Өлең, жыр, ақындар

Бәрібір өкінбеймін

Біздің Сайқан, Сауыр таулары тұнып тұрған сұлулықтың өзі сияқты. Тек асқар-асқар таулар мен ну ормандар, сарқыраған ақ көбік өзендер… қиялды еріксіз қозғайды. «Ақ қағаз бетіне қара қарындашпен бірдеңені саласың ба, қайтесің?» деп маза бермейді-ау, маза бермейді.

2-3-сыныптан бастап сурет сала бастадым. Онда да қайбір қиратып тастады дейсің — қисық қарағайлар, ақсақ аюлар деген секілді. Мұғаліміміз Кәрім Ақтаев бәрібір мені мақтап қояды:

— Бұл баланың көкірегінде көзі бар, — деп. Бірте-бірте әлгі қисық қарағайлар түзеліп, аюымның жүрісі оңала бастады. Енді сыныптағы қыздардың бейнелерін сала бастадым. Сонымен сыныптың, тіпті мектептің суретшісі болып алдым.

— Өскенде кім боласың? — дегендерге бірден жауап беремін. Тіпті ойланбаймын да:

— Суретші боламын. Әбілхан Қастеев сияқты.

— Бәрекелді! — дейді олар.

Ол кез арман орындала бермейтін қиын жылдар еді. Жер аяғы алыс, Алматы одан да қиыр, қаражат жоқ дегендей… Суретші болсам деген арман орындалмады. Бір-бір сурет альбомдарым сыныптағы қыздардың қолтығында кетті.

Кейін жазушы болдым. Шығармаларымды оқыған суретші достарым: «Сенің жазуыңнан суретшінің қолтаңбасы ап-айқын білініп тұрады. Әсіресе табиғатты суреттеген кезде. Қолмен сызғандай», — десіп жүреді.

Кім біледі, рас шығар. Әйтеуір, суретші бола алмағаныма көп өкінбеймін. Өйткені суретшілік пен жазушылық ұқсас, тіпті егіз мамандық сияқты.


Пікірлер (1)

Раяна

Орындалмаған арманның себебі

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз