлдің бозқараған гүлі екенін әжесінің аузынан бірінші рет естіді. Расында солай екен ғой, бұрын ол мұны іштей өзі ғана біліп жүріпті, ешкімге, тіпті көкесі мен әжесіне де бұл туралы тіс жарып айтпаған. Айтпаса да, олар біліп қойыпты. Үлкендердің, сірә, балалардың ойындағысын «біліп қоятын» көріпкелі бар. Мейіргүл әжесінің дәйімде айтып жүретін сөздерінен бұған талай мәрте көз жеткізген... Бозқараған гүліне байланысты әңгімеден соң Мейіргүл күнде таңертеңгісін терезе алдында тұрып, шоқталып өскен ағаштың жас бұтақтарының басындағы өрімделген хош иісті көгілдір, көгілжім бөрте гүлдерге көзi талғанша ұзақ-ұзақ қарайды. Бөрте гүлдердің бүрін ашып, шешек атар сәтін асыға күтеді. Сол сәт туғанда көкесі келеді. Көкесі келетін — оның кеудесін шат-шадыманға бөлейтін ең күн ғажайып күн, ешбір қызыққа айырбасталмайтын күн!
Ол сол күнді асыға, шыдамсыздана күтті.
Бозқараған болса күн өткен сайын қауызын ашып, маңайына неге екенін қайдам қанша күтсе де, келмеді. Егер сұраса, гүлді әжесі де жұлып алып берер еді, бірақ көкесінің әпергеніне не жетеді?
Сондықтан шыдамдылықпен күтуі керек қой. Мейіргүл қанша күту керек болса, сонша күтер еді, бірақ бозқараған күте алмайды ғой, енді көп ұзамай қауызын ашқан әдемі гүлдері үлбірей-үлбірей, әбден оңып кетеді. Онып кеткен гүлде хош иіс қала ма?
...Бейсенбек қызының зарыға күтіп жүргенін білсе де, сол жолы да, одан соң да келе алмады. Қызын қанатының астына паналата алмай, жігері мұқалған әке, шқұса боп ішімдікке салынды. Зәрлі судан бір сәттiк қана алданыш іздеп, тентіреп кетті. Әрі-беріден кейін алақанын әркімге бір жайып, тиын-тебен сұрап, тіленіп ішкен ол жұмыс істеп те мандытпады. Ал Зұлқияш болса өз еркіне өзі ие бола алмаған маскүнемді көшеге бір-ақ күнде лақтырып тастады. Үйсіз-күйсіз сандалып, көрінген қуысты паналап, тентіреп жүрген байғұстың жүрегінде жалғыз-ақ сезім, әкелік сезім ғана қалған еді. Бірақ, салып ұрып қызына бара алмады. Талай оқталды ғой, сонда әлдебір күш бұның кеудесінен итеріп тастап, терезесінің түбінде бозқараған өскен үйге маңайлатпай қойды. Өзін сағына күтіп жүрген қызының көзіне дәрменсіз кейіпте көрінуінен қорынды, оның адамдық күш-дәрмені осыған ғана жетті. Бірер мәрте үйді алыстан торуылдап, сол маңға келіп-кетіп жүргенін Мейіргүл байқаған жоқ. Тіпті, бірде аласа шарбақтың саңылауынан сығалап, терезе алдында гүлдеп тұрған бозқарағанның түбінде құп-құйттақандай иығы селкілдеп жылап тұрған Мейіргүлді көргені әлі күнге дейін көз алдында. Ол со бір мезетте көмейіне тығылған ауыр өксікті ып-ыстық жаспен бірге құмыға жұтып, зорға басқан еді. Жүрегі қанша езіліп тұрса да, қызының қасына барып, оны айналып-толғанып жұбатуға дәті жетпеді. Сауыс-сауыс кір алақанымен жүзін көлегейлеген күйі еріксіз бұрылып кете барған. Мейіргүлдің жайдан-жай жыламайтынын білетін Бейсенбек тағы да араққа бас қойды. Жан-жары Торғынайы — Мейіргүлінің анасы туған күніне сыйлаған алтын сағатты сырахана жанындағы кәуапшыға сатып, үш күн бойы мігірсіз ішумен болды. Үш күн бойы мұнартып бұлдыраған көз алдынан иығы селкілдеп жылап тұрған қызының аянышты бейнесі кетпей қойды. Жүрегі қан жылаған ол, өзінің бұлайша тірі жүргенінен жерiнiп, көшеде ағылып, зулаған мәшинелердің астына түсіп, өлгісі де келді-ау. Ажалы жоқ па екен, көше ортасына кеп сұлаған оны зырылдаған мәшинелер айналып өте берді.
* * *
Бейсенбек қарасын көрсетпегелі бұлардың тұрмысы күйзеліп, талғажау болар аз ғана зейнетақы ақша күнделікті ас-су айыруға да жетпеуге айналды. Күлімбала кемпір бұған да қиналмас еді ғой, не бір қиямет-қайымды бастан кешпеп пе еді. Бәрінен бұрын Мейіргүлдің әр күн әкесін күтіп, елеңдей бергені жанына батты. Күнде кешкілік ертеңнен үміттеніп жастыққа бас қоятын немересінің ұйықтап жатып өкситіні жиілей берді. Мұндайда кемпір қыздың арқасынан қағып, мандайынан иіскейді. Мейіргүл сонда ғана тыншу тауып, алаңсыз ұйқыға шомады. Ұйыктап жатса да әкесін іздеген кызды жұбаткан Күлімбала кемпірдің таң атканша кірпігі кірпігіне ілінбейді. Бір ойдан соң, бір ой андыздап, көкірегін кернеген күрсіну мен нала ұзақ түннің ең бойында оның жанын жүдетіп, санасын сансыратады.
«Е-е, баянсыз бұл қу тірлікте жазған басым нендей тауқымет шекпеді! Соғыста қолға түсіп, азап көрген күйеуім Баянхан, елге оралған соң немiске сатылған опасыз деген атқа ілігіп, тағы он жылды арқалап кете барды емес пе. Тек елуінші жылдардың бас кезінде көзі үңірейіп, көкірегі сырылдап, мүгедек болып оралды ғой. Бір бейнеттен соң бір бейнет көріп, жаны да, тәні де мұқалған азаматымды қалған жерде алақаныма салып аялап өтпек болып едім-ау. Бірақ, тағдыр маған оны да көпсінді. Аяғын апыл-тапыл басқан кішкентай Торғынайдың былдырлап сөйлегенін ғана қызықтап үлгерген байғұс жарық дүниеден тұрақ таба алмады. Жетімдік көрсетпей желкілдетіп өсірген жалғыз гүлім де сабағынан ерте үзілді. Оқу бітіріп, селден қорғау мекемесінде жұмыс істеп жүргенде кездейсоқ апаттан опат болды. Қаланы селден қорғаймын деп жүріп қыршынынан қиылды. Аңырап қалған сорлы басым, бұдан былай сол жалғыздан қалған жалғыз түйір құйттай қызға пана бола алам ба? Ей, құдіреті күшті Жаратқан, сенен сұрайтыным Мейіргүлімді аяқтандырып жіберуге əл-дәрмен бере гөр! Осы жалғыз тілегімді қабыл ала гөр, құдайым!»
Кемпір осы тілегін күн сайын іштей қайталаумен болды. Бейнетті көп шеккен адамның түбінде жолы болатынына шүбәсіз сенді. «Бір басыма жетіп артылар бейнетті көрдім ғой. Ей, Жаратушы ием, ендігі жерде мына жетiмектің өмір жасын ұзақ қыла гөр, жұдырықтай жүрегіне мұң түсіре көрме! Ия, Алла, өзіңе құлдық ұрып, мінәжат ететін пендеңнің осы тілегін теріс көрме! Қабыл ет!»
Мейіргүл таңертең ұйқыдан ояна сала, терезеден гүлдеп тұрған бозқарағанға қарайды. Тізесінің дірілдегеніне қарамай аяғының астына орындық қойып, терезенің жоғары жағындағы кішкентай жақтаушасын ашады, сол кезде бөлменің ішіне көктемнің кәусар ауасы жұпар иіс болып құйылады, бұл бозқараған гүлінің хош иісі еді.
— Әже, бүгін бозқарағанның гүлі кешегіден де көп, әне, қарашы...
— Көріп тұрмын, қарашығым!
— Әлі де гүл шашатын балапан бұтақтары көп екен өзінің, сенің бозқарағаның жаз ортасына дейін шешек ата беретін сияқты ғой.
Жарықтық, керiмсал иісі көкіректі ашқандай екен! — деп әжесі мейірлене күлімсіреді. Әжесі күлгенде кесектеу, қырланып біткен мұрнының оң жақ
ұшындағы моншақтай домаланған қалы да қоса күліп тұрғандай болады. Мұндай сәттерде оның әжімді жүзіндегі қартандықтың шаршаулы табы үшті-күйлі жойылып, қоңырқайлау қой көздерінен айрықша бір жылы нұр құйылады. Мейіргүл әжесінің әркез осы кейпін балалық ыстық та ынтық толқумен қабылдайды.
— Шынымен де менің бозқарағаным ба!? — деп таңғалды кішкентай қыз әжесінің мойнынан құшақтай алып. — Оны мен отырғызған жоқпын ғой, әже. Оны мына үйді салған адам отырғызған ғой, солай емес пе, өйткені біз көшіп келгенде ол өсіп тұрған-тұғын.
— Әрине, бұрынғы қожайын отырғызған ғой, ол рас. Бірақ енді ол сенікі болды. Енді оны сен өсіруің керек, ол солып қалмасын десең, оны сен аялауың керек, гүл де, ағаш та, не нәрсе болса да аялағанды ұнатады. Не нәрсе болса да мейіріммен көктеп, өсіп-өнеді, осыны жадыңда ұста, құлдығым!..
Мейіргүл әжесінің айтқанына кәдімгідей ойланып қалды.
Жас бозқараған расында да бұлар келгеннен кейін ғана осыншама көп гүл салған болатын. Бұған дейін оның балғын бұтақтары буынын бекітіп, желегін енді-енді желкілдетіп келе жатқан-тұғын. Кішкентай қыз моншақтай мөп-мөлдір әдемі көзімен аялап, мейірлене жақсы көргенін бозқараған да сезетін сияқты. Бұтақ ұшын жәй ғана тербей қозғап, өз тілінде желегін сыбдыр-сыбдыр сыбырлатып: «Армысың, деп тіл қатады ол. — мейірімді күтушім! Сен менің гүлімді көргенде қуанып тұрасың. Сен қуанып тұрғанда менің өзегіме нұрлы күннің шырын-сөл еселеп құйылады. Рақмет саған, қайырымды адамзат ұрпағы!» дейтіндей.
Мейіргүл де бозқарағанның қасына келгенде өзін әдеттегіден алабөтен бақытты сезінуші еді. Көгілдір әлем төріне жеп-жеңіл қалықтап жүре бергендей ғажайып күй кешеді. Бірақ оның не құдірет екенін сәби түйсігі ажыратып, біле алмайтын. Айналасы әппақ нұрға шомып, ғажайып бір әуез құлақ түбінен естіліп, жан-дүниесін тұрғандай. Қуаныштан нұрланып күлімдеген көзі бозқарағанды, бозқарағанның жұпар иісті бөрте гүлдерін ғана анық көріп тұрады. Бұл не ғажаn? Әне бір кезде көкесін қатты сағынып, күте-күте көңілі құлазығанда көзіне мөлт-мөлт келіп қалған жасты көрсетпеуге тырысып, бозқарағанды тасалап жылағаны бар. Сонда ғой, маңдайынан жұп-жұмсақ, жып-жылы алақан сипағандай болғаны.
Апыр-ай, соны ап-айқын сезіп еді-ау. Маңдайынан аялай сипаған сол құдіреттің осы бозқараған екенін ол құп-құйттай жүрегімен елжірей түйсінеді.
Күлімбала кемпір калтасында акша қалмағанын немересіне сездірмеуге тырысты. Азық-түлікті дүкеннен қарызға алып жүрді. Тіпті Мейіргүлдің қыңқылдап көп сұрайтын құмар асы балмұздақты да қарызға алған күндері болды-ау. Сондай күндердің бірінде Күлімбала кемпірдің құяңы ұстап, орнынан тұра алмай қалды. Көзі жәудіреп, әжесінің о жағына бір, бұ жағынан бір шығып есі шыққан кішкентай қыз не істерін білмей қатты састы. Қолдан келер қайран жоқ, көкесі болса ғой, бірдеңесін қылар еді, қырсыққанда одан да хабар-ошар жоқ.
«Әжетай, ауыра көрмеші, тұршы, басыңды көтерші» деп, еңіреп жылаған кішкентай қыздың даусын естіп, іргелес үйде тұратын егде орыс әйел — Ефрасинья есік қақты.
Күлімбала кемпір шала-пұла орысшасына қазақша араластырып, көгілдір көзінен аяушылық білінген көрші әйелді өзінің тұра алмай жатқан мүшкіл хәлінен хабардар етті.
— Бәбішкенің халі жаман, белім, сегіз көзім... ыспинам бай-бай, болит... Епрасүні шырағым, іскери-и шақырып бер бәбішкеге, іскери- и үкіл егеді, сосын қарошый болат, бәлит болмайт бәбішке... Көрші ақысы деген бар, Алладан қайтар септескен жақсылығың... Рахымы күшті Алла жасаған жақсылығыңа спасибі айтар деймін, алдыңнан жарылқағыр Епрастни...
Ефрасинья Күлімбала кемпірдің шала-пұла орысшасы шойырылып жатқан жатысынан-ақ не болғанын түсіне қойды да, жәутең қағып тұрған Мейіргүлдің басынан сипап, үйден тез шығып кетті. Сәлден соң жедел жәрдем келіп, уколын салып, ем-домын жасап, тілдей параққа қандай дәрі алуы керегін жазып берді. Әжесі дәрігер ұсынған қағазды көз алдына тақап бір ауық үнсіз отырды да: “Әй, қу кедейлік-ай, әй қу таршылық-ай, енді қайттік?!” деп зарлап қоя берді. Соны көрген Мейіргүлдің көзі боталап шыға келді.
— Жылама, қарашығым, әлгі көрші әйел біз байғұстан бір хабар алмас деймісің?! Соған айтармыз, қарызға дәрі алып бере тұр дерміз. Өзі бір мейірімі жүзінен төгіліп тұрған адам ғой... Жылама, құлдығым, бұл әжеңнің қашаннан бергі үйреншікті ауруы ғой, бірер күн дамылдап қозғалмай жатсам, тұрып та кетермін, — деп әжесінің иегі кемсеңдеп кетті. Мейіргүл үнін шығара алмай, құмыға жылаған күйі далаға жүгіріп шықты да, желек шашып, гүлдеп тұрған бозқарағанның қасына барды. Жетімсіреген жүдеу көңіліне пана-демеу іздеп барды. Дір-дір еткен құп-құйтақандай қушық иықтары бүрісіп, бозқарағанға іштей мұң шақты.
«Көкем келмей қойды-ау. Әжемнен басқа ешкімім жоқ. Ал ол болса ауырып жатыр, дәрі алатын ақшаның бәріне маған балмұздақ алып қойыпты. Енді қайттік? Ақшаны қайдан аламыз? Қашан үлкен болам, кашан ақша табам?»
Осы мезет жеп-жеңіл көгілдір пердеге ұқсаған сағым пайда бола қалғандай, кішкентай қыз сол сағымның ортасына еніп жүре бергендей, құдірет, тағы да сол мап-майда, жып-жылы алақанның нәзік лебі сезілгендей болғаны.
Бозқараған тұтаса гүлдеген бұтақтарын оның қолы жететіндей етіп төмен идi ме қалай?
Бір сәт құшағын жұпар иісі аңқыған көгілдір бөрте гүлге толтырып алдында төрт-бес кемпір ұсақ-түйек сатып отырушы еді. Мейіргүл де солардың қатарына келіп қосылды. Сол-ақ екен әрлі-берлі өткен адамдар, еріксіз аялдап, гүлге еріксіз бұрылды.
— Мынау бір ғажайып бозкараған ғой! Мынандай гүлді бұрын-соңды көрмеппін! — деп бір жас келіншек, гүлге қол созды. — Өзің өсірдің бе? Қайда тұрасың?
— Әжем ауырып жатыр. Дәрі алатын ақша жоқ. Таусылып қалыпты. Сосын ғой... сосын... Көкейіндегісін айта алмай, иегі кемсеңдеп кетті.
Гүл сатып алып тұрған келіншек балалық пәктікпен бар шынын ақтарып айтқан Мейіргүлді аяп, мүсіркей сөйледі.
— Сен тек жыламашы, ақылды қызсың ғой. Әжең әлі-ақ жазылып кетеді. Ал мен сенен күнде-күнде гүл алып тұрамын, жарай ма! Бәрін сатып қойма, маған арнап бір шоғын әркез алып қалатын бол!
Мейіргүл жеңіл күрсінді де, басын изеп: «Жарайды, тәтей!» деді.
— Бүгін апамның туған күні еді, сенің гүліңді сыйлайыншы, — деді ұзын кірпікті, тұнық үлкен көздері қуаныштан нұрланған бозбала. — Сен өзің үндемейтін момын қыз екенсің. Менің көкем де момын адам, ұрыспайды. Әжем де көкемді «жүрген бір момын адам ғой» дейді...
— Бәсе, сен көкеңе тартқан қыз екенсің ғой. Көкесіне тартқан қыз сұлу, акылды болады!
Гүлге кезекке тұрғандар әп-сәтте топырлап, көбейіп кетті.
— О, құдірет! Мына бір гүл сонау тым алыста қалған менің жас күнімді еске түсіріп жібергенін қарашы! Маған бір жас жігіт осындай бозкарағанды ғана сыйлаушы еді, — деп, еңкіш тартқан шешей қолы калтырап бозкарағанның бір шоқ гүлін алып, құшырлана иіскедi.
— Бақытты бол, қызым! Әжеңе сәлем айт, мен сенің әженді күнде таңертең сүттің кезегінде көріп жүрем, танимын...
Мейіргүлдің құшағындағы гүлдер заматта сатылып кетті.
Гүлдің қанша тұратынын, бір ғажабы, ешкім де сұраған жоқ. Гүлден түскен ақшаны кішкентай уысына қысқан ол үйге қарай жүгірді. Осылайша кешке дейін ғажайып бозқарағанның жұпар гүлі талай адамды қуанышқа бөледі. Бейтаныс адамдар алдымен тірсегі майысып гүл сатып тұрған бұған өзгеше бір жылы мейіріммен қарайды, содан соң оның гүліне арбалғандай болады.
Ең соңғы бір тал гүлді ол түс ауған кезден бері осы төңіректі айналып кете алмай жүрген, үсті-басы сауыс-сауыс, шашы ұйпа-тұйпа, ескі пенжегінің жеңі қырқылған, көзіне мұң ұялаған, гүлге ме әлде гүл сатқан бұған ба, әйтеуір жалтақ-жалтақ қарай берген бір байғұс адамға сыйлады.
— Маскүнем неме гүлді неғылсын, оның көкейін тескен ақша ғой, — деді, жайма қатардың шет жағында талдан тоқылған себет сатып отырған қалың қабағы түксиген, күптей қызыл-сары кемпір.
Кемпірдің осы сөзі әлгі бейшара адамның көкірегіне оқша қадалды ма, жасаураған көзінен жылт ете қалған болмашы сәуле кенет жым-жылас ғайып болып, әп-сәтте тұнжырап сала берді. Мейіргүл берген бір тал гүлді қойнына салып алып, түк деместен аяғын сүйрете басып, бұрылып кетті. Әне, ол иіні түсіп көше жағалап бара жатыр. Оның жасаураған көзі кішкентай қызға біртүрлі таныс сияқтанып көрінсе де, кім екенін, неткен адам екенін ажырата алмады.
Ал әлгі адам болса, өз қызы сыйлаған жалғыз тал бозқарағанды кеудесіне басып, көзінің алды бұлдырап бара жатты.
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі