Итті жақсы көрмейтін бала жоқ. Ит кездессе басынан сипағысы кеп тұрады. Шынында да сүйкімді ғой, шіркін. Қалдыбектің Бөрібасары ауылдағы ең күшті ит. Оны көрсе болды басқа иттер ыға жөнеледі. Тұрпат қандай… Анау-мынау тайыншадай. Бір жақсысы өздігінен тиіспейді. Біреу-міреу тиіссе, өзінен көрсін. Әп-сәтте сұлатып тастап қарап отырады. Ол десе Қалдыбектің де жаны жоқ. Күніне бір рет жуындырады. Уақытымен тамағын береді. Бір жақсысы, Бөрібасар үй ішіне бір қадам аттап көрген емес. — Текті иттер сөйтеді, — дейді атасы. — «Ит — жеті қазынаның бірі» дегенмен қазақтар оны әдеттен тыс еркелетпеген. Олардың негізгі міндеті адамдар үшін қызмет ету.
Қалдыбек өткенде қаладағы нағашы апасының үйіне барды. Каникул кезі ғой. Төрт көз түгел үйлерінде екен. Өзімен түйдей құрдас Нұрлан-Нурик те. Есік ашылғанда әжесі екеуінің көздері атыздай болды. Дәу қара ит «ыр-р!» етіп жабыса кеткені. Масқара! Ит үйде де жүре ме екен? Нурик: «Шарик, жат!» демегенде хал қиын еді. Бір жақсысы, Шариктің бұлармен одан әрі ісі болмады. Төрдегі арнайы бөлмесіне кіріп алды. Шыққан жоқ.
— Итті төрде шолжаңдатып немене боп кеткенсіңдер?! — деп ұрысты әжесі.
— Балалар ғой… — деді де қойды нағашы апасы.
Қалдыбек қайтқанша асықты. Үй іші бұларды ұмытып кеткендей. Бәрінің есіл-дерті қара итте. Бірінен соң бірі кеп ваннаға түсіреді. Қазанда піскен астың тең жартысы соныкі. Одан қала берсе, баладай мәпелеп жегізеді. «Шарик, келе ғой. Тамағыңды ішіп ал. Дұрыстап, төкпей-шашпай же».
Қалдыбектің жыны келеді. Біздің Бөрібасар болар ма еді. Қашан сыпырып-сиырып тастар еді. Өйткені оған ешкім де арнайы ас бермейді. Қалған-құтқан, жуынды… Бөрібасар соған дән риза. — Тоқ ит жалқау болады, — дейді атасы. Қалдыбек әжесінің орнына атасының келмегеніне қуанады, о кісінің мінезі деген… Қара итті қамшылап-қамшылап сыртқа қуып салудан тайынбайды. Арашаға пысқырмайды да.
— О дүниеде бұ дүние итті де өстіп мәпелегенді кім көрген? Оның орны — сыртта!.. — деп айқай салар еді. Онысына қарап атасы итті жек көреді деп ойлап қалмаңдар. Итке деген махаббаты шексіз. Қашан көрсе, «Бөрібасарға тамақ құйдыңдар ма?» деп шыр-пыр боп жүргені. Өткенде екі күн жоғалып кеткенде, атасының жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Ақыры іздеп шықты. Қан-қан боп жаттан жерінен тауып әкелді. Бір топ қасқырлармен «төбелесіп» қалыпты. Кеше Нурик қатты жынын келтірді.
— Дүниеде біздің Шариктей ит жоқ, — дейді мақтанып.
Ашуы мұндай келмес.
— Сенің итің барып тұрған жалқау. Үйкүшік, — деді күйіп кетіп. — Айтшы, қасқыр дегеннің не екенін біле ме екен? Ал біздің Бөрібасар иттерді қойып, қасқырлармен айқасады.
Нурик үнсіз қалды. Бұған жалтақ-жалтақ қарады. Өйткені қасқырдан иті түгіл өзі де қатты қорқатын.
— Нуриктің иті қандай бақытты, — деді Қалдыбек үйге қайтып келе жатып әжесіне.
— Не ішем, не кием демейді. Керек десее, оның өз алдына бөлмесі бар.
— Оның несі жақсы, — деді әжесі. — Өмірде әркімнің өз орны бар. Иттің орны қашанда төрде емес, есікте. Төрдегі ит иттік қасиетінен айырылады.
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі