Шебер шешiм, көркемсөздерiмен халық арасында шешен атанған Қазыбек би жыл сайын қасына жолдас-жораларын ертiп, даналық, тапқырлық сөзiмен мәлiм Әнет бабаға сәлем берiп, кәрi құлақты қариядан тәлiм-тәрбие, үлгi-өнеге, тағылым алып қайтады екен.
Бiрде сол әдетiмен Әнет бабаның үйiне келiп түседi. Қарт бұрынғыдан әжептәуiр қартайып қалса да, сыр бiлдiрмейдi. Қазыбектiң жора-жолдастарын, өзiн жақсы қарсы алып, мал сойғызып, қазан көтертедi. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып, әңгiме-дүкен құрады.
Ертеңiне Қазыбек жол жүруге қам жасап, сапар алдында Әнет бабаға бiр ауыз өсиет айтып беруiн өтiнiптi. Бiрақ Әнет баба:
— Қазыбекжан-ай, жасы келiп қартайған, қасынан жан тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрайсың? — деп, ештеңе айтқысы келмейдi. Бiрақ бiрбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бiр ауыз ақылын тыңдамай еш жаққа кетпейтiнiн бiлдiредi. Сонда Әнет баба Қазыбек шешеннiң бұл қылығына күле қарап:
— Болмадың ғой, айтайын, — деп сәл ойланып, — «әкiм» деген сөздi жадыңа сақта, — дептi. Қазыбек Әнет бабаға ризашылығын бiлдiрiп, жора-жолдасын қасына ертiп, елiне қайтады. Ол жол-жөнекей өзiмен ерiп келе жатқан нөкерлерiнен:
— Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңдар ма? — дейдi. Бiрақ бұл сұрағына ешкiм үндемейдi. Сонда Қаздауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетiн былай деп шешiптi:
— «Ә» дегенi — әдiл бол;
«К» дегенi — күншiл болма, көпшiл бол;
«I» дегенi — iлтипатты бол;
«М» дегенi — менмен болма, мейiрман бол, — дегенi.
Әнет бабаның сол өсиетi ел арасына кең тарап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалыпты.
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі