Өлең, жыр, ақындар

Балаларды табысты оқытудағы ата-ананың рөлі

Мен өзім бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, мұғалім ретінде де, ата-ана ретінде де бала тәрбиесіне көп көңіл бөлу керектігіне мән беремін. Әсіресе, мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі ата-ананың балаға беретін тәрбиесінің мәні зор. Мұғалім баланың отбасынан алған тәрбиесін ары қарай жетілдіруге, дамытуға септігін тигізеді. Отбасындағы тәрбиенің рөлі – баланың  білімді, табысты болуының көзі.

Ұлы ақын Абай атамыздың он тоғызыншы қара сөзінде былай делінген: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады». Ғұламаның айтуына қарай балаға қандай бағыт-бағдар берсек, солай өседі. Баланы туылған кезінен тәрбиеге баулу – ата-ананың басты міндеті. Сондай-ақ көбіне ата-ана баласының тәртібі үшін кінәні өзінен емес, өзгеден іздейді де баланы менмен етіп тәрбиелейді. Отбасында балаға дұрыс тәрбие беру мақсатында алдымен ата-ана балаға үлгі болуы қажет. Отбасындағы әдептілік, ынтамақтастық, бірлік, тазалық, адалдық, еңбекқорлық сияқты дағдыларды қалыптастыру – баланың табысты оқуына көп көмегін тигізері сөзсіз. Ата-ана, мұғалім, оқушының «Үштік одағын» құру арқылы ата-ана мен мұғалім бірігіп балаға бір бағытта тәрбие беруге тырысады. Ата-аналардың көпшілігі баланың оқуына көп көңіл бөлмейді. Баланың біліміне уақыт бөлмейтін ата-ана «үнемі уақытым жетпейді», «сабақтары жеңіл меңгеріп алар», «оқыту – мұғалімнің міндеті» деген сияқты басқа да түрлі пікірмен жүріп, уақытын қалай өткізіп алғанын байқамай да қалады. Балаға үнемі көмек қажет. Күнделікті баладан сабақтың қалай өткенін, ненің қызықты болғанын, достарымен қалай ойнағанын тағы басқа жайттарды сұрай отырып, білімге қызығушылығын арттыруға болады. Бастауыш сыныптан бастап, баланың білімге деген құштарлығын арттыру – балаға үнемі көмек қолын созу. Тапсырманың дұрыс орындалуын қадағалау, қиналған жерін түзету, оқу құралдарын түгендеу жұмыстарына балаға бірінші және екінші сыныпта көмек аса қажет. Үнемі қадағаланып отырған баланың сенімділігі мен білімге деген құштарлығы артады. Өз ойын еркін түрде айтып, басқа балаларға көмек беруге дайын тұрады. Ал керісінше, сабаққа дайындықсыз келген бала жасқаншақ болып, өз жауабының дұрыс не бұрыс екеніне көз жеткізе алмай, кейде өтірік айтуды дұрыс деп есептейді.

Қорыта келе, баланың табысты оқуының басты көзі – ата-ана. Бала – біздің болашағымыз. Білімді ұрпақ – ел болашағы. Балаларымыздың табысты болуына кішкене болса да уақытымыз бен көңілімізді бөлейік! Болашағы жарқын, білімді, тәрбиелі, адал және ата-анасы мақтан тұтар азамат тәрбиелеу өз қолымызда екенін ұмытпайық!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз